©2020 Астана Ақшамы
Елорда мәслихатында өткен кезекті депутат күні барысында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алма Алтыбаева халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының проблемаларына тоқталды.
Мүгедектерді әлеуметтік бейімдеу – басқарма жұмысының маңызды аспектілерінің бірі. Мүмкіндіктері шектеулі көптеген адамдар жақсы өмір сүру мақсатында елордаға көшіп келеді. Алма Алтыбаеваның айтуынша, 2008 жылы Астана қаласына тұрақты тұруға 427 мүгедек көшіп келсе, 2010 жылы 1795, 2013 жылы 826 адам қоныстанған. Сондай-ақ, ересек адамдар арасында эндокринді, сүйек-бұлшық ет жүйесі, туберкулез аурулары бойынша мүгедектікке шығу көрсеткіші артқан.
«Қаланың медициналық ұйымдарында 6 930 ересек мүгедек есепте тұр. Науқастарды ертерек емдеу үшін тәулік бойғы стационарларда 59 орын бар. Ересек сырқаттарды ертерек оңалту республикалық емханаларда да жүргізіледі. Тыныс алу-өкпе жүйесі ауруларына шалдыққандар санитарлық-курорттық ем алады. Басқа ауру түрлерімен ауыратын науқастарды оңалту алғашқы медицина-санитарлық көмек және стационарлардың профильдік бөлімшелерінде жүргізіледі» деді басқарма басшысы.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен мүгедектерді әлеуметтік оңалтудың бірнеше шаралары қарастырылған. Мәселен, оларға протез-ортопедиялық көмек көрсету, сурдоқұралдармен және сурдокөмекпен, арбамен қамтамасыз ету, мүгедек балалары бар отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, санитарлық-курорттық емдеу, тісті протездеу, қалалық қоғамдық көліктегі жол жүру және т.б. Барлық санаттағы мүгедектер кепілдікті медициналық көмек аясында толық диагностикалық тексерілуден ақысыз өтуге құқылы. Сондай-ақ, олар дәрі-дәрмектерді де тегін алады.
Мүмкіндіктері шектеулі адамдарды оңалту мәселелерінде қоғамдық бірлестіктер маңызды рөл атқаратынын айта келе, Алма Алтыбаева арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің жаңа жүйесін енгізу мемлекеттік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты жандандыруға мүмкіндік бергенін және мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесінің барынша өзекті болып тұрғандығын жеткізді.
Қоғамда орын алып отырған проблемаларды, оның ішінде мүгедектерді жұмысқа орналастыруға қатысты келелі мәселені шешуде өз ойларын айта келе, халық қалаулылары мүмкіндіктері шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесін реттейтін заңнаманың жетілдірілмегенін және алдағы уақытта өңдеу қажеттігін алға тартты.