Әлеумет сауалы – әкім жауабы

0 88

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі

ТІЗБЕ  ТИЯНАҚТАЛҒАНША  ТОҚТАДЫ ТЕЛІМ  БӨЛУ

Балуанова Гүлшада Таңсыққызы:
– Сәлеметсіз бе! Жерді қалай ұзақ мерзімге жалға алуға болады немесе сатып алған дұрыс па? Қандай құжаттар керек? Мен коммерциялық мақсатта жайлы ауданнан 3-5 сотық жер телімін алғым келеді?
ЖАУАП:
– Астана қаласының аумағынан жер беру Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 43-бабының нормалары мен талаптарына сай жүзеге асырылады.
Мәселен, Кодекстің жоғарыда келтірген бабына сай, жерді мен­шікке алуға немесе пайдалануға мүдделі жеке және заңды тұлғалар қаланың жергілікті атқару органына өтініш жазады. Өтініште: жер телімін пайдалану мақсаты; оның қалаулы көлемі; орналасқан орны; жер пайдаланудың сұралатын құқы көрсетілуге тиіс. Жерді беру немесе бермеу туралы шешім жергілікті атқару органдары құр­ған комиссия ұйғарымының негізінде шығарылады. Осылайша, жер телімін иелену құқын беру туралы мәселені қарау үшін Сіз Астана қаласы әкімінің атына тиісті өтініш жазуыңыз қажет. Ол заңда белгіленген тәртіппен қаралады. Қосымша айтарым, «ЭКСПО-2017» халықаралық маман­дандырылған көрмені әзірлеу және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген хаттамалық тапсырмаларды, сондай-ақ оның орындалуын бақылау жөніндегі Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында Астана қаласының әкімдігі көрме құрылысы үшін қажет нақты нысандар мен коммуникациялардың тізбесін анықтап алғанға дейін жер телімдерін бөлуді тоқтатты.

 

КІРЕБЕРІСКЕ  КІРГІМ  КЕЛМЕЙДІ

Сейітхазина Күләш Асқарқызы:
– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы, мен Сізге «Миссон» ТК-нің 3-блок тұрғындары атынан жазып отырмын. Өйткені, біздің шағымымызды (03.04.2012 ж. № 430) «Нысандарды оңалту дирекциясы» ЖШС бір жыл бойы елең қылмай келеді. Айтайын дегеніміз: үй пайдалануға берілгенімен, біздің кіреберіс «черновой» күйінде қалдырылған. Бірінші қабаттың қабырғалары шұрқ тесік, жылыту батареяларын жұлып әкеткен, жарықтандыру желілері олақ тартылған, кафельдері қирап жатыр, сапасы нашар сыртқы есіктер сынып тұр, ашылса, жабылмайды, жабылса ашылмайды, лифт істемейді. Қысқасы, мұнда ештеңе Құрылыс нормалары мен ережелеріне сай емес. Егер бақылау қызметінің өкілдерін жіберсеңіз, осы айтқандарымның растығына бірден көз жеткізеді…

ЖАУАП:
– Күләш Асқарқызы, шағымыңызда келтірілген деректер жайын ай­қын­дап, шара қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Құрылыс ісі және тұрғын үй коммуналды шаруашылық жөніндегі агенттіктің Астана қаласы бойынша мемлекеттік сәулеттік-құрылыстық бақылау мен лицензиялау департаментіне жазбаша түрде жүгінуіңіз қажет. Ол Астана қаласының Респуб­лика даңғылындағы 28/1-үйде орналасқан. Шағымыңыз Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Астана қаласы бойынша басқармасында тіркелгеннен кейін ғана арнаулы нұсқамаға сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

 

АҚПАРАТТАН ЖАДАҒАЙ АДАСАМЫЗ ЖАҒАЛАЙ

Бархат:
– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы, әр аялдамада Астана қаласының сызбасы ілініп, сол аялдамаға тоқтайтын автобустардың нөмірі көрсетілген. Алайда, әлгі автобустардың жүріс бағыттары жазылмаған. Егер көлік маршруты көрсетілмесе, әлгіндей ақпараттан түк пайда жоқ. Мұндай жартыкеш сызбаларды жағалай ілу – ақшаны желге шашу. Иә, кез келген аялдамада әлдебір жерге қандай автобуспен баруға болатынын сұрастырып, жалтаңдап жүретін жандарды ылғи көреміз. Оның үстіне, қоғамдық көлікке мінетіндердің дені қала тұрғындары емес, сырттан келгендер ғой. Олар діттеген жеріне қай маршрут баруға болатынын білу үшін аялдаған автобус біткенге жүгіріп әлек, ал кондукторлардың бәрі бірдей жартымды жауап қайтара алмайды, себебі, олар да қалаға сырттан келгендер, тек өз маршруттарын ғана біледі. Сондықтан, аялдамадағы ақпараттық тақташаларда мағлұмат жадағай емес, толыққанды әрі түсінікті болса ғой…

ЖАУАП:
– Бархат, қазіргі кезде елорда тұрғындары мен қонақтарына оңтайлы бағдар беру үшін карта-сызбаның эскиздік жобасын бекіттік. Ол енді Тілдерді дамыту басқармасымен келісімдеп, тиянақтау сатысынан өтуде. Ағым­дағы жылдың 1 ақпанынан бастап оларды елорданың екі ірі көшесіне: Кенесары (Сарыарқадан Республика даңғылына дейін) және Респуб­лика (Абай даңғылынан «Самал» шағын ауданына дейін) көшелерінің бойындағы аялда­маларға ілуді қолға аламыз.
Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді.

 

..КЕЗЕКСІЗ  КІРСЕМ  ДЕП  ЕДІМ

Самал Боранбайқызы:
– Сәлеметсіз бе, құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Мен батыр анамын – «Алтын алқа» иесімін. 3,5 жастағы балам балабақшаға кезекте тұр еді. Заң жүзінде көп балалы, «Алтын алқа» иегерлеріне балаларын кезектен тыс балабақшаға орналастыру құқы беріледі деп естіген едім. Сізден өтінерім, осы баламды кезек күттірмей орналастыруға көмектессеңіз екен. Себебі, соған қарайлап, жұмысқа шыға алмай отырмын. Ал, жалғыз адамның (жұбайымның) табысы жете бермейді.

ЖАУАП:
– Самал Боранбайқызы, мектепке дейінгі мекемелерге балаларды топтастыру тек кезегіне сай жүзеге асырылады. Арнаулы нормативтік-құқықтық құжаттарда «Алтын алқа» иегеріне жеңілдіктер қарас­тырылмаған. Алайда, көп балалы отбасыларына 2013 жылдың маусым айындағы топтастыру кезінде қосымша жеңілдіктер қаралады. 2013 жылдың мамыр айынан бастап баланың барлық құжаты мен көп балалы отбасы екендігіңізді растайтын анықтаманы алып, Конституция көшесіндегі 44-үйде орналасқан № 26 мектепке келуіңізді сұраймыз.

ҚОСЫМША КӨЛІК КЕРЕК ҚОЯНДЫҒА

Бердібек Хабай:
– Сәлеметсіз бе, құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Өзіңізге көпшілік атынан хат жолдап отырмын. Біз қала іргесіндегі Қоянды елді мекенінде өмір сүреміз. Күнделікті жұмысқа келіп-кету, балаларды мектепке апарып-әкелу мәселесі өте қиын. Қояндыға қатынайтын бір ғана №38 автобус қазіргі кезде жеткіліксіз болып отыр. Ол, неге екені белгісіз, кешкі және таңертеңгі уақыттарда үнемі кешігіп жүреді. Кей күндері тіпті 2 не 3 сағат автобус күтуге тура келеді. Мектеп жасындағы балалар қатты тоңып, ауырып қала береді. Осы мәселені шешіп, қосымша автобус шығартып берсеңіз. Халық сізге сенеді.

ЖАУАП:
– Бердібек, Қоянды кенті Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісіне жатады. Қардың мол жаууына байланысты жол бойы уақтылы тазартылмады. №38 маршрут жүргізушілері соның салдарынан кент ішіне кіре алмады. 18 қаңтарда түстен кейін жол аршылып, автобус жұмысы қалпына келтірілді. Қазір бұл бағыт бойынша 12-15 минуттық жүріс жиілігімен 12 автобус қатынайды.

 

ОҢ  ЖАҒАЛАУДА ОМБЫЛАП  ЖҮРЕМІЗ

Юлия Владимировна:
– Сәлеметсіз бе, құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Қыста Оң жағалаудың жолдары неге дұрыс тазаланбайды? Коммуналдық қызметтер қаланың Сол жағалауын тұрақты тазалап жатады, ал, оң жақ бөлігіндегі көшелер ойқы-шойқы, тіпті, жол бойында қар үйіліп қалады, көлікпен жүру бір қиямет, соның кесірінен апатты жағдайлар көп болады. Қаланың таза қалпына оралғанын көргім келеді!

ЖАУАП:
– Юлия Владимировна, Сары­арқа ауданының аумағынан қарды тасып шығару үшін жұ­мыс екі ауысымдық режиммен жүргізілуде. Мәселен, қала­ның орталық көше­лері мен сырт­қа шығатын жолдарды меха­никаландылған тазарту жұмыс­тарын «Астана-Тазалық» ЖШС екі ауысыммен атқаруда.
Қыс мезгілінде аудан көше­лерін сыпырудың 5 маршруты белгіленіп, оған 29 арнаулы техника тартылды. Ал, қар жауған күні олардың саны 92-ге дейін жетеді.
«БизнесГрупп ХХІ» ЖШС де («Көктал», «Көктал-2», «Өн­діріс», «Агрогородок» тұрғын алаптары) екі ауысыммен жұмыс істеуге көшті.
Қыс маусымында көшелерді тазалаудың 3 маршруты жасалып, оған 32 арнаулы техника қатыстырылуда. Қажет болған жағдайда олардың саны көбейтіліп, қосымша техника түрлері жұмысқа жегіледі.
Механикаландырылған тазарту жұмыстарымен қатар мердігер ұйымдар қолмен қар аршып, орам­ішілік тазалау шараларын тұрақты атқарады. Бұл жұмысқа да күн сайын 48 жүк машинасы мен 24 тиеу техникасы қатыстырылады.
Қар мол жауған кезде қолмен қар аршып, орамішілік тазарту шаралар атқаратын мердігер ұйымдар жұмыс уақытын ұзарта әрі қосымша техника түрлерін тарта отырып, күшейтілген режимге көшеді.
4 қарашадан бастап күні бү­гінге дейін Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты қар полигонына 142 126 м3 қар тасып шығару жұмысын ұйымдастырды.

 Астана қаласы әкімдігінің www.astana.kz сайтынан әзірленді

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × four =