Әлемді өзгерткен 11 қыркүйек

0 33

Дүниені дүр сілкіндірген 11 қыркүйек оқиғасына 20 жыл толды. Осыған байланысты Қазақстан президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев twitter-дегі парақшасында АҚШ халқына сәлем жолдап, теракт құрбандарын еске алды. «Біз бүкіл әлемді дүр сілкіндірген АҚШ тарихындағы ең қаралы күндердің бірі – 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі террорлық акт құрбандарын еске аламыз. Адамзатқа қарсы жасалған осы жантүршігерлік оқиға әлемдегі миллиондаған адамдардың жадында сақталып қалды. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың терроризмге қарсы іс-қимылдарын батыл қолдайды» деп жазды Мемлекет басшы.

11 қыркүйек күні АҚШ халқы да аталған лаңкестік шабуылдың 20 жылдығын атап өтті. Еске алу шараларына АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байденмен қатар бұрынғы президенттер Барак Обама мен Билл Клинтон және 2001 жылы Нью-Йорк қаласының мэрі болған Руди Джулияни қатысты. Бірақ саясаткерлер осыған дейін қалыптасқан дәстүрді сақтап, сөз сөйлемеді. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп еске алу шарасына қатыспады. Бірақ видеоүндеу жариялап, «ебедейсіз» Байден әкімшілігін Ауғанстаннан әскер әкетуде «біліксіздік» танытты деп айыптады. Еске алу шарасынан бірнеше күн бұрын Джо Байден 11 қыркүйек лаңкестік шабуылы жөніндегі құпия құжаттарды жария етуге бұйыратын құжатқа қол қойған еді. Бұйрыққа сай бас прокуратура қай құжатты әшкерелеуге болатынын, қай құжатты әлі де құпия ұстау қажетін анықтап, алты ай ішінде жариялауы тиіс.
2001 жылы 11 қыркүйек таңертең «әл-Каидаға» қатысы бар 19 лаңкес 4 топқа бөлініп, 4 жолаушылар ұшағын барымтаға алды. Әрбір топқа бастапқы ұшу дайындығынан өткен адамдар жетекшілік етті. Лаңкестер бұл лайнерлердің екеуін Нью-Йорктегі Манхэттеннің оңтүстік бөлігінде орналасқан Дүниежүзілік сауда орталығының мұнараларына әкеп соқса, үшінші ұшақ Вашингтон маңында орналасқан Пентагон ғимаратына бағытталды. Төртінші авиалайнердің экипажы мен жолаушылары ұшақ басқаруын лаңкестерден тартып алуға әрекеттенгендіктен, ұшақ Пенсильвания штатындағы Шанксвилл қаласының маңына құлады. Шабуылдан 70 елдің 3 мыңға жуық азаматы көз жұмды. Осы күнге дейін олардың 1100 астамының аты әлі де белгісіз болып отыр. Өйткені күл- талқаны шыққан ғимараттың астында қалғандардың жеке басын анықтау, әрине, оңай емес екені түсінікті. Сол себепті медициналық сараптама жұмыстары 20 жыл бойы тоқтаған емес. Сондай-ақ Нью-Йорктің 422 мың тұрғынында жарақаттан кейінгі стрестік ауытқу белгілері байқалды. Құтқару жұмысына қатысқан өрт сөндірушілер, медициналық қызметкерлердің көпшілігі улы бу мен шаң-тозаңға тұншығу салдарынан әртүрлі ауруларға шалдықты. Олардың біразы сол оқиғадан кейін қайтыс болды.
Шабуылдан кейін АҚШ терактіні ұйымдастырған «әл-Каида» ұйымының басшысы Усама Бен Ладенді паналатып отыр деген желеумен Ауғанстанға басып кіріп, «Талибан» қозғалысын биліктен тайдырды. Соғыс 20 жылға ұласып, 11 қыркүйектегі еске алу шарасы қарсаңында ғана аяқталды. АҚШ оған 100 миллиард долларға жуық қаржы жұмсады. 2500 сарбазынан айырылды. Терактіні ұйымдастырған Бен Ладен де 2011 жылы 2 мамырда Пәкістанда атып өлтірілді. Дегенмен өмірі қарама-қайшылыққа толы осы саяси тұлға жайлы болжамдар көп. «Усама Бен Ладен АҚШ-тың әлемдегі өз империалистік саясатын іске асырудағы жасанды тұлға, яғни саяси құралы» деп санайтын сарапшылар да бар.
«әл-Каида» АҚШ пен оның экономикасына қатты соққы берді. Бірақ шабуылды ұйымдастырушылар өздері де арандалып қалды. Атап айтқанда, Бен Ладен америкалықтар кек қайтара алмайды деп ойлады. Нәтижесінде АҚШ-тың Ауғанстанға жасаған көлемді шабуылы «әл-Каида» ұйымының шат-шәлекейін шығарды. «әл-Каида»-ның басшылары мен басқа да сансыз мүшелері өлтірілді, тұтқындалды. Оның үстіне, Усама Бен Ладен Сауд Арабиясы мен АҚШ-ты араздастыру үшін ұшақтарды айдап әкетушілердің көпшілігін сауд арабиялық азаматтардан таңдады. Ол мақсаты жарым-жартылай ғана іске асты. Қазіргі таңда ресми Вашингтон мен Эр-Риядтың арасы бұрынғыдай болса да, Сауд Арабиясына қатысты АҚШ-тағы қоғамдық пікір нашарлап кетті.
11 қыркүйек оқиғасы АҚШ бастаған елдердің әлемдік терроризмге қарсы соғысының бет­ашары болды. Атап айтқанда, АҚШ конгресі 11 қыркүйек оқиғасынан соң Ақ үйге «әл-Каидаға» қарсы соғыс ашуға өкілеттілік беретін екі заң жобасын қабылдады. Бірінші заң «Әскери күштерді қолдану өкілеттілігі» деп аталады. Ол заң президентке «Террористерге қарсы барлық қажетті тиісті күштерді қолдануға», яғни қалағанын істеуге құқық береді. Екінші заң «АҚШ-тың патриоттық актісі» деп аталады. Бұл заң федералдық үкіметке «Болашақ шабуылдардың алдын алу мақсатында өз азаматтарына қарсы бақылау жүргізуге» мүмкіндік жасады. Осыдан кейін АҚШ «Терроризмге қарсы соғыс» қалпағын киіп алып, алдымен Ауғанстанға, одан соң Иракқа басып кірді. Ислам мемлекеті содырларына соққы береміз деген мақсатпен Сирия жеріне де сансыз соққылар жасады. Бұл мұсылмандар мен батыс елдері арасындағы наразылықты күшейтіп, АҚШ араб елдерінің билігіне қатер төндіретін «Араб көктемін» ашық және жасырын түрде қолдай бастады.
6 мыңнан астам АҚШ әскери қызметкері Вашингтонның терроризмге қарсы соғысында көз жұмды. 43 мың адам жараланды. Жарақат алған адамдардың көп болуы АҚШ-тың мүгедектерге арналған денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс ауыртпалық түсірді.
Одан да маңыздысы, 11 қыркүйек оқиғасы батыс қоғамының мұсылмандарға деген көзқарасын өзгертті. Дін тонын жамылған Усама Бен Ладеннің шабуылы ислам дінін бүкіл батыс қоғамына ең сұрқия дін ретінде көрсетіп, әлемде мұсылмандарға деген теріс түсінік қалыптасуына мұрындық болды. АҚШ пен Ұлыбританиядағы мұсылмандар 11 қыркүйек оқиғасынан кейін басқа жұртқа жеккөрінішті болып, айыпталып, сансыз қылмыстармен бетпе-бет келді. Көптеген мұсылман ұйымдары «әл-Каида» мен оның әрекеттерінен аулақпыз деп мәлімдесе де, батыстық қоғамдық пікір бірқатар ислам елдеріндегі анти батыстық көңіл-күй белгілеріне, әсіресе АҚШ-тың Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азиядағы әскери және саяси басқыншылық әрекеттеріне берген жауаптарына назар аударуға тырысты.
11 қыркүйек оқиғасы қауіпсіздік салаларының қырағылықты арттыруына да түрткі болды. Әуежайдағы сканерден бастап су сабыны бар шағын құты өндірушілер де бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларын қолға алды. 11 қыркүйек­ке дейін АҚШ рейстерінде қол жүктерінің тек 10 пайызын ғана «Бомба мен жарылғыш заттар жоқ па?» деп тексеретін. Шабуылдардан бес апта өткен соң АҚШ президенті Джордж Буш барлық жүкті тексеруге құқық беретін заңға қол қойды. Бұрын тек билетін көрсетіп өте бергенге үйреніп қалған АҚШ әуе компания­ларының жолаушылары енді аяқ киімі, белбеуі, су құятын құтысын тексерту үшін ұшардан бірнеше сағат бұрын әуежайға келетін болды. АҚШ билігі елге келетін рейстердің де дәл солай тексеруден өту керегін талап еткендіктен, бұл өзгерістер халықаралық авиация жүйесіне де әсер етті. Ұшақтарда да қауіпсіздіктің жаңа дәуірі басталды.
Дей тұрғанмен, 11 қыркүйек оқиғасы жөнінде әртүрлі алып-қашпа пікірлер де бар. Ол туралы сансыз сараптамалар жасалып, кинолар да түсірілді. Солардың кейбірінде «Оқиға алдын ала жоспарланып, ғимарат ішіне бомба қойылған, ұшақтың келіп соғылуы соның салдары ғана» деген тұжырым да айтылады. Мүмкін, осы күдіктің де жауабы Байден жариялауға бұйрық берген құпия құжаттардан табыла ма, кім білсін?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 13 =