Әлеумет сауалы – әкім жауабы

0 113

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі

ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНЕ  ТҰРА АЛАСЫЗ

Ақпарова Жанерке Болат­бекқызы:
– Құрметті Иманғали Нұрғали­ұлы, екі ұл тәрбиелеп отырған жалғызбасты анамын, қазір жұмыссызбын. Өйткені, балаларды қарайтын адам жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз. Анам да көпбалалы. Қаражаттан қысылып, қыстың көзі қырауда екі ұлыма аяқ киім де ала алмай жүрмін, үлкені эпилепсиямен ауырады. Сізден өтінерім: бір бөлме болса да, пәтер алуымызға көмектесіңізші…

ЖАУАП:
– Жанерке Болатбеккызы, сіз толық емес отбасы ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне тұра аласыз. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуіңізге болады.

Ал, жұмысқа орналасу мәселесін шешу үшін Кенесары көшесіндегі 65-үйде орналасқан Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыссыздарды жұмысқа орна­лас­тыруға жәрдемдесу бөліміне жолығуыңыз керек. Мына құжат­тарды: жеке куәлікті, еңбек кітап­шасын немесе еңбек өтіліңізді растайтын құжатты, дипломды ұмытпай ала барасыз.

Сонымен қатар, аталған басқарма заңда белгiленген тәртiппен жұ­мыссыздарды бос тұрған жұмыс орындары мен лауазымдық қыз­мет туралы хабарлаған жұмыс берушiлерге жiберу арқылы жұмысқа орналастыруға жәр­дем­деседi. Алайда, жұмыс берушiнің Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес жұмыскердi жұмысқа қабылдауға, жеке еңбек шартын жасасуға, өзгертуге немесе бұзуға  құқы бар.

ТЫЛДА  ҚАЛҒАНДАРҒА  ТАРТУ  БАР МА?

Алтынбеков Әмір: 
– Сәлеметсіз бе, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткендерге Астана қаласында қандай жеңілдіктер бар? Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға бола ма?
Алматы аудандық әкімдігі тарапынан тыл еңбеккерлеріне мерекелерде сый-тартулар беріле ме?

ЖАУАП:
– Әмір, егер зейнеткердің «тыл еңбеккері» деген әлеуметтік статусы болса, онда 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында ол – 10 000 теңге көлемінде бір мезеттік төлем, 1 желтоқсанда, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында 10 000 теңге төлем алуға тиіс. Бұған қоса, ай сайын ол екі АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы алады. Ал, бұл 2012 жылы 3236 теңге болды. Жеке есепшотына ақша қаражатының түсуі туралы мәліметті ол Астана қ. Зейнетақы төлеу орталығынан алады.

Мемлекеттік бағдарлама бо­йынша пәтер алу үшін жалпы негіз­демелермен («зейнеткер» статусымен) Астана қаласы Тұрғын үй басқармасына құжат тапсыруы керек. Қазіргі кезде құжаттар қалаға тіркелген жеріндегі ХҚО-нда қабылданады. Тыл еңбеккерлеріне де, басқа да әлеуметтік санаттағыларға да аудан әкімдігі сыйлық үлестірмейді, алайда, жыл сайын 9 мамырда – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің қарсаңында мектептерде, кәсіпорындарда ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін, Ұлы Отан соғысына қаты­сушылардың жесірлерін құт­тықтау рәсімдері өткізіледі, сондай-ақ, олар мерекелік концерттерге шақырылады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша бастауыш ардагер ұйымында тіркеліп, әлеуметтік картасын толтыруы қажет (телефоны 35 03 26).

ТАРАТПАЙДЫ ҮЙФОНДАР ТҮБІРТЕКТІ

Наталья:
– Сәлеметсіз бе! Мен коммуналдық қызмет көрсету саласының қызметкерімен. Қамтитын учаскем қаланың сол жағалауында орналасқан. Мені мынадай мәселе қинайды: тұтынушыларға квитанцияларды тарату барысында тұрғын үйлерге кіре алмаймын, кіреберістердің барлығы үйфонмен жабдықталған, оның кілтін бермейді, ал тұрғындар кіреберіс есігін ашқысы келмейді.  ПИК-терге талай құлаққағыс жасағанмын, бірақ одан еш нәтиже шықпай тұр. Тұрғын үй кешендерінің көбінде пошта жәшігі жоқ, квитанцияларды есікке қыстырып кетуге мәжбүр боламын, бірақ ол жоғалып кетіп, тұрғындардан шағым түсіп жатады ылғи. Осы мәселені назардан тыс қалдырмауларыңызды өтінемін.

