©2020 Астана Ақшамы
…ӘЛЕМДІ КЕМЕМЕН АРАЛАЙМЫН
Қазақ елінің көк туын Солтүстік полюс пен Оңтүстік полюске тұңғыш қадаған қазақ азаматы кешегі жылғы Астана тойына «Тілеп-қобыз» сарайын тарту еткен. Енді сарайдың ішін күмбірлеген күй мен әсем әнге толтырды. Ақпанның екісінде «Көк түркілер» ансамбльі мен «Қобыз» квартеті «Мәңгілік сарын» атты концерт қоймақ. Музыкалық кештің ерекшелігі сол – мұнда өнерсүйер қауым алтыншы ғасырдағы қыпшақ домбырасының, Әл-Фарабидің қолымен жасалған әл-канунның және Тілептің екі ғасырдан аса тарихы бар нарқобызының үнін ести алады. «Бұрынғы кештерден өзгерек» кештің алдында газет тілшісі Сапар Ысқақовпен әңгімелескен еді…
Астанадағы алғашқы элиталық үй
– Сапар Ысқақұлы, өз ұлтыңыздың атын Антарктида мен Арктикаға айшықтаған қазақсыз. Сондықтан, ғұмыр жолыңыз бәріне қызық. Кешегіңізге бір ауық үңілелікші.
– …Қарағандыда политехникалық институт деген болды. Жалғыз оқу орны-тұғын сондағы. Біз оқыған кезде онда жеті-сегіз факультет бар еді. Соның ішіндегі ең маңыздысы – құрылыс. Мен 1959 жылы түсіп, 1965-те бітіріп шықтым. Еңбек жолым үй құрылысы комбинатынан басталды. Сосын еліме – Арқалыққа оралдым. Тәуелсіздігімізді алғанша құрылыстың әр саласында болдым. Зауыттарда, фабрикаларда… Тоқырау жылдар басталды ғой. Құрылыс мамандығы Арқалыққа керек болмай қалды. Сол кездері Зайсанда зілзала болып, шығысқа жол салдым. Жер сілкінуден зардап шеккен үйлерді қайта тұрғызуға қатыстым…
Астана Арқаға көшісімен, бар аңсарым да осында ауды. Көзімді ашқаннан құрылыста емеспін бе?! Елорданың осы саласының дамуы-на барымды салғым келді. Содан бері бас қаланың құрылысында қолтаңбам қалды, маңдай терім сіңді.
Астанадағы алғашқы элиталық үйді сегіз айда тұрғыздық. Сарыарқа мен Бигелдинов көшелерінің қиылысындағы елу төрт пәтерлі тоғыз қабатты ғимарат. Ол кезде Казакова деп аталған әлгі көше. 1998 жылы ондай үй жоқ еді. Ол үйге ылғи депутаттар, министрлер қоныстанды. Сол кездегі Премьер-министр Нұрлан Балғымбаев кірді. Ол үйді салуды менің құрылыс компаниям тендерден ұтып алған еді. Содан кейін Қабанбай көшесіндегі №17 гимназияның жанында отыз алты пәтерлік «Ақорда» деген үйді салдық. Бес қабатты. Ақбұлақ шағын ауданында үш үй тұрғыздық. Уәлиханов пен Абай көшесінің қиылысындағы алты қабатты үй, бір мейрамхана біздің қолдан өтті. Ұзын саны он шақты тұрғын үй мен бірқатар кеңселік ғимарат тұрғыздық.
– Өнерге, мәдениетке демеушілігіңізді, қолдауыңызды құлағымыз жиі шалады. Әсіресе, жетім балаларға баспана жағынан жасаған қамқорлығыңыз көптің ризалығын тудырды. Төл дініміз біреудің әжетіне жараған жақсылығыңды жария етпеуді бұйырады. Десе де, қамкөңіл жеткіншектерімізді қалай қуантқаныңызды әңгімелеп берсеңіз.
