Әлеуметтік реформалар әлеуеті қандай?

0 312

Жаңа жылдан бастап еліміздің әлеуметтік-еңбек саласында өзгерістер орын алғаны белгілі. Мысалға, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап шоғырланған зейнетақы 8 пайызға, базалық зейнетақы 6 пайызға өсті.

Биылғы 1 шілдеден бас­тап 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілін және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйе­сіне қатысу мерзімін ескере отырып, базалық зейнетақыны тағайындау әдісін өзгерту жос­парлануда. Мұндай өзгеріс ба­залық зейнетақының өсімін орта есеппен 1,8 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Нәтижесінде, зейнетақының орташа мөлшері шамамен 82 мың теңгені құрамақ. Ескере кетер жайт, құзырлы органның хабарлауынша, ағымдағы жылы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру үшін 1,9 триллион теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр.

ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

Мамандардың мәлімдеуінше, мүгедектерге берілетін жәрдемақы көлемі, 2018 жылдың басындағы жағдай бойынша, орташа есеппен 33 087 теңге, асыраушысынан айрылғандар үшін 12 719 теңге және жасына қатысты 12 719 теңге болды.
2018 жылы 1 қаңтардан бас­тап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 16 пайызға артты. Осылайша, жалпы ауруға шалдыққан бірінші топтағы мүгедек – 54 306 теңге, екінші топтағы мүгедек – 43 275 теңге, ал үшінші топтағы мүгедек – 29 416 теңге мөлшерінде жәрдемақы алмақ. Аталған санаттағы адамдарды әлеуметтік қолдауға республикалық бюджеттен көзделген қаражаттың жалпы көлемі биыл 326,8 млрд теңгені құрамақ.
«Өз Жолдауында Мемлекет басшысы бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін олар кәмелетке толғаннан кейін де қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырды. Бүгінде 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға ай сайын­ғы мемлекеттік жәрдемақы жалақының 1,05 айлық мөл­шерінде төленеді (2018 жылы – 29 696 теңге)» деп пікірін білдірген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова биылдан бастап 2027 жылға дейін, жыл сайын 6 айдан жүзеге асырылатын әйелдердің 58 жастан 63 жасқа дейінгі зейнеткерлік жасын кезең-ке­зеңмен арттыру көзделгенін де еске салды.
«Егер бүгінде бұл реформа жасалмаса, онда болашақта әйелдер төменгі ынтымақты зейнетақымен қамтыла алмай және жинаған зейнетақы жарналары тиісті көлемінде болмай, жоғары зейнетақысыз қалып қоюы мүмкін» деп ескертті вице-министр.

ЖАҢА СИПАТТАҒЫ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетіледі. Бұл жәрдемақы жұмыспен қамтуды белсенді ынталандыру шаралары бойынша еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің міндетті түрде қатысуын ескере отырып, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға берілмек.
«Негізгі мақсат – аз қамтылған азаматтарға немесе отбасыларға мақсатты әлеуметтік жәрдем жасау. Жаңа бірыңғай жәрдемақы құрамында қолданыста болған көпбалалы отбасыларға бері­летін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы мен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті біріктірді» деді басылым тіл­шісіне сұхбатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Асқар Ниязов.
Айта кетейік, бұл реформа алдында, 2014 жылдан бастап «Өрлеу» пилотты жобасы іске асырылғаны аян. 2017 жылы жоба қатысушылары 175 мыңнан астам адамды межелеп, олардың қомақты бөлігі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Жоба еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуды және жаңа үлгідегі АӘК-ке көшуді қамтамасыз еткен. Ал биыл жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны шамамен 350 мың отбасына дейін жетеді деп күтілуде. Айтпақшы, таяудағы Үкімет отырысында, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламасын орындауда, атаулы әлеуметтік көмек бойынша шамамен 105 мыңнан астам келісімшарт жасалып үлгергенін мәлімдеді.

ЭЛЕКТРОНДЫ ЕҢБЕК БИРЖАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Еліміз бойынша жұмыссыздық деңгейі ең төмен болып саналатын Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, биылғы Елбасы Жолдауында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапына айтылған сынға байланысты бейресми жұмыспен қамтылған халық тобын көлеңкеден шығару бойынша шаралар жоспарын бекітті. 2018-2019 жылдарды қамтитын Жол картасында өзін жұмыспен қамтыған азаматтарды міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне жұмылдыру да қарастырылған. Себебі еңбек шартынсыз жұмыс істеп жатқан адамдар әлеуметтік-медициналық сақтандыру және зейнетақымен қамту жүйелеріне, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысу сынды маңызды мәселелерден сырт қалуда. Тиісінше, кірістері айқындалмағандықтан, ел қазынасына салық та төлемейді.
Сондай-ақ, өткен жылдың аяғынан бері елімізде еңбек нарығындағы «Электронды еңбек биржасы» бірыңғай ақпараттық базасы іске қосылғаны белгілі. Бүгінге дейін www.enbek.kz мекен-жайы арқылы өтуге болатын аталған электронды биржа порталында жұмыс берушілер, жұмыспен қамту және жекелеген орталықтар тарапынан 24 мыңнан астам бос жұмыс орындары мен 5,7 мыңнан астам түйіндемелер орналастырылған екен. Қазірдің өзінде электронды еңбек биржасының серіктестері Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан 27 жеке агенттік және market.kz пен zarplata.kz интернет-сайттары болып отыр. Қабылданған шаралар халықты жұмыспен және жаңа сипаттағы қызметтермен қамтамасыз етуг­е кең мүмкіндік береді. Атал­ған портал 2018 жылдың қаң­тарынан бастап республика бойынша жүзеге асырылмақ.
Бұған дейін хабарланғандай, Электрондық еңбек биржасы 2017 жылдың қазан айынан бас­тап Астана, Алматы, Павлодар және Шымкент қалаларының халықты жұмыспен қамту орта­лықтарында пилоттық тәртіпте жұмыс істеді.
«Жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарын тіркеу үшін жан-жақты тәртіп енгізілген, яғни бос жұмыс орындарын халықты жұмыспен қамту орталықтарына міндетті түрде бармай-ақ ұсынуға болады. Жұмыс беруші өзінің бос жұмыс орны туралы ақпаратты Электрондық еңбек биржасындағы жеке кабинеті арқылы бере алады. Бұл халықты жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары туралы мәліметті ұсыну туралы міндетті заңнама қағидаттарының іске асырылуын жеңілдетеді. Электрондық еңбек биржасына тіркелу үшін портал қызметін толық пайдалану мақсатында элек­трондық мекен-жайды, орналастырылатын мәліметтердің дұрыстығын бекіту және рас­тау үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны көр­сету жеткілікті. Халықты жұ­мыспен қамту орталықтары жұмыс берушілермен өзара қызметтері белсенді және нақты байланысқа өтеді. Тәжірибеде жұмыс берушілердің талаптарына бағытталған әрекеттер жүзеге асырылатын болады. Жұмыс берушілердің талаптарына сай келетін жұмыс із­деуші HR-қызметтердегі се­кілді біліктіліктері бойынша іріктелетін болады» деп түсіндірді Астанадағы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов.
Мемлекет басшысының Жолдауында бос жұмыс орындарын қамту үшін үйлестірудің айқын саясатын әзірлеу міндеті қойылып, бұл экономиканы цифрландыруға бастамақ. Барлық облыстарда, сонымен бірге Астана және Алматы қалаларында жұмыс күшін басқару бойынша арнайы штабтар құрылған. Дәл қазіргі жағдайда 137 ірі кәсіпорынмен жол картасына қол қойылған.

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + nineteen =