Әлеуметтік төлем: қандай өзгеріс бар?

0 66

Жыл басында әдеттегідей жалақы мен зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер мөлшері өсті. Сонымен жағаласа тамақ пен тауардың қымбаттайтыны да нарықтың жазылмаған заңына айналғандай. Сондықтан бір мезгілде болатын бұл қарама-қайшылық қуанта да, мұңайта да қоймады. Сиыр жылында осындай кереғарлықтан ада емес әлеуметтік төлемдердегі өзгерістерді шолып көрдік.

Елімізде 39 түрлі әлеуметтік төлем үшін жылда республикалық бюджеттен бірнеше трлн теңге бөлінеді. Былтыр оған 3,4 трлн теңге жұмсалды. Өткен жылы қарашада алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет Сенатта қаралғанда, енді бюджет қаражатының жартысынан астамы әлеуметтік салаға жұмсалатыны және қаржы көлемі жыл сайын артып отыратыны айтылды. Сонда алдағы жылдары әлеуметтік салаға 23 трлн теңге қаржы бөлініп, оның 7 трлн-ы немесе жылдық бюджеттің 50,4 пайызы 2021 жылға жоспарланғаны мәлім болған еді.
Апта бұрын артта қалған жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы сол үш жылды қамтыған «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға қол қойды. Соған сәйкес 1 қаңтардан бастап елімізде айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдерді қолдану үшін айлық есептік көрсеткіш 2917 теңге болып белгіленді. АЕК-тің өсуіне байланысты зейнетақы 7%-ға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 5%-ға көбейді. Ең төменгі жалақы мөлшері өзгеріссіз 42 500 теңге болып қалды.

Зейнетақы өсті

Қазақстанда қазір бейнетінің зейнетін көріп жатқан 2 млн 229 мыңдай қария бар. Былтыр 11 айда соларға 2,2 трлн-нан астам теңгеге зейнетақы төленіпті. Биыл ең төменгі зейнетақы мөлшері 40 441 теңгеден 43 272 теңгеге дейін артты. Жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат мөлшері 7 пайызға көтерілді. Елімізде зейнетақының базалық, ынтымақты және ерікті деген 3 түрлі деңгейі бар. Соның ішінде еңбек өтілі мен табысы болмаған күннің өзінде зейнет жасына жеткендерге берілетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 18 524 теңгеге дейін өсті.

Бала күтіміне жәрдемақы артты

АЕК мөлшері мемлекет есебінен төленетін жәрдемақы мөлшеріне де әсер етті. Мәселен, биылдан бастап 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы мөлшері көбейді. Енді жұмыс істемейтін ана бірінші баласын дүниеге әкелсе 5,76 АЕК мөлшерінде, яғни 16 802 теңге жәрдемақы алады. Екінші балаға берілетін жәрдемақы 19 865 теңгеге жетті. Үшінші балаға 22 899 теңге төленеді. Төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін төлем 25 962 теңгеге дейін өсті. Жұмыс істейтін аналар үшін ештеңе өзгермейді, өйткені бала күтімі бойынша әлеу­меттік төлемдер әйелдің орташа жалақысына байланысты. Ең жоғары жалақы елде белгіленген жеті ең төменгі жалақыға тең. Ал ең төменгі жалақы өзгерген жоқ. Сонымен қатар бала тууға байланысты бір реттік жәрдемақы мөлшері 1-4 балаға дейін 110 846 теңге және 4 және одан көп балаға 183 771 теңге болды.

Көпбалалы болудан қорықпаңыз

Қазақстанда 413,4 мың көпбалалы отбасы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алады. Қазақстанда өткен жылы қосымша қолдау мақсатында зейнетақы мен жәрдем­ақы мөлшері екі рет индекстелді. Биылдан бастап көпбалалы отбасылар алатын жәрдемақы мөлшері 4 баласы бар аналар үшін айына 46 760 теңгеге, 5 баласы барларға 58 457 теңгеге, 6 баласы барға 70 154 теңгеге, 7 баласы барларға 81 852 теңгеге жетсе, 8 балалы аналар 93 344 теңге, 9 баласы бар отбасылар 105 012 теңге, 10 баласы бар жанұялар 116 680 теңге алатын болды. «Күміс алқа», «Алтын алқа» төс белгілері бар аналар 2021 жылдан бастап ай сайын 18 669 теңге алып отырады.

Ұстаздарға 25 пайыздық өсім

Қаңтардан бастап мектеп, балабақша, колледж, қосымша білім беру жүйесі педагогтарының еңбек­ақысы 25 пайызға өсті. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы туралы былтыр білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеген. Министр сондай-ақ педагогтарға берілетін түрлі қосымша төлемдер бар екенін де еске салды. Мұғалімдер біліктілік санатына қарай еңбекақының 30-дан 50 пайызға дейінгі көлемін қосымша ала алады. Өз ісінің шебері болса, ай сайын еңбекақыға қосымша 50 пайыз төлем алып отыруға болады. Пәнді ағылшын тілінде жүргізгені, дәптер тексергені, сынып жетекшілігі үшін де қосымша ақы төленеді.

Дәрігер дәрежесі жоғары

Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысының экономикадағы орташа жалақыға арақатынасы 2,5 есеге жеткізілмек. Жалпы дәрігерлердің жалақысы алдағы 3 жылда 30 пайыздан өсіп отырады. Биыл медбикелердің айлығы 20 пайыз өсіріледі. Келесі және 2023 жылдары тағы 10 пайыз­ға көбейтіледі. 2025 жылға қарай ақ халаттылардың еңбекақысы шамамен 550 мың теңгені құрайды.

Алпысты алқымдамай зейнет жоқ

Енді қазақстандық әйелдер 60 жасқа жетпей зейнет демалысына шыға алмайды. Жалпы елімізде ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру жұмысы 2018 жылы басталған еді. Оған дейін 58 жаста құрметті демалысына кетіп жүрген әйелдердің зейнеткерлік жасын шетелдік тәжірибеге сүйеніп ұлғайтудың биыл үшінші кезеңі. Мемлекеттің жоспарына сай келесі жылы 60,5 жасында, 2023 жылы 61-ге келгенде, солай әрі қарай заңға сәйкес 2027 жылға дейін зейнет жасына жарты жылдан қосыла отырып 6 жылдан кейін ханымдар ерлер сияқты 63 жасында зейнетке шығатын болады. Бұл өзгерістер қазіргі кезеңде зейнет жасы келіп тұрған 1960-1964 жылы туған әйелдерге қатысты болып отыр.
Жоғарыдағы алпысты алқымдап қана зейнетке шығу деген талап кейбір әйелдерге жүрмейді. Олардың қатарында – бес және одан көп баланы сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген көпбалалы аналар және Семей ядролық полигоны маңында тұрған әйелдер бар.

Жинақты мерзімінен бұрын пайдалана аламыз

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында қажетті заңнамалық түзетулер пысықталып, былтыр 23 желтоқсанда Парламент құжатты қабылдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беретін заңға өткен жылы 2 желтоқсанда қол қойды.

Емге жұмсауда ескерсек

ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы Гүлнәр Еділқызының айтуынша, зейнетақы салымындағы қаржыны емдік мақсатқа жұмсау үшін порталға тіркеліп, азаматтар өзінің диагнозына байланысты мәлімет ұсынады. «Дәрігерлік комиссияның арнайы нұсқауы болу керек. Яғни, шешім сол арқылы қабылданады. Сирек кездесетін ауру, диагностикалық зерттеу, стоматологиялық қызмет, қайта қалпына келтіретін ота, косметологиялық ота, радиохирургиялық ем алуға, сондай-ақ көз ауруларын да емдеуге жұмсау­ға болады. Мұның бәрі отандық медицина мекемелерінде жүзеге асуы тиіс» деді Г.Еділқызы. Ақысы қымбат қызметтердің санатына енген медициналық ем-дом жасау тізімі бар.

Отбасы банкі – делдал

«Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың айтуынша, қазір салымшылар мен алушылардың өз жинағына қызығушылығы артты. Әсіресе, жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алуға сұраныс саны көбейген. «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін азаматтар ең алдымен өз жинағын тексеріп, «жеткіліктілік шегінен» асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс. Сол үшін БЖЗҚ осы қордың сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы үзінді-көшірме алудың қолжетімді және жедел тәсілдерін ұсынады. Зейнетақы шотының жай-күйін egov.kz порталы арқылы да тексеруге болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 7 =