Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері

0 54

Дзюдо күресінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметовтің, Азия чемпионатының қола жүлдегері Әзиз Қалқаманұлы және дүниежүзілік универсиаданың қола медалисі Бекәділ Шаймерденовтің жаттықтырушысы. Ғалымжан Жылгелдиев – бүгінгі таңда Қазақстан дзюдо құрамасының бас бапкері.Ғалымжан – дзюдо тәрізді өте күрделі әрі тартымды күрестен әлемдік деңгейде шәкірт баптаған білікті маман. Бірақ шәкірттерінің жетістігі жағынан Қазақ елінде көш бастап тұрса да, кеудесін көтермейді, бәзбіреулер тәрізді табысына мастанып, сызданбайды. Баяғы аңқылдаған, қарапайым қалпы. Балуан кезінде де жымиып қойып, әдемі күресетін. Арада жиырма жылдан аса уақыт өтсе де, сол жайдары қалпынан өзгере қоймапты. Қажет кезде жолбарыстай шабынатын мінезі бар. Мінез болмаса, самбодан Азия чемпионатын қатарынан екі мәрте ұтып шықпас еді, алмас қылыштай өткірлігі болмаса, әлем чемпионатының қола жүлдесіне жете алмасы анық. Ғалымжан – сыйласқан адамға ұлпадай жұмсақ, жайлы, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін нағыз қоңырқай қазақтың нақ өзі. Ал оның өз кәсібіне деген махаббаты алабөтен. Ол бапкерліктің қамытын шын ықыласпен киген, осы шаруаның сұлтаны да, керек тұста ұлтаны да болуға берік бекінген арда қазақ.
Оның төл шәкірті кім дейсіз ғой?
Елдос Сметов. Қазақ дзюдошыларынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы (2015 ж.), Азия ойындарында (2014) топ жарған бірінші қазақ дзюдошысы! Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия чемпио­ны (2016). Елдос Ғалымжан ағасына 2008 жылы 15 жасында келді. 38 келі тартатын құйтақандай аққұба баланы көрген тәжірибелі маман Александр Атаев: «Ғалымжан, мына баланың бойы тым тапал екен. Салмағы да аз. Дзюдоға жарай қоймас. Самбоға жібер» деді. Ғалымжан болса: «Бұл ерекше бала» деді жүрегі елжірей соғып.
«Елдосты бес жасынан бері білемін, – дейді Ғалымжан. – Ол күресті Таразда менің ұстазым Ахмет Жұмағұлдың қол астында бастады. Адамға жұғымды бала. Өзі сондай бауырмал. Үнемі күліп тұрады. Бес-алты жасынан залдағы балалармен алысып өсті. Күрес десең, тоқтау жоқ. Шаршамайды. Бір күні Құдай аузыма салған шығар: «Ахмет аға, мына бала тегін емес. Түбі осыдан Олимпиада чемпионы шығады» дедім. Содан Елдосқа аңсарым ауды. Ол қара күштің адамы емес. Ақылын алға салып күреседі. Сондай сезімтал. Cосын сұмдық жылдам. Ішкі түйсігі күшті. Қарсы келгеннің ойы мен әрекетін алдын ала сезіп қояды. Қарсыластың шабуылын орап кетуге шебер. Әдіс жасар кезде бәсекелесін алдамшы қимылмен жаңылдырып, әбден есін шығарады. Сосын күтпеген айламен тоңқалаң асырады. Ойланып сөйлейді, ойланып белдеседі. Қаркен Ахметұлы атындағы интернатта өзге балалар күніне екі рет жаттығу жасаса, Елдос үш мәрте жаттығатын. Сабақтан ретін тауып сұранып шығып, залдан шықпайтын. Жаттығудан соң екеуміз ғана қалып, тағы тер төгеміз. Мен оның бойы өссін деп, аяғына 16 келі кір тасын байлап, турникке асып қоямын. Екі минуттан 10-15 рет асылып тұрады. Осы әрекетіміз нәтижесін берген тәрізді: қазір бойы – 162 см. 60 келі салмаққа әдемі келіп тұр. Елдостың кілемдегі басты қаруы – жылдамдығы мен сезімталдығы. Соған орай ұзақ жыл айла-тәсілді жылдам жасап, турникке тартылса да, арқанға өрмелесе де, резина созса да жылдамдықты үдетіп отырдық. Оған оңтайлы әдіс­терін қас-қағымда жасауды тапсырдым. Сол жолда талмай еңбек еттік. Нәтижесі белгілі: бүгінгі таңда Елдос шәкіртім спорттық нәтиже жағынан Қазақ елі бойынша көш басында тұр…».
Иә, ұстаз бақыты дегеніміз, бәлкім, осы шығар. Әйтсе де, жеңіс деген құдіреттің қолға оңай қона салмайтыны белгілі. 2014 жылы Азия ойындарында жұлдызы жарқыраған Елдос балуан кезекті Қазақстан чемпионатында екі мәрте жығылып, бесінші орыннан әрі аса алмады. Содан үйге қайтар жолда намыс буып, жылады дейсің. «Аға, енді мені ірі жарыстарға апармайтын шығар?». «Апарады. Қазақстан чемпионы бірінші нөмір боп барады. Сен де халықаралық жарыстарда күресесің. Сыртта кім көп ұпай жинаса, өз салмағында ұлттық құраманың бірінші нөмірі болып шыға келеді. Олимпиада мен әлем чемпионатына рейтингі жоғары спортшы барады». «Шынымен апара ма, аға?». «Апарады. Сондықтан бір сәтсіздікке бола сонша қамықпа!». «Онда ұтамын, аға, ұтамын!» деді Елдос аяқ астынан ширығып.
2015 жылдың қысында Елдос Сметов Дюссельдорфтағы «Гран-при» жарысында тағы да бесінші орынмен шектелді. Сол жылы көктемде Анталиядағы «Гран-приде» және жеңіліс тапты. Кувейттегі Азия чемпионатына алақанды ысқылап барғанымен, бұйырғаны – бесінші орын. Ғалымжан мен Елдос тығырыққа тірелді. Алдағы әлем чемпионатына 60 келіде ақтөбелік Рүстем Ибраев жолдаманы қалтаға басып қойды. Алда – Мажарстандағы халықаралық жарыс. Сол сында сенімді ақтаған балуан Астанадағы әлемдік чемпионатқа екінші нөмір боп қатысады. Ғалымжан мен Елдостың әлемдік аламан алдындағы соңғы үміті осы Мажарстандағы жарысқа тірелді.
Ғалымжанның іші алай-түлей. Үйге келген бойда Елдостың кейінгі үш жарысын бейнетаспадан қайтадан көрді. Бұрын татамиде кеудесін тік ұстап, ор қояндай орғып жүріп белдесетін Елдос бұл бәсекелерде еңкейіп күресіпті. Бұрынғы еркіндік жоқ. Құдды, біреу иығынан жаншып тұрғандай, бүрісіп алған. «Е-е-е, Азия ойындарын ұтқаннан кейін бұл атақтан айрылмаймын деп, әсіре сақтыққа бой алдырған екен. Баяғы жайтаңдап, жайнап күресетін қалпына қайтару керек! Сонда ғана нәтиже болады». Содан Елдосты 81 келідегі Әзиз Қалқаманұлына, 73 келідегі жігіттерге қайрап салды дейсің! «Аға, бұл қалай?» дейді Елдос. «Баяғы еркін, ойқастап жүріп күресетін мәнеріңді қайта тап. Сен өзіңді жоғалта бастапсың. Жағадан ал, опыра жұлқы, басыңды көтеріп, баяғыша бір армансыз алысып көрші!». Тоғанды ағытып жіберсең, асау өзен бас бере ме?! Елдос та құдды асау өзендей буырқанды дейсің. Кеудені кере ұстаған бойда жанары жарқ-жұрқ ойнап, әй, бір арпалысты-ау! Ғалымжанның да тұла бойы шым ете қалды. Бітті, тиегі ағытылды Елдостың! Енді жапырады, енді қоймайды! Осы екпінмен екеуі Будапешттегі турнирдің асқар шыңынан бір-ақ шықты да, Астанадағы әлемдік біріншілікке екінші нөмірмен талассыз қосылды.
2015 жылы тамыздың 24-жұлдызында Астана төрінде дүниежүзілік чемпионаттың жалауы көтерілді. Дәл сол күні таңғы сағат алты шамасында Ғалымжан бапкер зайыбы Шахида әзірлеген ыстық сор­паны алып, таксимен Елдос жатқан қонақ үйге жетті. Ойлап қараңыз, таң бозымен сізге ұстазыңыз буы бұрқыраған майлы сорпа әкеліп тұрса, қандай сезімде боласыз. Сол сәтте Елдос қандай күй кешті екен?! Ғалымжанның бұл тірлігі Елдостың жан дүниесін айтып болмас шуаққа бөлегені күмәнсіз… Сол күні әлем чемпионатының финалында 60 келіде тарихта алғаш рет екі қазақ балуаны бетпе-бет шықты. Бұл бәсекеде Елдос Сметов командалас серігі Рүстем Ибраевтан айласын асырып, қазақ дзюдошыларынан бірінші боп әлем чемпионы атанды! Жапон саңлағы – Топи Сисимэ, жер шарындағы үздіктердің бірі, корей балуаны – Ким Вон Жин, өзбек үміті – Оразбаев, басқа да мықтылар қос қазаққа амалсыз жол берді.
…Рио-де-Жанейро олимпиа­дасы. Ұлттық құрама бапкерлерінің қатарына алынбаған Ғалымжан Жылгелдиев Олимпиада қалашығына арнайы барып, Елдостың жағдайын біліп шықты. Бапкер шәкіртінің жаттығуына ғана келіп жүрді. Жататын жеріне арнайы рұқсатпен ғана кіресің. Жарыс басталуға бір күн қалғанда Елдос ұстазына өтініш білдірді: «Аға, сіздің сорпаңызды сағындым. Бүгін салмақ өлшегеннен кейін сорпа ішсек…» Ғалымжан «жоқ» демеді. Жер түбіндегі қонақ үйде семіз тауықты бабына келтіре пісіріп, кешкі сағат сегізде таксимен Олимпиада қалашығына келді. Бұл да кірді. Анадайдан ұлттық құраманың кеңесші маманы Александр Яскевичпен бірге Елдос та жетті. Екеуі Ғалымжан әзірлеген ыстық сорпаны қалашықтың тура кіреберісінде рахаттанып іше бастады. Ту сыртынан сүйсіне қарап Ғалымжан тұр. Екеуі борша-борша терледі. Сол мезет Ғалымжан өзін теңдессіз ерлік жасаған адамдай сезінді. Елдос сорпаны қасықтап жұтқан сайын іште бір құдіретті сезім күшейе түсті. О, ғажап! Кеудесіне керемет бір сенім ұялады: «Елдос жеңеді!» Ғалымжанның жон арқасы алабөтен шымыр ете қалды…
Рио олимпиадасында бес рет татамиге шыққан Елдос Сметов күміс тұғырға табан тіреді. Шешуші белдесуде ресейлік Беслан Мудрановқа тек қосымша уақытта сәл ғана ұпай ұстатып қойды. Сол сәт бапкер мен балуанның көкірегін өкініш уыты шарпып өтті. Шындығында Ғалымжан шәкіртінің ұтатынына бек сенімді еді. Амал не, тағдырдың жазуы осылай болды…
Ғалымжанның Елдоспен құралпы тағы бір шәкірті – Әзиз Қалқаманұлы. 2011 жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері. 2016 жылы 81 келі салмақта Азияның ересектер чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Ал Елдос пен Әзиздің ізін басқан Ғалымжан Қырықбаев 2019 жылы дүниежүзілік жазғы отызыншы Универсиаданың түйе балуандар айқасында жеке-дара шықты.
Ғалымжанның қол астына шынашақтай кезінде келген Бекәділ Шаймерденов 2017 жылы дүниежүзілік Универсиада сайысында үшінші орынға ие болды. Жылгелдиевтің Есболаев Медет есімді бозбала шәкірті жасөспірімдердің Еуразия ойындарынан медаль тағып қайтты. Алла қаласа, Ғалымжан бапкердің асқаралы асуы алда деп тілейік. Қырықтың жуан ортасынан асқан Жылгелдиев қазір нағыз бабында.
Иә, Елдостар жеңіс тұғырына көтерілген сәтте Ғалымжан бапкер көптің арасында елеу­сіз тұруы мүмкін. Сол мезет жұртшылық назары балуанның бал-бұл жанған жүзіне, оның омырауындағы жарқыраған медальға ауатыны да қалыпты жағдай. Ал сол медаль үшін арпалыс сәтінде шәкіртінің сор­пасын қайнатып, жал-жаясын турап отыратын Ғалымжандар екенін көбіне ұмытып кетеміз. Жылгелдиев жарысқа шығарда қазан-табағы мен ас-суын ала жүруді әдетке айналдырғалы қашан.
…Жақында Елдоспен сөйлестім. «Ғалымжан аға маған туған әкемдей » деді балуан інім бүкпесіз көңілден. Бұл – біз сыртынан айтатын «бапкер мен шәкірт» деген стандартты атаудан әлдеқайда терең, әлдеқайда құнды сыйластықтың нәтижесі.

Қыдырбек РЫСБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + five =