Әлеуметке әл берген бағдарлама

0 94

Елбасы «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты өзiнiң халыққа арнаған биылғы Жолдауында күрделi мәселеге айналған жұмыссыздықтың алдын алуда индустриялық-инновациялық даму шеңберiндегi жобалардың әлеуметтiк маңызына айрықша мән бердi.
Жұмыссыздықты толықтай ауыздықтау мүмкiн емес. Дамыған батыс елдерiнiң өзiнде жұмысқа деген сұраныс артқан. Ал бiздiң елде бұл жайт тоқсаныншы жылдардың белортасынан басталса, қазiр әлеуметтiк қиыншылықтың зардабын, жасыратыны жоқ, халқымыздың едәуiр бөлiгi тартып отыр.
Көпшiлiкке мәлiм, 2011 жылдың 1 шiлдесiнен бастап Қазақстанның барлық аймағында Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Жұмыспен қамту –2020» бағдарламасы қолға алынды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, аталмыш бағдарламаға қатысушы – 56 мың адам. Көпшiлiк бағдарлама тек халықты жұмыспен қамтамасыз етедi деген тар түсiнiктен аулақ болғаны дұрыс. Мұнда жұмыс мәселесiмен қатар, қазiргi заманға сай мамандық иелерiн қайта даярлау, жұмысқа икемдеу, бiлiктiлiктерiн арттыру сынды бiрнеше бағыт қарастырылған. Тағы бiр ерекше айта кететiн жайт, экономикалық әлеуетi төмен өңiрлерден азаматтардың өз еркiмен экономикалық белсендi орталықтарға көшуi байқалады. Қоныс аударуға шешiм қабылдаған қазақстандықтар үшiн қазiр «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 10 аймақта 847 жер үй мен 64 көп-пәтерлi тұрғын үй салынуда.
Экономикадағы қиындықтар халықтың тұрмыс деңгейiне терiс әсерiн тигiзбей қоймайды. Мұны бiз әлем елдерiнiң тәжiрибелерiнен көрiп отырмыз. Әлемдегi шикiзатқа сұраныс азайғандығынан, бiздегi тау-кен кәсiпорындарының кейбiрi жұмыс қарқынын азайтуға мәжбүр болды және бұл жағдай жұмыссыздықтың өсуiне алып келдi. Шағын және орта бизнестiң ауқымы азайғандықтан, мемлекет көлемiнде орташа жалақы деңгейi бiршама төмендегенi белгiлi. Сондықтан халықты еңбекпен қамту Үкiмет жұмысының басым бағыты болып отыр. Қазiр елде жұмыссыздық деңгейiнiң өсуiне жол бермей, жаңа жұмыс орындарын ашу жүйелi қолға алынған. Қазақстан Республикасының Министрлер кабинетi қабылдаған шаралар арқасында жұмыссыздық деңгейi 2007 жылғы 7,3 пайыз көрсеткiшпен салыстырғанда 2011 жылдың желтоқсанында 5,4 пайызды құраған. Болжам бойынша, 2012 жылы Жұмыспен қамту бағдарламасына 100 мыңнан астам қазақстандық қатысады. Сонымен қатар, 2009-2010 жылдары республикада «Жол картасы» деп аталған аймақтық жұмыспен қамту және кадрларды қайта оқыту стратегиясы жүзеге асырылды.
Дегенмен елдегi жұмыссыздық көрсеткiшi 5,4 пайыз деп отырсақ та, бұл жерде түсiнiксiз жайт көп. Бұл – мемлекеттiк органдарда тiркелген көрсеткiш. Яғни, жұмысы бар дегендердiң үштен бiрi – өзiн-өзi жұмыспен қамтып отырғандар. Мұндағы басты мәселе олардың табысы қандай? Ол бiр отбасын немесе өзiнiң жеке басының керек-жарағын толықтай қамтамасыз ете ала ма? Бұл орайда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдар-ламасының ерекшелiгiн атап өту қажет. Бұған дейiнгi жұмыссыздықтың алдын алу бағдарламалары мұндай мәселелерге мән бере алған жоқ. Яғни аталмыш бағдарлама аясында экономикалық әлеует өзегi жұмыссыздық жайы жан-жақты зерттелiп отыр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықованың айтуынша, елдiң қай өңiрiнде де қазiр кәсiби оқыту жүйелi жүргiзiлiп келедi. Мәселен, өткен жылы осы бағытта республика көлемiнде кәсiби оқытудан 69,2 мың адам өткен. Олардың 43,9 мыңы кәсiби даярлықтан өтсе, қайта даярлауға 21,5 мыңы қатысқан. 3,9 мың адам өз бiлiктiлiктерiн арттырған. Ал Астанада бұл бағытта ағымдағы жылы 1733 адам оқытылады деп жоспарланса, 2012 жылдың 25 ақпанындағы жағдай бойынша 66 адам оқуға кiрiскен.
Жалпы, елордада аталмыш бағдарлама үш бағытта жүзеге асырылып отыр. Оның алғашқысына бiз жоғарыда тоқталып өттiк. Екiншiден, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша Астанада жастар тәжi-рибесiн ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 55,7 млн теңге бөлiнген. Сонымен қатар, үшiншi бағытта еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шараларының аясында жұмыссыз, тұрмысы төмен және өз-өздерiн жұмыспен қамтып отырған азаматтардың қатарынан 108 отбасын қоныс аударту үшiн көппәтерлi тұрғын үйдiң құрылысы жоспарланып отырғаны жөнiнде де Астана қаласының «Жұмыспен қамту орталығы» мекемесi мәлiмдейдi.

Серiкгүл СҰЛТАНҚАЖЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 2 =