Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті зор

0 54

Нұр-Сұлтан – кәсіпкерлер қаласы. Әсіресе, мұнда шағын және орта бизнес ерекше қарқын алған. Сондай-ақ алдағы уақытта бас қалада әлеуметтік бизнеске де баса мән берілмек. Мәселен, 2050 жылға қарай шаһардағы әлеуметтік кәсіпкерлер үлесі 50 пайызға жетеді деген болжам бар.

 Стратегиялық бағдарлама игілігі

Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиясы» және «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауларының мақсаттарына да қол жеткізуге бағытталған болатын.
Осы бағдарлама аясында 4 жылдан бері республикалық бюджеттен 210 млрд теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде елімізде 10 мың жұмыс орны ашылып, 3,3 трлн теңгенің өнімі өндірілген.
Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің сарапшысы Данияр Монтаевтың сөзінше, бұл бағдарламаның игілігі мол. Мысалы, бағдарламаның төртінші, қаржылық емес қолдау көрсету бағыты бойынша кәсіпкерлер бухгалтерлік, заң, кедендік, маркетингтік қызмет, бизнес жоспар құру сияқты 8 қыз­метті тегін пайдалана алады.
– Егер сіз кәсібіңізді неден бастарыңызды білмей жүрсеңіз, бізге келіп, екі күндік курстан өтесіз де, сертификат аласыз. Топтық курстарда бизнес-тренерлер, кәсіби тәлімгерлер сабақ береді. Олар кәсіп бастау үшін қайда бару, не істеу керектігін, қалай табыс табуға, қолданыс­тағы бизнесті әрі қарай қалай жетілдіруге болатынын түсіндіреді. Бұл жерден алған сертификатпен «Еңбек» бағдарламасы арқылы 3 миллионнан 19 миллион теңгеге дейін 6 пайыздық үстемеақымен кредит алуыңыз­ға, грант ұтуыңызға болады. Осы бойынша банктен несие рәсімдегенде «Даму» қоры алатын соманың 85 пайызына кепілдік бере алады, – дейді Данияр Монтаев. – Негізі, бір жылға екі күндік курс бойынша 800 адамды оқыту жоспарланған болатын. Бірақ жоспар екі есеге артық орындалып жатады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының өзінде 337 елордалық осындай курстан өтті. Айта кету керек, кез келген кәсіпкер онлайн түрде де тегін қызмет ала алады.
Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» аясында елордалық жастар үшін «Жас кәсіпкер» бағдарламасы дайындалып жатыр екен. Оның жай-жапсары мамыр айында белгілі болмақ.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жыл­ға де­йін ұзарту шеңберінде қар­жылық қолдау құралдарын же­тілдіруге бағытталған түзетулер әзірленіпті. Жалпы, 2010 жылдан бері 3 рет редакцияланып, 28 рет өзгерту енгізілген бағдарламаны тағы да толықтыру үшін салмақты ұсыныстар алдағы 1 маусымға дейін қабылданбақ.

Көше саудасы қызып тұр

Шағын және орта бизнесті дамытуға арналған түрлі бағдарламаның тағы бірі – елорданың төл жобасы «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы. Жабайы саудаға тосқауыл болу мақсатында әзірленіп, 2016 жылы енгізілген бұл жоба бойынша бүгінге дейін 563 жер учаскесі үлестірілген. Павильондардың барлығы QR-кодтармен белгіленген. Биыл тағы 100 жер учаскесі бөлініп отыр.
Бизнес бастауға ниетті кез келген қала тұрғыны осы жоба бойынша жұмыс істеуге құқылы. Ол үшін бизнес бастаушы ең алдымен жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелуі тиіс. Онымен қоса, банктен есеп-шот ашуы қажет. Одан кейін жеке куәлігі мен салық комитетінен қарызының бар-жоғы туралы анықтама сұралады. Осы және өзге де тиісті құжатты тапсырған соң кәсіпкер өзіне ыңғайлы жерді алуына мүмкіндігі бар. Бірақ ол жерге басқа да үміткерлер көз тіксе, кәсіпкерлер арасында конкурс өткізіледі. Конкурстың нүктесін комиссия мүшелері қоя­ды. Комиссия аудандық әкімдік қызметкерлері мен қалалық мәслихат депутаттары және «Атамекен» ҰК» АҚ кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен тұрады. Олар ең алдымен үміткердің мемлекет алдындағы қарызының бар-жоқтығына баса мән береді. Егер конкурсқа қатысушының 1 теңге қарызы болса, басқаларға жол беріп алуы әбден мүмкін. Сонымен қатар комиссия үміткерлердің құжаттарына, ондағы ұсынылған қызмет түрінің бастағалы отырған жұмысына сәйкес келуін мұқият қарайды. Ал белгілі бір орынға үмітті кәсіпкер саны 4-тен асса, онда ол жер аукционға шығарылады.
Ағымдағы жылдың 28 ақпанында бекітілген жаңа ережеге сәйкес, жыл сайын 15 жер учаскесі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жеңілдік квотасымен конкурссыз беріледі. Бұл мүмкіндікке мынандай топтағы адамдар ие болады: Ұлы Отан соғысының ардагерлері; 1, 2 және 3-топтағы мүгедектер; мүгедек балалары бар отбасылар; кәмелет жасына толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I, II және III дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары; толық емес, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар; жалғыз басты көпбалалы аналар. Айта кету керек, квота бойынша жер учаскелерін бөлу рәсімі бірнеше кезеңнен тұрады.

