Әлеумет сауалы – ӘКІМ ЖАУАБЫ

0 135

kbb_0089-2-asli

Астана әкімі Әсет Исекешевтің алғашқы есептік кездесуінде қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер бойынша елорда басшысына сұрақ қоюда аса белсенділік көрсетті. Алғаш рет елорда әкімдігінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақ­шасында тікелей онлайн-трансляция жүргізіліп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротех­никалық университетінің ғимаратында онлайн-байланыс орнатылып, оған өз сұрақ­тарын айту үшін жүзге тарта адам жиналды.

АТАНЫҢ СӨЗІ – АҚЫЛДЫҢ КӨЗІ

Жалпы, жиын барысында Әсет Өрентайұлының ашықтығы тұр­ғындарға жылы әсер қалдырып, екі аралықта емін-еркін әңгіме өрбуге әсерін тигізді. Жұртшылық та өз пікірлерін бүкпесіз айтып, ризашылықтарын білдірді.
«Ақан сері деген көшеде тұрамын. Біздің сол қапта­лы­мыздағы көшеге барлық жағдай жасалған. Жарық та, жол да бар.
Ал оң қап­талымыздағы көшемен жүру мүмкін емес. Түнде жарық болмайды, жолы да тегіс емес, көктем мен күз айында аяғы­мыздан етік түспейді. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қар­тайды» демекші, осы мәселені айтудан шаршадық. Мен өмір көрген адаммын. Жасым жет­пістен асты. Айналайын, халық­пен жақын жұмыс істеу үшін тұр­ғындармен жиі тілдесіп, олар­дың мұң-мұқтажымен санасып отырсаңыздар, бәрі де жақсы бо­лады» деді жетпіс бестегі қария.
Оған қала басшысы алғысын білдіріп, қарт тұрғынға тың­ғылықты жауап берді. «Біздің алдымызда үлкен мақсат тұр. Ол – Астананы шет аймақсыз қала жасау. Шет аймақтарды дамытуға арналған жол картасын жасадық. Жалпы, шет аймақты шеткері тартып тұрған екі үлкен мәселе бар. Біріншісі – жол болса, екіншісі – жарықтандыру. Оған қаржы да бөлініп отыр. Биыл және алдағы жылы айтылған екі мәселені толық шешеміз» деді әкім.

Перзентхана санын арттыру керек пе?

Тағы да бір тұрғын бас қа­ламыздағы перзент­хана­лардағы орындардың тапшы­лығы туралы шағымданды. «Өткен жылы шілде айында үшінші перзентxанада менің екі келінім босанды. Екі жыл бұрын да келінім босанған еді.
Жыл санап перзентханаға тү­сетін аналардың қатары көп. Перзентxана басшылығы орын тапшылығын айтады. Астанаға бір емес, екі перзентxана салу керек. Бас қаламызда сәбилердің дүниеге келу көрсеткіші жоғары болғандықтан, перзентханалар аналарды қабылдап үлгере алмай жатыр» деді ол.
Өз кезегінде, Әсет Өрентайұлы: «Бұл мәселені бірінші рет естіп тұрмын. Осында денсаулық сақтау басқармасының басшысы отыр. Мұны мұқият қараймыз. Біз оны шешеміз» деп жауап қайтарды.

КЕЗЕК КҮТУ – УАҚЫТША ҚИЫНДЫҚ

Келесі бір тұрғын елордадағы емханалардағы кезектің молдығын айтып, осы проблеманы шешудің жолдары бар ма? деп сұрақ қойды.
«Мен ол туралы жаңа баяндамамда айтып өттім. Қазір қала тұрғындарының саны еселеп өсіп келе жатқандықтан, емханалар мен ауруханалар стандартқа сай жұмыс істеуге үлгере алмай жатыр. Алдағы таңда барлық ауданда денсаулық сақтау нысандарының қатары көбейеді. Сондықтан, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын» деді әкім.
Кездесуде тұрғындар тарапынан тұрғын үй кезегі туралы, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы мен үлестік құрылыс мәселелері және денсаулық сақтау, білім, көлік және инфрақұрылым бойынша сұрақтар көбірек қойылды. Жұртшылық көтерген мәселелерді жауапты құры­лымдық мекемелер бақылауға алып, түсінік­темелер беріп, оны әрі қарай шешу мақсатында тиісті ұсыныстар мен кеңестер айтылды.

56ec0dd4-8792-48b2-bdf1-31677d549595-2-asli

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

Келесі қала тұрғыны елордадағы азық-түлік бағасының үздіксіз өсіп бара жатқаны жайында қынжылды.
«Әрине, оңай сұрақ емес. Азық-түлік бағасы өсуінің түрлі себептері бар. Мәселен, оған девальвация мен астық бағасының да әсері тиеді. Бір сөзбен айтқанда, нарықтық қарым-қатынас деуге болады. Бізде тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Сол бағытта жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткіздік. Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыруды қарастырып жатырмыз» деді Ә.Исекешев.

КӨМІРДЕН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Астана қаласы жыл өткен сайын өсіп келе жатыр. Алайда қаламыздағы жеке сектордағы үйлер көмір жағып, экологияны нашарлатуда. Бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы елордаға табиғи газ әкелу туралы мәселе көтерген болатын. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай жатыр. Осыны айтқан қала тұрғыны «Елордамыз үшін ең маңызды деген бұл мәселе неге шешілмейді?» деп сұрақты төтесінен қойды. Әсет Исекешев Астананы газдандыру туралы мәселені өз баяндамасында айтқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта елордаға табиғи газ әкелу мәселесі талқыланатынын жеткізді.
– Қазіргі таңда Қызылордадан Қарағанды арқылы газ құбы­рын тарту туралы мәселе қаралып жатыр. Алдағы нау­рыз немесе сәуір айларында энергетика министрлігінде бұл мәселені талқылайтын боламыз. Әзірге үлкен газ келгенше, сұйытылған газды Назарбаев университетіне алып келдік. Алдағы 4 жылдың ішінде жекеменшік инвесторлар 5 нысан салуды көздеп отыр. Шыны керек, жылу мә­селесі Астана үшін үлкен мә­селе болып саналады. Ал­да­ғы екі жылдың ішінде бұл мә­се­лені шешу керекпіз. Себе­бі, экология мәселесіне жүр­дім-бардым қарауға болмайды, – деп жауап берді әкім.

ҮЛЕСКЕРЛЕРДІҢ ҮМІТІ ӘКІМДЕ

Кездесуде қала әкімінің Facebook пен WhatsApp-та қолжетімді болып отырғанын мақтағандар көп болды. Себебі, осы арқылы халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, күрделі мәселені тезірек шешуге мүмкіндік бар. Осыны айтқан үлескер өзінің мәселесін әкімге жеткізді.
– Біз 1200 адам өз пәтеріміздің ақшасын 100 пайыз төлеп қойсақ та, үйімізге кіре алмай отырмыз. Көптен бері үйіміз үшін Байжұмановпен соттасып келе жатырмыз. Алайда ол бірінші сотта кепілдік беріп бостандыққа шығып кетті, ал екінші рет 5 жыл жазасын үйде өтейтін болып шықты. Қазір ол мырзақамақта отыр. Осы сәтте 8 баласы бар ана электр жарығы мен ауызсуы жоқ үйде жан бағуда. Бұл мәселені шешу үшін ешқандай әрекет болып жатқан жоқ. Ең соңғы үмітіміз сізде ғана болып отыр, – деді үлескер.
Бұл мәселені жақсы білетінін айтқан әкім «Келесі аптада осы проблеманы Бас прокурормен талқылаймын. Ал бүгін сізбен жеке кездесемін» деп уәде етті. Сондай-ақ, ол үлескерлерге қатысты мәселенің қалай жүріп жатқанын қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошуннан сұрады.
– «Көктал-2» тұрғын үй ке­шенінің бір бөлігі 90 пайыз аяқ­талды. Себебі, біз тоқтап қалған тұрғын үй құрылысының жүруіне көмектескен болатынбыз. Ал оның екінші бөлігінің жұмысы әлі аяқталған жоқ. Өйткені аталған тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстарын жүргізуде кедергі көп. Қазіргі таңда Байжұмановтың ісіне байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл мәселе бойынша белгілі бір қорытынды жасалатын болады, – деді Сергей Хорошун.

kbb_9853-2-asli

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚҰЖАТТАРЫ ТҮГЕНДЕЛЕДІ

Елорда басшысына мына бір қала тұрғыны отбасылық мәселесін айтып, соны шешіп беруін сұрады.
«2004 жылы анам балаларын оқытам деп осында көшіп келді. Үйге кезекке тұрдық. Көп балалы отбасымыз. Анам жоғарыға хат жазып, 10 сотық жер алды. Соған баспана салдық. Отбасымызда 35 адам бармыз. Таяуда анам дүние салды. Сол тұрғызған үйді әлі заңдастыра алмай жүрміз. Әрі бизнеспен айналысқымыз келеді. Оған да түрлі органдар мүмкіндік бермейді. Осы отбасымыздағы күрделі мәселеге назар аударсаңыз» деп айтқан өтінішіне қала әкімі сіз айтқан мәселені жан-жақты зерттеп, жауабын айтамыз деп көңілін жұбатты.
«Светлый» тұрғын үй кешенінен келіп тұрмын. 2009 жылдан бері үйдің кілтін алып кіргенмен, ешқандай құжатсыз тұрып жатырмыз. Балаларымызды қандай балабақша мен мектепке апарарымызды білмейміз. Осы мәселенің жауабы бола ма?» деп сұрады аталған үйдің тұрғыны.
Бұл сұраққа қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун жауап берді. Біз аталған тұрғын үй кешенінің барлық мәселелерін қарап жатырмыз. Барлық жағдайлар анықталғаннан кейін қорытынды шығарылады деді ол.
Тағы бір тұрғын Астанаға қашан табиғи газ келетіні жайында сұрақ қойды. Оған Әсет Өрентайұлы алдағы наурыз айында осыған қатысты жауапты органдармен аталған мәселені талқылаймыз деп жауап берді.

ЖАТАҚХАНАМДЫ ҚАЛАЙ ЗАҢДАСТЫРАМЫН?

Астанаға еліміздің әр аймағынан мың­даған азамат келіп, осында өмір сүріп жатыр. Әкімнен елордаға Қарағанды қаласынан келген бес баланың анасы көмек сұрады.
– 1999 жылы Асқар Мамин Ә.Жақсыбековтың бірінші орынбасары болып тұрғанда 30 шаршы метр болатын 2 бөлмелі жатақхана берген. Қазір мен филармонияның Ілияс Жан­сүгіров 4/3-үйінде тұрып жатырмын. Ал пәтердің кезегіне 20 жылдан бері тіркеуде тұрсам да, ала алмадым. Өйткені кезегім ізім-қайым жоқ болып кетті. Содан кейін жатақхананы өз атыма заңдас­тыру үшін қала әкімінің орынбасары Лукинде бірнеше рет болдым.
Ол «Бұл жатақхананы жекемен­шікке беруге болмайды. Себебі, аталған жатақ­хана мәдениет басқар­масының балансында» деп шығарып салды. Бұл мәселені қалай шешуге болады? – деді ол.
Әсет Өрентайұлы қала тұрғынын жеке қабылдап, мәселені қарайтынын жеткізді.

ПӘТЕР КЕЗЕГІ НЕГЕ ЖОҒАЛЫП КЕТТІ?

Тельман кентінің тұрғыны 2000 жылы пәтер алу үшін арнайы кезекке тұрғанын айтады. Алайда он баланың анасы «Кезегім сол күйі жоғалып кетті» деп отыр.
– Содан кейін 3 баламды пәтер алу кезегіне қойдым.
Оның біреуі – 2- топтағы мүмкіндігі шектеулі жан, біреуі – әскери қызметте, ал үшінші балам қалалық «Астана су арнасында» 10 жыл жұмыс істеп, ыстық пен салқын судың салдарынан ауру болып қалды. Бір қызығы, сырттан қосыл­ған көлденең көк аттылар пәтерді тез алады, ал біз сияқты қарапайым азаматтарға ештеңе бұйырмай тұр. Арнайы мекемеге барып кезегімді білейін десем, олар менімен дұрыс­тап сөйлеспейді. Осы мәселені шешіп беріңізші, – деді ол.
Әкімнің айтуынша, тұрғын үй мәселесін шешу үшін барлық бағдарлама іске асырылып жатыр. Алайда ол пәтер кезегінде қалада 40 мыңнан астам адам тұрғанын айтты. «Сіз бүгін менің орынбасарым Ермек Аманшаевпен кездесіп, қандай мәселелеріңіз бар екенін айтыңыз. Ереке, осы тұрғынмен кездесіп, барлық мәселені маған баяндаңыз» деді әкім.

erm_4295-2-asli

ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ПАЙДАСЫ ЗОР

Әсет Исекешев есептік кездесуде тұрғындарға уәде еткендей, халықты жеке қабылдады. Әкімнің жеке қабылдауында болған көп азаматтың бірі – Гүлмира Сәрсенбаева.
– Менің Өндіріс тұрғын алабында тұрып жатқаныма 14 жыл болды. Кезінде ол жерді Шәрбан Өтегенова деген алаяқтан сатып алғанмын. Өкінішке қарай, көптен бері соттасып келе жатырмын. Абырой болғанда, сот мені жәбір көруші деп таныды. Әкімнің қабылдауында қолымдағы бар құжаттарымды көрсеттім. Әсет Өрентайұлы бұл мәселені заң аясында шешеміз деп уәде етті. Сондай-ақ, әкімге «Сенім» емханасына арнайы жазылып бармасаң, қарамайтынын айттым. Әкім үлкен емхана салынғанша аталған емхананы үлкейтеміз, – деді.
Сондай-ақ, әкімнің жеке қабылдауында кәсіпкер Құртқа Ерғалиқызы болып, өз мәселесін көтерді. Ол жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін «Көктал» тұрғын алабынан 15 соттық жер алған екен.
– Әкімнің қабылдауында аталған жерді ұзартып, жұмыс жасауға көмек сұрадым. Шынын айтқанда, бұл мәселені әкімнің алдында көтеретін мәселе емес еді. Әйтсе де, әкімге дейін талай есікті қағып, бұл мәселені шеше алмадым. Сондықтан да менің ең соңғы үмітім Әсет Өрентайұлында болды. Қуанышыма орай, әкім «бір-екі жұманың ішінде осы кісінің мәселесін шешіп беріңдер» деп
қол астындағы азаматтарға тапсырма берді, – деді Құртқа Ерғалиқызы.

КАНАЛИЗАЦИЯ ҚАШАН ҚОСЫЛАДЫ?

Келесі сұрақты Әсет Өрентайұлына Қосшығұлов көшесінің тұрғыны қойды. Оның айтуынша, аталған көшенің сапасы мүлде сын көтермейді. Мысалы, үйге баратын бір ғана жол бар. Сондықтан да ол «Қосшығұлов көшесіне жол салып, тұрғындарды қуантсаңыз екен» деп әкімге өтініш айтты. Қала әкімі бұл сұраққа өзінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов жауап беретінін жеткізді. Ал ол болса «Бұл мәселе біздің назарымызда. Таяу уақытта Қосшығұлов көшесіне жол салынады» деп уәде етті.
Жол мәселесінен кейін тұрғындарды орталық кәріз жүйесі мазалайтынын аңғардық. Айталық, Алматы ауданына қарасты Интернациональный кентінің тұрғыны осы мәселені әкімнің алдында көтерді.
– Мен тұратын кенттегі Көксай көшесінде осыдан 6 жыл бұрын жол салынды. Құдайға шүкір, қазір көліктер емін-еркін жүріп жатыр. Ешқандай мәселе жоқ. Бірақ сол жолдың астында кәріз құбыры салынып еді, сол күйі қалды. Осы қашан іске қосылады? – деп сұрады ол.
Кент тұрғынының бұл сұрағына Қосман Айтмұхаметов жауап берді. Оның айтуынша, биылғы жылдың аяғына дейін бұл мәселе толығымен шешімін табады.

ДӘРІ-ДӘРМЕК НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Өмір болғаннан кейін «басы ауырып балтыры сыздамайтын» адам болмай тұрмайды. Міне, осы кезде дәрі-дәрмек сатып алып емделу қиын болып отыр. Ал бұл мәселе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «жығылғанға –жұдырық» болуда.
– Біздің дәріханаларда дәрі-дәрмек өте қымбат. Оны мүмкіндігі шектеулі адамдардың сатып алып, ішуге жағдайы жетпейді. Дәрі-дәрмекті қолжетімді бағада сатып немесе тізім бойынша тегін беруге мүмкіндік бар ма? – деп сұрады.
Әкім қала тұрғынының бұл мәселесіне қатысты қандай жұмыстар жасалып жатқанын Ермек Аманшаевтан сұрады.
Ал ол болса, қалалық мәслихаттың шешімімен бірқатар жұ­мыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
– Қала әкімі өз баяндамасында дәрі-дәрмекке байланысты өзінің ұстанымын айтты. Негізі, мемлекеттің өз мойнына алып тегін беретін дәрілердің тізімі бар. Бірақ өмір болғаннан кейін әртүрлі аурулар пайда болып жатады. Осыны ескере келе, біз қалалық мәслихат сессиясының шешімімен кейбір дәрілерді қосымша тізімге кіргіздік. Мысалы, белгілі бір аурудың түрімен қаламызда 4-5 адам ауруы мүмкін. Соған қарамастан бұл мәселені біз мәслихат арқылы шешіп жатырмыз, – деді
Ермек Аманшаев.

ЛИФТ ҮРЕЙДІ ҰШЫРЫП ТҰР

«Көп қабатты үйде тұрамын. Біздің үйдегі лифт әбден ескір­ген. Күнде оған мінген сайын үрейіміз ұшады. Осы ескірген лифтіні мемлекеттік бағдарлама арқылы жөндеуге бола ма?» деп сұрады қала тұрғыны.
Оған елорда басшысы: «Әрине, ол мәселені жақсы білеміз. Негізі, оған пәтер иелері кооперативтері жауапты. Алайда оны шешу үшін бізде бағдарлама мен түрлі механизмдер бар. Бірақ оның бәрі қайтарымды түрде болады. Мәселен, 7 жылға өсімсіз несие береміз. Ол үшін барлық тұрғындар өзара келісімге келіп, бізге өтініш бересіздер» деп аталған мәселенің жөн-жобасын көрсетті.

Аманғали Қалжанов,

Азамат Есенжол,

Орынбек  ӨТЕМҰРАТ,

Серік Құдайбергенұлы,

Гүлдана  Талғатқызы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + six =