©2020 Астана Ақшамы
ӘЛЕУМЕТ САУАЛЫ – ӘКІМ ЖАУАБЫ
Бейсенбі күні Конгресс-холда Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорда халқына есеп берді. Қала басшысы алдымен өткен бір жыл ішіндегі Астананың аяқ алысы мен атқарылған шаруалар, жеткен жетістіктер жөнінде баяндады. Бас шаһардың алдағы бағыт-бағдарына да басымдық беріліп, қандай мәселеге алдымен көңіл бөлу керектігі айқындалды.
Кездесуге ҚР Парламентінің депутаттары, басқарма басшылары, бюджеттік ұйымдардың өкілдері, ардагерлер мен кәсіпкерлер қатысты.
Алқалы жиынға асыға жеткен қауымға Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2012 жылғы қорытындылары тізілген кітапша мен сұрақ қоюға арналған парақшалар таратылды. Жұртшылық, сондай-ақ, елорданың Жер қатынастары, Тұрғын үй, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы сынды мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінен кеңестер алып, көкейде жүрген көп сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
Ал тұрғындар алдында есеп берген елорда әкімі баяндамасын қаланың әлеуметтік ахуалынан бастады. Халықтың қамсыз тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін тұрғын үй, денсаулық, білім, жұмыспен қамту, коммуналдық шаруашылық мәселелері кеңінен сөз болды. Экономикалық өсім мен инвестиция, шағын және орта кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан қат-қабат шаруалар легі де айтылды.
Астанада жасалып жатқан әр жұмыс халықтың игілігіне бағытталатынын, әр тұрғынның пікірі қала билігі үшін маңызды екенін еске салған Иманғали Нұрғалиұлы жұртшылықты ашық пікірлесіп, ойын ірікпей ортаға салуға шақырды.
Сұрақ-жауапқа кезек берілісімен, жұртшылық залдағы төрт микрофонға лап қойды. Әкіммен тікелей тілдесу бірқатар мәселенің мән-жайын анықтап, түйінін тарқатып берді.
Үлескерлердің үміті үзілмейді
– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Мен сауалымды «Комфорт –1» тұрғын үй кешенінің үлескерлері атынан қоймақшымын. Осы нысанның аяқталуы мұң болып кетті. Бұған ұзын-ырғасы 450-ден астам азамат бар жиған-тергенін салған еді. Үлескерлердің 75 пайызы жалдамалы пәтерлерде тұрады. Екі жаққа да қаражат салған олардың жағдайы қиын. Енді бүгін сіздің осы күрмеулі нысанға байланысты айтқан сөзіңізді естіп, шынымен қуанып отырмын. Өздеріңіздің қолдауыңызбен көптен күткен баспанамызға қол жеткіземіз деп ойлаймын.
– Астанада екі тұрғын нысанның жағдайы күрмеулі болып тұр. Оның бірі – «Монблан» болса, екіншісі – «Территория комфорта- 1» тұрғын үй кешені. Осы соңғысын қолға алған «Тамыз инвест» компаниясы Астанада 7 нысанды салуды мойнына алған. Соның 6-ауының құрылысы аяқталған. Бірақ пайдалануға берілуге рұқсаты жоқ. Себебі, «Тамыз инвест» жалпы құрылыс жұмыстарында өрескел кемшіліктер жіберген. Келешекте ешқандай мәселе туындамас үшін компаниядан нысан салуда кеткен барлық қателіктерді түзетуді талап еттік. Ал 7-ші нысанға келсек, мұнда да кемшіліктер кеткен. «Тамыз инвесттің» құрылысты аяқтауға қауқары жоқтығы былай тұрсын, нысанды жобалау, салу кезінде тиісті талаптың бәрін аттап өткен. Сондықтан бұл нысанның құрылысы аяқтала қалғанның өзінде ол мемлекеттік қабылдауға алынбайды. Бұл дегеніңіз пәтеріңізді жекеменшікке алу жөніндегі құжаттарды рәсімдей алмайсыз деген сөз. Бүгінде бас прокуратурамен бірлесіп, шешімдер қабылдап жатырмыз. Олар бізді қолдап отыр. Бұйыртса, мәселе жақын арада шешіліп, көптен бері күрмеулі болып келген нысанды биыл пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Басты уайым – баспана
– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Мен көпбалалы ана – «Күміс алқа» иегерімін. Осы өңірде туып-өстім. Ата-бабаларымыз Ақмоланың іргетасын қаласқан азаматтар. Сізден сұрайтыным, баспаналы болуға қол ұшын берсеңіз. 2000 жылдан бері тұрғын үйдің кезегіне тіркелген едім. Кезегім 209-шы болатын. Бірақ кейін кезегімді таппай қалдым. Басқармадағылар қайтадан тіркелуімді сұрады. Енді өзіңізге мән-жайды айтып, жеке қабылдауыңызға да кірсем деген ойым бар.
– Астанада баспана – басты мәселе. Қала күннен күнге өсіп келеді. Баяндамамда айтып өткенімдей, жыл сайын елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен 40 мыңнан астам адам қоныстануға келеді. Олардың барлығын бірдей баспанамен қамтамасыз етуге елорданың мүмкіндігі жете бермейді. Астана – дотациялық қала, бас шаһар болғаннан кейін Үкімет қол ұшын беріп, қаражат бөліп отырғанын естен шығармауымыз керек. Бүгінгі таңда қалада тұрғын үй кезегінде 25 мың адам тұр. Былтыр әртүрлі бағдарламалар бойынша 2703 пәтер берілген болатын. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғаса бермек. Ал сіздің мәселеңізге келсек, өтінішіңіз бойынша қабылдайын өзіңізді. Бірақ әкім қабылдаса, мәселе шешіле салады деген ой тумау керек. Бастарыңыздағы қиындықтарыңызды түсінеміз. Сіздердің жандарыңызды ауыртып жүрген мұң-мұқтаждарыңыз біздің де жүрегімізден өтетінін білгейсіздер. Бірақ, заң бәрімізге ортақ. Әрбір арыздың артында заңға сәйкес пе, емес пе деген сұрақ тұрады. Қандай да бір шаралар қарастыру керек болса, ойластыруға тырысармыз.
Елордаға 15 емхана жетіспейді
– Мені елордадағы емханалар мәселесі алаңдатады. Тіркеу бөліміне хабарласа алмайтын кездер жиі болады. Телефондар көбіне бос болмайды. Емханаларда адам көп, орын тар. Кейде бір кабинетте бірнеше дәрігер қысылып-қымтырылып, қабылдап жатады. Бұл ақхалаттыларға да, сырқат жандарға да ыңғайсыз екені түсінікті. Сондай-ақ, салалық дәрігерлерге көріну үшін бір-екі айдай бұрын кезекке жазылуға тура келеді. Міне, осының бәрі тұрғындарға оңай тимей тұр.
– Сұрағыңыз орынды. Емханаларға байланысты мұндай мәселенің бары рас. Қазіргі таңда елордада 8 емхана бар. Олар 300 мың адамға лайықталған. Ал Астана тұрғындарының саны 800 мыңға жуықтайды. Демек, әр емхана 2,5 есеге артық жүктемемен жұмыс істейді деген сөз. Емдеу мекемесіндегі кезек мәселесін талондық жүйе шеше алмағаннан кейін дәрігерге алдын ала жазылу жүйесі енгізілген еді. Бұл тәсіл кезек мәселесін біршама реттеді. Бірақ халық санының күрт көбеюі емханаға түскен салмақты азайтуға мүмкіндік бермей тұр. Өздеріңіз білесіздер, Астанада көптеген жаңа емханалар ашылды. Алда ашылатындары да баршылық. Соған қарамастан Астанаға әлі де 15 емхана жетіспейді. Осыдан-ақ жағдайдың қандай деңгейде екендігін бағамдауға болады. Алайда қол қусырып отырмай, мәселенің оңтайлы шешілуін қарастырып жатырмыз. Айталық, қаланың кенттерінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарды көбейтуге баса көңіл бөлінуде.
Қоғамдық көлік ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс
– 18-ші көшеге қатынайтын автобустар санын көбейтіп беруіңізді сұраймын?
– Сауалға байланысты алдымен мына мәселеге тоқталып кеткім келеді: осыдан төрт жылдай бұрын Астана қаласында 14 автобус паркі бар болатын. Біз олардың қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейіне, несиелік тарихына, жауапкершілігіне қарай іріктей келе, 9 автопаркті қалдырдық. Жолаушыларды тасымалдау саласын оңтайландыру арқылы тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді мақсат еттік. Біздің түсінігіміздегі қаланың қоғамдық көлігі қандай болуы керек? Ыңғайлы, жайлы, ең бастысы, қауіпсіз болуы тиіс. Егер жұртшылықтың көңіліне қонымды, жүру жиілігі жоғары автобустар көбейсе, жекеменшік көліктермен жүретіндер де азаяр еді. Қоғамдық көлік саласын дамытуға күш салуымыздың бір себебі де осы. Мақсатымыз – қазіргі заман талабына сай келетін көліктік жүйені қалыптастыру.
Ал сіздің сауалыңызға келсек, әуелі №18 көшені көзбен көріп, жолдар мен өткелдерін зерделеп, сосын барып, бір шешімге келетін боламыз.
Заңсыз жер заңдастырылмайды
– Мен Өндіріс кентінде тұрамын. Осы өңірден жер алып, үй салып алған азаматтардың жерлері заңдастырыла ма? Кейбіреулер заңдастырып алған деп естіп жатырмыз. Жерге заңсыз құжат жасап алған 5 адамның атын атап бере аламын. Олар қалай заңдастырып алды, біз сияқты қарапайым халық сонда заңдастыра алмай ма?
– 2004 жылы білем, осы Өндіріс кентінен 228 отбасы жерді заңсыз басып алып, үй салып алған еді. Осы жерлерге қатысты 2006 жылы сот шешімі шығып, телімдер заңсыз деп танылды. Шынтуайтында, соттың шешімі шыққаннан кейін үйлерді ысыруымыз керек еді, бірақ адамдар қоныстанып, үй салып алғаннан кейін аяушылық білдіріп, олай жасаған жоқпыз. Бірақ сот шешімін өзгертуге біздің де құқымыз жоқ, жер телімдерін заңдастыра алмаймыз. Кезінде сіздер жерлерді заңсыз басып алған едіңіздер. Енді келіп, заң бары естеріңізге түсіп, заңсыз құжат жасағандарды алға тартып отырсыздар. Астанаға келіп заңды оқып, оған бағына бастағандарыңыз қуантады, әрине. Бірақ соттың шешімінсіз ештеңе өзгертуге ешкімнің де құқысы жоқ. Ал жаңағы бес адам жер телімдерін қалай заңдастырып алғанымен прокурорлар айналысатын болады.
Театр көрермені көбеюі керек
– Мен мәдениет саласының қызметкерімен. Нақтылай айтқанда, кітапханашымын. Біз сияқты мәдени қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғау Астана тарапынан бола ма? Жалақымыз да мардымды емес. Әрине, бұл әкімдіктің құзыретіндегі дүние емес. Дегенмен де, болашақта қандай да бір қолдау бола ма?
– Мәдениет – қоғамның рухани дамуының ең басты көрсеткіші. Мемлекет дамуы үшін ең алдымен мәдениетіне көңіл бөлінуі керек. Осыдан 7-8 жыл бұрын мәдениетке байланысты мәселе көтерілсе болды, алдымен Астанадағы мәдениет ошақтарының аздығы ауызға алынатын еді. Ал қазір бұл мәселе шешілді деуге әбден негіз бар. Астанада небір көркем өнер ордалары бой көтерді. Елорданың мәдениет саласы алдағы уақытта да өркендеп, дами бермек. Соның бір куәсі – алдағы уақытта тұсауын кесетін Астана опера театры. Бұл дәл қазіргі күні салынып жатқан әлемдегі жалғыз жаңа опера театры. Әрине, Еуропа елдерінде бұрын салынған көне театрлар бар. Бірақ бұл қазіргі заман талабына сай бой көтеріп жатқан бірден-бір өнер ордасы. Ал мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына келетін болсақ, бұл да біртіндеп шешілетін мәселе. Мысалы, бұрын Астананың беткеұстар екі драма театры әртістерінің әлеуметтік жағдайы үнемі сөз болатын еді. Кейін академиялық мәртебе алғаннан кейін жалақылары өсті, пәтер мәселесі де шешілді. Енді тек кәсіби деңгейін көтеріп, көрерменді көптеп тартуға күш салу керек деп ойлаймын. Сол сияқты мәдени қызметкерлер, кітапханашылардың мүддесі де қорғалуы керек. Бұл мәселені де үкіметтік деңгейде көтеретін боламыз.
Астана техникалық маман иелеріне зәру
– Мен 2010 жылы колледжді «Қаржыгер» мамандығы бойынша бітірген едім, кейін университетке оқуға түсіп, биыл «Мемлекеттік жергілікті басқару» саласы бойынша диплом алғалы отырмын. Астанада жұмыс істегім келеді. Кімге, қайда барып хабарласуға болады?
– Әрине, сіздің кәсіби маман екеніңізге шүбә келтірмеймін. Бірақ Астанада экономика, заң саласының мамандары шамадан тыс көп. Еңбек нарығына жүргізілген зерттеулердің нәтижесі Астанада осы сала мамандарының 80-86 пайызға артық екендігін көрсеткен. Керісінше, IT-инженерлері, құрылысшылар, инженер-механиктер елордада тапшы. Бірақ бұл сізге көмектеспейміз деген сөз емес. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласуыңызға болады. Астанада жыл сайын мамыр айының соңында жалпы білім беретін мектеп түлектеріне арналған, ал тамыз айында жоғары оқу орындарын бітірушілерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Осыған келіп, бағыңды сынауға болады.
Ашынған ана не айтқысы келді?
– Мен өзімнің туған 4 немеремді патронаттық тәрбиеге алып отырған анамын. Шиеттей балалар сырқаттың ауыр түріне шалдыққан. Осыларды асырап-сақтаймын деп жүрген маған кейбір мекеме өкілдері кедергі келтіріп жүр. Басымдағы шағын баспананы біреу сатып жіберіпті, енді пәтеріңді босат деп біреуі келсе, енді біреуі басқаның қарызын менің мойныма іліп, төле деп жатыр. Тіпті, балаларды балалар үйіне өткіз деп қоқан-лоқы жасағандары да бар. Прокурор мен полиция басшыларына жолығайын десем, қабылдамайды. Менің мәселемді жерге қалдырмауыңызды сұраймын.
– Қанша қиындық көрсеңіз де төрт баланы тастамай, асырап-сақтап жүрген сізге үлкен алғысымды білдіремін. Кез келген ана баласын сіздей аялап, сіздей жанашырлық танытатын болса, елімізде ешқандай да балалар үйі деген болмас еді-ау. Мен сіздің мәселеңіздің мән-жайын, тарихын толыққанды білмеймін. Сондықтан осы кездесуде отырған қаламыздың прокуроры Мұхтар Жөргенбаев сізді бүгін сағат 15.00-де, ал Ішкі істер департаментінің бастығы Амантай Әубәкіров сағат 17.00-де қабылдайды. Сосын ертең олар мәселенің мән-жайын маған мәлімдейтін болады.
Жарықты үнемдеудің оңтайлы тәсілі
– Мен «Астанаэнергосбыт» АҚ-ның тұтынушысымын. Жарыққа төленетін тариф әр тұрғын үйде әртүрлі екен. Мұның себебін білсем деп едім…
– Үкімет электр энергиясын үнемдеу мақсатында әрі тұрғындарға тиімді болу үшін диффиренцияланған тариф енгізді. Бұл үйлеріне электр қуатын есептейтін қондырғыны орнатқан тұрғындарға оңтайлы. Айталық, есептегіш құрылғысын орнатқан тұрғындар бір шаршы метрге 39 теңге төлейді, ал орнатпағандар – бір шаршы метрге 130-140 теңге төлейді. Айырмашылығы бар ма? Бар. Ендеше, күллі тұрғындарға осындай құрылғы орнатуға шақырамын. Оның құны шамамен 300 мың теңге. Егер 90 пәтерлік тұрғын үй болса, әр тұрғынға орта есеппен, 10 мың теңгеден келеді. Есесіне, энергия шығынына аз ақша төлейсіздер. Келешекте жаңадан салынатын тұрғын үйлерге осындай есептегіш құрылғы, кіреберіске жарықты есептейтін сенсорлық қондырғы орнату талап етілетін болады.
«Көзіме көрінші, 13»
– Мен Промышленный кентінде тұрамын. Бұрын біз жаққа №13 автобус келетін еді. Соңғы кезде бұл қоғамдық көлікті көрмейтін болдық. Бір ғана №104 шағын автобусқа күніміз түсіп тұр. Әсіресе, таңғы және кешкі уақытта осы автобусқа міну үшін әлекке түсеміз. Біз сияқты үлкен кісілер сыймай қалып, келесісін күтетін кездер аз емес. Сондықтан қосымша сыйымдылығы үлкен автобус шығаруды қарастырып берсеңіз екен.
– Бүгінде Астанада 1 мыңнан астам автобус бар. Соның 730-ға жуығы күнделікті желіге шығады. Былтыр қаланың қоғамдық көлігі 515 мың жолаушылар тасымалдаған. Әлбетте, шаһар өсіп, халық саны көбейген сайын, бұл салаға түсер салмақ та артып отыр. Сіз айтқан мәселені орынбасарым Қанат Сұлтанбековтің қадағалауына тапсырамын. Мән-жайды анықтап, ұсыныстар енгізілгеннен кейін, бір шешім қабылдаймыз.
Жолақы қымбаттай ма?
– Қоғамдық көліктердегі жолақы қымбаттайды деген сыбыс бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– ҚР Көлік және коммуникация министрлігі бекіткен тиісті әдістемеге сәйкес, Астанадағы автобустардың нақты жолақы құны 107 теңгені құрауға тиіс. Бірақ қазіргі кезде оның құны 60 теңге. Жолақы құны, әрине, қымбаттайды. Бірақ қазір емес. Тарифтерді өсірмес бұрын алдымен халықты жинап, қоғамдық тыңдаулар өткіземіз. Жолақы құнының не үшін көтерілетіні жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізетін боламыз.
***
Қала басшысына үш сағат ішінде бас-аяғы қырықтан астам сауал қойылды. Орынды сауал қойып, қонымды жауап алғандар да, жеке шаруасын көздеп келіп, ойы жүзеге аспай қалғандар да болды. Тіпті әкімнің құзыретіне жатпайтын дүниелерді шешіп бер деп, «әлек» салғандар да табылды. Ең бастысы, ешқандай сұрақ жауапсыз қалған жоқ. Ал сауалдарын қойып үлгере алмай қалғандар оны қағазға түсіріп, арнайы қойылған жәшіктерге салып жатты. Елорда әкімі бірде-бір сұрақ жерде қалмайтынын, түгелі тіркеліп, оған жазбаша түрде жауап берілетінін жеткізді.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