150 млн теңгенің гранты бөлінді

Алдағы уақытта кәсіппен айналысатын көпбалалы отбасыларға 505 мың теңгеден 10 мың грант бөлініп, 500 мың теңгеден 6 млн теңгеге дейін, егер ірі жоба болса, 21 млн теңгеге де­йін жеңілдетілген несие беріледі. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев елордалық көпбалалы аналармен кездесу барысында айтқан болатын. Оның айтуынша, мүгедек баласы бар немесе көпбалалы аналарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында оларды арнайы кәсіптік курстардан өткізіп, демеушілер арқылы кәсібін ашуға көмектесу жобасы да қарастырылуда.
Сонымен қатар елордадағы шағын және орта бизнестің қарқынын одан әрі күшейтіп, әлеуметтік бизнесті дамыту үшін басқа да шаралар қолға алынуда. Мәселен, «Samruk-Kazyna Trust» қорының «Әрекет» жобасы бо­йынша биыл 150 млн теңгелік гранттың байқауы жарияланыпты.
«Гранттық байқау – Қазақстандағы коммерциялық емес ұйым­дар арасында әлеуметтік кәсіпкерлік мәдениетін дамытуға арналған «Әрекет» ауқымды жобасының бөлігі. Жоба шеңберінде қазақстандық коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері «Инкубатор» білім беру бағдарламасын аяқтап, 3 млн теңге грант жеңіп ала алады» делінген «Samruk-Kazyna Trust» қорының хабарламасында.
Байқау үш кезеңнен тұрады. 3-30 маусым аралығындағы алғашқы кезеңде байқау ережесіне сәйкес, areket.skt@gmail.com электронды мекенжайы арқылы өтінімдер қабылданып, 1-15 шілде күндері өтінімдер іріктеледі.
16 шілдеден 1 тамызға дейін байқау комиссиясы екінші кезеңге өткен өтінімдерді ұсынады. Ал байқау комиссиясының құрамына мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, әлеуметтік және бизнес секторлардың сарапшылары кіреді.
Байқауға қатысушылар 13-16 тамыз аралығында өтетін үшінші, іріктеу кезеңінде инновация, өзін-өзі қамтамасыз ету, қаржылық тұрақтылық, бизнесті жоспарлау, PR және маркетинг, т.б. қамтитын үш күндік «Инкубатор» білім беру бағдарламасына қатысып, комиссия алдында өз жобаларын қорғайды. Жобалар қорғалғаннан кейін байқау комиссиясы әлеуметтік кәсіпкерлік саласында өз жобаларын жүзеге асыратын грант иегерлерін анықтайды.
Айта кетейік, тренингке қатысуға жұмсалатын барлық шығындарды «Samruk-Kazyna Trust» қоры өтейді. Грант байқауы туралы өзге де қосымша ақпаратты www.sk-trust.kz/ru сайтынан қарауға болады. «Әрекет түбі – берекет» дейді халқымыз. Ендеше сіздің де осы байқауға қатысып, бағыңызды сынап көруіңізге болады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды