Әлеуметтік нысандарды жөндеудің жағдайы қалай?

0 39

Елордада «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында жүзден астам жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның ішінде абаттандыру жұмыстары, жолдар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру, жаңа желілерді тарту, көшелерді салу, әлеуметтік нысандар құрылысы мен олардың күрделі жөндеуден өткізілуі бар. Таяуда Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелерімен бірге сондай жұмыстармен танысты.

КОЛЛЕДЖ ЖАТАҚХАНАСЫ СҮРІЛЕДІ

– Басты мақсатымыз бюджет қаржысының жұмсалуы мен атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қадағалау, нысандарда жаңа жұмыс орындарын құру көрсеткішімен танысу болды, – дейді мәслихат депутаты Мирас Шекенов.
Аталмыш топ, негізінен, білім беру нысандарын аралады. Алдымен комиссия политехникалық колледжге барды. Мұнда студенттерге арналған жатақханаға күрделі жөндеу жұмысы басталып, орта жолдан тоқтатылған. Мұның себебі жұмыстар барысында нысан іргетасы мен көтергіш құрылымдарының сөгілгені анықталды. Сондықтан жұмысты әрі қарай жалғастыр­май, апатты жағдайдағы жатақхананы сүру туралы шешім шығарылды. Студенттерді орналастыру мәселесін колледж басшылығы шешті.

МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Көлік және коммуникация колледжін, М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сара­йының бассейні мен шатырын жөндеу аяқталып қалды. Мұнда комиссия тарапынан ешқандай ескертулер айтылған жоқ.
А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейді жөндеп жатқан мердігер біраз кемшілік жіберген. Біріншіден, қажет қондыр­ғылар уақытылы жеткізілмегендіктен, қасбет пен желдету жүйесін жөндеу басталмаған. Әрине, сол себептен нысанды тапсыру мерзімі кешеуілдеп жатыр. Мердігерге сол үшін ескерту айтылды. Комиссия нысанды бақылауға алып, қайта айналып соғатын болды.

«ҮРКЕРДЕ» ШАҒЫН БАҚ АШЫЛАДЫ

№37 «Арман» балабақшасы мен №32 «Балдәурен» балабақшасын жөндеу кестеге сай жүргізіліп жатыр. Осы айдың басына қарай тиісті жұмыс­тардың 70 пайызы орындалды. Мердігер қыркүйек айына дейін барлық жұмыстарды аяқтауға уәде берді.
«Үркер» тұрғын алабында қоғамдық кеңістікті абаттандыру жүргізіліп жатыр. «Бұл – менің сайлау аймағым. Осы жерде Н.Хикмет, Ф.Достоевский, С.Қожанұлы көшелері квадратында 4293 шаршы метр аумақта және Ақтамберді жырау-Үмбетей жырау көшелерінде 10154 шаршы метр кеңістікте баскетбол, балалар алаңдары салынып, тренажерлер орнатылады. Бұған қоса, бұл жерде шағын бақ болады. Кестеден қалу жоқ. Барлық жұмыстар осы жылдың 1 қазанына дейін аяқталуы тиіс» дейді Мирас Шекенов.
Бір айта кетерлігі, «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында осы уақытта 15 мың жұмыс орны құрылды. Соның ішінде Есіл ауданында екі мыңға жуық адам жұмыс тапты. «Үркер» тұрғын алабы дәл осы ауданға қарайды.

ЖАСТАР САРАЙЫ ҚАШАН ТАПСЫРЫЛАДЫ?

Мәдени нысандарды күрделі жөндеу жұмысы біраз мәселе туындатып отыр. Мәселен, Жастар сарайын жөндеу жобасына түзету енгізуге тура келді. Соның салдарынан нысанды тапсыру мерзімі шегерілді. Қазір жылу құбырына қосылуда проблемалар бар. Негізі, нысан осы жылдың аяғына дейін тапсырылуы керек еді. Бірақ мердігер оған дейін үлгермесе, бөлінген бюджет қаржысы да игерілмейді.
Жақында бұл мәселе қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында қаралды. Депутат Рамзия Өмірбаеваның дерегінше, нысанды жөндеуге бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірақ жұмыстар баяу жүріп жатыр.
– Жұмыстың сылбырлығына, нысанға тартылған жұмысшылардың санына қарағанда, жылдың аяғына дейін іс бітпейді. Осыған байланысты бөлінген қаржыны игеру деңгейіне талдау немесе оны бақылау жұмысы жүргізіліп жатыр ма? – деген сауалды жолдады депутат.
Оның сауалына жауап берген қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев Жастар сарайын күрделі жөндеуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 1,9 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру биылғы сәуір айында басталды. Сол кезде бюджеттен тиісті жұмыстарға 100 пайыз қаржы бөлінді. Бірақ жөндеу барысында кейбір маңызды мәселелер ескерілмегені анықталды.
– Өкінішке қарай, жобаны жасаған ұйым, техникалық бақылау және мердігер арасында даулар туындады. Қазір олар бір мәмілеге келді. Бірақ қаржыны игермеу қаупі туындағандықтан, ведомствоаралық комиссия отырысында 800 миллион теңгені шегеру туралы шешім шығарылды. Қазір 400 миллион теңгені игеру ғана қалды. Мәдениет басқармасы жыл аяғына дейін жөндеу жұмыстары аяқталады деп отыр. Алайда қосымша қаржыландыру мәселесі туындауы мүмкін. Бәлкім шегерілген қаржыны жобаға қайтару сонда керек болады, – дейді Қ.Маңқараев.
Мәдениет басқармасы нысанды жөндеуге бөлінген қаржыны қайтаруға тура келгенін растады. Басқармадағылар қа ржы игерілмей қала ма деп қорыққан. Алайда бюджетті кезекті нақтылау кезінде қайтадан ақша сұрауды жоспарлап отыр. Сонымен негізгі жөндеу жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтамақ. Нысанды келесі жылдың наурыз айының аяғына дейін толығымен пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Тиісті кесте әзірленген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − 8 =