– Бірде КТК телеарнасынан бір бағдарламаны байқап қалдым. Зер салып көрсем, тілші «қазақтың балалары Америкаға, Голландияға, басқа да алыс-жақын шет елдерге сатылуда» деп, дабыл қаққандай шырылдап жатыр. Қаным қайнап кетті. «Сонда біз кім болғанымыз? Болашағымызды шет елге ақшаға сатып жатсақ… Құлдыққа түскеніміз бе?» деп ойладым. Ол кезде қала әкімнің орынбасары Төлеген Мұхамеджанов еді. Салып ұрып бардым да, бір отбасылық жетім балаларды асырап алатынымды айттым. Ол мені қолдады. Сосын құзырлы орындарға барып ниетімді танытсам, «пәлен құжат керек, түген құжат керек, анда бар, мұнда бар» деп, миымды ашытты. Көңілім пәсейіп, ренжідім де, кетіп қалдым.
Көп ұзамай бір кісілерден Астанадан шеткерірек жетім балалардың ауылы барын естідім. «SOS Киндердорф» қалашығы» деп аталады екен. Директоры менің ұсынысыма қатты қуанды. «Өзге елдің азаматтары бізге он екі үй салып берді, бірақ, келіп жатқан балалар көп, сыйдыра алмай жатырмыз» деді ол. Үйлерді аралап көрдім. Расында, бәрін шет елдің азаматтары салған. Австрия, Швейцария, Германия мемлекеттерінің атымтай жомарттарының айдаладағы біздің қарадомалақтарға қайырымдылығы… Қатты намыстандым.
«SOS Киндердорф» деген – халықаралық қор ғой. Әлемнің қолы ашық азаматтарынан түскен ақшаға әр елдің жетімдеріне арнап үй тұрғызады екен. Қордың Қазақстандағы төрайымы – Сара Алпысқызы. Аралап жүргенде көрдім, германиялық бір азамат таза өз қаражатына бір үй тұрғызып беріпті. Маған «Шетелдің азаматтары біздің жетімдерімізді аяп үй салып жатыр. Неге біз өз азаматтығымызды көрсетпейміз осындайда?» деген ой келді. Сөйттім де бір үй салып бердім. Директоры тағы бір үй салып беруімді өтінді. Жерге тастай алмадым. Екінші үйді салып бердім. Екі үйге екі отбасын кіргіздік. Сегіз баладан, он алты баланың екі анасы бар. Барлық шығыстарын қалтамнан көтермекке бір үйді толық өз құзыретіме алдым. Бес жыл бойы қолымнан келген көмегімді аямадым. Тамағы, киімі, оқу құралдары менің мойнымда болды. Енді ол балалар өсті, жетілді, үй болды. Олардың орнына басқа балалар келді. «Әке, ата» деп шақырып, сыйлап тұрады. Лагерьлерге жолдама алып беріп, сый-сияпаттарымды әлі жалғастырып тұрамын. Алайда, бұл бастама жалғасусыз қалды.
«Тілептің атын тірілтсем деп ем…»
– Сапар Ысқақұлы, ендігі әңгімені Тілеп қобызшыға бұрсақ. Тілепті он сегізінші ғасырда бақсы болған, қобызшы болған дегенді әр жерден естіп қалмасақ, нақты деректерді жұрт біле бермейді. Алайда, ақын Несіпбек Айтұлының «Тілеп – Сарықыз» поэмасының негізінде Алмас Серкебаев жазған балет қойылымы біраз жайтты аңғартады… Сол Тілепті сіздің бабаңыз деп білеміз.
– Қазақтың тарихында қобызшылар көп болған. Бірақ, олардың артынан қалған мұра өте аз. Өйткені, ол кезде нота, жазу, сызу болған жоқ. Ауыз әдебиетіміз бай болғанымен, музыкамыз заман тезінен мүжіліп, көпшілігі ұмытылып қалған. Әсіресе, қобызшылардың құнды дүниелерін бүгінгі буын білмейді. Мәселен, Қорқытты біреу алтыншы, біреулер жетінші ғасырда жасаған дейді. Қорқыттан Тілепке келейік, ол он сегізінші ғасырда өмір сүрген. Қазір екі жүз алпыс жыл болды туғанына. Беріректе өмір сүргенімен, оның да туындылары жоқтың қасы. Осындағы Қазақ ұлттық өнер университетіндегі қобызшы Әлқуат Қазақбаев бастаған зерттеуші мамандарынан Тілепті зерттеуін сұрандым. Олар Торғайға барып, біраз жұмыс жасады. Аз-мұз деректер тапты, оны өңдеді. Содан үш күйін жаңғыртқандай болдық. Бірақ, Тілептен қалған өлең-жырлары уақыттың қатпарында қалып, ұмыт болған.
Енді Тілеп сияқты қанша қобызшы беймәлім қалпында. Қыпшақтардың арасындағы қобызшылар ше?.. Тарихқа үңілсек, Қорқыт пен Тілептің ортасында Қойлыбай деген бақсы болған. Аңызға сүйенсек, Қойлыбайды да, оның қызы, Тілептің сүйіктісі Сарықызды да ел бақсылығы үшін жазым қылыпты. Қойлыбайды да зерттеу-ге әлгі мамандарды Жезқазғанға жібердім. Дәнеңе таба алмай келді. Өйткені, кеңес өкіметі қобызды тұншықтырды ғой, «ескінің сарқыншағы» деді, басқа деді, сосын біздің қобызшыларымыздың есімі де, мұрасы да сонша жылда-ақ санамыздан ысырылып бітті.
Тілептен кейін Ықылас келеді. Бүгінде қобызшылар көп қой. Бірақ, менің білетінім, үш қобызшы – Қорқыт, Тілеп, Ықылас. Ықыластан мұра жетерлік. Берідегі он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген ғой, тіпті, жиырмаға дейін келеді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назар-баев келіп, салтанатты жағдайда ашқан «Тілеп-қобыз» сарайын тұрғызуға не түрткі болды?
– Бүгінде Тілептен қалған «Толғау», «Алламжар» және «Бақсы» күйлері кең тарады. Соңғысы «Мәңгілік сарын» атты алтын қорға енген. Мен Тілептің бесінші ұрпағымын. Тектен тартылса керек, қобызда ойнамағыныммен, жалпы, музыканы жаным сүйеді, түсінем. Тілептің атын тірілтсем деп, біршама игі істер атқардым. Мәселен, 2005 жылы қазақтың әндерінен халықаралық байқау ұйымдастырдым. Оған Төлеген Мұхамеджанов қолғабыс етті. Алпыс елдің өнерпаздары қатысты. Бұл шара үш жыл қайталанды. Қазылар алқасының төрағасы Ақселеу Сейдімбек болды. Сол Ахаң марқұм бірде маған: «Сапар, сен неге қобыздың мерейі үшін үлкен концерттік зал салмайсың? Карнеги, Принц Альберт секілді атың қалады ғой» деді. Нью-Йорктегі «Карнеги-холлды» меңзегені ғой. Карнеги – сол сарайды салдырған кісінің есімі. Ал, Лондонда «Роял Альберт-холл» деген бар. Альберт – королева Викторияның күйеуі. Қырық екі жасында қайтқан. Виктория сексен екі жасқа дейін өмір сүрген. Сонда қырық жыл қаралы киіммен жүрген ғой. Күйеуі өліп, қырық жыл қаралы киімін тастамаған әйел бар ма бүгін?..
Принц Альберт меценаттардың қаражатына сарайды өзі бастап салдырған екен. Сегіз мың адам еркін сиятын Еуропадағы, тіпті, әлемдегі ең үлкен концерттік зал. Сонда концертте отырғанымда байқадым, партердің тең жартысы бос. Далада билет таппай жүрген жұрт сабылысып жүр. Сөйтсем, сарайды салуға қаржы қосқан азаматтардың орны екен. Ол орындарға билет ешқашан сатылмайды. Тек соларға тиесілі…
Айтайын дегенім, мен тұрғызған концерт сарайына «Сапар» емес, «Тілеп-қобыз» деп айдар тақтым. Маған еш атақтың керегі жоқ. Тек қобыздың аты қалса, Тілептің аты қалса болғаны.
