Әлеумет қамын әрiден ойлаған қадам

0 134
 Fotolia_26839679_Subscription_XXL
дамежан
Дәмежан САДУАҚАСОВА,
Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы

Зейнетақы жүйесін жаңғырту ын­тымақты зейнетақының мөлшерін азайту, қазақстандықтардың ғұмыр жасын арттыру, сондай-ақ эко­но­микалық дамудың кезеңділігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туын­дады. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – бұл зейнеткерлік жаста жоғары өмір сүру деңгейі үшін лайықты зейнетақымен және зейнетақы жүйесінің ұзақ мер­зімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Тұжырымдама екі кезеңде іске асырылады. Бірінші кезең зей­нет­ақымен қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесін дамытуды көз­дейді, яғни бұл қолданыстағы ынты­мақты зейнетақы төлемімен қатар базалық зейнетақыны, шартты-жинақтаушы жүйесіндегі зейнетақы мен қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі зейнетақыны біріктіреді.

1) базалық зейнетақы – бұл кедейлікті қысқартуға және аза­маттардың зейнетақы жүйесіне қатысуын ынталандыруға ба­ғытталған.

Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтар үшін еңбек өтіліне және жалақыға қарамастан біркелкі мөл­шерде тағайындалады.
Ал, 2017 жылдың 1 шілдесінен бас­тап базалық зейнетақы азамат­тардың тек жалпыға бірдей белгі­ленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде және зейнетақы жүйесіне қа­тысу өтіліне байланысты тағайын­далатын болады. Осылайша:

– азаматтардың жүйеге қатысу өтілі кемінде 10 жыл болған жағдайда, жүйеде оларға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-на тең болатын әлеуметтік зейнетақы берілетін болады,

– егер жүйеге қатысу өтілі 20 жылды құраса, онда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 %-ын құрайтын болады (10 жылда – 50%+ 10 жыл *2).

– ал қатысу өтілі 35 жылды құраса, ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең есептеледі.

Мысалға, А. деген азаматтың зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілі 32 жыл десек, оған 10 450 теңге мөл­шерінде базалық зейнетақы енеді (50%), 2017 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақыны осы кезеңге белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен 94% мөлшерінде (10 жыл – 50% + қалған 22 жылды 2 %-ға көбейтеміз) алады.

Жоғарыда көрсетілген өзгерістер зейнетақы жүйесіне қатысушы барлық үш буынның проблемасын шешуге мүмкіндік береді:

Бірінші буын – үлкен еңбек өтілі бар, бірақ заңмен белгіленген шектеулерге байланысты зейнеткерлікке шығар сәтте табысы туралы мәлімет ұсынбаған, ең төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер.

Бұл санаттағылар үшін зейнет­ақымен қамсыздандырудың ынты­мақты, сол сияқты жинақтаушы жүйелеріне қатысу өтілі ескеріле отырып, 2017 жылдың 1 шілдесінен бас­тап базалық зейнетақыны біржолғы қайта есептеу жүргізілетін болады.

Екінші буын – 2043 жылға дейін зейнеткерлік жасқа жететін және ынтымақты, сол сияқты жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне қатысу өтілі толық емес адамдар. Мұндай жағдайда базалық зейнетақы аталған санаттағы адамдар жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде:

1) олардың 1998 жылғы 1 қаңтарға жинақтаған еңбек өтіліне;

2) зейнетақы жарналарын жинақ­таушы зейнетақы жүйесіне 1998 жылдан кейін төлеген кезеңге байланысты тағайындалатын болады.

Үшінші буын – зейнеткерлікке 2043 жылдан кейін шығатын адамдар. Олар базалық зейнетақыны жинақтарының көлеміне қарай алатын болады. Бұл санаттағы адам­дарға базалық зей­нет­ақы олар­дың зейнетақы жүйе­сінің басқа құрам­дауыштарынан алатын зей­нетақы мөлшері зейнетақының белгі­ленген әлеуметтік қолжетімді дең­гейінен төмен болған жағдайда тағайындалатын болады.

2) Өз қызметкерлерінің пайдасына жұмыс берушілердің 5 % жарналары есебінен қалыптасатын жаңа шартты-жинақтаушы жүйе­ден берілетін зейнетақы

Жаңа жүйе жинақтаушы, сол сияқты бөлу ұстанымынан айнымай жұмыс істейді. Атап айтсақ:

– біріншіден, әрбір жүйеге қатысуға БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоты ашылады. Ол жерде аударылған жар­налардың сомасы немесе зейнетақы жинағы есептеліп отырады;

– екіншіден, жинақтар шартты болып табылады, мұраға қалды­рыл­майды және жүйеге қатысушының меншігі болып есептелмейді;

– үшіншіден, зейнетақы, азаматтар жалпыға бірдей белгіленген зей­неткерлік жасқа жеткен кезде және жүйеге қатысу өтілі кемінде 5 жыл болған жағдайда тағайындалады;

– төртіншіден, зейнетақы мөлшері шотындағы қордаланған жинақ пен ықтимал өмір сұру ұзақтығына қарай анықталады. Яғни, зейнетақы азаматтардың еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін қалыптасқан зейнетақы жинақтарының сомасына эквивалентті болады;

– бесіншіден, зейнетақы өмір бойы төленеді. Зейнеткердің жасы шамамен болжаған ғұмыр сүру ұзақтығынан асып кетсе, зейнетақы жұмыс берушінің ағымдағы жарналары есебінен төленеді;

– алтыншыдан, инфляция деңгейін ескере отырып жарналарды сақтау бойынша мемлекеттік кепілдік шартты-жинақтаушы компонентке жүрмейді.

