«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлемді саусақ ұшымен сезінген…

0 494

Аяқ адамның пырағы болса, көз – жанның шырағы. Жалғанның жарығын, анаңның ақ жүзін ең алғаш жаныңа қуат, жүрегіңе шуақ қып түсіретін де маңдайдағы «екі жұлдыз» көздің құдіреті. Бірақ көздің қадірін көзі көретіндерден гөрі көзі көрмейтін зағиптар немесе көзі нашар көретін жандар көбірек түсінетін секілді. Ғалым Нұрлановтың әңгімесі бізге осындай ой салды.

Астана қаласы әкімдігі­нің «Орталықтандырыл­ған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың жетекшісі Ғалым Нұрлановты бұрын ешкім көп біле бермесе керек. Осыдан бір апта бұрын «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңінде жеңімпаз атан­ған оның еңбек жолының өзі – үлкен хикая.

Бала қиялы биікке ұшырды

Қазір кітапхана ісімен қа­тар, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға Брайль жүйесін, Брайльді компьютерді тегін үйрететін Ғалымның көзі он жасында сыр беріпті. Тамыр­ларына суық тиген көзіне жергілікті дәрігерлер аллергияға қарсы дәрі беріп, тіпті асқындырып жіберіпті. Осылайша қате қойылған диагноздың кесірінен көру қуаты -10-ға бір-ақ түскен ол шынысы қалың көзәйнек кисе де, таяқ тастам жерді көре алмайтын күйге кіріптар болыпты. «Басында көру қуатымның әлсіздігін өзім де сезбеппін. Тек күнге шықсам көзім жасаурап, тоқтамайтын. Менің көзімнің жақсы көрмейтінін ең алғаш ұстаздарым байқап, ата-анамды шақыртты. Тұқымымыз­да мұндай ауру болмаған соң, ата-анам бұған мүлде сенбеді. Ұстаздарым ата-­анамның көзінше тақтадағы жазуларды оқытқанда, көзім көрмей тұрса да, шешемнің жүрегі ауырмасын деп өтірік оқығаным әлі күнге дейін есімде» деп Ғалым кеңсірігі ашып отырып қалды.


Сонымен Ғалымның кө­зін Тараз қаласына апарып тексерткен ата-анасы баласының көзі тым нашар көретінін біліп, кішкентай ота жасатқанымен, оның да шипасы болмапты. Бұл Ғалымның 4-сынып оқып жүрген шағы еді. Тақ­­таны көрудегі қиындық қайта-қайта алдынан шы­ға берген соң, партасын тақ­таға тақап қойса да көре алмаған оның оқу нәтиже­сі де төмендей бастапты. «Оқуға ынтам күшті еді, бі­рақ көзімнің көрмейтіні жі­герімді құм қылды. Балалар да «төрт көз», «соқыр» деп ақымақ қылатын. Ондай кезде ешкім жоқ жерге барып, «неге бұлай болды?» деп ағыл-тегіл жылап, іштегі шерімді тарқатып қайтатын едім. Іштей таусылып, бордай үгіліп тұрсам да ата-анама көз жасымды көрсеткен емеспін» деп бір тынып алған Ғалым көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға көмек жасау бекіміне сол шақта келгенін айтты: көзінде ке­містік бар балалардың барлығында бір ортақ психикалық ерекшелік – олар кекшіл. «Неге басқалар көзі көрмейтін балаларға көмектеспейді?» деген сұрау ұдайы жанын мазалап жүреді. Тақтаны көре алмағанымда қатар отыр­ған баланың жазғанына қарасам, олардың ата-аналары «баламыздың үйренуіне кедергі жасады» деп ұстаздарыма шағымданатын. Міне, сондай кезде «кейін көзі көрмейтін балаларға тегін көмек жасаймын» деп шештім.
Арнайы медициналық жол­дамамен Тараз қаласындағы емханада емделіп жатқан Ғалым аталған қалада зағип және көзі нашар көретін балалар оқитын мектеп барын естиді. Бұл оқысам деген үміті өшіп, салы суға кетіп жүрген Ғалымға қайта үміт сыйлады. Сонымен 8-сынып оқып жүрген Ғалым Тараз қаласындағы «Болашақ» мектеп-интернатына оқуға түседі. Бұл мектеп оның бі­лім алуына, болашақ жос­парларын жасауына үлкен мүмкіндік берді. Болашақ жары, бүгінгі жұбайына да сол мектепте кездеседі.
Ғалым мектеп тауысқаннан кейін, ата-анасы Алматыға қоныс аударады. «Болашақ» мектеп-интернатын бітіргендер денсау­лығына байланысты жо­ғары оқу орнына түсу үшін арнайы тест тапсыра ал­майтын еді. Аттес­тат қана алып, Алматыға бар­ған ол әлдебір танысының көмегімен күзетші болып қызмет істепті. Бірақ кітапқұмарлық Ғалымды күзетшілік кәсіптің көлеңкесінде қалдырған жоқ. Бос уақыты бола қалса, Алматы қаласындағы рес­публикалық зағип және көру қуаты төмен азаматтарға арналған кітапханаға барып, кітап оқитын. Сонда өтілетін тегін курстардың бірін де құр жібермей қатысатын ол Брайль жазу жүйесін де осы арадан үйреніпті. «Брайльді үйреніп алған соң бала күнгі арманыма қанат бітті. Мен осы жерде қызмет істеп, үйренген білімімді басқаларға да үйретуім керек деп шешіп, тіке кітапхана жетекшісіне барып, осында жұмыс істегім келетінін, қалаған жұмыстың үдесінен шыға алатынымды айттым».
Кітапхананың сол кездегі жетекшісі Гүлбаршын Рахымбердіқызы қолында дипломы жоқ, бірақ жігерлі жігіттің бетін қақпай, жұмысқа алудың шарты ретінде жұмыспен қамту орталығы арқылы келуді айтыпты. Осылайша жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа ор­на­лас­қан Ғалым ондағы жұ­­­­мыстың ешқайсысын жа­­тырқамайтын елгезек қыз­меткер болыпты. «Мен бұл арада өз таңдауым бо­йынша Брайль жүйесі және студия бөлімінде істедім. Мені біреу жұмсаса, көмекке шақырса «мен де керекке жарайды екенмін ғой» деп қатты қуанатынмын. Кітапхана жанынан шығарылатын «РБНСГ-Вести» газетінің редакторы декретке кеткенде дизайнын да өзі жасап, журналдың 2-3 санын шығарған шағы да болыпты. «Дизайн, жур­нал шығару жұмысын бұ­рын істеп көрмеген едім. Ре­дактордың кетіп бара жатып айтқанын бекетке дейін ере барып жол-жөнекей қағазға түртіп алдым да, қалғанын жағаласып жү­ріп үйрендім» деді Ғалым.

Арманы Астанада жүзеге асты

Келісімшарттың уақыты біткеннен кейін Ғалым Астанаға келіпті. Мұнда да сүйікті ісінен алыстағысы келмеген ол Гүлбаршын Рахымбердіқызының жазып берген мінездемесін көтеріп, қазір өзі басшы боп отыр­ған кітап­ханаға барады. Елорда төріндегі бұл кітапханада да Ғалым сияқты Брайль жү­йесін білетін маман тапшы бол­ғандықтан, олар бірден жұ­мысқа алыпты. Ғалымның жоғары білім алсам де­ген арманы да осы арада орын­далып, Көкшетау қала­сындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжін «Кі­тапхана ісі» маманды­ғы бо­йынша тәмамдаса, ке­йін Ш.Уәлиханов атындағы Көк­­шетау мемлекеттік уни­верситетінде төрт жыл бі­лім алыпты.
Қазір Ғалымның басқаруындағы кітапхана өз оқырмандарына қажетті барлық жағдайды жаса­ған. Мыңнан аса оқыр­ма­ны бар. Жұмыспен қам­ту орталығы көмекке жі­бер­ген қызметкерлердің жәрдемімен қыс мезгілінде оқырмандар қажет қылған кітаптарды үйіне де жеткізіп береді. Қарттар үйі­мен де тығыз байланыста екен. Кітапханада Брайль жүйесі бойынша абонементке келтірілген бес компьютер, Брайльді принтер де дайын. Оқырмандар осы құралдар арқылы өздеріне қажет кітаптарды Брайль қарпіне ауыстырып, принтермен басып шығарып, кітаптың иісін сезіне отырып оқи алады. Сонымен қатар «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен кітапхана ішінен өлшемді дыбыс жазу студиясы ашылған.
Қазіргі уақытта зағип және көзі нашар көретін жандардың басты мәселесі – қазақ тіліндегі аудио кітаптардың жетіспеуі. Қалаған ақын-жазушылардың шығармаларының аудио нұсқасы оңай табыла бермейді. Бұрын шыққан аудио жазбалардың көбі көнеріп, сызылып кеткен. Бәрі цифрландырылған қазіргі таңда оны сөйлететін жабдық та аз. «Біздің мақсат – осы ол­қы­лықтың орнын толтыру. Қазір осы студияны пай­даланып, ескі кассетадағы кітаптарымыз­ды, диск пен флешкаға көшіріп басу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Студия ашылғаннан бері жүзден аса кітапты жаздық. Бізді авторлық құқын алу мәселесі де қинайды. Алдағы уақытта Жазушылар ода­ғының Астана қаласы филиалының басшыларымен де кездесіп, автор­лық құ­қық бойынша ке­лісімшарт­қа отырсақ деген ойдамыз. Youtube каналын да аш­пақпыз» деді Ғалым болашақ жоспарын да ауыз­ға алып.
«100 жаңа есім» жобасының салтанатты рәсімінде Ғалым Елбасына «Сіздің кітаптарыңыздың аудио және Брайль нұсқасын шығарсақ» деп өтініш жасапты. «Елбасы мақұлдады. Бұйырса, зағиптар және көзі нашар көретін азамат­тар көп ұзамай Елбасының кітаптарын тыңдап, Брайльмен оқитын болады. Қазір соның нақты жобасын жасап жатырмыз».

P.S:   Марк Твен «ХІХ ғасырда екі атақты адам бар: оның бірі – Наполеон, екіншісі – Хелен Келлер» деп бағалаған Хелен Келлер «Егер маған үш күндік жарық берсе» деген әйгілі шығармасында: «Мен оқыған кітаптар мен басқалардың маған оқып берген кітаптары менің тастай қараңғы әлемімді жарқыратқан шамшырағым іспетті. Ол мені өмір айдынында мәңгі адастыр­майтын шамшырағыма айналды» деген еді. Сол сияқ­ты Ғалым да өзінің бұлдыр әлемін нұрландырған құ­діретті күш – кітап деп бі­леді. «Білімнің нәрі сіңген кітапта бір ғажайып иіс бар. Брайльмен жазылған кітаптарды сипалап оқып отырғанда, сол иіс менің тұла бойымды балқытады. Әлемді саусақ ұшымен болса да сезіндірген тағдырыма тәубе» деді ол.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды