Әлеуметтік жауапкершілікті ұмытқан емеспін

0 157

almat-tursunov

Алмат ТҰРСЫНОВ,
«Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компаниясының басшысы: Әлеуметтік жауапкершілікті ұмытқан емеспін

Ел экономикасына елеулі үлес қосып жүрген жандар көп. Солардың бірі – Алмат Тұрсынов. Өзі басқаратын «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компания­сы аз уақыт ішінде ірі ауылшаруашылық тауарларын өндіретін бірден-бір өндіріс ошағына айналды. Астаналықтарды да етпен қамтамасыз етіп отырған сан салалы кәсіпорын басшысымен аз-кем әңгімелескен едік.

– Алмат Жанәбілұлы, осыдан жиырма жыл бұрын құрылған кәсіпорын бүгінде алыс-жақын шетелдермен байланыс орнатқан. Агроөнеркәсіп кешенінде жеткен жетістіктеріңіз қандай?
– Кәсіпорынның іргесі 1966 жылы қаланды. Шүкір, қазіргі уақытта астықты өңірге ғана емес, тұтас елімізге танымал мекемеге айналды. Соңғы он жыл ішінде бірқатар тың жобаларды жүзеге асырдық. Әсіресе, астық және ет өндірісі саласында зор жетістіктерге жеттік деуге болады. «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компаниясы географиялық жағынан ел аумағындағы барлық астық өндіретін және астықты қайта өңдейтін өңірлерді қамтиды. Агроөнеркәсіптік кешеніміз бүгінде сапасы жоғары егін өсірумен, асыл тұқымды мал ұстаумен айналысады.
– Кәсіпорынның құрамы қандай?
– Кәсіпорын құрамында астық өн­­діретін 9 шаруашылық, мал бор­дақылаумен айналысатын 6 ірі шаруа­шылық, жоғары сапалы ұн өндіретін 2 кәсіпорын және ет өңдеумен айналысатын «Қарасу-ет» ЖШС бар. Компанияға қарасты барлық шаруа­шылық өндірісі қуатты базамен қам­тамасыз етілген. Барлығы да заманауи ауылшаруашылық қондырғылармен жабдықталған.
– «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компаниясы мал шаруашылығын интенсивті дамытуды қолға алғаны белгілі. Шаруа қалай жүруде?
– Қазір компания шаруашылығында 6000-ға жуық асыл тұқымды ірі қара бар. Жаратылысында етті келетін қазақтың ақ бас сиырының салмағы орта есеппен 400 келіге жеткенде, оны компанияның Қостанай қаласының іргесіндегі ет өңдеу кешеніне өткіземіз. «Қарасу» СӨК-ке қарасты 4 кәсіпорын асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие. Бір ғана «Қараман-К» ЖШС-не қарасты мал бордақылау алаңында 3 мың мал күтімге алынған. Осыдан алты жыл бұрын пайдалануға берілген шаруашылықта қазақтың ақ бас сиырларын өсіреді. Алдағы уақытта мал басын көбейту жоспарлануда.
– Ет өткізуде қиындық жоқ шығар…
– Ешқандай іркіліс жоқ. Отандық өндірістің өрісін кеңейтіп келе жатқан кәсіпорынға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Өйткені біздің шаруашылықта ет соңғы технологиямен өндіріледі. Өткен жылы халықаралық сапа сертификатына ие болдық. Бұл құжат үлкен міндеттер жүктейді. Біз шикізат дайындау, өнім өндірумен ғана емес, оны тұтынушыға жеткізу қызметіне де жауаптымыз. Айта кетейін, мұнда ет өнімдерін шығару және өңдеу бойынша жаңа технологиялық жүйе, яғни құны 215 млн теңге тұратын австралиялық фирманың «Шаллер» жабдығы орнатылған. Ерекшелігі – автоматты сенсорлы жұмыс істейді, дайын өнім мен шикізатты сапалы өңдейді. Бір ауысымда 35 мың консерві, 10 тоннаға жуық шұжық, тартылған ет, тұшпара әзірлейді. Бір тәулікте 24 тоннаға дейін өнім шығарып, сатуға мүмкіндігіміз бар.
– Мал еті сырттан да әкеліне ме?
– Біз өз жерімізде жайылған мал еттерін ғана пайдаланамыз. Өйткені ол – экологиялық таза өнім. Технология бойынша шетелдік мал еттерін қабылдай алмаймыз. Көпшілікке белгілі, Австралия, Бразилиядан әкелінген еттерге ылғал сақтау үшін түрлі қоспалар егіледі. Қатаң бәсекелестікке құрылған нарықтық экономикада ұсақ-түйек дүние жоқ. Тұтынушының талабынан шығу үшін ізденісте жүреміз. Бүгінде бір ғана шұжықтың 140 түрін шығарамыз. Мұның сыртында қазы-қарта, жал-жая, консервіленген, оралған ет өнімдері де біршама. Жалпы, жылына 900 тонна өнім өндіріледі әрі мұнымен шектеліп қалғымыз келмейді. Мал шаруашылығын дамытудың алғышарттарының бірі – қолдағы түліктің белгілі бір бөлігін сату арқылы пайда табу екені белгілі. Биыл осымен төртінші рет аукцион өткіздік. Өз өңірлерінде асылтұқымды қара мал өсіруді қалайтын кәсіпкерлер жыл сайын аукционға қатысады. Мәселен, алғаш рет ұйымдастырғанда қазақтың алпыс шақты ақ бас сиыры, қырықтан астам Әулиекөл тұқымы және жүзден астам қазақтың тығыз жүнді қойы сатылымға шықты.
– Елбасы кәсіпкерлерге бизнестің жауапкершілігін ұмытпауды үнемі ескертіп отырады. Бұл ретте қандай игі шаралармен айналыстыңыздар?
– Соңғы он жылдың ішінде жаңа спорт кешендерін, балабақша, мектеп, ойын-сауық орталықтарын, сұлулық салондарын, мейрамханалар, тұрғын үй құрылысын салуға қаржылай қолдау жасаудан тартынған емеспін. Кез келген өндірістің алға жылжуы үшін ең бірінші еңбек адамының тұрмысы, оның әлеуметтік жағдайы ойлантпай қоймайды. Сондықтан әуелі халықтың мұң-мұқтажына қарайласуды басты парызым деп есептеймін.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − eight =