«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлеумет сауалы – әкім жауабы

0 160

 Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың халыққа есеп беру кездесуіне келген тұрғындар қала басшысына өз сауалдарын қойып, толыққанды жауап алды. Айта кетерлігі, залдағы халықпен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Көрме» орталығына жиналған жұрт тікелей қосылу арқылы сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Бақыт Тұрлыханұлы баяндамасын оқып, залдағы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп жатқан кезде оның жеке қабылдауына 200-ден аса адам жазылды.

Балалар алаңқайы неге жоқ?

Ильинка ықшам ауданының тұрғыны Алла Кажытаева 2007 жылы мемле­кеттік бағдарламамен әс­-
кери қа­лашық орналасқан жерден үй алған. Әскери қала­шықтың ашылу рә­сіміне Мемлекет басшысы қатыс­қан сол кездегі жергілікті билік өкілдері қалашықта балалар ойнайтын алаңқай салынатынына уәде беріпті. Алайда арада 10 жыл өтсе де ешқандай алаңқай (сыр­ғанақ, әткеншек) салынбаған. Алаңқайға бөлінген жер учаскесі супермаркетке беріліпті. «Ильинкада 20 мың халық тұрады. Шынын айтсам, бізде дәмхана, тойханадан басқа ештеңе жоқ. Көпбалалы отбасылар жетерлік. Ешқандай балалар ойнайтын орынның болмауы жанымызға батады. Бұл соншалықты қиын мәселе ме? Жыл сайын аудан әкімі құр уәдемен келеді. Қашан шешесіздер?» деген ренішін жеткізді қала тұрғыны. Астана әкімі мәселенің оң шешілетінін айтып, сендірді. «Біз жуырда шеткі аудандардағы желекжолдар туралы мәселелерді қайта қарадық. Биыл 39 сырғанақ, 33 мұз айдынын аштық. Мысалы, ондай сырғанақ «Кирпичныйда» бұрын ешқашан салынбаған» деді ол. Ал аудан әкімі: «Ильинкада 12 балалар алаңқайын салуға жер учаскесі бөлінді. Биыл 1 тамызға дейін барлық нысандар салынып бітеді» деген жауап қайырды.

Орталық пен шеткі аймақтың деңгейі әртүрлі

Саясаттанушы Ерлан Сайров қазіргі кезде қала орталығы мен шеткі аймақтағы өмір сүру деңгейінің әртүрлі екенін айтты. «Бұл жерде контраст байқалып тұрады. Астаналықтардың ортақ әлеуметтік стандарты деген жобаның қажет екені даусыз. Егер осындай жобаны жүзеге асыратын болсақ, Астана әділеттілік салтанат құрған қаланың біріне айналар еді. Сіздің бұл мәселеге пікіріңізді білгім келеді» деп сұрады Е.Сайров. Бақыт Тұрлыхан­ұлы ортақ әлеуметтік стандарттар туралы ұсынысты бірден қолдап: «Мен «Шеткі аумағы жоқ қала» қағидаты жөнінде айттым. Біз сәулет-құрылыс саласында шешім қабылдаған кезде полицентризм жүйесін дамытуды назардан тыс қалдырмаймыз. Мысалы, қаланың алыс шетінде тұратын адам «Мега Силк Уэй»-ге бармай-ақ, өзінің қажеттіліктерін тұратын ауданда-ақ қанағаттандыруы қажет. Егер сіздің мұндай ұсынысыңыз болса, менің қабылдауыма келіңіз. Ортақ әлеуметтік стандарттарға қатысты жаңа бір жобаны әзірлеп, елордадағы тағы бір табысты жоба ретінде іске қосайық» деп жауап берді.
Сонымен қатар, Ерлан Сайров лифтілердің тоқтап қалуына қатысты сауал қойды. «Клиникалық өлім қаупі төнген адамды 10 қабаттан лифтімен дәрігерлер әкеле жатқанда лифті тоқтап қалды. Біз жарты сағат тұрдық. Бұл мәселені шешу үшін қаладағы барлық лифтілерге тексеру жүргізу керек. Сіздер мұндай тексеру жүргіздіңіздер ме?» деп сұрады ол. Қала басшысы бұл мәселе өз шешімін табатынына сендірді. «Қазір қалада 6653 лифті бар. Бәрі есепке алынған. Өткен жылы арнайы бағдарлама қабылдап, іске асырдық. Соның нәтижесінде лифтілерге қатыс­ты жанжалдар 80 пайызға дейін қысқарды. Лифтілердің бұзылуы немесе тоқтап қалуына көбінесе техникалық ақау емес, адам факторы себеп болатынын анықтадық. Тұрғындарды сақтыққа шақыру мақсатымен арнайы ролик те дайындадық. Лифтінің басқару жүйесін бұзатын вандалдар да бар. Сіз өте дұрыс мәселені көтердіңіз. Мұны ешқашан бақылауымыздан шығармаймыз» деді ол.

Инватакси саны көбейеді

Рақымжан Дәурен есімді азамат инватакси мәселесін көтерді. Ол қала басшысына мүмкіндігі шектеулі жандарды қамқорлыққа алуды ұмытпағаны үшін алғыс білдірді. «Инватаксидің көліктерінің саны әлі де аз. 1080 адам көліктің осы түрінің қызметін пайдаланатынын оқыдым. Алайда тағы қаншама адам осы таксидің қыз­метін пайдаланғысы келеді. Инватакси көліктерінің санын арттыруға бола ма?» деген Дәуреннің сауалына қала әкімі: «Инватакси – бұл да біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Бүгін де, болашаққа дайындалып жатқан стратегияда инклюзивті саясатқа ерекше көңіл бөлеміз. Нақты шаралар қабылданды. Қазір қалада осындай 23 инватакси көлігі бар. Біз бұл санды 30-ға дейін көбейтеміз. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай алдағы уақытта да осы мәселе назардан тыс қалмайды» деп жауап қайырды.

Жылы аялдама мектеп, аурухана маңына салынады

Сұрақ қою барысында қала тұрғыны Махамбет Өтенов әкім­­ге: «ЭКСПО ауданында жы­лы аялдама салына ма? Әсіресе, Т.Рысқұлов көшесіндегі ауруханалар орналасқан жерде салынса нұр үстіне нұр болар еді» деген сауал қойды. Бақыт Сұлтанов жылы аялдамаларға деген сұраныстың артып келе жатқанын тілге тиек етті. «Бірақ олар басымдық берілген тәртіппен орнатылады. Ол жерде әлеуметтік инфрақұрылым нысандары болуы шарт. Мысалы, мектеп, ауруханалар тұрған жерге көп адам қатынайды. Сіз сұраған ЭКСПО ауданында орнатуға деген қажеттілік болған жоқ. Егер де азаматтардан белгілі бір өтініштер келіп түсетін болса, біз бұл мәселені жедел қарап, шешім қабылдаймыз. Бүгінге дейін қалада барлығы 74 жылы аялдама орнаттық. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында осындай істі қолға алғысы келетін кәсіпкерлер көп. Яғни, жылы аялдамалардың санын алдағы уақытта көбейтеміз» деді ол.

Бастауыш сыныпқа– ыстық тамақ

Қала әкіміне сұрақ қою барысында төрт баланың анасы жоғары сынып оқушыларының да ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе деген өтінішін білдірді. Бұған жауап ретінде Бақыт Сұлтанов Үкімет қаулысымен мектепте тегін тамақпен қамтылған балалардың тобы бекітілгенін алға тартты. «Олардың арасында ата-анасынан айырылған, жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға басымдық берілген. Осы мәселе бойынша Білім басқармасына тиісті тапсырмалар беремін. Бірақ бір айтарым, еліміз бойынша тек бізде ғана бастауыш сыныптың бүлдіршіндері толығымен ыстық
аспен қамтамасыз етілген» деді Астана әкімі.

Көк түтіннен қалай арыламыз?

Астананы әсіресе желсіз, аязды күндері көк түтін басып қалатыны әдетке айналғандай. Бұл проблеманың қалай шешіліп жатқаны туралы тұр­ғындардың бірі қойған сауалға қала әкімі оған бірден-бір себеп көмір жағатын пеш екенін жеткізді. «Бұл мәселені шешу үшін екі жағдайды қарастырып отырмыз. Оның бірі – газдандыру. Тұрғындардың шығыны пеш ауыстыруға кетеді. Бұл ретте біз арнайы бағдарлама әзірлеп, пеш ауыстырудың ыңғайлы жолдарын ұсынатын боламыз. Сондай-ақ газдандыру экологияның да жақсаруына әкеледі. Көк түтіннің орнауына көліктер де әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, кептеліс кезін ерекше айта кеткен жөн. Ауаға таралатын зиянды қалдықтардың 16 пайызын құрайды. Сол себепті, біз бір бағыттағы қозғалысты енгізумен қатар, қосымша оң жақтағы бұрылыстарды ашу арқылы мәселелерді шешу жолын қарастырып отырмыз. Бұл проблеманы кешенді түрде шешуді қолға аламыз» деді әкім.

«Жағалау-3» қолданысқа қашан беріледі?

«Бізге сіздің көмегіңіз қажет болып тұр. Мәселе мынада болып тұр, «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің құрылысы бітер емес, нақтырақ айтқанда, бірподъезді 37 блок. Оның салушысы – директор Котляров. Оның үстіне біздің үй «Нұрлы жер» бағдарламасына енбей қалыпты. Себебін түсіндіріп берсеңіз» деді үлескерлердің бірі.
Астана әкімі үлескерлердің мәселесі өзінің бақылауында тұрғанын жеткізді. «Менің орынбасарым ведомствоара­лық комиссияның жұмысына жетекшілік етеді. Бірақ өздеріңіз білетіндей, Сергей Хорошун басқа жұмысқа ауысып кетті. Алайда бұл жұмыс тоқтап қалмайды. Әрбір нысан бойынша қаржы-экономикалық модель құрылған. Нақты жоспары бар. Күні кеше ғана бір топ үлескермен және Котляровтың өзімен кездестім. «Жағалау-3» бойынша айтарлықтай проблема жоқ. Алайда нысан тұрғызушының өзінде қиындықтар болып тұр. Айтуынша, қалған шығынды өтеу үшін банкпен келісім бар екен. Аз ғана шығын қалыпты. Қазір лифтілерін орнату секілді ішкі шаруалары қалды. Бізге наурыз айында қолданысқа тапсыратыны туралы уәде берілді»
деп жауап қайтарды Бақыт Сұлтанов.

 Көмір қоры жеткілікті

Астанада көмір тапшы­лығы жоқ. Елорда тұрғынының тиісті сауалына осылай деп жауап берген қала басшысы бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынғанынан хабар берді.
– Әр аппараттық жиында қаладағы көмір қоры туралы ақпарат тыңдалады. Тұйықтардың бәрін өзім аралап шықтым. Қазір бұл жұмысты жолға қойдық. Аптасына тұйықтарға көмірдің 13-14 тоннасы жеткізіледі. Бұған қатыс­ты мәселелер туындап жатқан жоқ. Біз барлық тұйықтардың иелерімен меморандумға отырып, көмір бағасы 15-20 пайыз­ға арзандатылды, – деді ­ Б. ­Сұлтанов.
Оның айтуынша, қалада көмір тапшылығы мәселесін жоюмен қатар тұрғындар сапалы көмірді алу үшін тиісті жұмыстар жүріп жатыр.
– Көмір тұтынушыға жеткенше бірнеше кезең­нен өтеді. Кеніштен вагондармен тұйықтарға жеткізіліп, әрі қарай кө­мірді сатушылардың жүк көліктеріне артылады. Пайдалану­шыға құм сияқты әбден ұсақталып жетеді. Мұндай көмір пеште жылдам жанып кетеді. Соның түтінін біз жұтамыз. Сондықтан қазір сапалы көмірді ке­ніштен Астанаға тікелей жеткізу мақсатын көздейтін бағдарлама әзірлей бастадық.
Пештер бойынша да жұмыс істеу керек. Пеш өндіру­шілермен байланысқа шығу арқылы жеке үйлер­дің иелері шамамен алғанда 17 мың теңгеге көмір сатып алатын болса, бір маусымда 170 мың теңге жұмсайтынын есептеп шығардық. Сол ақшаға ол бөліп төлеу жолымен жақсы пеш сатып ала алады, – деді Астана әкімі.

 Құдықтар торлармен қапталуда

Өткен жылы iKomeк-ке түскен тұрғындардың хабарламалары арқылы қаладағы құдықтардың 5 мыңнан астам қақпағы ұрланғаны анықталды. Астана әкімі өз баяндамасында коммуналдық кәсіпорындар мен полицейлер бұл мәселені алдын алу үшін үнемі рейдтер жасайтынын айтса да, сұрақ-жауап кезеңінде ашық құдықтар бойынша оған бірнеше сауал қойылды. Б.Сұлтанов бұл мәселе әлі де өзекті болып отырғанын, күні кеше ғана қайғылы жағдай орын алып, ашық құдықтан ұл баланың денесі табылғанын өкінішпен айтты.
– Біз бұл мәселе бойынша жедел әрі жүйелі шараларды қабылдап жатырмыз. Тиісті қызметтермен бірге қаладағы барлық 65 мың құдықты қарап шықтық. Аса маңызды болып саналатын олардың 13 мыңында ыстық су бар. Терең құдықтарды арнайы торлармен жаптық. Қазір барлық құдықтарды қосымша полиэтилен торлармен қаптау туралы шешім шығардық. Бұл жағдайда қақпақ ұрланса да, адамға еш қауіп келмейді, – деді қала басшысы.
Астана әкімі металл сынықтарын қабылдайтын орындарға қатысты да пікірін білдірді.
– Заң арқылы бұған тыйым сала алмаймыз. Кез келген адам мұндай орынды аша алады. Алайда жеке үйлер аумағында металл қабылдау орнын ашуға болмайды. Егер осындай заңсыздық анықталса, оларды жабу үшін шаралар қолданамыз. Қала тұрғындарына өтінішім бар, осындай орындар туралы хабарлап отырсаңыздар екен.
Сол арқылы пайдаға кенелгісі келгендерге де айтарым, істеріңіз адамдарға жүйелі түрде қауіп тудыратын жағдайға жетті, – деді Б. Сұлтанов.

Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды