Әлеуметтің әлеуетін көтеруге – қосымша қаржы

0 38

Елорданың былтырғы бюджетіне 696 млрд 940 млн теңге түсті. Жоспар 35 млрд 899 млн теңгеге асыра орындалы. Мұны баяндаған қалалық Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев 31 миллиардты салық түсімдері қамтамасыз еткенін айтып өтті.– 2020 жылғы бюджет шығыстары 658 миллиард 708 миллион теңгені немесе 98,9 пайызды құрады. Пайдаланылмаған қаражат – 7 миллиард 275 миллион теңге. Соның 86,9 пайызын немесе 6 миллиард 283 миллионын Құрылыс басқармасы игермеді. Дене шынықтыру және спорт басқармасы 161 миллион теңгені, Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы 159 миллион теңгені, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 85,6 миллион теңгені, Білім басқармасы 20 миллион теңгені игермеген, – деді Ә.Жұмаев.
Елорданың 2020 жылғы бюджетін орындау тұрақты макроэкономикалық жағдайда жүргізілді. Осыны баяндаған қаланың Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев бюджеттің атқарылуын тексеру қорытындысымен таныс­тырды.
– Былтыр астананың ішкі өңірлік өнімі 5 триллион теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Алматы қаласы мен Атырау облысынан кейін үшінші орынды алып отыр. Ішкі өңірлік өнім 2019 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға өсіп, 4 миллион 384 мың теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілері де 144 мыңға жетті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 7,7 пайызға көп. Осының бәрі қаланың жеке табысының 26,6 пайызға артуына мүмкіндік беріп, бұл көрсеткіш 361,7 миллиард болды. Дағдарысқа қарсы шараларға 210,7 миллиард теңге бөлінді. Оның 206,4 миллиарды игерілді, – деді И. Ақпомбаев.
Оның айтуынша, өткен жылы қаланы дамытуға 225,8 млрд теңге бөлінді. Соның 5,6 миллиарды игерілмеген. Соның ішінде Құрылыс басқармасы 5,4 миллиардты, Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы 159,9 миллионды, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы 22,4 миллион теңгені игере алмай қалды.
– Бюджеттің жалпы сомасының 33,9 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға, 13,7 пайызы көлік саласын, 13,7 пайызы энергетиканы, 6,8 пайызы білімді өркендетуге бағытталды, – деген Тексеру комиссиясының төрағасы бюджетті орындаудағы кемшіліктерді де атап өтті.
Соның ішінде кейбір басқармалар республикалық бюджеттен бөлінген трансферттерді игере алмай, қайтаруға мәжбүр болды. Мұның жалпы сомасы 14,2 млрд теңгені құрады. Бұл қатарда Қоғамдық денсаулық сақтау, Білім, Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық, Құрылыс басқармалары бар. Бұған бюджетті дұрыс жоспарламау әсер еткен.
– Бюджеттің орындалуына кредиторлық және дебиторлық қарыздар да кері әсерін тигізді. 2020 жылы дебиторлық қарыз 44,6 миллиард теңгені құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5,1 миллиард теңгеге көп. Бірақ бұл кемшіліктер Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларын уақытылы орындауға кедергі келтірмеді. Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың негізгі индикаторларына да әсерін тигізген жоқ, – деді И.Ақпомбаев.
Алдында қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында 2020 жылғы бюджет жан-жақты талқыланған. Осыған мәслихат тарапынан сараптама жүргізді. Оның қорытындысымен депутат Нұрлан Көпешов таныстырып, мәслихат тарапынан бюджетті жақсарту бойынша ұсыныстарды айтты.
Ал 2021 жылғы бюджеттен қосымша қаржыны қай салаларға бағыттау жоспарланып отырғанымен, қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев таныстырды.
– Қосымша қаржыны қалалық орта сапасын жақсартуға және елорда тұрғындарының әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге бағыттау жоспарланып отыр. Өткізілген талдау нәтижесінде жеке табыстар бойынша резервтер бары анықталды. Бұл жағдай жеке табыстар жоспарын 36,6 миллиард теңгеге көбейтіп, 388,2 миллиард теңгеге жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Соның ішінде әлеуметтік салаға 7,1 млрд теңге бөлінбек. Осылайша осы саланың жалпы шығыны 194 млрд теңгені немесе бюджеттің жалпы көлемінің 33 пайызын құрамақ, – деген баяндамашы нақты қандай басқармаларға, қандай жұмыстарға, қанша қосымша қаржы бөлінетінін атап өтті.
Қалалық мәлихат депутаты Владислав Сергеев «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабының жағдайын көтерді.
– Бұл алап тұрғындары үйлерінен шыға алмай отыр. Өйткені, маңайдың бәрі қазылып тасталды. Осындай жағдай бірнеше жылға созылып кетті. Оның үстіне, қазір онда газдандыру жүргізіліп жатыр. Тұрғындар көптеген шағымдар түсірді. «Кирпичный» тұрғын алабындағы медициналық мекемені жөндеу бойынша да шағымдар бар. Оған 30 миллион теңге керек. Бұл қаржы бюджетке салынды ма?, – деп сұрады депутат.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев «Кипичныйдағы» отбасылық-дәрігерлік амбулатория Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының балансында тұрғанын айта келе, жөндеу жұмыстарына аталмыш басқарма жауапты екенін жеткізді. Ол үшін конкурстық шаралар өткізілуі керек. Ал бұл жұмыс 2 ай жүргізіледі. Алдымен мердігерді анықтау керек.
– «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабындағы Есіл және Бұқтырма көшелерін жөндеуді биыл республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал Жайық және Ертіс көшелеріндегі инженерлік желілерге жауаптымыз. Оған қосымша 500 миллион теңге керек, – деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев.
Қ.Маңқараевтың айтуынша, мәселе инженерлік желілерді салуға тіреліп тұр. Содан кейін жолдар салынады. Осы мәселені қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен түсіндірді.
– Қазылған жерлер бойынша жұмыс қалай болғанда да биыл аяқталады. Тиісті тәртіп бар, алдымен инженерлік желілерді салу керек. Бірақ бізде кейде керісінше жүріп, алдымен асфальт төселеді. Апат туындаған жағдайда оны қайтадан бұзуға тура келеді. Бұлай болмауы керек. Жылдың аяғына мәселе әлі қаралады. Қосымша қаржы сонда бөлінуі тиіс, – деді Б.Мәкен.
Депутат Саят Батпенов №2 гимназияны сүру мәселесін көтерді. Былтыр өткізілген тиісті зерттеу жұмыстарынан кейін осындай шешім шығарылған. Бұл мәселе де әлі қарастырылады.
Қалалық мәслихат депутаттары елорда көшелеріне Қазақстанның халық жазушысы Қалижан Бекхожиннің, мемлекет және қоғам қайраткері Әбубәкір Тыныбаевтың, мемлекет қайраткері Ұзақбай Қарамановтың, Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың, шығыс түркі қолбасшысы Күлтегіннің, татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың есімдерін беру, Күлтегін орамын Биші қайың орамы деп қайта атау ұсыныстарын қолдады. Сондай-ақ №54 мектеп-лицейге белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің, №86 мектеп-гимназияға ұлы жазушы, академик Мұхтар Әуезовтің, Мемлекеттік академиялық филармонияға көрнекті композитор, КСРО халық әртісі, ҚазақКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Еркеғали Рахмадиевтің есімдерін беруді мақұлдады. Бұл ұсыныстармен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев таныстырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 3 =