Әлеуметтік нысандар жағдайымен танысты

0 25

Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары Жәмила Нұрманбетова, Елдос Абақанов, Динара Зәкиева және Лариса Павловец Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттарымен бірге қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Соның ішінде «Үй жанындағы дәрігер» жобасын іске асырып жатқан денсаулық сақтау нысандарына барып, жаңа мектеп құрылысы мен «Көктал-2» тұрғын алабындағы дене шынықтыру-­сауықтыру кешені қызметімен танысты.№1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы жанынан құрылған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының «Қамқорлық» сауықтыру орталығында депутаттар ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселелерінің қалай шешіліп жатқанын көрді. Аталған орталық мамандары әр бала диагнозының ерекшелігін ескере отырып, жеке бағдарлама дайындайды. Балалармен неврологтар, дефектологтар, психологтар жұмыс істейді. Балалардың денсаулығын қалпына келтіру үшін заманауи технологиялар пайдаланылады. Өткен жылдың желтоқсан айында құрылған орталықта қазірдің өзінде 300-дей бала сауықтырудан өтті. Ал жалпы жыл бойына 600-дей баланың ем қабылдау мүмкіндігі бар.
Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмила Нұрманбетованың айтуынша, Қазақстанда тұрақты сауықтыруды қажет ететін 90 мыңнан астам бала бар. Елбасының бастамасымен осындай орталықтар бүкіл республика бойынша құрылуда. Бұл – Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі. Елімізде инклюзивті қоғамды дамыту үшін депутаттар бірқатар заң жобалары бойынша белсенді жұмыс атқаруда. «Үй жанындағы дәрігер» жобасы «Салауатты Астана» медицина орталығының Әнет баба және Қордай көшелеріндегі ғимараттарында, «Өнеге» отбасылық денсаулық және бақыт орталығында жүзеге асырылып жатыр.
«Аталған орталықтар өз қызметін бастап кетті. Қазір жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын ақпараттандыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. «Үй жанындағы дәрігер» жобасы медициналық мекемелердің біздің қаламыздың барлық тұрғындарына қолжетімді болуына арналған. Биыл қалада 10 жаңа медицина орталығы ашылады. Бұл жоба Nur Otan партиясының «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда» дейді Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Салтанат Женалаева.
Сондай-ақ депутаттар Қ.Сәтбаев және Ж.Нәжімеденов көшелерінің қиылысында салынып жатқан 1200 орындық жаңа №92 мектептің құрылысымен танысты. Мердігер орта білім беру орнын дәл уақытында салуға уәде берді. Нысан пайдалануға берілген соң, барлық сапа стандарттарына сәйкес келетінін айтты.
«Тәуелсіздік жылдары елімізде 2 мыңға жуық жаңа мектеп салынды. Нәтижесінде апатты және 3 ауысымды мектептер саны азайды. Үкімет 2025 жылға дейін тағы да 800 мектеп салып, бұл мәселені түбегейлі шешуді жоспарлап отыр. Соның ішінде Nur Otan партиясы ұсынған «Жол картасы» шеңберінде елордада 50 мектеп қолданысқа беріледі. №92 мектептің құрылысы сапалы әрі нәтижелі атқарылып жатыр. Тек инженерлік желілерді жүргізу жағы кешіктірілуде. Сондықтан бұл мәселе бойынша нақты тапсырмалар берілді. Жоспарға сай мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс. Жұмыс толыққанды аяқталғанша назардан тыс қалдырмаймыз» дейді Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Ләззат Разбекова-Төлеуханова.
«Көктал-2» тұрғын алабындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының «Жол картасын» іске асыру аясында салынған. Кешен бір ауысымда 260 адамды қабылдай алады. Нысанда спортпен айналысуға арналған секциялар, ХҚКО, пошта бөлімшесі, полиция пункті, қарттар демалысына арналған клуб орналасқан.
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Ерлан Дәкенов Қарталы көшесіндегі №20 орта мектепке барып, оқу орнының жағдайымен танысты. Мектеп 2018 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Бірақ білім беру ордасының әкімшілігі құрылыс жүргізген «Мейір-М» ЖШС басшыларына ғимараттағы ақауларға байланысты бірнеше рет жүгінуге мәжбүр болған. Тексеріс барысында бірқатар кемшіліктер анықталған.
«Мектептің акт залы және спорт залы шатырынан су өтеді. Мектептің қосымша кіреберіс баспалдақтарындағы тақтайшалар сапалы жасалмаған, баспалдақ тақтайшалары сынып, орнынан түсіп қалған. Спорт залдағы еден стандарттарға сәйкес келмейді. Еден беті тегіс емес. Мектептің қасбеті ғимараттың төбесінен жаңбыр суының тамшылауына байланысты ластанған. Себебі қасбеттің қабырғалары мен төбесінде жаңбыр суына арналған саңылау жоқ. Онда жаңбыр әр жауған сайын су жиналады» дейді Е.Дәкенов.
Депутаттың айтуынша, «Агроқалашық» тұрғын алабында демалыс орталықтары мен орындардың жоқтығына байланысты тұрғындар осы мектеп ауласында жиналуды әдетке айналдырған. Бұл да бір проблема. Аула аумағы 3 гектар ғана жерді құрайды. Мектеп әкімшілігі бірнеше рет жиналыс жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Бірақ оған құлақ аспағандар да бар. Олар кешкілік мезгілде мектеп ауласында уақыт өткізіп, ластап кетеді. Жол қысқарту мақсатында мектеп аумағы арқылы өтіп, мектеп қақпалары толығымен алынып тасталған кездер де болған. Қалалық мәслихат депутаты аталмыш мәселелерді бақылауына алды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × three =