АЛFЫС АРҚАЛАFАН АУРУХАНА

0 155

IMG_4014

Бүгінде Астананың емдеу мекемелеріндегі құрал-жабдықтар заманауи талаптарға сай. Енгізіліп жатқан технологиялар мен емдеу тәсілдері де әлемдік стандартқа сәйкес келеді. Осындай айтулы медициналық көмек тұрғындарға тегін көрсетіледі. Мысалы, елордадағы №1 қалалық аурухана – ең озық техника жетістіктерімен жабдықталған мекеменің бірі, медицина саласындағы жаңа технологияны да батыл қолданып жатқан қалалық деңгейдегі бірден-бір стационар. Мұнда трансплантация жасау әдісі де сәтімен жүзеге асырылып келеді.

Жалпы, елорданың №1 қалалық ауруханасының негізі 1925 жылы қаланған. Алғашында 40 жатын орынға арналған Ақмола қаласының бірінші ауруханасы болған мекеме бүгінде қайтадан жаңғыртылып, 579 орындық заманауи ғимаратқа айналды. Көп бейінді клиникалық орталықта Еуропа, АҚШ, Жапония елдерінің әлемдік брендке айналған құрылғыларымен жабдықталған 28 бөлімше бар. Онда еңбек ететін дәрігерлердің барлығы дерлік дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы клиникаларда біліктілігін жетілдіріп келген мамандар.

«Халықтың денсаулығын сақтау және жақсарту үшін ең қолайлы жағдайларды жасаймыз» деген ізгі мақсатты тұтынған ұжым талай адамның өміріне араша тұра білді. Ең бастысы, дәрігерлер кепілді медициналық көмектің аясындағы қызметтерді жұртшылыққа тегін көрсетеді. Әрине, ақылы қызмет көрсететін бөлімдер де бар.

Жалпы, аурухана дегеніміз – өміріне қауіп төнген адамға уақтылы көмек көрсететін мекеме. Мұнда «жедел жәрдеммен» келгендерге шұғыл ем-дом қолданып, олардың сауығып шығуына бар жағдай жасайды. Мысалы, осы емдеу мекемесінің неврология бөлімшесіне «жедел жәрдеммен» келген Бағила Үрісхан атты тұрғын осында белі ауырып, жүре алмай қалған екен. «Мені қабылдаған дәрігерлер дереу ауруханаға жатқызып, ем-шараларын бірден бастап кетті. Осында дәрі-дәрмек, екпелерден басқа, дене шынықтыратын, белдің ауырғанын басатын емдік-шынықтыру жаттығуларын жасадық. Бірнеше күннен кейін өзімді жеңіл сезіндім. Аурухананың іші өте ұнады. Кең әрі жарық екен. Мұндай заманауи клиникада емделіп шыққаныма қуаныштымын. Әрі осы үшін ешқандай да қаржы төлеген жоқпын. Барлық емді тегін қабылдадым. Науқастарға мемлекеттің жасап отырған мұндай қамқорлығына ризамын» дейді Бағила апа.

Аталмыш аурухананың барлық бөлімшесі жоғары деңгейдегі құрылғылармен жабдықталғанын әлгінде айттық. Мәселен, жұртшылық көп түсетін пульмонология бөлімшесі өкпе мен тыныс жолдарының ауруларын емдеумен айналысады. Он бес орынға арналған бөлімше қызметін биыл наурыз айында ғана бастапты. Онда өкпенің абсцесі, фиброзы мен обырын және бронх демікпесі мен әртүрлі плевриттер, созылмалы обструкциялық сырқаттарды емдейді. Сондай-ақ, мұнда демікпе кеселі, өкпенің созылмалы аурулары туралы түсінік беретін мектептер ұйымдастырылған. Емделушілер осында ингаляцияны қай кезде, қалай жасау керектігін және небулайзерлі терапия техникасын оқып үйренеді. Бөлімшеде ем қабылдап жатқан Қарашаш Абдрахманова осында бронх демікпесімен түскен екен. Ол да денсаулығының түзеліп қалғанын айтып, ақжелеңділерге алғысын айтып жатыр.

Аурухананың тағы бір мақтанышы – политравма және қалпына келтіру жөніндегі ортохирургия орталығы. Бұл да жаңадан ашылған бөлім. Биыл 4 мамырда іске қосылған. Орталық кепілді медициналық көмек шеңберінде тегін және ақылы қызмет көрсетеді. Ерекшелігі сол, мұнда тек астаналықтар ғана емес, күллі республика азаматтары емделеді. Орталықта АҚШ, Еуропа мен Қытайдың жетекші клиникаларында оқудан өткен жоғары білікті мамандар тірек-қимыл аппараты мен буын аурулары бар науқастарды сауықтырып келеді.

№1 қалалық аурухана – қалалық деңгейіне қарамастан, трансплантация сынды күрделі операцияны дамытып келе жатқан республикадағы екі емдеу мекемесінің бірі. Шетелдіктердің көмегінсіз-ақ, бауырды да, бүйректі де сәтімен ауыстырып келеді. «Трансплантация жасайтын мықты дәрігерлер өзімізде де бар. Әрі біз ағзаны ауыс­тыруды тегін жасаймыз. Тек донор табылса болды. Соған қарамастан жұртшылық қаншама қаржысын шашып, шетелге баруға құмар» дейді осындағы дәрігерлер.

Расында да, барды бағалай білмейміз. Әлі күнге дейін Қазақстан медицинасына сенбеушілік көзқарастан арыла алмай келеміз. Халық денсаулығын сақтау жолында мемлекеттің жасап отырған шаруасы аз емес. Тіпті, аурудың бар-жоғын анықтап беретін скринингтік тексерулердің өзі неге тұрады?! Тегін жасалатын осы тексерулерге де бармайтындар көп.

Әр адамның денсаулығы – өз қолында. Әркім өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарай білсе, сонда ғана саламатты ұлтты қалыптастыра алатынымыз хақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 4 =