«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлеумет сауалы

0 200

БҰЛ КӨШЕ НЕГЕ ШҰРҚ-ТЕСІК?

Maratoff Feisal:
– Қайырлы күн! Байтұрсынов көшесінің бойындағы мектеп-лицейден бастап «Нұрлы жол» вокзалына қарай оң жағындағы А-56, А-52 көшелері осындай бейберекет. Бұл туралы Алматы ауданы әкімінің де, содан соң аудан әкімдігінің парақшасына да жаздым. Ескертудің тек 5 пайызын ғана қалпына келтірді.

Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы:

– Құрметті Maratoff Feisal! Сіздің шағымыңыз бойынша басқарма мамандары аталған көшелерде бірқатар жұмыстар жүргізді. Тротуардағы ашық кәріз жүйесінің беті жабылды. Оған дәлел ретінде сурет ұсынылады.

Негізі Байтұрсынов көшесі бойындағы тротуарды қалпына келтіру 2019 жылғы жол және жол инфрақұрылымын жөндеу жоспарында тұр. Жалпы, сіз көрсеткен аумақтағы жұмыс­тар «Байтұрсынов, №41 көшелерінен, Манас көшесінен жоспарланған Шығыс ауданындағы университет қалашығына дейінгі құрылыс» жобасы бойынша 2019 жылы атқарылатынын хабарлаймыз. Қала тіршілігіне белсенді үлес қосқаныңыз үшін алғыс білдіреміз.

…БІЗДІ СУ БАСЫП ЖАТЫР

Әлия Сұлтанбекова:
– Сәлеметсіздер ме! Менің атым – Әлия. Байқоңыр ауданына қарасты Лесозавод тұрғын алабында тұрамын. Сіздер Ақпан көшесіндегі жер үйлерді су басып жатқанын білесіздер ме? Біздің үйлеріміздің маңында ЖЭО-1 жақтан Сарыбұлақ өзені ағады. Қазіргі уақытта сол өзеннің ортасын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр деседі. Бірақ олардың ондай жұмыс жүргізуі бізге кесірін тигізуде. Айналамыз лайсаң. Күнделікті жүк көліктері, тракторлар өтеді. Көп жерлерді қазып тастады. Су арнасына ақпай іркіліп қалды.

 

Астана қаласы Қалалық ортаны  регенерациялау басқармасы:

– Құрметті Әлия Сұлтанбекова! Ақпан көшесіндегі үйлерді су басуға байланысты қаланың солтүстік-батыс бөлігінде, Сарыбұлақ өзенінің оң және сол жағалауындағы теміржол көпірінен ЖЭО-1-ге дейінгі арна бойымен құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Жағалау белдеуін жақсарту және судан қорғау аймақтары мен жолақтарын құру бойынша жұмыстар қызу жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарының стандартты ұзақтығы 15 айды құрайды. 26 қазан күні Ақпан көшесінің аумағына арнайы жұмыс тобы барып қайтты. Мердігер ұйымдар бұл учаскені су басу қаупінен қорғау үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Назарыңызға фотоматериал ұсынылады. Елорда өміріне белсенді араласқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз.

…БАЛАМЫЗДЫ КӨЛІК ҚАҚСА ҚАЙТЕМІЗ?

Иса Дүйсенбаев:
– Құрметті әкімдік! №74 мектептің алдында жаяу өткінші­лер жолы қарастырылмаған. Бұл жерде тұрған көліктер де, өтіп бара жатқандары да өте көп. Бірақ қарсы бағыттағы үйлерден тіпті 1-сыныптың оқушылары жолды қиып өтеді. Осы мәселені шешулеріңізді өтінемін. Біздің балаларымыздың қауіпсіздігі маңызды.

Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы:

– Құрметті, Иса! Бүгінде Сарын көшесінің құрылысы аясында Баянтау көшесінің №14 учаскесінен №41 учаскесіне дейінгі аумақтың құрылыс жобасына түзету жүргізіліп жатыр. Бұл жобаны жүзеге асыру, яғни №74 мектеп-гимназиясының маңындағы Сарын – Жүргенов көшелерінің қиылысына жаяу жүргіншілерге арналған өткел қою мемлекеттік сараптама қорытындысынан кейін атқарылады деп көзделуде. Қаржыландыру уақыты – 2019 жыл. Бізбен байланысқаныңыз үшін рақмет.

ҚАҚПАҒЫ ЖОҚ ҚҰДЫҚ

Мадара Учиха:
– Баршын мен Ақмола көшелерінің қиылысында «трамплин». Абайлаңыздар. Әсіресе, кешкі уақытта сақ болу керек.

Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы:

– Құрметті Мадара Учиха!
Сіздің шағымыңызда көрсетілген құдық беті жабылды. Фотомате­риал ұсынылады.

Dosumova Zulfiia:
– Үркер тұрғын алабындағы Байғозы Батыр мен Киiктi көшелерінің қиылысында кәріз құдығының беті ашық жатыр.

«Астана Су Арнасы» МКК:
– Сіз көрсеткен мекенжайға жұмыс тобы арнайы барды. Қазіргі уақытта беті ашық жатқан кәріз құдығының қақпағы орнатылды. Фотоматериалды назарыңызға ұсынамыз. Елорда өмірін жақсартуда белсенділік танытқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз.

Деректер iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығынан іріктеліп алынды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды