ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНДЕР КӨБЕЙЕДІ

0 141

пекарня_хлеб

Астанада нан бағасы қымбаттауына байланысты қалалық мәслихаттың депутаттары қоғамдық тыңдау өткізді.

Қалалық мәслихаттың хатшысы Сансызбай Есілов барлық депутаттардың атынан алдымен осы жиынға қатысқан дәрігерлер қауымын денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтап, игі тілегін жеткізді.

Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Далабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда елордада күн сайын 120 тонна нан және 200 тоннаға жуық нан өнімдері өндіріледі. Қала аумағындағы 12 бидай өңдеушi кәсіпорын мен ресми түрде тіркелген 30 наубайхана қала тұрғындарын нан және наннан жасалатын өнімдермен толықтай қамтамасыз етіп отыр.

Соңғы бес жылдың ішінде нан бағасы өзгермеген. Нан бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында Үкiмет мемлекеттiк қордан кәсiпорындарға арзан бағамен бидай сату туралы шешiм қабылдаған. Биыл да бұл бағдарлама жалғасын тауып, 19 нау­байхана нан бағасын негiзсiз өсiруге жол бермеу туралы меморандумға қол қойған. Дегенмен, нан өнiмдерi нарығындағы «Цесна» концерні бұл бағдарламаға биыл қатыспай, жыл басынан бері коммуналдық қызметтер, электр энергиясы үшін бағаның өсуіне байланысты 10 маусымнан нан бағасын қымбаттату туралы шешiм қабылдаған. Бұл ретте Астанада шығатын барлық нан өнімдерінің 15 пайызын өндіретін «Цесна-Астық» концернiнің жетекшісі Илья Мещеряковтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда кәсіпорын күн сайын 250 мың бөлке нан шығарады екен. Нанның бір бөлкесі үшін ұн бағасы 50 теңге болғанда 16,5 теңге шығын кететінін жеткізген Илья Николаевич былтыр кәсіпорынның 148 млн теңге, үстіміздегі жылдың бес айында 56 млн және осы он күнді қоса есептегенде 60 млн-ға жуық шығынға батқанын айтты. «Ұнның қымбаттауы күн сайын 420 мың теңге шығын әкелуде. Соған қарамастан, салық төлейміз. Ешқандай субсидия жоқ» деген концерн жетекшісі «кірпіш» нанды көбіне аз қамтылған отбасылар, құрылыста жұмыс істейтіндер, тіпті, кейбір тұрғындардың жануарларға беру үшін алатынын айтты.

Астана нарығында он екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Столичный хлеб» ЖШС-нің директоры Марат Ахаев соңғы үш жылдан бері меморандум бойынша нан бағасын өсірмей келгендерін жеткізді. Ал қиындық биыл наурыз айынан басталған. Бес айдан бері аталмыш кәсіпорын да шығынға батып жатқан көрінеді. Осыған орай, ол да заман талабына сай жұмыс істеп, сапалы тауар шығару үшін бағаны көтеруі керектігін алға тартты.

Депутат А.Кимнің: «Өзге өңірлерде нан бағасы қандай?» деген сұрағына М.Далабаев ас атасы бүгінде Өскеменде – 63, Алматыда 65-70 теңгеден жоғары екенін айтты. Ал, депутат А.Байгенжин кейбіреулердің зауыттан шығарылатын бөлке нанды малға беретінін, осыған қарағанда біздегі нан бағасының тым арзан екенін, сондықтан оның қымбаттауын қолдайтынын жеткізді.

Жалпы, сапалы тауардың құны қашан да қымбат болады. Дегенмен, бұған дейін аз қамтылған, тұрмысы төмен астаналықтар нанды «Еуразия» және «Әлем» сауда орталықтарындағы әлеуметтік орындардан төмен бағамен сатып алып келді. Мәслихат хатшысы С.Есілов алдағы уақытта осындай орындардың қатарын арттыруды ұсынды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 6 =