Әлеуметтің жағдайы жақсара ма?

0 33

Премьер-министр Асқар Мамин Мәжіліс депутаттарының сауалдарына жауап берді.

Кепілдендірілген зейнетақы көтеріледі

Қазақстанда ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны көтеру жоспарланған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің жауабында айтылды.
«Ынтымақты зейнетақы жыл сайын индексацияланатын төлем саналады. Ол инфляцияның 2 пайызынан асып түсетін деңгейде кепілдендірілген. Шынайы тұтынушылық баға мен жалақының өсім индексі өткен кезеңнің іс жүзіндегі мәліметтері негізінде қалыптасады. Сондықтан ынтымақтас­ты зейнетақыны арттыру барысында тиісті қаржы жылындағы инфляция есепке алынады. Осыған орай, шынайы тұтынушылық баға өсімі, сонымен қатар жалақы өсімі индексін, яғни өткен кезең көрсеткіштерін есепке ала отырып, зейнетақыны жыл сайын индексациялау мәселесін қарастыру мақсатқа сай емес» деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта зейнеткерлердің материалдық жағдайын арттыру мақсатында зейнетақымен қамсыздандыруды ең алдымен, базалық зейнетақыны ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға ауыстыру жолымен жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны тағайындау тетігі базалық зейнетақы тағайындаудың қолданыстағы әдістемесіне негізделетіндігі көзделеді. Бірақ, белгілі бір параметрлері жетілдіріледі. Бұл шара ең төменгі мөлшерді ең төменгі күнкөрісті 54-тен 70 пайызға дейін арттыруды, сонымен қатар мөлшердің ең төменгі шектеуін алып тастауды қарастырады» деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-министр зейнетақы жүйесін жаңғыртудың тағы бір маңызды бағыты 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жинағын енгізу екендігін айтады.

Зейнетақы жүйесінде не өзгеріс?

Үкімет басшысы Қазақстанда зейнеткерлікке шығу жасы төмендей ме деген сауалға жауап берді. Бұл ретте Асқар Мамин елімізде Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасы әзірленіп жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта зейнетақымен қамсыздандырудың барлық үш деңгейі (ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы) еңбек өтіліне байланысты. Бұл ретте ынтымақты зейнетақының мөлшері біртіндеп төмендейді. Өйткені оны тағайындау барысында тек 1998 жылдың 1 қаңтарына, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі есепке алынады. Ынтымақты зейнетақының төмендейтін мөлшері міндетті зейнетақы жарнасын аудару кезеңінің артуы есебінен зейнетақының жинақтаушы бөлігінің артуы есебінен өтелуі тиіс» деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен барлық тұлғаға зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты ең төменгі күнкөрістің 54-тен 100 пайызына дейінгі мөлшерінде берілетінін айтты.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі өседі

Қазақстанда азық-түлік тұтыну мөлшерінің тәуліктік қуаттылығын 2 175 ккал-дан 2 330 ккал-ға дейін көтеру мәселесін қарастыру жоспарланып отыр. Азық-түлік тізімі 43-тен 51 атауға дейін арттырылады.
«Біріншіден, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТКД-нің құрылымы қайта қаралып, азық-түлік емес тауарларының үлесі 40 пайыздан 45 пайызға дейін өсті. Нәтижесінде ЕТКД мөлшері 2017 жылмен салыстырғанда (24 459 теңгеден 28 284 теңгеге дейін) ұлғайды және 3 млн астам азаматтың кірісіне оң әсер етті. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 386 млрд теңге бөлінді» деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының атап өтуінше, 2020 жылы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ЕТКД мөлшері 10 пайызға немесе 29 698 теңгеден 32 668 теңгеге дейін көтерілген. Сәйкесінше, ЕТКД мөлшерімен есептелген әлеуметтік төлемдердің мөлшері ұлғайтылды. Осы мақсатқа қосымша 140 млрд теңге жұмсалған.
«Екіншіден, соңғы жылдары халықтың азық-түлік өнімдерін тұтынуында болған өзгерістер, елдің азық-түлік нарығының ерекшеліктері және Қазақ тамақтану академиясының ұсыныстары ескеріле отырып, азық-түлік тауарларының тізімін 43-тен 51 атауға дейін арттыру, азық-түлік тұтыну мөлшерінің тәуліктік қуаттылығын 2 175 ккал-дан 2 330 ккал-ға дейін көтеру мәселесін қарастыру жоспарланып отыр. ЕТКД-нің мөлшерін мемлекеттің базалық әлеуметтік төлемдерін есептеудің негізі ретінде, тұтыну себетінің нақты құнын көрсете отырып, тұрақты негізде қайта қарау Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылады» деді А.Мамин.

Жалақының төменгі мөлшері артады

Үкімет басшысы елімізде жалақының төменгі мөлшерін арттыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленетінін жеткізді. Оның аясында еңбекақының төменгі мөлшерін арттырудың негізгі тәсілдері мен тетіктері зерделеніп, ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесі жетілдіріледі.
«Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес ең төменгі жалақы еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттардың бірі болып табылады. Ол Еңбек кодексінің 104-бабына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңымен жыл сайын белгіленеді және ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауға тиіс. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақының төменгі мөлшері 1,5 есеге (28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін) арттырылды, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 259 млрд теңге бөлінді және тұтастай алғанда халықтың орташа жалақы мөлшеріне оң әсерін тигізді» деді А.Мамин.
«Жалақының төменгі мөлшерін арттыру республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды талап етеді. Осыған байланысты бұл мәселе елдегі экономикалық жағдайға және мемлекеттік бюджеттің нақты мүмкіндіктеріне қарай қаралатын болады. Қазіргі уақытта Үкімет елдің макроэкономикасына жалақының ең төменгі мөлшерін арттырудың әсерін бағалауға байланысты зерделеу жүргізуде және оның нәтижесінде Қазақстан Республикасы азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған қажетті шаралар қабылданатын болады» деді Премьер-министр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + 6 =