Әлеумет сауалы – әкім жауабы

0 76

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі

МУЗЕЙДЕН МАҒАН ДА ОРЫН ТАБЫЛА МА?

Ахметов Марлен Мұратұлы:
– Ассалаумағалейкүм, Иман­ғали Нұрғалиұлы! Менің сұра­ғым: сол жағалауда салынып жатқан Қазақстан музейіне қызметкерлер алып жатыр ма? Оны қайдан білуге болады?

ЖАУАП:
– Марлен Мұратұлы, жұ­мысқа орналасу мәселесін шешу үшін Астана қаласы Брусиловский көшесіндегі 17/3-үйде орналасқан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар бас­қармасының жұ­мыс­сыздарды жұмысқа орна­ластыруға жәрдем­десу бөліміне мына құжаттарды: жеке куәлікті, еңбек кітапшасын немесе еңбек қызметін растайтын құжатты, дипломыңызды алып барып, жолығуыңыз керек.
Қазіргі кезде басқарманың де­рек қорында мұражай қызмет­керлері мамандығы бойынша бос орындар жоқ.
Сондай-ақ, басқарма заңда бел­гiленген тәртiппен бос жұмыс орындары мен лауазымдық қыз­меттер туралы хабарлаған мекемелер мен ұйымдарға жұ­мыс­сыздарды жiберу арқылы жұмысқа орналастыруға жәр­демдеседi. Алайда, жұмыс беру­шiнің Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес жұмысқа қабылдауға, жеке еңбек шартын жасасуға, өзгертуге немесе бұзуға қақы бар.
Өз мамандығыңыз бойынша жұмысқа орналасу жөнінде Астана қаласының мәдениет басқармасына хабарласуыңызға болады.

ЖЕТЕМ БЕ АРМАНЫМА ТІЗІМДЕГІ?

Қайыпназаров Тәжіғұл:
– Мен 2006 жылғы қараша айында 10 сотық жер телімін алу үшін өтініш берген едім. Ол қала әкімшілігінде қаралып, 2007 жылдың 1 наурызында жер алу кезегіне 54782-нөмірмен тіркелдім. «Ата тегіңнің бас әрпі бойынша К-968 нөмірімен кезектің қалай жылжып жатқанын қалалық сайттан тексеріп отырасыз» деген. Білейін дегенім: кезегім қашан келеді, яғни, жер алу арманым қашан орындалады? Әйелім, екі ұлым, келінім және төрт немерем бар. Шағын үй салуға шамам келеді…

ЖАУАП:
– Тәжіғұл, жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер телімдерін беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 1 тамыздағы №726 қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
Аталған қаулының нормалары, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалардан басқа, азаматтардың барлық санатына ортақ болып табылады.
Сіздің 2007 жылғы 1 наурыздағы №К-968/1 өтінішіңіз қаралып, тізімге №54783 ретпен тіркелген.
Аталған ереже нормаларына сәйкес, ЖТҚ үшін жер телімдерін беру тек қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, бөліп беруге дайын жер аумағының болуына қарай жүзеге асырылуға тиіс.
Осы айтылғандарды ескере отырып, қала аумағында инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз етілген, бөлуге дайын алаңдардың жоқтығына байланысты, қазіргі уақытта ЖТҚ үшін жер телімі берілмейтінін айтуға тиіспін.

МӘРТЕБЕЛІ РӘМІЗГЕ МӘН БЕРІЛСЕ…

«Рух пен тіл» қоғамдық ұйымы:
– «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заңды басшылыққа ала отырып, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның пайдаланылу тәртібін кейбір мемлекеттік органдар, мекемелер, жергілікті атқарушы орындар бұзып отырғанын хабарлаймыз. Аталмыш заңның 4-бабы, 6-бабы веб-сайттарда мемлекеттік рәміздер тұруы тиістігін міндеттегенімен, бұл талапты аталған мекемелердің барлығы бірдей сақтап отырған жоқ. Веб-сайттардың бірінде тек елтаңба орналастырылса, енді біріне тек ту орналастырылған. Сондықтан, осыны ескере отырып, мекемелер мен идаралардың веб-сайттарын тексерулеріңізді, заң бұзғандарын тиісті жауапкершілікке тартуларыңызды талап етеміз. Астана әкімдігінің осы көкейтесті мәселеге назар аударып, «Рух пен тіл» қоғамдық ұйымының сауалына жауап қайтаруын, аталған заң бұзушылықтарды жоюға қатысты қосымша ақпарат берулерін сұраймыз. Мекенжайымыз: Алматы, Қастеев көшесі, 41 А. Тел.:87025851585 rukh_pen_til@mail.ru

ЖАУАП:
– «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымда қабылданған конституциялық заңының 12-бабына сәйкес жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасы мем­лекеттік рәміздерінің тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте пайдаланылуын (тігілуін, орналастырылуын) бақылауды жүзеге асыруға тиіс.
Осы конституциялық заңның 4 және 6-бабының 2-тармағында көзделгеніндей, Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік Елтаңбасы мен Туы бейнесінің мемлекеттік органдар веб-сайттарында орналастырылуы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл ретте, аталған талаптың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мә­де­ниет және ақпарат, Ішкі істер министрліктерінің және прокуратура органдарының құзыретіне жатады.
Астана қаласы әкімдігіне қарасты мекемелердің веб-сайттарындағы мемлекеттік рәміздердің орналастырылуы Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының тұрақты бақылауына алынған.

ДЕРМАТОЛОГ ЖОҚ ЕКЕН ЕМХАНАДА

Е.К. Оспанғалиев:
– Қалалық 2 -ауруханаға дерматолог-дәрігерге көрінуге бардым. Тіркеу бөліміндегі қызметкерлер «бізде ондай дәрігер жоқ. Жеке клиникаларға барыңыз» деді. Мемлекеттік ауруханада неге ондай дәрігер-мамандар болмайды деген сұрақ туады…

ЖАУАП:
– Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің «Дерматовенерологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы» 2011 жылғы 23 мамырдағы №312 бұйрықпен бекітілген ережесіне сәйкес кеңесшілік-диагностикалық, стационарлық, стационарлық емді алмастыру қызметтері тері-венерологиялық диспансерлерінде жүргізілуі қажет. Осыған байланысты сіз арнаулы маманның кеңесін Астана қаласының Тері ауруларын және жыныстық жолмен жұғатын кеселдерді алдын ала емдеу орталығынан ала аласыз.

БҰ ЖАҚТА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНБЕЙ МЕ?

Әйгерім Қасымбекқызы:
– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Мен Семей өңірінің тумасымын, сол жақта оқып, білім алдым. Астанаға көшіп келгеніме екі жылдың шамасы болды. Мемлекеттік мекемеде қызмет атқарамын. Өткен жылы экологиялық куәлік негізінде еңбекақыма үстеме ақша төленген еді. Ал, осы жылдың қаңтар айынан бастап бұл қаражат төленбейтін болды. Түсінуімше, Семей полигонынан зардап шеккендерге тиесілі бұл қаражат сол жақта тұратын адамдарға ғана төленеді екен. Сізден осы мәселеге қатысты ақпарат беруіңізді сұраймын. Яғни, басқа қалада қызмет атқаратын Семей полигонынан зардап шеккендерге қандай жеңілдіктер қарастырылған?

ЖАУАП:
– Әйгерім Қасымбекқызы, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Қазақстан Республика­сының «Семей ядролық сынақ по­лигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңының 12-бабына сәйкес сізге ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азамат ретінде бiржолғы ақшалай өтем ядролық сынақтардың әсерiне ұшыраған деңгейіне байланысты аумақтарда тұрғаныңыз үшін берiледi.

АЯЛДАМА тұр АЖАРЫ ҚАШҚАН

Есен Арман:
– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Қала қонақтарына автобустан көрінбеуі үшін, неге аялдамалардың тасасына, сырт жағына хабарландырулар ілетін көлемді тақташа орнатпасқа? Әйтпесе, аялдамалардың ажарын кетіріп, бүлдіріп бітті, байғұс ЖТҚ жұмысшылары жалбыраған қағаздарды қырнап, жуады да жатады ылғи. Тұрғындардың да басқа амалы жоқтай: хабарландыруды газеттер тегін баспайды, теледидарлардағы жүгіртпе жолдардың ақысы удай қымбат… Айтпақшы, «31 канал» магияға байланысты әртүрлі дуалау, дұға салу сияқты адамның жүрегі айнитын хабарландыруларды береді де жатады, құдды астана емес, айдаладағы қышлақ секілді, соған тыйым салыңызшы…

ЖАУАП:
– Арман, аялдама павильондарына хабарландырулар желімдеуге тыйым салынған, тіпті, оның сырт жағына да жапсыруға болмайды. Қазіргі кезде хабарландырулар таратудың неше түрлі баламалары бар.
Ал, «31 каналдың» хабарларына қатысты мәселе Астана қаласы әкімдігінің құзіретіне жатпайды.

КЕЗЕКШІ ТОП ЕДІ ҒОЙ КЕРЕГІМІЗ

Наталья:
– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы, мына мәселеге көмектесуіңізді өтінемін: баламыз «Молодежный» шағын ауданында орналасқан, сағат 18-ге дейін ғана жұмыс істейтін балабақшаға барады. Қиындығы – біз де осы уақытқа дейін жұмыс істейміз, баланы уақтылы алып кете алмаймыз. Қолы бос әжеміз бен атамыз да жоқ… Балабақшада бұрын ата-анасы кешіккен балаларды алдарқата тұратын кезекші топ болған екен, оны қалалық білім басқармасы жауып тастапты… Бұл басқа да ата-аналардың басындағы қиындық болғандықтан, осы мәселеге мән беріп, балабақшалардан жұмыс уақыты ұзартылған кезекші топтар ашуға ықпал етуіңізді өтінемін.

ЖАУАП:
– Наталья, бұл мәселе бойынша қала әкімінің сайтында бірнеше мәрте түсініктеме берілді. Қаланың мектепке дейінгі мекемелерінің жұмыс режимі – 10,5 сағат. Балабақшаны қаржыландыру нақ осы режим шегінде жүзеге асырылады. Қосымша жұмыс сағаты үшін тәрбиешілердің жалақысына ешқандай бюджеттік үстемеақы қарастырылмайды және төленбейді де. Кезекші топтардың жұмысын реттейтін құқықтық-нормативтік база жоқ. Өзге де мем­лекеттік құ­ры­лымдардағыдай мемлекеттік ба­лабақша қызметкерлерінің де жұмыс күні еңбек заңымен реттеледі.

 Астана қаласы әкімдігінің www.astana.kz сайтынан әзірленді

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − eight =