Әлеуметтік жобалар іске асады

0 9

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің басшылығымен қала тұрғындарының қосымша білім алып, жұмысқа орналасуына немесе өз ісін ашуға мүмкіндік алатын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру талқыланды.Бұл жоба жақында басталады. Мысалы, ҚР Тұңғыш Президенті қорымен бірлесе отырып, «Kasipker ana» әлеуметтік жобасы әйелдерді қөлөнерге үйретуді бастайды. Коворкинг аумағында стартап-жобаларды ашуға, оларды нарықта жылжытуға, кәсіпкерлік дағдыларына үйретуге, консультациялар өткізуге көмектесетін болады.
«Бақытты шаңырақ» орталығы ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға арналған. Осы орталықта балалардың аналары тігінші, шаштараз, кондитер, массажер мамандықтарын игере алады. Орталықта ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту аймағы болады. Тағы бір қолға алынатын жоба – тігін орталығы, жұмысқа қажетті барлық жабдықтар сатып алынды. Елорда әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік жобаларды қолдау мен дамыту басты бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Азаматтарды қабылдау, есеп беру кездесулерінде қала тұрғындары ерекше қажеттілігі бар тұрғындарымызды жұмысқа орналастыру мен оларға медициналық көмек көрсету мәселелерін көтерді. Мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту үшін жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Бос үй-жайларды бірінші кезекте әлеуметтік жобаларға бөлу қажет. Осы орайда жұмыстар атқарып жатырмыз. Жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында оңалту орталықтарын, емхана, балабақша, полиция пункті сынды нысандарды ашамыз. Әлеуметтік жобаларға деген қажеттілікті көріп отырмыз, өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетеміз, – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда иппотерапиямен айналысуға арналған жабық манеждің құрылысы жүргізіліп жатыр. Екі оңалту орталығы салынады. Қалалық аурухана базасында әкімдік Тұңғыш Президент қорымен бірге оңалту орталығын ашады. Инватакси саны екі есе өсті. Меценаттар мен бизнесмендер де әлеуметтік нысандарды ашуға, ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін жағдай жасауға белсенді түрде көмек көрсетіп жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды