Әлемді махаббат емес, мейірім құтқарады

0 248

Жақында әкесі – украин, шешесі – бурят, үш қайнаса сорпасы қосылмаса да, орысша сөйлесетін болған соң, сыртынан «орыс» деп атайтын құрбым қазақ теледидарынан көрсетіп жатқан «Кекеш келін» қалай деп аударылатынын сұрады. Апайы ұнатып көреді екен осы сериалды. Аудармасын біліп, «негізі, азиялық елдердің тұрмысында ұқсастық көп» деді. Соңғы кезде үнділердің кекеш келініне серік болсын деді ме, Ананди да қазақ көрермендеріне қайтып келген сияқты. «Келін әні» тағы басқа бір келінге арналған сериалдар толып кетті. Ананди демекші, бір келіншекті білуші едім. Осы сериал басталғанда бойжетті, Анандимен бірге тұрмысқа шығып, екі балалы болады. Сорақысы, қалада, жалғыз шешесінің (ол да сериал көргіш) тәрбиесін ғана білген, ерке өскен тікбақай қазақтар да осылай сәлем беретін шығар деп, келін болып түскен күні сәлемін салудың орнына енесінің аяғын құшқан ғой. Ананди мен оның абысындары сияқты. «Кекеш келіннің» не бүлдіріп жатқанынан хабарым жоқ, бірақ келіндер кекештене бастаса, арты бір жақсылыққа апармасы анық. Өйткені мұның бәрі екі менталитеттің симбиозы ретінде мидай қайнап, келін мен ене арасындағы стандарт сияқты қалыптасып, ұлттық сана, өзге мәдениетке иммунитеті жоқтардың дүиетанымына, өмір салтына еніп келеді. Еріксіз еніп кетеді. Өйткені «подсознание» деген ұғым бар. Адам баласы әсерленгіш. Егер ұлттық санасы жүректе бекіп, сананың астарына үңгіп кетпейінше, «сыртқы есігі» ашық болады. Мұның көрінісі тірлігімізде толып жатыр. Жарнаманың да осы құрылымға ұтымды қондырылғаны соншалық, тауарларды таңдағанда да алдымен алған ақпаратымызға, жарнамасына сенеміз.
Қарап отырсам, қазақтарда ене мен келін андай болу керек, мұндай болған, өйткен, бүйткен дегеннен басқа анық қалып, нақты негіз жоқ. Тіпті адамды емдегенде дәрігер белгілі бір қалыптасқан ережеге сүйенді. Ал адамдардың қарым-қатынасында қалыптасқан қазақы әдеп, тәрбие дейік. Алайда оның өзінің ұстындары бар ғой. Ол қандай?
Ақыл іздеп жүргенімде, жақын құрбым келін түсірді. Той өтіп, ел тарағанда су жаңа ене атанған құрбымның уайымы бөлек болды. Қалыптасқан дәстүрдің жұмыс істеуі үшін, белгілі бір қалыпты ұстануым керек деп шешкен жас ене алдымен айналасындағы өзінен бұрын келін түсірген ағайын-туыстарының отбасылық тәжірибесін зерделепті. Оның бірі шайпау болатын, түскен келінді жақтырмайды. Ашуы келгенде: «Ұлыма жиырмадағы қызды алып беремін» деп екіленетін. Сол ұл үш рет ажырасты. Жиырмадағы үш келін де бір-бір баласын құшақтап жөнімен кетті.
Бұл, әрине, бізге қол емес деп шешкен құрбым, екінші апайының тірлігіне қарайды. Үш баласының ішіндегі жалғыз ұлы үйленгенде, үлкен қызы тұрмыста, кішісі қолда болатын. Келін түскеннен соның жағына шықты. Бір жыл бойына басқаларының «аузын жауып» келіндікі дұрыс деп дес бермеді. Ал аз уақыт өтіп бойына бала біткенде басқаларының да көздері де, сөздері де үйреніп, бірқалыпқа келіп қалды. Енесінен артық ешкім жоғына жас келіннің де көңілі жетті. Көптің көзінше атын қатты дауыспен атап та шақырмаған ененің шыдамдылығына таң болған құрбым, өзінің басына түскенде оның оңай болмағанын маған сыр қылып жеткізді.
«Алдымен түсінгенім, келінім өзімнің баламдай, өзіме жат емесін сезінуі керек екен. Өзімнің келін болып түскендегі көргеніміз, жасаған тірлігіміз бүгінгі келінге жүрмейді. Заманына қарай – адамы, амалы да басқаша екен. Енелердің қателігі өздерінің жасында жадында қалған кездерін ұмытпай, сол қалпын өз келінінен көргісі келеді. Ол да дұрыс, бірақ бүгінгінің жасы оны қайдан білсін, ененің тәрбиесімен беріледі. Өткеннің жаманын жасырып, жақсысын еге білуі керек.
Отбасы мүшелері бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынасын қайта қарауы тиіс. Келін түскеннен барлығының статусы өзгереді. Бір күнде әке – ата, шешесі – ене, қайын сіңлі-іні, қайын апа болып шыға келсе, кешегі «жыламай тамағын ішпейтін» ұл – енді біреудің күйеуі.
Осылайша сыйластықтың басқаша түрі күшіне енеді. Бұрынғыша қалдыра алмайсыз. Мейірімге байланған ілтипат араға кіруі керек.
Құрбымның айтуынша, біз мысалға алып отырған ақылды ене алдымен үлкен қызының төркінін билеп-төстеген еркелігін тиыпты. Теріс өнегесі болар деп ойлаған шығар, алайда келініне оңашада: «балаларының басынан сипай сал, қолдарына кәмпит ұстата сал, анда-санда келгенде қабағыңды шытпа, сыртта жүрген қыз ғой» деп жауапкершілікті өзіне итеріпті. Кіші қыздың да бұрынғы мінезі сап басылған. Мұның бәрі жас келін үйренісіп, олардың мінез-құлқын танып, сол қалпында қабылдай білуге жеткенге дейін қажет. «Ол да өзіңдей жат жұрттық қой. Жеңгесі қандай деп сөз өзіңе келеді» деп қайын сіңлісінің құрметін арттырды.
Бауырының апталдай азамат болып, отау құрғаны да – жауапкершілікке бастайды, енді оның еркелігін есіне түсірмей бұрынғы қылығын бетіне басып келіншегінің алдында беделін түсірмеу де ақылды іс. Оны да туыстарына оңашада ескертіпті. Бүгінгі күннің зауалы қолтелефонға үңіліп, тым көп сөйлесіп, уақытыңды бос жіберме, әр нәрсені айтып, басқаға жария ете берме дегендей жанашыр «нұсқау» айтылып, ақырын жеткізіп отырған. Осылайша көз алдымызда жаңа отбасылық қарым-қатынастар қалыптасып, жаңа отаудың іргесі мықты болып қаланғанына куә болдық.
Көп жағдайда, алғашқы жылы бар назарымыз жаңа түскен келінге ауып, шамадан тыс талап қойып, көп нәрсе күтетініміз жасырын емес. Сол үдеден шықпай қалса, көңіліміз қалады, тіліміз шығады, келіннің де беті ашылады.
Құрбымның ойын құптаймын. Айтқандай, арада біраз уақыт өткен соң, құдағиы «келініңізге разысыз ба?» деп хабарласыпты. Разы болмағанда ше?! Дүниенің кілті – мейірімде. Әрі қос құдағидың сыйластығы артып, о басынан береке болған жерде жастардың бақыты да баянды болмақ. Құндылығымыз берік болса, басқаның өнегесіне үңіліп, жақсылықты басқадан іздемейміз. Ол болмаған жерде кекеш келіндер мен өзгенің келіні салған ән қызықты көрінеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 13 =