Әлемді жайлаған індет қашан тізгінделеді?

0 78

Қытайдың Ухань қаласынан тараған Covid-19 вирусы төрт айдың ішінде төрткүл дүниеге тарап, әлемнің 170 елі індеттің ілмегіне ілінді. Қазірге дейін жаһанда 250 мыңға жуық адам аталған вирусты жұқтырып, 90 мыңға жуық адам емделіп шыққанмен, 9913 адам көз жұмды. Қазақстанда жұқтырған адамдардың саны 49, соның ішінде Нұр-Сұлтанда – 25, Алматыда – 22, Қарағандыда – 2.Неге тез өршіді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда Covid-19 індетінің әлемдік індет деңгейіне жеткендігін жариялап, ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебреисус әлем халқын жұдырықтай жұмылып оның алдын алуға шақырды. Дегенмен әлем жұртшылығы арасында өлу көрсеткіші 3,4 пайыз деп бағаланған бұл індеттің алдын алу жағында ДДҰ сылбырлық танытты деп жазғырып жатқандар да бар.
Ендеше қысқа ғана уақыт ішінде індет неге тез өршіді? Біріншіден, індет ошағы болған Қытайдың індет ілінген кездегі нақты жағдайды дер кезінде жарияламай, жасыруы қатерлі дерттің бүкіл Қытайға, одан соң бұл елдің арнасынан асып, дүние жүзіне таралуына себеп болды. Екіншіден, әлем халқының бейқамдығы, әсіресе, Covid-19 вирусының өте тез жұғатыны жөніндегі танымның төмендігі, дер кезінде сақтық шараларын қолданбауы «Ухань обасының» өрттей лаулап тез өршуіне себеп болды.

Ауруды қалай тізгіндеді?

Қытайда бұл індеттің тарағанына қазір жарты жылға таяды. Дегенмен Қытай билігі бұл індеттің алдын алуда кеш қимылдаса да, керемет ұйымшылдық көрсетті. Жалпақ Қытайға жайылып кеткен індеттің 3 ай ішінде болаттай тәртіп, қатал заңның арқасында бетін қайтарды.
Індеттің Қытайда тез тарауына мына біршама түрлі жағдай себеп болды. Біріншіден, індет жайлы ақпараттың дер кезінде ашық жарияланбай, жасырылуы көп адамның індет жұқтыруына әкеп соқты. Екіншіден, Ухань қаласында карантиннің кеш жариялануы және індеттің өршіген мезгілі Қытайдың «көктем мерекесіне» тура келуі вирус жұқтырған адамдардың елдің жер-жеріне, тіпті әлемге тарап кетуіне алып келді. Үшіншіден, халық санының тығыз­дығы және тұрғындардың жеке тазалыққа көңіл бөлмеуі де індетті өршіте түсті. Төртіншіден, бұл коронавирустың жаңа түрі болғандықтан, жалпы қоғамның бұл вирус жөніндегі танымның төмендігі және ғылыми қорытындылардың жоқтығы аты жаман індетті әбден өршітіп жіберді.
Қазір Қытайда індеттің беті қайтты. Ай бойы «үй қамақта» отырған халық сыртқа шыққанда індет қайта өршуі мүмкін деген күдіктің де бұлты сейіліп келеді. Бірақ мұнда індет тарағанда шетелге қашып, оның әлемге ауа арқылы жа­йылуына мұрындық болған кейбір Қытай азаматтары енді басқа елдерде індет өршігенде қайта елге қашып, «экспорт» еткен ауруды қайта «импорттап» жатыр. Бұған өткен тәулікте Қытайда да шет елден келген 228 адамнан Covid-19 вирусы табылғаны дәлел.Қытай тәжірибесі бізге де керек

Індеттің алдын алу үшін Қытай ең әуелі халықты ерекше сақтыққа және қатаң тәртіпке шақырды. Індет тараған Ухань қаласында ғана карантин жарияланғанмен, басқа өлке, қала, аудандарда да жүріс-тұрысқа бүкілдей шектеу қойылып, індеттің алдын алуға атсалысатын адамдардан басқа бүкіл халықтың үйден шығуына тыйым салды. Індет жұқтырғандар мүлде тіркелмеген тау ішіндегі кент тұрғындарының да әрқандай себеп айтып қақпадан шығуына шектеу қойылды. Тұрғындардың сыртқа шығып кетуінің алдын алу үшін есіктерін таспен бастырып, темірмен тепсерлеп тас­таған жағдай да болды. Тәртіпке бағынбағандар қатаң жазаланып, алды сотталып кетті. Бір айдан артық барлық өндіріс ошақтары жабылып, үйде жатқан тұрғындарға үкімет белгілеген адамдар азық-түлік тасып беріп тұрды. Бүкіл халық беттұмша тағуға міндеттеліп, оны тақпай сыртқа шыққандарға қатаң ескерту жасалды, алды жазаланды. Ауруын жасырғандарды, әдейі елге жұқтырғандарды, індет жұқтырып алған соң кіммен байланыста болғанын жасырғандарды қатаң жазалау, тіпті өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылды.
Ал емдеу жағына келсек, емдеу мен оқшаулауды ұштастырып, барлық емханалар індетті емдету жұмылдырылды. Қазір Қазақстанда «Қытайда бірде-бір қазаққа індет жұқпапты, соған қарағанда, ет жеп, сорпа ішкен қазақтарға жұқпайтын секілді» деген жел сөз тарап жүр. Бұл негізсіз. Қытайдағы қазаққа қазақтың мықтылығынан жұқпай қалған жоқ, керісінше, індет қазақтар тұрған жерге ілінбей тұрып, ертерек алдын алуы және қазақтардың да тәртіпке бойұсынып, ай бойы далаға шықпай отыруы себеп болғанын білген жөн.

Әлемде әлі де өршіп тұр

Қазір індет Италия, Иран елдерінде қатты өршіп тұр. Әсіресе, Италияда жағдай өте ауыр. Өткен бір тәулікте 500 адам көз жұмған бұл елдегі өлім көрсеткіші Қытайдан асып түсіп, көз жұмғандар саны 3405 адамға жетті. Ел бойынша карантин жарияланып, қатаң режимге көшкенмен, індет жұқтырғандардың саны 40 мыңнан асып кетті. Олардың қатары күн сайын өсіп келді.
Қазір Италияда 60 миллион халық карантинде. Адамдар сыртқа шығу үшін полициядан рұқсат алуға міндетті. Рұқсатсыз көшеге шығатындарға ақшалай айып салынады немесе қамауға алынады. Италияда бұл індеттің асқынуына халықтың «бізге жұқпайды» деген бейқамдығы мен биліктің алдын алу шараларын уақытында жасамауы басты себеп болып отыр. Әсіресе, биліктің карантин жасау жоспарын күн бұрын жариялауы індеттің бүкіл Италияға жайылып кетуіне себеп болды. Мысалы, коронавирус алғаш солтүстік Италияда бастау алды да, билік солтүстік Италияны карантинге алып, Ломбардия облысын жауып тастамақ болды. Мұны естіген ломбардиялықтар апыл-ғұпыл жиналып, пойыздарға мініп, оңтүстікке қарай бет алған. Нәтижесінде қазіргідей ауыр жағдайға душар болады. Демек, Италиядағы осы жағдай мен Қытайдың Ухань қаласындағы карантин тәртібінен біз де тәлім алуымыз керек.
Иран мен Испанияда да жағдай мәз емес. Иранда 1284 адам көз жұмса, Испанияда індет жұқтыр­ған 17 мың адамның 767-сі бақилық болды. Бастапқыда бұл індет Жапония мен Оңтүстік Кореяда қатты өршіген еді, алайда бұл екі ел халқының да қатаң тәртіпке бойұсынып, саналы түрде сақтық шараларын қолдануына байланысты індеттің өршуін алғашқы адымда тежей алды. Солтүстік Америка құрлығында да жағдай оңып тұрған жоқ. Әлемді аузына қаратқан алпауыт ел АҚШ-тың өзінде соңғы дерек бойынша 13842 адам індет жұқтырып, 208 адам көз жұмса, осы елмен қанаттас жатқан Канадада 900-ге жуық адам вирус жұқтырып, 12 адам қаза тапты.

Кеселдің емі табыла ма?

Қазірге дейін індеттен 90 мыңға жуық адам емделіп шыққанмен, бұл дертке әлі вакцина жасалған жоқ. Тек осыдан үш-төрт күн бұрын АҚШ президенті Трамп АҚШ мамандарының вакцина жасап шыққанын, қатерлі індеттің өршуінің алдын алу үшін вакцинаны бірден адамға салғандығын жариялады. Алайда мамандар бәрі сәтті болған күннің өзінде бұл вакцинаны өндіріп пай­далануға кемінде 18 ай уақыт кетеді деп отыр. Бұл арада Covid-19 індетінің әлем жұртшылығының өмірі­не қатер төндіріп қана қоймай, экономикаға кері әсер етумен қатар геосаяси жағдайды да ушық­тыра түскенін айта кеткен жөн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды