«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлеуметтік қызметкерлер тұрғын үй сертификатын алады

0 149

Жақында қала әкімдігінің мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына тұрғын үй сатып алуға әлеуметтік көмек көрсету ережесіне тиісті өзгерістерді енгізу туралы қаулысына қол қойылды. Соған сәйкес Астанадағы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының, қарт адамдар мен мүгедектерге арналған дағдарыс және бейімдеу орталықтарының қызметкерлері мұғалімдер, дәрігерлер, полицейлер сияқты 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаттарын ала алатын болды. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңес отырысында Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Руслан Ахметов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір қалада 1260 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Олардың 482-сі – тұрғын үйге мұқтаж. Бұл қызметкерлердің орташа жалақысы 70 мың теңгені құрайды. Былтыр тұрғын үй сертификаттарына 100 млн теңге бөлінді. Қаржы толығымен игерілді, яғни 100 адам сертификаттарды алды. Биыл тиісті соманы едәуір арттырып, 2 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Қоғамдық кеңес мүшелері аталмыш көмек болашақта жалақылары төмен мәдениет және спорт қызметкерлеріне көрсетіле ме деп сұрады. Басқарма басшысы бұл мәселені мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, жергілікті атқарушы органдарымен жан-жақты қарап, шешімін шығару керектігін есеп­тейтінін жеткізді.
«Сертификаттар түрінде көмек берудің бір ұтымды тұсы бар. Сол арқылы біз тұрғын үй кезегінде тұрған мамандардың санын қысқартамыз. Сертификатқа ие болғандар берілген қаржыны басқа мақсаттарға пай­далан­бай, үш айдың ішінде алатын бас­па­на­ны табуы тиіс. Егер осы уақыт аралығында таба алмаса, онда ақшаны қайтарады. Оларға осындай шарт қо­йылды. Бір атап өтерлігі, сертификатты пайдалана алмаған адам оны алуға екінші рет өтініш бере алады» деді Р.Ахметов.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды