Әлемдік өркениеттегі әл-Фараби тұлғасы

0 131

Тарихи-мәдени даму үрдістері барысында адамзат өркениеттің мұсылмандық қайта өрлеу дәуірі ерекше көзге түседі. Дүниежүзілік тарихқа назар аударсақ, онда адамзат дамуының айқын екі бағыты бар екендігін байқаймыз. Біріншісі – табиғатты бағындыра отырып, оны адамға қызметке қою (батыс­тық), екіншісі – табиғатты аялай отырып, соған қызмет ету (шығыстық). Яғни екінші бағыт – адам руханиятының дамуы, ол адамның ішкі дүниесіне, оның терең сезім қатпарлары, ой-өрісіне бағытталған. Мінеки, Батыс пен Шығыс өркениетінің салыстырмалы бағыттары өзара осындай айырмашылыққа ие. Батыс адамы табиғатпен және өзі тектестермен күреске түссе, шығыстықтар ең алдымен өзіндегі кемшіліктермен күресіп, оны табиғатты бақылай отырып байытуға ұмтылады.Өркениет үрдістері өзінің тұтастық және жалпы белгілері бойынша бүкіладамзаттық қасиет ретінде ортақ сипатқа ие. Соған қарамастан оның әртүрлі аймақтар мен халықтардағы даму деңгейі әр қилы болып табылады. Қазақ халқының мәдениеті туралы айтқанда, оның сонау ежелгі Шығыс мәдениетінен нәр алатын кезеңінен бастап, ортағасырлық мұсылман ренессансы кезеңіне, түркілік дәуіріне де тоқталмай кете алмаймыз.
Сол ортағасырлық дәуірдің шығыстық қайта өркендеу кезеңіндегі ірі тұлғалар: әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Фирдауси, Ж.Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, М.Қашқари және т. б. рухани мұрасы ұрпақтарға азық болып, тарихта өшпес із қалдырды.
Ежелгі Шығыс: Шумер-Аккад, Элам, Вавилон, Хет, Мысыр, Ассирия, Парсы, одан кейінгі Грек, Рим мәдениетінің жалғасы болған түркі мұсылман қайта өркендеу дәуірі дүниеге талай ғұламаларды әкелді. Солардың бірі – Әбу Насыр Мұхаммад бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби Арыс өзенінің Сырдарияға құятын сағасындағы Фараб (Отырар) қаласында б. д. 870 жылы дүниеге келген.
Отырар аймағы әйгілі ғұламалардың отаны болып табылады, солардың ішінен әлемдік деңгейдегі танымалдығымен әл-Фараби ерекше көзге түседі. Әл-Фарабидің данышпандығы мен ұлылығы туралы ғылым мен мәдениеттанудың тарихын зерттеуші, ірі шығыс­танушы неміс ғалымдары Ф.Дитерициден бастап, Дж.Сартонға дейін атап өткен еді. Оның айналысқан ғылым салалары: астрономия, логика, музыка мен математика теориясы, әлеуметтану және этика, медицина және психология, философия және құқық және тағы да басқалары. Тіпті 70 елдің тілін білгендігі туралы да аңыз деректер бар. Мұсылмандық қайта өркендеуі кезінде ғылым мен білім орталықтарына айналған қалаларда: Бұхара, Мерв, Харран, Александрия, Каир, Дамаск, Бағдатта білім нәріне сусындады. Ол көп жылын араб халифатының саяси және мәдени орталығы болып табылатын Бағдат қаласында өткізді. Грек авторларының шығармаларын аударумен айналысатын «Бейт әл-Хикма» («Даналық үйі») ғалымдарының еңбектерімен осы Бағдатта жан-жақты танысып, білімін жетілдіре келе, өзінің ыждаһаттылығы және ой-өрісінің кеңдігімен солардың арасынан озып шықты. Дәл осы жерде оған «әл-Мұғаллим-ас-Сани» («Екінші ұстаз») атағы берілген еді. Әрине, «бірінші ұстаз» деп Аристотельді айтатын. Расында да, екі данышпанды да көптеген жағдайлар: ғылыми ізденістерінің жан-жақтылығы мен ауқымдылығы, болмыстық, философия­лық мәні мен ондағы адамның орны, «қалыптасқан түсініктер» мен қатардағы халықтың тұрмыстық даналығына деген ортақ көзқарастары жақындастырды. Әл-Фараби алғаш рет өзіне дейінгі ұлы грек ойшылының зерттеу негізіне алған логика ғылымына өзіндік ерекше үлес қосты. Кейінгі Еуропа ғалымдары Аристотельдің күрделі ойларын әл-Фарабидің жеткізе талдауы арқылы ұғынып, мазмұнына терең бойлай алды десек те болады. Оның философиялық көзқарастарының ерекше батылдығы тіпті қоғамдық пікірлермен қайшы болып қалатын, өйткені грек философиясы мен ғылымы сол кездегі қоғам арасында толық қабылдана бермейтін. Аталған дәуірдегі ұстаным-жоралғыларға қарсы тікесінен айтқан пікірлері көптеген адамдарды және улемдерді де шошындырып, оны «діннен безген» деп айыптауларға да әкелді. Шын мәнінде, ол өз ой-пайымдауларын еркіндігімен ерекшеленетін және өз көзқарасынан тайқымайтын.
Фараби әлемдік деңгейдегі ғұлама-ғалым болатын, ол өз шығармашылығында араб, парсы, грек, үнді және түркі мә­дениетінің аса бағалы құндылықтарын жақындастырып және сүзгіден өткізіп талдауға алды, жетістіктерін айқын көрсетті.
Ең бастысы, әл-Фараби Аристо­тельдің «Категория», «Бірінші және екінші аналитика» секілді философиялық және логикалық шығармаларына түсіндірмелер жазды. Сонымен қатар өзі де «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» және т. б. трактаттарын жарыққа шығарған.
Ол әртүрлі мәдени дәстүрлерді жақындатушы гуманист-ғалым ғана емес, дәл мағынадағы нағыз ғылымды жаңғыртушы жаңашыл ретінде өз дәуірінің білімін жүйелеген данышпан болды. «Ғылымды сыныптау (жіктеу) туралы сөз» деген трактатында жоғарыда айтылғандар айқын көрініс берді.
Әл-Фараби өзінің трактаттарын сол замандағы рухани-ғылыми ақпараттың құралы саналған араб тілінде жазғанмен, өз отанының ғасырлар бойы нәр алған түркілік мәдениетінен алшақтаған емес.
Өзінің трактаттарында әдепті адам ілімін әл-Фараби гуманистік тұрғыдан қарастырады және сол адам бойындағы бірінші қасиет деп оның парасаттылығын көрсетеді. Оның шығармашылығында кездесетін «ақылды жан» («хайуани ақли») кейінгі еуропалық ағартушылардың «саналы адам» («homo sapiens») терминімен сабақтас.
Фараби педагогиканы реформалаушы ретінде ой толғады, халықтың арасында білімді таратуға талпынды, ағарту арқылы адамдардың адамгершілігін дамытуға ұмтылды. Кейінгі еуропалық ағартушылардың, атап айтпаса да, осы әл-Фарабидің ағартушылық ілімін үлгі тұтқаны анық. Даналыққа ұмтылушыларға қоятын әл-Фарабидің талабы да жоғары. «Кімде-кім даналық ілімінің бастауларына ұмтылса, тіпті тырнағына дейін иманжүзді болып, үлгілі түрде тәрбиеленген, Құран мен заң ғылымын ең алдымен оқып үйренген болуы керек.
Ақылға жүгінтіп, ұлағатты, ұятты, шыншыл, арамдықтан алшақ, жүгенсіздіктен, зинақорлықтан, өтіріктен, айлакерліктен безінетін болуға тиіс. Ақыл-ойы күйбің тірлікке тәуелді болмауы керек, заңды талаптарды жүзеге асыру кезінде шариғат пен сүннеттің бірде-бір қағидаларын бұзбауға тиіс, ғылым мен ғалымдар арасында алдыңғы қатарға көтерілу барысында ғылымды пайда табу немесе атақ алу үшін ғана таңдауы дұрыс емес».
Міне, дәл осылай бөтен мақсаттарды көздеп, білімге ұмтылсын, мақтаншақтыққа, даңқ қуалау­шылыққа және материалдық байлықты бағындыру, шынында, философияның мәнін өзгертеді дегенді меңзеді.
Сондықтан да «адамның творчестволық қабілеті мен ақылының сатқындығы – ең бір ауыр күнә» деп санайды әл-Фараби, өйткені бұл жерде рухын бұлдап сатушы жеке адамның жаны ғана емес, бүкіл қоғам жоғарыдан төменге дейін азады. «Қала ізгілік орталығы болады» деп жазды осыдан мың жыл бұрын әл-Фараби, егер де ғылым мен өнер онда құрметтелсе, ойлы азаматтар өздерінің ар-ожданы мен қадір-қасиетін сақтап қана қоймай, өздерінің үлгісі мен азаматтардың рухына, басшылар мен олардың қол астындағыларына игі әсер етеді.
Яғни данышпан әл-Фарабидің ой-толғамдары қаншама ғасырлар өтсе де, өзінің өзектілігін жоғалт­қан жоқ. Оның «Ізгі қала басшылары мен оның тұрғындары» және басқа трактаттары біздің шенеу­ніктердің үстел үстінде жатып қана қоймай, басшылыққа алар құралы болса, қоғамдағы талай қылмыс-күнәлардың азаятыны сөзсіз еді.
Осындай тұлғалық деңгейге ең алдымен ел басшысы көтерілуге тиіс. Ол өзінің ізденімпаз қасиеті арқылы дана, ойшыл, кемеңгер, ақыл-парасат иесі болып шығады.
Сонымен, әл-Фараби өз заманының әмбебап, энциклопедист, полиглот ғалымы ретінде әлемдік деңгейдегі адамзат өркениетінде ерекше орын алады деуге болады.

Әуезхан ШАШАЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институты директорының
орынбасары, жетекші ғылыми
қызметкер, т. ғ. к.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды