ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ҚАНША ҚАРЖЫ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

0 20

Елорданың 2021-2023 жылдарға арналған бюджетінің 63 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады. ­Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында өткен қаланың алдағы үш жылдық бюджетін кезекті нақтылау кезінде бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев айтты. Ол білім мен денсаулыққа, мәдениет пен спортқа, халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғауға, тілдерді дамыту мен архив ісіне жауапты басқармаларға аталмыш кезеңге қанша қаржы қарастырылғанын баяндады. Тиісті басқармалардың басшылары оның сөзін толықтырып, жетпей жатқан тұстар жайлы мәліметтерді берді. Мәслихат депутаттары ұсыныстарын жеткізіп, сұрақтарды қойды.

ЖАҢА ОҚУШЫЛАР  САРАЙЫ САЛЫНАДЫ

Келесі жылы қалада 6 орта мектеп, ал 2022 жылы 4 мектеп пайдалануға беріледі. «Жағалау» шағын ауданында жаңа Оқушылар сарайы салынады. Онда шығармашылықпен, спортпен, ғылыммен айналысуға барлық жағдайлар жасалады. Соның ішінде ІТ-технологиясына ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, мұнда балалар мен жасөспірімдер робототехника, астрономия, био мен нанотехнология бойынша білім ала алады. Жүзу, мәнерлеп сырғанау, хоккей, т.б. спорттық және шығармашылық үйірмелер ашылады.
Бұл – көпшілікті қуантатын жаңалық. Себебі қазір қалада екі Оқушылар сарайы бар. Ол екеуі де оң жағалауда орналасқан. Сол жағалауда осындай нысан салу туралы мәселенің көтерілгеніне де біраз болды. Енді шешімін тауып жатыр.

ЕМХАНАЛАРҒА  ЖӨНДЕУ КЕРЕК

Қаладағы тағы бір өзекті мәселе – №1 қалалық емханаға жапсаржай салу. «Бұл емхана өте ескі. Сол аумақ тұрғындарынан көптеген шағымдарды естіп жатырмыз. Мәселе әлі шешілмеді. Жапсаржай құрылысына келесі жылдың бюджетіне қаржы салынды ма? Жобалық-сметалық құжаттама дайын» деген қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров оның жайын сұрады. Нысанға сондай-ақ, лифттер керек екен.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, мәселені «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы шешу жоспарланып отыр. Соның аясында емханаға күрделі жөндеу жүргізіп, ғимаратты жаңғырту жасалмақ. Басқарма басшысы №1 қалалық балалар ауруханасына да осындай жұмыстар керектігін жеткізді. Тиісті жұмысқа 1 млрд теңгеден астам қаржы қажет.

10 ИНВАТАКСИ  САТЫП АЛЫНДЫ

Жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожинаның айтуынша, басқарманың бюджеттік сұранысының барлығы дерлік қанағаттандырылған. Тек қана «Шарапат» әлеуметтік қызметтер орталығы мен қарттар үйіне коммуналдық төлемдерге 174 млн теңге керек.
Мәслихат депутаты Мирас Шекенов бұл мәселеде басқарма басшысына қолдау білдіріп: «әлеу­меттік орталықтарды жылусыз қалдыруға болмайды» деді. Белгілі болғандай, «Шарапат» орталығын газға көшіру жоспарланып отыр. Егер жоспар орындалса, онда шығын 126 млн теңгені құрайды.
Депутат Гүлнар Данбаеваның мәліметінше, ересек мүгедектерге арналған инватаксилер жетпей жатыр. Оның сұрағына жауап берген С. Нұрғожина бұл мәселені қала әкімі Алтай Көлгінов жеке бақылауына алғанын, демеушілердің көмегімен 10 инватакси сатып алынғанын жеткізді.
«ЖАСТАР» САРАЙЫ  МАМЫРДА ТАПСЫРЫЛАДЫ

Мәдениет басқармасының бюджеті 2018 жылмен салыстыр­ғанда екі есеге қысқартылды. Соның ішінде мәдени-бұқаралық шараларға бөлінетін қаржы төрт есеге азаяды. Мұны басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Ахметжанов мәлімдеді.
Депутат Рамзия Өмірбаева одан «Жастар» сарайын жөндеу жұмысы қай деңгейде екенін сұрай келе, «Ғимарат қосымша қаржыны қажет ете ме?» деген сауалды қойды.
– Тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі күнге ғимараттың қасбетін жөндеу толығымен аяқталды. Нысан жылуға қосылды. Осы күні мердігерлер ғимаратты қысқы жөндеуге дайындап жатыр. «Жастар» сарайын келесі жылдың мамыр айында тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қаржыландыру қажетті деңгейде, – деді А.Ахметжанов.
Оның айтуынша, «Атамекен – Қазақстан картасы» этномемориалдық кешенін, «АЛЖИР» және С.Сейфуллин мұражайларын біріктіру жоспарланып отыр. Нәтижесінде мұндағы әкімшілік-басқару бөліміндегі қызметкерлер қысқарады. Қазір музейлерге келушілерді көбейту үшін арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр.

ТЕАТР ҚҰРЫЛЫСЫ  ЖАЛҒАСАДЫ

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының ғимаратын жөндеу созылып кетті. Мәслихат депутаты Мирас Шекенов бұл өнер ошағының ғимараты сәулет ескерткіші екенін айта келе, оның жайын сұрады.
А.Ахметжановтың сөзінше, белгілі бір жағдайларға байланысты нысанды жөндеу тоқтады. Қазір театрды жөндеуді жалғастыруға жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Бұл құжат 2 желтоқсанға дейін дайын болуы тиіс. Содан соң келесі жылдың басында бюджетті нақтылау кезінде керек қаржыға тапсырыс беріледі.

«ӨНДІРІСКЕ» СУ КЕЛЕ МЕ?

Қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында қаланың шаруашылық жұмыстарына бюджеттен бөлінетін қаржы қаралды.
Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Құлышевтің мәлімдеуінше, жылу қуаты мен электрэнергиясы бойынша қаланың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ны жаңғырту және 3-ЖЭО құрылысының бірінші кезегін аяқтау керек. Бұған қоса, қолданыстағы жылу магистральдарын жаңғырту да қажет.
Сумен қамту және су бұру жүйе­сін дамытуға 2021-2023 жылдарға 13,9 млн теңге қарастырылған. Осы орайда депутат Зейнолла Шібкенов «Өндіріс» тұрғын алабын су жүйе­сіне қосу жайын қозғады.
– Жаңа «Өндірісте» 400 үйге су беру туралы айтылды. Бұл жұмыс қашан басталады? Екінші мәселе, 2021 жылы жарықтандыруға қаржы қарастырылған. Бірақ онда Сарыарқа ауданы көрсетілмеген, – деді депутат.

«ҮРКЕР» ӘЛІ ДЕ ҮМІТТІ

Депутаттар қала шаруашылығына қатысты өзге де өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, Мирас Шекенов «Үркер» тұрғын алабын инженерлік желілерге қосу мәселесін, Еркеғали Есенжолов қалада салынып жатқан қосалқы станция жайын, Сәрсембек Жүнісов қала құрылысының кешенді жоспарының орындалу деңгейін сұрады.
Бюджет бойынша Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев пен Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева есеп берді.
Қала бюджетін нақтылау жалғасып жатыр. Келесі аптада аудандар әкімдіктері мен тағы бірқатар басқармалардың бюджеті талқыланады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =