©2020 Астана Ақшамы
Әлеуметтік желінің әлегі
Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады екен. Ең танымал әлеуметтік желілердің қатарында күніне 1 млн. 125 мың рет қаралатын «Мой мир», 558 мың рет қаралатын «Одноклассники», 252 мың рет қаралатын «В контакте», 410 мың рет қаралатын «Facebook» -ті жатқызуға болады. Өкінішке қарай, қазақстандық ешбір сайт, портал мұндай кең аудиторияны әлі күнге дейін қамти алған жоқ. Күніне 350 мың қазақстандық ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ті тұтынады.
Өйткені, бұл – ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы. Әлеуметтік желілердегі әрбір екінші адам өзі жайында өтірік мәлімет жазатын көрінеді. Тарқатып айтсақ, олардың 29 пайызы есімі мен жасын, 23 пайызы отбасылық жағдайын, 22 пайызы түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы, 17 пайызы білімі мен жұмысына қатысты жалған ақпар беретін болып шыққан. Интернеттің пайда болуы ғылым мен өркениеттің ірі жетістігі екені белгілі. Осынау ғаламдық желіде сәт сайын жаңарып, толығып тұратын ақпараттардың толассыз легі арқасында дүниенің түкпіріндегі маңызды оқиғаларды қалт жібермей қадағалайтын болдық. Қуанарлық жағдай. Бірақ біз интернеттің ұшан-теңіз пайдасынан гөрі зиянды тұстарын айтпақпыз. Басқасын айтпағанның өзінде, «Интернетке тәуелділік» дейтін жүйке дертінің атауы ғылыми айналымға енгелі біраз жылдың жүзі болды. Таяуда шет елде бір азамат онлайн-қызметтер үшін бар жиған қаражатын ысырап қылыпты. Соның кесірінен баспанасынан да айырылған. Үйсіз-күйсіз тентіреп, далада қалған ол ұрлыққа түскен жерінен ұсталыпты. Ал, Астанада бір қыз бала үшін желі арқылы таныстық үлкен қасіретпен аяқталыпты. Әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысқан ол әлгімен белсенді түрде хат жазысып, оның соңы кездесу жөніндегі ұсынысқа ұласқан.
Қауіп жөнінде ешнәрсе сезбестен қыз күдікті досымен кездесуге барады. Сөйтсе, онымен хат жазысқан өзінен әлдеқайда ересек азамат екен. Ол өз анкетасында жасын 15 жылға жасартып көрсетіпті. Танысып үлгерместен жігіт қызға қырындап, тұрпайы ұсыныстар жасай бастаған. Қарсылыққа тап болған ол көлік есігін құлыпқа жауып, қызды жәбірлеген. Қазір әлеуметтік желі арқылы танысып, ұзаққа бармай ажырасушылардың қатары да көбейіп барады. Сондай-ақ, үйленетіндердің 30 пайызы әлеуметтік желілердің салдарынан ажырасады екен. Айта берсек, мұндай деректер толып жатыр. Сондықтан желілік коммуникацияны ақпарат құралы ретінде бағалап, саяз ойдың жетегінде кетпей, желілік байланыс құралын дұрыс мақсатта пайдаланайық. Желілер торабы адамдарға қызмет етуші функция ғана. Саналы басты бір құралға тәуелді етпей, оны санаға бағындырайық!
Еркежан СӘТІМБЕК,
е.satimbek@astana-akshamy.kz