©2020 Астана Ақшамы
Әлеуметтік жәрдемақы ұлғайды
Олжабай БЕЙСЕНБАЕВ, «Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы» Астана қалалық филиалы директорының орынбасары
– Олжабай Мұхаметжанұлы, 1 қаңтардан бастап зейнетақы қанша пайызға ұлғайды?
–2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы көлемі тоғыз пайызға өсті.
– Сонымен ең төменгі және ең жоғарғы зейнетақы мөлшері қандай?
– Ең төменгі мөлшер –19 066 теңге. Ал базалық зейнетақы төлеу ең төменгі күнкөріс деңгейінің елу пайызы, яғни – 9330 теңге. Жаңадан зейнетақы тағайындау үшін ескерілетін ең жоғары табыс жаңа жылдан бастап 67 509 теңгені құрады. Айта кету керек, ҚР «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына сәйкес айлық есептік көрсеткіш көлемі (АЕК) – 1 731, ең төменгі күнкөріс деңгейі 18 660 теңге болып белгіленді.
Жаңа ережеге сәйкес, ел бюджетінен мүгедектігіне байланысты, асыраушысынан айрылғандарға және жасына қарай берілетін жәрдемақы да ұлғайды. Бұл санатта тіркелгендер саны – 18722.
– Бала күтіміне байланысты еңбек демалысындағы әйелдерге берілетін жәрдемақы көлемінде өзгеріс бар ма?
–Астана қаласы бойынша бала күтіміне байланысты 4809 адам жәрдемақы алады. Сонымен қатар мүгедек бала тәрбиелеп отырған 2201 отбасы тіркелген. Жәрдемақыға келсек, әрине, өзгеріс бар. Дүниеге сәби әкелген анаға берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 51937 теңгеге жетті.
–Жылдың тағы бір жаңалығы, төлем құжаттарына енгізілген азаматтардың сәйкестендіру нөмірі туралы айтып өтсеңіз…
– ҚР «Сәйкестендіру нөмірінің ұлттық тізбесі туралы» заңына сәйкес 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап сәйкестендіру нөмірлері енгізілді. Төлем құжаттарында енді салық төлеушінің тіркеу нөмірінің (СТН) орнына бизнес – сәйкестендіру нөмірі көрсетілетін болады. Ал тізімдегі бөлігіне – жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі жазылады. Осыған байланысты Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының бизнес сәйкестендіру нөмірі
МЗТО БСН – 970 740 001 013 екенін айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