Әлеумет сауалы — әкім жауабы

0 99

БАЛАСЫ  ЖАЛҚЫ   БАЛҒА  ЖАРЫМАЙДЫ

Нұржанова  Фариза Едiлқызы:
– Сәлеметсiз бе, Иманғали Нұрғалиұлы! 2006 жылдан бастап қазiргi күнге дейiн Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасына Қазақстан Респуб­ликасының  мемлекеттiк қызметкерi  әрi жас отбасы ретiнде құжаттарымды өткiзiп келе жатырмын. Бiрақ оңды нәтижеге жете алар емес­пiн. Осы мәселенiң мән-жайын қарас­тырып, жауап беруiңiздi өтiнемiн.

ЖАУАП:
– Фариза Едiлқызы, қолда бар мәлiметтер бойынша, сiз 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламаның екiншi кезеңiне жас отбасы санаты бойынша құжат тапсырып, бiрiншi өлшем бойынша бiр балаға – 20  ұпай, екiншi өлшем бойынша еңбек өтiлiңiзге – 28, үшiншi өлшемге, яғни, жұбайыңыздың еңбек өтiлi үшiн – 20  және 2005-2007 жылдарға ар­налған мемлекеттiк бағдарламаға қатыс­қандығыңыз үшiн қосымша 10 ұпайға ие бол­ғансыз. Жалпы, бұл санат бойынша бiрiншi өлшемге, екi балаға 40 және екiншi өлшемге 23 ұпай жинаған өтiнiш берушiлер тiзiмге iлiк­кен. Сiз бiрiншi өлшем бойынша аз балл алуыңызға байланысты тұрғын үй комиссия­сының оң шешiмiн алмағансыз.

 

ТӘЖIРИБЕ  ҚАЙДАН АЛАДЫ, ЖОЛАТПАСА   ЖҰМЫСҚА?

Хабай Бердiбек:
– Құрметтi, Иманғали Нұрғалиұлы!  Сiздiң iскер әрi халық мүддесiнен шығатын азамат екенiңiздi бiлемiз. Iсiңiзге табыс тiлеймiн! Ме­нiң әйелiм, екi баланың анасы – Бекмағам­бетова  Айнұр Жетпiсқызы   жұмысқа орналаса алмай жүр. Мамандығы – мұғалiм,  қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң маманы. Үш жылдан берi Астанадағы мектептердiң барлығына бас сұғып, жұмыс сұрай барған едi, ешбiрi қабылдамады. Себебi  –  «тәжiрибең жоқ»  дейдi. Сонда әйелiм өмiр бойы тәжiрибесiз маман болып,  жұмыссыз отыра бере ме? Өзiңiзден әйелiмдi жұмысқа орналастырып беруiңiздi өтiнем.

ЖАУАП:
– Бердiбек, Брусиловский көшесi, 17/3-үйде   орналасқан Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасындағы жұмыссыздарға жұмыспен қолдау көрсету бөлiмiне жүгiнгендерiңiз жөн. Онда есепке тұру үшiн мынадай құжаттар қажет:
– жеке куәлiк;
– еңбек кiтапшасы немесе қызмет жолын растайтын құжат;
– әлеуметтiк жеке код беру туралы куәлiк (ӘЖК);
– салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн растайтын құжат (СТН).

 

«ЖАҒАЛАУ» АЛЫСТАЙДЫ-АУ  ЖОЛ БАЛШЫҚТА

Фарида Сақыпова:
– Құрметтi Иманғали Нұрғалиұлы!
«Жағалау-3» ТК тұрғындарының атынан хат жолдап отырмын. Өзiңiздiң тапсырмаңызбен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «Жағалау-3» тұрғын үй кешенiне дейiн №20 маршрут автобустары келетiн болып едi.  Алайда,  көктем шыққалы берi Қорғалжын тас жолына  шығатын 100-150 метрлiк қара жол әбден бұзылғандықтан,   автобустар балшыққа батып,  жүре алмай,  жүргiзушiлер «Жағалау-3» тұрғын үй кешенiне дейiн барудан бас тартуда. Қорғалжын тас жолынан «Жағалау-3» тұрғын үй кешенiне баратын жолға, май құю станциясының айналасындағы 150 метрлiк жерге қиыршық тас төсеуге жәрдем берiңiзшi.

ЖАУАП:
– Бүгiнгi таңда «Жағалау-3» ТК-нен Қорғалжын тас жолына дейiнгi уақытша жолға қиыршық тас төселген. Осының арқасында автокөлiктер мен автобус қатынасы қалпына келтiрiлдi.
Бұған дейiн хабарлағанымдай, биыл бiз Бейсеков көшесiнiң Қорғалжын тас жолынан Сығанақ көшесiне дейiнгi бөлiгiне және Сығанақ көшесiнiң Тұран даңғылынан Бей­секов көшесiне дейiнгi бөлiгiне жөндеу жүр­гiзiп, жол табанын төсеу жұмыстарына  кiрi­семiз. Аталған жобаларды жүзеге асыру «Жаға­лау» ТК-не көлiкпен қатынау проб­лемасын бiржола шешуге мүмкiндiк бередi.

 

ӘЗIРШЕ ЖЕР  ТЕЛIМI  ӘЗIР  ЕМЕС

Жұмабеков Руслан Серiкұлы:
– Жердi тегiн алуға көмек бере аласыз ба?

ЖАУАП:
– Руслан Серiкұлы, жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер телiмiн беру Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 1 тамыздағы №726 қаулысымен бекiтiлген Ережеге сәйкес жүзеге асырылады. ЖТҚ үшiн жер алуға Қазақстанның барлық азаматтары тең жағдайда үмiткер бола алады, тек ҰОС ардагерлерiне және оған теңестiрiлгендерге ғана қосымша жеңiлдiктер қарастырылған. ЖТҚ-на жер телiмiн алуға тiлек бiлдiрушi азаматтар Астана қаласы әкiмiнiң атына өтiнiш жазып, Бейбiтшiлiк көшесi, 11-үйде (Абай көшесi жағындағы кiреберiс) орналасқан қала әкiмдiгiнiң кеңсесiне әкелiп тапсыруы керек. Өтiнiшке жеке куәлiгi мен СТН көшiрмесiн қоса тiркейдi.
ҚР Жер туралы кодексiне сәйкес аза­маттарға ЖТҚ үшiн берiлетiн жер телiмi толы­ғымен инженерлiк инфрақұрылыммен қам­тылуға тиiс.  Қала шегiнде  мұндай бос жатқан аумақ  болмағандықтан, жер бөлу iсi тiршiлiктi қамтамасыз ету нысандарын салу  аяқталғанға дейiн тоқтатылды. Мiне, бiрнеше жыл бойы Астанада инфрақұрылымы дайын жерлер, яғни, су құбыры, кәрiз жүйесi, электр желiлерi, энергия көздерi және т.б. қамтамасыз етiлген аумақтың болмауы себептi ЖТҚ үшiн жер телiмдерi бөлiнбей келедi. Бұл нысан­дардың құрылысы әлi жобалау сатысында немесе ендi ғана қолға алынды. Сондықтан ЖТҚ үшiн жер телiмiн бөлу әзiрге жоспар­ланып отырған жоқ.
Кезекте тұрғандарға ғана жер телiмi берiледi.
ЖТҚ үшiн жер учаскесiн алу кезегi туралы ақпаратты мына мекенжайда: Желтоқсан көшесi, 43 үй, №202 кабинетте орналасқан Жер қатынастары басқармасынан немесе ҚР Жер ресурстарын басқару жөнiндегi агент­тiктiң «МемжерҒӨО» РМК сайтынан алуға болады.

 

ЖЕЛТОҚСАНДА БАЙКЕР ЖҮР ДАРЫЛДАҒАН

Четверня Сергей:
Құрметтi Иманғали Нұрғалиұлы, бұрын да  Желтоқсан көшесiнде мотоциклдердiң жүрiсiне шектеу қою жөнiнде хабарласқан едiм… Күн жылынып, жаз шығысымен бiздiң көшенiң мотоцикл дарылынан дiрiлдеп тұратынына үш жыл бол­ды. Көлiктердiң дабылдат­қыштары iске қосы­лып, үйдегi балалар шошып оянып, түн iшiнде азан-қазан боламыз да жатамыз. Осының бәрi – Желтоқсан  көшесiн мотоцик­лшiлердiң  жай­лап алғандығының кесiрi. Бiрнеше рет бай­керлермен сөйлесiп те көрдiк, бiрақ одан оңды нәтиже шықпады. Алматыда мотоциклшiлердiң түнгi уақытта көшеде бейсауат жүруiне  шектеу қойылған, егер басқалай амалы болмаса, бiздiң көшеге тыйым салатын жол белгiсiн орнату мәселесiн шешуiңiздi өтiнемiн.

ЖАУАП:
– Сергей, тәулiктiң кез келген уақытында мотоциклдi пайдалануға тыйым салатын заңда қарастырылған негiздеме бiзде жоқ. Тек сағат 23.00-ден 6.00-ге дейiн шу шығаруға бол­май­тындығына қатысты санитарлық норма бар. Осы норманы, сондай-ақ жүрiс жылдам­дығының тәртiбiн бұзғандары үшiн көктем шыққалы 8 мотоцикл айып тұрағына қамалып, оларды жүргiзушiлерге айыппұл салынды. Желтоқсан бойында Қалалық балалар ауру­ханасы орналасқанын ескере отырып, мен Астана қаласы ЖПБ-на осы көшенi айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Қолға түскен дерек­тердiң негiзiнде олар осы көшенiң бойын­да мотоциклшiлердiң жүруiне тыйым салатын белгiнi орнату мәселесiне қатысты шешiм қабылдайтын болады.

 

ҚАПШЫҚ КИIП ҚАШАНҒЫ ЖҮРЕМIЗ?

Жоламан Әли Маратұлы:
– Құрметтi Иманғали Нұрғалиұлы!
«Көктал-1» кентiндегi «Полянка» алабында асфальт жол жоқ, күз-көктем айларында жер езiлiп кетедi,  мектепке бару үшiн аяғымызга пакет киемiз…  Сiзден өтiнерiмiз –  осы  шағын ауданға жол салу мәселесiне ықпал етсеңiз екен.

ЖАУАП:
– Әли Маратұлы, 2011 жылы қалаға қосыл­ған тұрғын алаптарды дамыту тұжырымдамасы шеңберiнде «Көктал-1» кентiне жол салу жұмыстары басталды. Егер қаражат бөлiнсе, инженерлiк желiлер орнату және айналадағы аумақты абаттандыру жұмыстары 2013-2014 жылдары жалғасын табады. Сiз көрсеткен жол да осы бағдарлама шеңберiне кiредi.

 

ИТ ҚЫДЫРТҚАНДАРДЫҢ «ИТТIГIН» КIМГЕ АЙТАМЫН?

Черемисов Алексей Николаевич:
– Сәлеметсiз бе, құрметтi әкiм! Егер тұрғын­дар аулада иттерiн тұмылдырықсыз, тiптi, кейде қарғыбаусыз қыдыртып жүретiн болса, қайда, кiмге шағымдануға болады? Кейбiр иттер тайқардай, қасқырдан аумайды. Көршi үйдегi бозбала нән төбеттiң жетекбауынан ұстап, роликпен зырқырап  жүредi. Ал бiреулер иттерiн үй артына бос жiбере салады. Маңайда балалар ойнап, шапқылап жүредi, «жаман айтпай, жақсы жоқ»,  азуы айбалтадай әлгi төбеттер бала-шағаға, жүргiншiлерге шауып, ауыз сала қалса, ешкiм ештеңе iстей алмасы анық.

ЖАУАП:
– Алексей Николаевич, Астана қаласында Ит және мысық асырау ережесi бойынша, ит пен мысықты асырау тәртiбiн сақтау жайына санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринарлық мекемелер, сондай-ақ iшкi iстер органдары бақылау жасайды. Сондықтан, сiз ауданның iшкi iстер басқармасына немесе учаскелiк инспекторға шағымданып, аталған заң нормаларын бұзушыларды әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тарту  жөнiнде талап етуге хақылысыз.

Астана қаласы әкiмдiгiнiң сайтынан әзiрлендi

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 9 =