©2020 Астана Ақшамы
ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ ӘСЕРІ КӨП
Ел саясатының басымдық берілген басты бағыттарына экономикалық және әлеуметтік саясат жататыны өзінен өзі түсінікті. Мемлекет дамуына серпін беретін стратегиялық бағдарламада әлеуметтік-маңызды функцияларды атқаратын және өзінің тиімділігін дәлелдейтін салаларды ғана қолдау қажеттігі айтылды.
Ал әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларын қарастырған құжатта азаматтардың бақуаттығына ерекше екпін берілді. Яғни, «Бұл қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі» деп лайықты көрсетілді.
Жаңа қоғамға сай, басшылыққа алатын мәселелердің де сипаты өзгерді. Әлдеқайда тиімді әлеуметтік саясатқа сұраныстың артып келе жатқанын білуіміз керек. Бұндай оң өзгерістер жұмыс берушілер тарапынан да қолдау табуда. Біз халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын жұмысқа белсене тартып, оларды еңбекақымен қамтамсыз ететіндей жағдай туғызу қажеттігін түсінеміз.
«Көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамы елордамыздың мәртебесіне сай көркін келтіруде өзіндік дәстүрін қалыптастырып келе жатқан стратегиялық маңызды мекемелердің қатарында саналады.
Сарыарқаның құбылмалы климатына сай қызметіміз ғылыми-кәсіптік негізде жүргізілуде. Сонымен қатар, қаланың көрікті келбеті аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етуіне көңіл бөлдік. Көгалдандыруға қолданатын өсімдіктердің барлық түрі өзіміздің жылыжайда өсірілуде. Соның арқасында жыл сайын қаламыздың жүз мыңдаған шаршы метрлерінде қызылды-жасылды гүлдер отырғызылып, күтіп-бапталуда. Мекеменің жобалау-ландшафтылық шеберханасында сәулетшілер, инженерлер мен дизайнерлер, геодезистер және жобалаушылар еңбек етуде.
Алты ай бойы құлпырып тұратын жасыл желектің әрбір талы орасан еңбекпен келеді. Оны аялап-өсіріп, қала тұрғындары мен қонақтарының көз қуанышына айналдырған жұмысшыларымыздың әлеуметтік жағдайы да ұдайы біздің назарымызда болады. Бұл аталмыш бағдарламадағы әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларын қамтиды.
Мекеменің өндіріс саласымен бірге әлеуметтік саясаты да белсенді дамып келеді. Мысалы, 2013-2015 жылдарға жасалған ұжымдық шарттардағы әлеуметтік жеңілдіктер мен ақшалай көрсеткіштер өткен жылдармен салыстырғанда екі еседен артық өскен. Мекеме жұмысының сипатына қарай, еңбеккерлеріміз қыстың суығында, шілденің аптабында жаңбыр мен қардың астында жұмыс істейтіні белгілі. Мұндай жағдайда еңбекақы активтендірілген және орта жалақының 50 пайыздық көлемінде төленеді. Жұмыскерлердің отбасында болып жатқан қуанышты және қайғылы оқиғалар да мекеме тарапынан еленіп, материалдық көмек көрсетіледі.
Ұжым мүшелері жұмысқа жеткізілумен бірге жол билеттерімен қамтамасыз етіледі. Әр жұмысшының отбасы мүшелерінің демалуын ұйымдастыруға мән беріледі. Түрлі спорт шаралары өткізіліп, жыл сайын Бурабай демалыс аймағына мекеме есебінен 100-ге жуық жұмыскер балалары демалып қайтады. Сонымен қатар, санаторлық-курорттық емделуге 40 АЕК төленсе, алдын ала қаралу және тіс жөндеу қызметтері мекеме есебінен жүргізіледі. Жұмыскерлер үшін үлескерлік құрылыстың екінші үйі салына бастады.
Әр істің көзін тауып үйлестіре білгенде ғана көптің жұмысы гүлденіп шыға келеді. Қаланың толыққанды тірлігін қамтамасыз ететін мекемелердің қызметі бағдарламада көзделген кадр саясаты мен бюджет, салық, ақша-кредит саясатында қағидалармен қатар ұштасқанда мемлекетіміз гүлденіп, Елбасы межелеген 50 жылдықта әлемдік қауымдастықта лайықты орнымызды аламыз деп ойлаймын.
Жарқын ЖҰМАҒҰЛОВ,
«Көгалдандыру құрылысы»
АҚ басқарма төрағасы