Әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алады

0 32

Есіл ауданының әкімі Берік Жәкеновтің М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде өткен қорытынды есебіне қала әкімі Алтай Көлгінов қатысты. Кездесуде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жағдай жасау, үлестік құрылыс нысандарын аяқтау, елді мекендерді дамыту, әлеуметтік нысандар құрылысы, аулаларды абаттандыру мәселелері талқыланды.Балабақша, мектеп мәселесі – басты назарда

Тұрғындар саны жыл сайын артып келе жатқан елордада мектеп, балабақша мәселесі – маңыз­ды түйіндердің бірі. Соңғы 10 жылда елордадағы мектептер саны 1,5 есеге артқанымен, халық саны да екі есеге көбейіп, әлеуметтік инфрақұрылымға – мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандарына үлкен салмақ түсірді. Мәселен, он жыл бұрын астанада 73 мектеп пен 75 мың оқушы болса, өткен жылы 108 мектептен 185 мың оқушы білім алған екен. Қала әкімі Алтай Көлгінов өткен жылдың соңында Нұр-Сұлтан мектептерінде 17 мың орын жетіспейтінін айтып, елорданы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, алдағы 5 жылда 40 білім беру нысаны салынатынын айт­қан еді. Міне, осы мәселенің де Есіл ауданы үшін өте өзекті та­қы­рып екеніне тоқталған Берік
Жәкенов алдағы жылдарда әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше көңіл бөлетінін айтты.
Қазіргі таңда Есіл ауданында 26 мектеп бар. Оның 17-сі мемлекеттік болса, ал 6-ауы – авто­номды басқарудағы, ал 3-еуі – жекеменшік білім беру ұйымдары. Оқушыларға орын жетіспеу мәселесін жеңілдету үшін аталған ауданда биыл 4 мектеп пайдалануға беріледі. «2019 жылы №88 мектеп, №24 мектепке жапсарлас ғимарат («Пригородный» елді мекені) пен балабақша ашылды. Бұл балаларға арналған тағы 1700 орын құрып, мектептерге жүктелген шектен тыс жүктемені азайтты. Жаңа мектептердің бірі Қорғалжын тасжолының оңтүстік бөлігінде орналасады. 900 орындық бұл мектептің құрылысы биылғы тамыз айында аяқталады. Сондай-ақ Сауран және №24 көшелердің қиылысында, Ұлы дала мен №39 көшелердің қиылысында, Рысқұлов пен Е-36, Е-171 көшелерінің қиылысында да мектептер ашылады. Олар №59, №71, №75, №76, №77, №79, №84 және №85 мектептердегі орын тапшылығы мәселесін жеңілдетеді» деді аудан әкімі.
Аудан басшысының айтуынша, жоғарыда айтылғаннан бөлек, Тұран және №24 көшелердің қиы­лысында бой көтеретін 1200 орындық мектепті жобалау жұмыстары жүргізілуде. Мұнымен қоса, №38 көше мен Тәуелсіздік даңғылы жақта («Nova City» ТК маңы) 1200 балаға арналған мек­­теп құрылысының жобасы әзірленіп жатыр. «Ендігі уақытта №59 мектеп-­лицей мен №75 мектеп-гимназия­дағы орын тап­шылығы проблемасы назар аударуды қажет етеді. Қазіргі таңда осы мектептерге қосалқы ғима­рат құрылысын салу мәселесі қарас­тырылуда» деді аудан әкімі.

Ерекше қажеттіліктері бар тұрғындарға жағдай жасалады

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз» деп атап көрсеткен еді. Кездесуде тұрғындар осы түйінге де тоқталып, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жағдай жасау мәселелерін көтерді. Аудан басшысы бұл түйін әкімдік қызметінің күн тәртібінен ешқашан қағыс қалмайтынын айтса, қала әкімі бұл мәселеге қайталай тоқталып былай деді: – Бұл – өте өзекті әрі маңызды мәселе. Қалада ерекше қажеттіліктері бар 5,5 мың адам тұрады. Екі мың отбасы ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отыр. Қазір өкінішке қарай, динамика артып келеді, әсіресе, ДЦП, аутизм және Даун синдромы сияқты диагноздар жиі кездеседі. Ерекше қажеттіліктері бар жандардың жағдайын тұрақты негізде жақсартып отыру маңызды. Олар қала ішінде қауіпсіз және жайлы қозғалулары үшін барлық жағдай жасау шарт. Мысалы, инватакси саны екі есе өсті. Кәсіпкерлердің көмегімен жақын арада тағы 10 инватакси көлігін аламыз. Жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары болады. Балалардың ата-аналарына қосымша білім алуға, жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Бұдан басқа, қалада тағы екі оңалту орталығын салудамыз, жұмыс істеп тұрған ипподром базасында иппо­терапия сабақтары үшін жабық манеж ашамыз. Бұл жұмыстардың барлығын жалғас­тырамыз, – деді Алтай Көлгінов.Абатты аймақтың аумағы артады

Есіл ауданындағы саябақтар мен гүлзарлардың жалпы аумағы 2 млн 59 мың шаршы метрден асады. Бас қаламыздың көркі болған Есіл ауданы абаттандыру жұмысына үнемі мән беріп келеді. Берік Жәкеновтің айтуынша, биыл елорданы абаттандыру мақсатында Қорғалжын тасжолының бо­йына 300 түп ағаш отырғызылады. «Сондай-ақ ­Ш.Айтматов көшесінің бойы (Сығанақ көшесінен Қорғалжын тас жолына дейінгі бөлігі), «Астана ­Опера» ғимаратының жаны, Ұлы Дала даңғылының сол жағы (Мәңгілік Ел даңғылынан №38 ­көшеге дейінгі бөлігі), Арай көшесінің бойы, Тельман тұрғын алабы көгалдандырылады» деді аудан әкімі.
Аудан басшысының айтуынша, тұрғын алаптарды көгалдандыру және абаттандыру бойынша арнайы бағдарлама бар. «Биыл «Үркер» тұрғын алабында ауқымды жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр­мыз. Былтыр асфальтталған жолдардың бойына ағаш отырғызылады. Сонымен қатар «Пригородный» тұрғын алабында гүлзар ашылады. Бұйырса, биыл атқаратын жобалармыз да ауданымыздың ажарын ашып, қоршаған ортаны жайната түседі» деді Берік Жәкенов. Аудан басшысы ауданда жүзеге асырылатын «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы абаттандыруға тұрғындар да қатыса алатынын атап өтті.

Жылы аялдамалар көбейеді

Ауа райы құбылмалы келетін бас қалада жылы аялдамалардың пайдасы зор. Әсіресе, сақылдаған сары аязда жылы аялдамалар қала халқын аяз бен бораннан қорғайтын тамаша «қалқан». Дей тұрғанмен, қалада жылы аялдамалар салу бастамасы көтерілгенде «ол неге керек, босқа шығын ғой» деп кері толғаған тұрғындар да кездескен. Бірақ қазір жылы аялдаманың артықшылығын білген тұрғындар олардың санын молайтуды талап етуде. Есіл ауданының есебіне тұрғындар бұл мәселені де көтеріп, аудан әкімі мен қала әкіміне сұрақтар қойды.
Қазірге таңда бас қаламызда 130-дан аса жылы аялдама бар. Қаланың бас жоспарында астанамыздағы жылы аялдамалар санын көбейту көзделген. Есіл ауданында жаңадан салынған тұрғын үй кешендері мен жаңадан ашылған жолдар көп. Осыған сәйкес жылы аялдамаға деген сұраныс та артып келеді. Есеп беру барысында аудан әкімі Берік Жәкенов биыл елорданың Есіл ауданында 25 жылы аялдама салынатынын жеткізді. «Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында жылы аялдамалар орнату әдетте инвесторлар есебінен жүзеге асырылады. Биыл инвестор 10 жабық үлгідегі аялдамалық павильон орнатуды жоспарлауда. Бұдан бөлек, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы ауданда 15 жылы аялдама орнатуға бюджеттік өтінім берді. Бұл аялдамалар орналасатын жерлер тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес белгіленеді» деді аудан басшысы. Оның айтуынша, былтыр жұртшылықтың сұрауымен ­«Бәйтерек» монументі, «Құлагер» ТК және «Mega Silk Way», «Азия Парк», «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанына 5 жылы аялдама орнатылған. Айта кетейік, қазіргі таңда Есіл ауданы аумағында 344 аялдама бар, оның 290-ы желден қорғайтын павильондар болса, 30-ы – жылы аялдама бекеттері.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 11 =