Бір ескерерлігі, жұмыс беруші­лерден түскен зейнетақы жарналары капиталға айналмайды және жеке тұлғалардың меншігі бола алмайды, керісінше зейнеткерлік жасқа жеткен тұлға­лар­дың зейнетақы төлемдеріне, яғни жұмыс берушілермен жүзеге асырылған жарналарды төлеудің пайдасына жұмсалады.

3) Қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінен берілетін зей­нетақы қызметкерлердің өздерінің 10 пайыздық міндетті зейнет­ақы жарналарының есе­бінен қалып­та­сады. Бұл ретте, алатын зейнетақы төлемдерінің көлемі азаматтардың жүйеге қатысуына және ұдайы жарна аударуына, сондай-ақ зейнетақы жинақтарының кіріс деңгейіне байланысты. Инфляцияның құбыл­малығын ескере отырып жар­на­лардың сақтау бойынша мем­ле­кет­тік кепілдік жойылмайды.

Жинақтаушы есебінен зейнетақы алуға құқықтары бар санаттарға мы­налар жатады: зейнет жасына жет­кендер, күш құрылым­дарының қыз­меткерлері, 5 және одан да көп бала тапқан аналар (53 жастан), 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, Қазақстан Республикасынан тыс­қа­ры көшіп кеткендер, марқұм бол­ған­дардың мұрагерлері (салымшылар).

Зейнетақы төлемдері жинақтау қорындағы қаржы таусылғанға дейін төленеді. Бұл ретте төлемнің мерзімділігі алушының өз еркімен таңдауы бойынша, яғни ай сайын, тоқсан сайын немесе жылына бір рет 30 еселі ең төменгі зейнетақы мөлшерінде төленеді (қазіргі сәтте бұл 625 мың теңге шамасында).

Бұдан бөлек, қазіргі уақыттағы зейнеткерлер үшін, сол сияқты 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар үшін ынтымақты зейнетақы тө­лем­дері сақталады. Ынтымақты зейнетақыны тағайындау және төлеу базалық, шартты-жинақтаушы және жинақтаушы зейнетақылармен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Ынтымақты зейнетақы мөлшері зейнетке шығар алдындағы еңбек өтілі мен орташа айлық табысқа байланысты боп келеді. Талап етілген еңбек өтілі болған жағдайда (ерлерге 25 жыл, әйелдерге 20 жыл) зейнетақы мөлшері орташа айлық табыстың 60 %-на тең және оның сыртындағы талап етілетін әр еңбек өтіліне 1%-дан үстемеленеді, бірақ ол орташа айлық табыстың 75 %-ынан артық болмауы тиіс. Табыс 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан зейнеткерлік жасқа жеткенге дейінгі жұмыстың кез келген кезеңі үшін 41 айлық есеп көрсеткіштің шегінде есептелінеді.

Сонымен қатар, ынтымақты зейнетақы мөлшерін қолданыстағы зейнетақы заңының шарттарында тиімді деңгейде ұстау үшін олардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілеп, индекстеліп отыратын болады.

Тұжырымдамада сондай-ақ ха­лықты зейнетақымен қамту аясын кеңейту және жүйенің тартым­ды­лығын арттыру жөніндегі шаралар кешені қарастырылуда.

Денсаулыққа зиянды еңбек жағ­дайларында жұмыс істейтін адам­дар үшін 2014 жылдың 1 қаңта­рынан бастап қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналарына қосымша еңбекақы төлеу қорының 5 %-ы мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) енгізілді. Бұл ретте, жұмыс берушілер МКЗЖ-ны өндірістің тек зиянды түрлері бойынша және сонда жұмыс істейтін адамдарға ғана аударады.

Зиянды өндіріс түрлері мен онда қамтылатын мамандықтардың тіз­бесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітті және ол еңбек жағ­­дайларының өзгеруіне кезең-кезе­ңі­мен қайта қаралып отырады.

Осы аталған деңгейлерден басқа, сонымен қатар зейнетақымен қам­сыздандырудың ерікті деңгейі де қарастырылады, яғни бұл зейнет­керлік жасқа жеткен адам үшін зейнетақы төлемінің қосымша қай­нар көзі болып табылады және қор таусыл­ғанша дейін төленетін болады. Бұл ретте ерікті жарнаның салымшысы жеке тұлға сияқты заңды тұлға да болуы мүмкін. Ерікті зейнетақы жарнасы – бұл салымшының өз еркі бойынша салынған қаржы.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =