«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлеуметтің әл-ауқаты қалай жақсарады?

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Үкімет мәжілісінде осы мәселе бойынша баяндама жасады

0 131


Жуырда өткен «Нұр Отан» партия­сының XVIII құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтің әлжуаз топтарына қолдау білдіруді нығайтуға бағытталған нақты тапсырмалар бергені мәлім. Атап айтарлығы, Елбасының Үкімет пен әкімдерге жүктеген міндеттері мен бастамалары елордамыздың әлеу­меттік саладағы жұмыстарына серпін берері сөзсіз. Таяуда өткен Үкімет отырысында министрлер мен әкімдер халықтың әлсіз топтарын қолдауға қатысты іс-шаралар жоспарымен таныс­тырды. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов алдағы уақытта елорда тұрғындарының табысы қалай өсетіні, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын қолдау шаралары қалай жүргізілетіні жөнінде баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінге дейін барлық деңгейдегі әкімдіктер қызметкерлері көмекке зәру 3 мыңнан аса тұрғын шағымын қабылдаған. Олар барлық түйткілді мәселелерді бір жү­йеге келтіріп, бас қаланың «әлеуметтік картасын» жасады. Әкім Елбасының тапсырмасы бойынша жергілікті бюджет қайта қаралып, әлеуметтік қолдау­ға жұмсалатын қосымша қаражатты ұлғайту үшін оның шығындар бөлігі қайта бөлінетінін мәлім етті.

Табыстың өсімі және өмір сүру сапасы

– Биыл қаланың әлеуметтік салаға жұмсайтын шығындары 150 млрд теңгені құрайды, бұл – жалпы бюджет көлемінің 35 пайызы. 6 наурыздағы мәслихат отырысында бюджетті нақтылау барысында әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға 3 млрд теңгеден аса қаражат бөлу қарастырылады, – деді Бақыт Сұлтанов. Қала басшысы әлеуметтің әлжуаз топтарын қолдау негізгі бес бағытта жүргізілетінін жеткізді. Біріншіден, тұрғын үйге қатысты төлем төлеу 18 пайызға өседі. Екіншіден, көпбалалы отбасыларға көмір сатып алуға көмек беріледі. Қаражат көлемі 8 айлық есептік көрсеткіштен 16 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды. Үшіншіден, аутизммен ауырған балаларға арнайы қызмет көрсетуге бюджеттен 40 млн теңге бөлінеді. Қаладағы инватакси санын 23-тен 46-ға көбейтуді жоспарлап отырмыз. Төртіншіден, биыл жұмыссыздарды қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз ету 500-ден 1000 адамға дейін өседі және олардың жалақысының көлемі 48 мыңнан 84 мың теңгеге көбейеді. Бесіншіден, әлеуметтік көмекке зәру балаларға білім алуына және тұрмыстық қолайлы жағдай туғызуға көңіл бөлінеді. Нақтырақ айтқанда, көпбалалы отбасынан шыққан оқушы мен студент қоғамдық көлікте жүруге жеңілдігі барлар қатарына қосылады, мектепте 11-сыныпқа дейін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, каникул кезінде емдеу-сауықтыру орындарына 1000 орын беріледі, бір балаға 20 мың теңгеге дейін мектепке қажетті киім және құралдармен жабдықталады. Бұған қоса, жалпы табысы үш күнкөріс деңгейінен аспайтын көпбалалы отбасылардың балаларына Астанадағы жоғары оқу орындарында оқуға жекелеген гранттар беріледі.
Екінші жартыжылдықтан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру мен көпбалалы отбасыларға берілетін атау­лы әлеуметтік көмек көлемін арттыруды тиісті министрліктермен бірлесіп, талқылап жатырмыз.

Төмен табыс пен арзан баспана

Қала басшысы табысы төмен азамат­тардың баспана сатып алу мәселесінің қалай шешілетінін де түсіндіріп берді. Оның айтуынша, биыл «Тұрғын үй құрылыс салымдары жүйесі арқылы несиелік үйлер салу» бағыты бойынша 900 пәтер пайдалануға беріледі. Қаланың бюджетінде 2000 тұрғын үй сертификатын беруге 2 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ баспананың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының аясында пәтер алудың кезегінде тұрғандарға жалдамалы баспана есебінде 731 пәтер беру жоспарланған. Ол пәтерлер болашақта сатып алу құқымен жалға беріледі.
– Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партия­сының құрылтайында берген тапсырмаларына сәйкес, біз қолжетімді баспананың құрылысына республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қарастырамыз. Оған қоса, жергілікті бюджетті оңтайлан­дыру есебінен үнемделген қаржы осы мақ­саттарға жұмсалады, – деді Бақыт Тұрлыханұлы.
Ол биыл пайдалануға берілетін жалдамалы тұрғын үйлердің көлемі екі есеге дейін артатынын мәлімдеді. Алдағы жылдары олардың көлемі үш есеге дейін артуы тиіс. Әкім қазіргі кезде баспана алудың кезегінде 45158 адам тұрғанын, соның ішінде 20271-і – халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататындар, 22115-і бюджеттік мекемелердің қызметкерлері екенін атап айтты.

Қаланың кешенді дамуы

2019-2021 жылдарға арналған республи­калық бюджетте инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 174,5 млрд теңге, соның ішінде 2019 жылға 77,1 млрд теңге қарастырылған. Соған қарамастан, 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес, қосымша қажеттілік 413,6 млрд теңге, соның ішінде 2019 жылға 75,2 млрд теңгені құрайды.
– Мұндай шығындар алдағы 5 жылда 121 шақырым автокөлік жолдарын салуға, жылу және электр қуатын ұлғайтуға, сумен қамтамасыз ету және су бұру желілерін салуды қамтамасыз етуге, Көктал-1, Көк­тал-2, Теміржолшылар, Оңтүстік-шығыс тұрғын үй алаптарын табиғи газға қосуға, 9 мың жалға берілетін және несиелік пәтер салуға, қаланың шеткі аймақтарын одан әрі абаттандыруға мүмкіндік береді, – деді әкім. Ол мұндай қажеттілік салалық министрліктермен келісу кезінде ескерілетінін айтты.

«Резеңке» пәтерлер мәселесі оң шешіледі

Халық арасында «резеңке» пәтерлер деп аталып кеткен көп адамдар тіркелген тұрғынжайлар мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Қала басшылығы бұл мәселені қалай шешеді? Бақыт Сұлтанов мәлім еткендей, елорда әкімдігі Көші-қон үдерістерін реттеу ережелеріне өзгеріс енгізу жобасын әзірлепті. Айта кетелік, бұл ережелерде мемлекеттік тұрғын үй қорының пәтерлерінде бір адамға шаққанда 15 шаршы метр есебінен тұрғылықты жері бойынша азаматтарды тіркеуді шектеу қарастырылған. Мұндай шектеу 6 наурызда өтетін мәслихаттың отырысында депутаттар назарына ұсынылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды