Әлеумет сауалы – әкім жауабы

0 92

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі

АЙНАГҮЛ АНА ТІЛМЕН АРАЗ НЕГЕ?

Kayrat Sarybalta:
– Қазақ телевидениесіндегі ардагер журналист, диктор Баян Балтабайқызы Секербаева, ал, телефонның арғы жағында – Астана қаласы ішкі саясат бөлімінде істейтін Айнагүл деген қыз. Түсінгенім: бір апта бұрын бейнематериал түсіруге байланысты жазылған хаттың жауабы әлі жоқ. Соған байла­нысты хабарласқан журналистке ар жақтан: «я не пони­маю по-казахски» деген жауап қайтарған, хатты да қазақша түсінбегендіктен қарай алмайтындығын жеткізген. Баян Балтабайқызының ызалы дауысы: «а вы в курсе что, гос.язык – казахский, а русский язык – это для межнационального общения. Наш канал уже год транслируется только на гос.языке». Арғы жақтан: «да кому вы нужны кроме казахов…» деген жауап. Кейін естідім, Айнагүлдің алғашқы жауабы: «у нас два государственных языка» және «не учите менямен» шектеліпті.
Менің ойым: осы қыз мем­лекеттік аттестациядан қалай өтті екен?

ЖАУАП:
– Қайрат Сарыбалта, сіздің хатыңыз бойынша жүргізілген тиісті қызметтік тексеру барысында көрсетілген деректің расында орын алғаны анықталды. Алайда, Баян Балтабайқызымен телефон арқылы тілдескен Айнагүл есімді қыз ішкі саясат бөлімінде емес, баспасөз қызметінде штаттан тыс қызметкер ретінде жұмыс істейді. Оған ауызша ескерту жасалып, алдағы уақытта осы тектес жағдай тағы да орын алса, жұмыстан шығарылатыны түсіндірілді.

ЖЕТІМДЕРГЕ ЖЕҢІЛДІК БАР МА ТАҒЫ?..

Серімбетова Салиха Арыстанқызы:
– Кұрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Мен 1991 жылғымын. Екі жыл бұрын 1999 жылғы сіңлім Серімбетова Мәлика Бақтиярқызын өз қамқорлығыма алдым. Қазіргі уақытта №64 мектептің 7-сыныбында оқиды. Ата-анамыздан ерте айырылдық. 20.04. 2011 жылдан бері жетім ретінде үй алудың кезегінде №10201 орында тұрмыз. Қазір пәтер жалдап жүрміз. Ай сайынғы жәрдемақы өзімізден артылмайды. Қандай да бір бағдарламамен ипотекаға үй алуға бола ма? Бірақ, ол үшін кем дегенде 100 мың теңге жалақы болуы керек. Өзім ақылы оқимын. Мемлекет тарапынан әлдебір көмекке қол жеткізе аламыз ба?

ЖАУАП:
– Салиха Арыстанқызы, қолда бар мәліметтер бойынша, сіз 2011 жылғы 21 сәуірден бастап «Жетім» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтарының тізімінде тұрсыз. Бүгінгі таңда кезегіңіздің реттік нөмірі – 9727.
Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары ту­ра­лы» заңының 74-бабына сәйкес баспанаға мұқтаждар тізіміне енгізілген азаматтар тең құқылы болып табылады. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың осы тізіміне енгізілгендердің Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларынан басқалары басымдық құқын иелене алмайды.
Осыған байланысты мемле­кеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегіңіз келгенде беріледі.

АРМАНЫМ САҒАН АУҒАН, АВТОРАЛЛИ!

Мұхтаров Елшат Тұрсынжанұлы:
– Сәлеметсіз бе, құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Бала шағымнан Қазақстанның раллиға қатысуын армандап едім. Міне, енді біздің команданың осы аламан жарысқа барғанын көріп, көзайым болдық. Мен қазақстандық команданың құрамына кіргім келеді. Астананың автошабандоздарының қатарына қосылудың қандай мүмкіндігі бар?

ЖАУАП:
– Елшат Тұрсынжанұлы, Қазақ­станда Автомотоспорт федерация­сы бар, ол 1992 жылдан автомобиль спортының түрлері бойынша автоәуесқойлар арасында көптеген сайыстар ұйымдастырып, жүйелі өткізіп келеді, бұлар «Париж-Дакар», «Африка-рейд» сияқты кәсіпқой жарыстарға баратын алғашқы саты саналады.
Ондай сайыстарға кез келген тілек білдіруші қатыса алады.
«Астана» командасының құра­мы­на мол тәжірибесі мен білігі, жоғары спорттық жетістіктері бар спортшылар кіреді, кез келген талап­кер осындай өреге көтерілуі шарт.
Қосымша ақпарат алу үшін 8 701 344 00 10 телефоны арқылы хабарла­сыңыз немесе www.fams.kz сайтына кіріп көріңіз.

ЕСТІ ШЫҒАРҒАН ЕРЦ ЕСЕБІ

Қарабасова Нұржамал Бұлдашевна:
– Қайырлы күн! Мен Сейфуллин көшесіндегі 27/2-дің 19-пәтерінде тұрамын, жеке шотым – 165662. 2012 жылғы қыркүйекте үйфон қызметі үшін ақымды өтеп, әлі басталмаған айларға – қыркүйекке, қазанға, қараша мен желтоқсанға алдын ала ақшаны төлеп тастадым. 2013 қаңтарында маған «Астана ЕРЦ»-тен желтоқсанға тағы да төлеу жөнінде №329 хабарлама келіп тұр! Амал жоқ, үйфон қызметін жеткеретін «Федотов А.Б.» ЖК-не жүгініп, төлемімді тексердім. Сөйтсем, желтоқсан айына да толықтай төленген. Осы келеңсіздік ылғи қайталанады. Кейде «Астана ЕРЦ» жіберген қатесін мойындап, түзетіп жатады. Бірақ, осының өзі адамды қаншама әбігерге түсіреді. Меніңше, «Астана ЕРЦ»-тің есептемелері тиісті деңгейде болуы, қате жіберіп, тұрғындардың есін шығаратын қызметкерлерге нақты шара қолданылуы, айыппұл салынуы керек…

ЖАУАП:
– Нұржамал Бұлдашевна, төленетін ақшаны қате есептеп, басқа бір үйфон компаниясының пайдасына жіберген кезде «Астана-ЕРЦ» ЖШС мамандары сол компанияға ақша қаражатын қайтару жөнінде жазбаша сұратпа жібереді. Жағымды жауап алғаннан кейін, қате төленген ақша өзіңізге қызмет түрін жеткерушінің есепшотына қайтарылады.
Қосымша ақпарат алу үшін мекен­жайыңызды көрсетуіңіз немесе 77 10 86 телефоны арқылы хабарласуыңыз қажет.

АТ АУЫСТЫРЫП, АҢТАРЫЛЫП ҚАЛДЫҚ

Техникалық колледж ұжымы:
– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! 2012 жылғы мамыр айында Астана қаласы әкімдігінің №107-638 қаулысымен қалалық білім басқармасының «№4 кәсіптік лицей» мемлекеттік мекемесі қалалық әкімдіктің «Техникалық колледж» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып өзгерді. Соның салдарынан қазіргі кезде біз «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына қатысу мүмкіндігінен айырылып, бюджеттік салада көп істей тұра, арендалық баспана алу кезегінен де сырт қалдық.
Оқу орнының аты өзгергенімен, заты (қызмет пішімі де, еңбекке ақы төлеу жүйесі де) өзгерген жоқ, бұл Астана қаласы Білім беру басқармасы қабылдаған үстірт шешімнің кесірі деп ойлаймыз… Мемлекеттен алған айлығымыз бәрібір пәтер сатып алуға жетпейді, ал, арамызда білім беру саласында 20 жылдан аса еңбек етіп келе жатқандар бар. Осы мәселенің оңтайлы шешілуіне мән беріп, көмектесіңізші…

ЖАУАП:
– Тұрғын үй заңдарын бас­шылыққа ала отырып, Астана қаласы Тұрғын үй басқармасы мемлекеттік қызметшілердің, бюджеттік ұйым қызметкерлерінің, әскери қызметкерлер мен әлеу­мет­тік тұрғыдан қорғалатын аза­мат­тардың тізімін жасады, сол бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезек тәртібімен баспана беріледі.
«Бюджеттік ұйым қызмет­керлері» санатына мемлекеттің орталықтандырылған қорынан қаржыландырылатын ұйымдар жатады.
Сонымен қатар, ҚР «Мемлекет­тік кәсіпорындар туралы» заңына сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар өз қызметінен түскен өзіндік табыс есебінен ұсталады.
Қазақстан Республикасы Аза­маттық кодексінің 34-бабына сәйкес коммерциялық емес болып саналатын әрі мемлекеттік бюджет есебінен ғана ұсталатын заңи тұлға тек мемлекеттік мекеме пішімінде құрылуы мүмкін.
Осыған орай мемлекеттік кәсіп­орынның қызметкерін бюджеттік ұйым қызметкерлері санатына жатқызудың еш мүмкіндігі жоқ.
Қазіргі кезде Астана қаласы­ның әкімдігі Қазақстан Республи­касының Құрылыс ісі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі агенттікке қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары» заңына өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу, әсіресе, мемлекеттік кә­сіпорын қызметкерлеріне де баспана беру мәселесін қарау жөнінде ұсыныстарын жолдады.
Қолданыстағы заңдарға өз­ге­­рістер енгізілгеннен кейін мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлеріне де пәтер беру туралы мәселе қаралуы мүмкін.

ЕКІ ДИПЛОМҒА ЭКСПО ДӨП КЕЛІП ТҰР

Ерлан Асқарұлы Үмітбеков:
– Сәлеметсіз бе, Иманғали Нұрғалиұлы! «ЭКСПО» көрмесін дайындап, өткізу шараларына атсалысқым келеді. Екі жоғары оқу орнының дипломы бар, ағылшын тілінің аудармашысымын. Мені жұмысқа шақырыңызшы…

ЖАУАП:
– Ерлан Асқарұлы, жұмысқа орналасу мәселесін шешу үшін Астана қаласы Брусиловский көшесі 17/3-үйдегі жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бөліміне жолыға аласыз.
Жұмыссыз азаматтарды тіркеу үшін мынадай құжаттар:
– жеке куәлік (паспорт);
– еңбек кітапшасы немесе еңбек жолын куәландыратын құжат;
– диплом қажет.
Бұған қоса, басқарма заң тәр­тібімен бос орын, лауазымды қызмет бары жөнінде хабарлаған кәсіпорындар мен ұйымдарға жолдау арқылы азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Әйтсе де, ҚР Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдау-қабылдамау құқын иеленіп, жеке еңбек келісімшартын жасауы да, өзгертуі де немесе бұзуы да мүмкін.
«ЭКСПО-2017» көрмесін дайындап, өткізуге арналған бос жұмыс орындары бар екендігі туралы Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына әзірше ақпарат түсе қойған жоқ.

 Астана қаласы әкімдігінің www.astana.kz сайтынан әзірленді

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 11 =