ӘЛЕУМЕТ САУАЛЫ – ӘКІМ ЖАУАБЫ

0 102

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі

ТІРКЕЛГЕНДЕРГЕ ТҮРЛІ КӨМЕК ТИЕСІЛІ

Пазылова Күмісай Арзықызы:
– Сәлеметсіз бе, құрметті әкім?! Мен – үш бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты анамын. Бірінші топтағы мүгедек қызым бар. Оралман болғанымызбен, квота ала алмай жүрміз. Алған күннің өзінде де, не жеp алуға, не баспана алуға жетпейді. Қызымды емдету үшін бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Жаны жомарт, жүрегінде жылуы бар азаматтар көмек қолын созар деп, телебағдарламаларға да бірнеше рет қатыстым. Алайда, ешқандай нәтиже жоқ. Перзентінің дертіне шипа таппай, шарқ ұрған ана хәлін түсініп, қаржы немесе баспа¬на мәселесін шешуге көмектесер де¬ген үмітпен өзіңізге өтініш айтқалы отырмын. Өзіңіздей ел ағаларына зор үміт артатын қызыма көмектесуіңізді сұраймын. Біздей материалдық жағдайы төмен оралмандарға атқарушы билік та¬рапынан қандай көмек көрсетіледі?

ЖАУАП:

– Күмісай Арзықызы, біріншіден, сіз оралман санаты бойынша баспанаға кезекке тұра аласыз. Ол үшін сіз ХҚО-ға баруыңыз қажет. Алайда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана кезекке сәйкес беріледі және оны бірнеше жыл күтуге тура келеді. Кезектен тыс баспана тек ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне ғана берілуі мүмкін.

Екіншіден, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес мүгедек балалар Иманбаева көшесі, 16-үйде орналасқан Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің медициналық комиссиясының қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттен арнаулы жабдықтармен (ортопедиялық бұйымдармен, кресло-ар¬бамен, сурдо-тифло құралдармен және сурдокөмекпен), санаторийлерге жолдама¬лармен қамтамасыз етіледі.

Үшіншіден, Астана қаласы мәслихатының шешімі бойынша, жылына бір рет Мүгедектер күнінде мүмкіндігі шектеулі жандар 3000 теңге көлемінде аздаған материалдық көмек алып отырады, сондай-ақ, қоғамдық көлікте тегін жол жүру жеңілдігіне ие.

Төртіншіден, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңына сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға, ал «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңына сәйкес 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақы отбасының жан басына шаққандағы орташа табы¬сы азық-түлік себетінің құнынан төмен болғанда тағайындалады.

Астана қаласы бойынша 2012 жылдың 2 тоқсанында кедейлік шегінің мөлшері – 7193 теңгені, ал азық-түлік себетінің құны – 10790 теңгені құрайды.

Жоғарыда аталған жәрдемақы түрлерін тағайындау мәселелері бойынша Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласа аласыз. Мекеме Иманбаева көшесі, 16, №1,9 кабинетте орналасқан. Алайда, бұл көмектерді тағайындауда Астана қаласында тұрақты тіркелу міндетті шарт болып табылады.

БАҒАСЫ АРЗАН БАСПАНА ДАУЛЫ

Төлешова Күлпара:
– Мен 2002 жылы ауылдағы үйімді сатып, Астана қаласы «Газаппаратура» алабы Садовая көшесіндегі 217-саяжайды алдым. Сол үйге жылу кіргізіп, қамқорымдағы баламмен және немерелеріммен осы күнге дейін тұрып жатырмын, өзім зейнеткермін. Биыл біздің саяжайды бұзамыз деген ескерту-хабарлама келді. Саяжайдың кұны 1 млн 700 мың теңгеге бағаланды, ал көршілердің саяжайлары, біздің учаскемен бірдей бола тұра, 5 млн 500 мыңға шыққан. Неге әр учаскені әртүрлі бағалайды? Мен әлгі ақшаға қаладан пәтер ала алмаймын ғой…

ЖАУАП:

– Күлпара, «Маяк» бағбандық серіктестігінде орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-319-106-594, № 217 жер учаскесі Сарыарқа даңғылындағы көпірден бастап Көктал-1 кентіне дейін орналасқан «Есіл өзенінің арнасын қайта салу, 5-кезек, 8-учаске» нысанының құрамына кіреді. Жоғарыда көрсетілген нысанның шекарасындағы жер телімдерін сатып алу жұмыстарын «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 87-бабына сәйкес жер телімін мемлекеттік қажеттіліктер үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару барысында оның бағасын өтеу мөлшері, нысаны мен төлеу мерзімі «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының 6-тарауында белгіленген. Осы заңның 67-бабының 2-тармағында: «Мемлекеттік қажеттіліктер үшін иеліктен шығарылатын, меншік иесіне азаматтық-құқықтық мәміле бойынша немесе сот шешімі бойынша өткен жер учаскесінің бағасы азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешімінде көрсетілген бағаның мөлшерінде, бірақ нарықтық бағадан аспайтын мөлшерде анықталады» делінген.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес меншік иесіне тиесілі мүлікке бағалау жүргізілді, оның нәтижесінде меншік иесіне 1 738 356 (бір миллион жеті жүз отыз сегіз мың үш жүз елу алты) теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы ұсынылды. Меншік иесімен сатып алына¬тын мүліктің бағасы туралы келісімге қол жетпегендіктен, Астана қаласының әкімдігі сотқа мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер телімін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы талап-арыз берді. Бүгінге дейін бұл мәселе бойынша сот шешімі шығарылған жоқ. Біз сот шешімін басшылыққа алатын боламыз.

ЖОҚ НӘРСЕ ЕШҚАШАНДА ӨРТЕНБЕЙДІ

Няшина Вера Николаевна:
– Құрметті қала әкімі! Қаланың көптеген маршруттарындағы көліктер апатты жағдайда екенін қаперіңізге салғым келеді. Соңғы айда екі рет түтіндеп, өртенгелі жатқан автобустан әзер шығып үлгердім, бұл № 63 маршрутта болған жағдай. Жарты жыл бұрын ескі «ПАЗиктің» тежегіші істемей қалып, жол апатына душар бола жаздадым. Сіздер жолақысын өсіре бересіздер, одан да көліктің жағдайын жақсартып, қызмет көрсету мәдениетін өсіргендеріңіз дұрыс болар еді…

ЖАУАП:

– Вера Николаевна, біріншіден, Астана қаласының маршруттарындағы «ПАЗ» маркалы ең соңғы автобус 2005 жылы қолданыстан шығарылған. Екіншіден, қалада № 63 маршрут жоқ. Ақауы бар автобустар жолға шығарылмайды, өйткені, олар автопарктен шығар алдында техникалық тексеруден өтеді, оны жол жүру қауіпсіздігі жөніндегі инженер жүзеге асырады. Астана қаласы автопарктерінің жылжымалы құрамы жыл сайын жаңартылып, ескірген модельдер желіден алынып тасталады, олардың орны¬на сыйымдылығы жоғары, жүріске жайлы көлік құралдары сатып алынады. Бұл үрдіс жалғаса береді, мәселен, тек биылдың өзінде 80 көлік сатып алынады, солардың 43-і Астана көшелерінде жолаушылар та¬сымалдап жүр.

КӨГАЛДЫ ЖАЙПАП, КӨШЕТТІ ҚҰРТА КЕЛДІ

Абдувелиева Надежда Наримановна:

– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы, біз Бөгенбай даңғылы 12-үйде тұрамыз. Іргемізде «Олимп» букмекерлік кеңсесі орналасқан, оның қасбеті Бөгенбай даңғылына қарап тұр. Бұрын жиһаз са-лоны орналасқан кезде осы ғимараттың алдына көгал төселіп, ағаш көшеттері егілген еді. «Олимп» көшіп келгелі көгал жайына қалды, ағаштар қураған соң кесіп тастады, кейін оларды түбірінен қопарып алып, орнына үңірейген шұңқырын қалдырды. Қазіргі кезде букмекерлік кеңсеге келетіндер таптап тастаған көгал орнының шаңы шығып, ал шұңқырлар темекі тұқылына толып жатады. Осылайша көрер көзге жайсыз көрініс қалыптасып отыр, осыған шара қолдануларыңызды сұраймын.

ЖАУАП:

– Надежда Наримановна, қала көрінісіне бей-жай қарай алмайтын болмысыңызды барлық астаналықтар үлгі тұтса, сүйікті астанамыз бұдан да таза, жинақы да жайлы бола түсер еді. Сіздің маған жазған хатыңыздың негізінде тексеру жүргізіліп, соның арқасында «Олимп» букмекерлік кеңсесіне тиесілі жер аумағы тәртіпке келтірілді.
Ал, енді, жасыл көшеттер жайына келетін болсақ, олар жойылып кеткен жоқ. Тиісті рұқсат алған кеңсе иесі оларды Қарасай көшесіне көшіріп, қайтадан егіп қойған, мұны экологиялық полиция қызметкерлері де растап отыр.

СЕЙФУЛЛИН НЕГЕ САСЫП ТҰРАДЫ?

Искакова Әсел Рамазанқызы:

– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Уәлиханов және Сембинов көшелері арасындағы Сейфуллин көшесінің бойындағы арықтарды тазалаумен кім айналысуға тиіс? Сол тұстан жүріп өту немесе терезені ашып қою жүдә мүмкін емес: арық қоқысқа толып жатқандықтан, жақындасаң сасық иіс қолқаны қауып, басты айналдырады.

ЖАУАП:

– Әсел Рамазанқызы, жауынның мол жаууына, нөсер суын ағызу мәселесінің өзектілігіне байланысты Астананың үш ауданының әкімдеріне, Энергетика және коммуналды шаруашылық, Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармаларының бастықтарына арықтар мен жауын суы ағатын желілерді қоқыс үймесінен тазарту жөнінде тапсырма бердім. Жұмыс басталып та кетті. Уәлиханов пен Сембинов көшелері аралығындағы Сейфуллин көшесінің бойындағы арықтардың жай-күйіне Алматы ауданы әкімінің орынбасары Әлихан Жұмаханұлы Қуатбеков жауап береді. Ол берген ақпарат бойынша, бұл учаскедегі тазалау жұмыстары жуырда аяқталуға тиіс.

Астана қаласы әкімдігінің www.astana.kz сайтынан әзірленді

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + sixteen =