ЖАУАП:
–-  Наталья, аталған мәселе бойынша Тұрғын үй инспекциясы бас-қармасының қызметкерлері сұрау салды. Төменде Есіл ауданына қызмет көрсететін үйфон компанияларының тізімі көрсетілген:
– «Хом Мастер» үйфон орталығы, тел. 61 8080;
– «КазНурКомпани КЗ», тел. 52 10 85;
– «Железный панцирь» ЖШС, тел. 63 53 77;
– «Нур-Домофон» ЖШС, тел. 96 88 38; ,
– «Домофон центр» ЖШС, тел. 42 00 93;
– «Техмаркет» ЖШС, тел. 32-21-42;
– «Визит Групп» ЖШС, тел. 53-53-10.
Электронды кілттерді сатып алу үшін осы компанияларға жолығу керек.

ҚОҚЫСТЫ  ҚОРЫС  ҚЫЛДЫ  ҚАҢҒЫБАСТАР

Райханова Зәмзагүл Анжанқызы:
– Сәлеметсіз бе! Доспамбет көшесіндегі 96 – 108-үйлердің қарсысына тұрмыс қалдықтарын салатын контейнер орнатты, бірақ қоқыс қыс бойы тасылмай, үйіліп жатады. Соңғы рет қалдықтарды 2012 жылдың қарашасында, бір жарым ай бұрын алып кеткен еді. Қаңғыған иттер қоқыстың қорысын шығарып, төңірекке шашып тастайды. Бізге «жол жоқ болғандықтан, қоқыс таситын көлік өте алмайды»деген сылтау айтады. Жергілікті әкімдік еш шара қолданбай отыр…

ЖАУАП:
– Зәмзагүл Анжанқызы, жауын-шашын түскен кезде бірінші кезекте магистралды көшелер, аялдама ке­шендері, қосымша кірме жолдар, тро­туарлар қардан тазартылады. Қардың мол жаууы өзіңіз айтқан көше бойын уақтылы тазартуға кесі­рін тигізді, соның салдарынан «Астана тазарту» ЖШС-нің қоқыс шығару техникасының жүріп-тұруы шектеліп қалды. «Sumar Z» ЖШС-нің мердігер ұйымы 2013 жылғы 16 қаң­тарда аталған мекенжайды қардан тазартты.
Сонымен қатар, Есіл ауданының аумағында «Ветсервис Астана» меке­месінің екі бригадасы күн са­йын бұралқы иттер аулауды қолға алды.
Қысқы маусымда қала аумағына уа­қ­тылы және сапалы қызмет көр­сету жұ­мыстары тұрақты бақылау жасалады.

ЖҮГЕНСІЗДІГІ   ЖЫНЫМДЫ  КЕЛТІРЕДІ

Жүсіпова Динара Тоқмырзақызы:
– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Бүгін (15.01.13) таңда бес жасар баламмен № 8 маршруттағы мемлекеттік нөмірі Z 241 CN автобусқа мініп, «Достар-1» ТК-нен «Абылай хан» аялдамасына дейін бардым. Түсуге дайындалып, алдыңғы есікке таяп тұрдым. Бірақ жүргізуші оны ашпайтынын айтып, орнынан қозғалып кетті. Мен автобусты тоқтата тұруын сұрап, айқайлап, жолда тұрғандарды киіп-жарып, баламмен ортаңғы есікке қарай ұмтылдым. Жүргізушінің жүгенсіздігі жаныма батты: алдыңғы есікке мүгедектерге, зейнеткерлерге және балалы аналарға арналған деп жазылған ғой. 40 аяз болып, есік қатып қалса немесе оның ашылмау себебін кішіпейілдікпен түсіндірсе, бір сәрі. Жоқ, ол дөрекі мінез көрсетіп, арт жағымнан айғайлап қалды…

ЖАУАП:
– Динара Тоқмырзақызы, сіздің шағымыңыз бойынша қызмет ба­бындағы тексеріс жүргізілді. Соның нәтижесінде мемлекеттік нөмірі Z 241 CN автобусымен №8 маршрутқа қызмет көрсететін жүргізуші М. Малгаздаров жібе­рілген кемшілігі үшін жұмыстан аластатылып, жол жүру қауіпсіздігі инженеріне емтихан тапсыруға жіберілді. Қалалық қоғамдық кө­лікпен Жолаушылар және жүк тасымалдау ережесі бойынша емтиханды сәтті тапсырғаннан кейін ғана Малгаздаровтың одан әрі жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Қайталап тәртіп бұзған жағдайда ол жұмыстан біржола босатылады. Бұл жөнінде ол жазбаша ескерту алды.

ҚАЛДЫҚ  ӨҢДЕУІШТІҢ  ҚҰНЫ  ҚАНША?

Қанайбеков Рашид:
– Сәлеметсіз бе, айтыңызшы, 2012 жылғы желтоқсанда Астанада іске қосылған қатқыл тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) өңдеу жөніндегі зауыттың құны қаншаға түсті? ҚТҚ сұрыптауға қатысты өз идеямды ұсынуыма бола ма?

ЖАУАП:
– Рашид, 2012 жылдың 24 желтоқ­санында «Алтын-ТЕТ» ЖШС-нің қоқыс өңдеу кешені ресми түрде ашылып, пайдалануға берілді. Құрылыс «Алтын-ТЕТ» ЖШС-нің 36 млн еуро шамасындағы инвестициялық қаржысы есебінен «Имабе-Иберика» атты испан технологиясы бойынша жүргізілді. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 250-300 мың тонна қоқыс өңдейді. Өңдеудің мәлімделген тереңдігі 20-30%-ды құрайды. Зауыттың қайтарымдылық мерзімі белгісіз, өйткені, ол жеке инвестициялық қаржы есебінен салынған, жобаның экономикалық бөлігі коммерциялық құпия болып саналады.
Қатқыл тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жөніндегі идеяңызды ұсыну үшін Астана қаласы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жолығуыңыз қажет, Ы. Дүкенұлы көшесі, 23/1-үй, тел. 39 59 68.

БІЛІМ БОЯЛҒАН ШАШҚА ЕМЕС, ОЯЛЫ БАСҚА ЖҰҒАДЫ

Қанат Шыңғысхан Ержанұлы:
– Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы, № 37 мектепте балалардың өз еркін таныту құқына қол сұғып, шаштарын қысқа етіп қоюға мәжбүрлейді. Мектеп директорының «советтік салтқа» тастай қатып қалғаны жалықтырды, өйткені, оқушылардың бәрі бірдей болғанын қалайды, үлгерімін емес, олардың сырт келбетін қадағалаумен әуре. Балалардың әрқайсысы жеке-дара тұлға екенін мансұқ етіп, өзіндік пікірімен санас­пай, шаш өсіргісі келетіндерін сабаққа кіргізбей, үйлеріне қайтарып жібереді, сол арқылы олардың білім алу құқыларына нұқсан келтіреді.

ЖАУАП:
– Қанат Ержанұлы, сіздің шағы­мыңызда мазмұндалған деректі құрамына Білім басқармасының қызметкерлері кірген комиссия тексерді. Соның нәтижесінде мынадай жәйттер анықталды:
№ 37 орта мектептің директоры бекіткен «Оқушыларға арналған үлгілік ережеде» ер балалардың шашы қысқа қиылып, ұқыпты таралуы және жүзін жауып тұрмауы айтылған. Сондай-ақ, шашты бояуға да рұқсат етілмейді екен. Шаштың түсі табиғи болуға тиіс. Осылайша мектеп қабырғасында оқушылардың сыртқы келбетіне мән беріледі. Егер ол ортақ та-лап­тарға сай кел­мейтін болса, әкімшіліктің, сынып жетекшісінің, кезекші мұғәлім тарапынан ескерту жасалады.
9 «Б»-сыныбында оқитын ұлы­ңыздың – Қанат Шыңғысханның сырт кейпі бірегей талапқа сай болмаған, Жаңа жыл мерекесінің алдында шашын бояп алған. Сіз және ұлыңыз директордың, сынып жетекшісінің бірнеше рет жасаған ескертуіне құлақ асып, осы жылдың 15 қаңтарында аталған кемшілікті жойған екенсіздер.
Енді, оқу үдерісіне келетін бол-сақ, мектептегі сабақтар тиісті деңгейде, бекітілген жоспар мен кестеге сай жүргізіледі.

Астана қаласы әкімдігінің www.astana.kz сайтынан әзірленді

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 6 =