«Қобызды Еуропаның көгінде күңіренттім»
– Карнеги, Альберт дегеніңізден есіме түсіп отыр, бірнеше жыл бұрын Еуропаның төріне қазақтың ұлттық аспаптарын ойнатқаныңызды ел аңыз қылып айтады…
– Әлгі «Роял Альберт-холлдың» сахнасына ғой, қобызды ең алғаш шығардым. Сонда залда отырған жергілікті қандастарымыз «Біздің қара қобызымыз бен домбырамыз Еуропаның да төріне шығатын күн туыпты ғой» деп жылапты. Бұл – тарихта тұңғыш болған уақиға. «Роял Альберт-холлдың» төрінде қобыздың күңіренуі деген жүрегі қазақ деп соққан қай-қайсымыздың да мақтанышымызды тудырады. Оркестрдің бірінші қатарында қобыз, жетіген, домбыра, сазсырнай ойнады. Одан кейін Лондон симфониялық оркестрінің әртістері мен қазақ симфониялық оркестрінің ұжымы өнер көрсетті. Қазақстандық әртістерді бастап барған – белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев. Оның артында Финляндияның хоры шырқады. Қазақ елінен де тыңдармандар болды. Бұрынғы мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов болды. Ол скрипакада ойнаймын деп, біз жібермей, қызық болғаны бар…
– Айтқандай, Тілептің атындағы қор да іргелі істерге демеуші болды емес пе?..
– Тілептің атында қор бар, екінші ақпанда өнер көрсететін қобыз квартеті бар. Қор мәдениетімізді көтеруде біршама жұмыстар атқарды. Лондонда үш концерт қойылды осы қордың қолдауымен. Оған қазақтың жиырма бір ұлттық аспабын алып бардық. Ағылшынның белгілі композиторы Карл Дженкинске музыка жаздырдық. Өйткені, қазақтың әуенін сол қалпында алып барсақ, шетелдіктер оны қабылдай алмауы мүмкін. Карл біздің туындыларды еуропалық стильге жақындатып жазды. Концерттің миллионнан аса таралыммен дискісі шықты. Ол дүние жүзіне сатылды. Бірақ, Карл Дженкинс ол дискіні Ресей мен Қазақстанға саттырмады ғой. Өйткені, бағасы тым қымбат. Ешкім алмайды. Сосын қарақшылық жолмен тарап кетуі әбден мүмкін. Дискіні басқан SONY BNG компаниясы маған алтын диск әкеліп берді. Алтын дискіні Қазақстаннан үш-ақ адам алдық: Президент Нұрсұлтан Назарбаев, мен және Марат Бисенғалиев.
Әлгі, қазақтарды келемеждеп, «Борат» деген кино түсірген Саша Барон Коэн деген сайқымазақтың ағасын тауып алып, қазақтың музыкасын жаздырдым мен. Ол топтаманы «Зере» деп атадым. Зере деген Абайдың әжесі ғой. Сол «Зере» деген атпен Лондонда екінші концертті қойдым.
Қордың ұйымдастыруымен осы Астанада, Алматыда, түу Токиода бір концерт қойдық. Жапондар біздің өнерімізге басын иді ғой сонда. Сосын «Тілеп» қобыз квартетін Австралияның Сиднейіне жібердім. Испанияға жібердім, Мадрид, Барселонада болды.
– Бізді «Тілеп-қобыз» сарайындағы «Көк түркілер» ансамблінің аты да, аспаптары да қызықтырды…
– Иә, осы жерде бір нәрсені айта кетейін, жұртшылық «Тілеп-қобыз» сарайындағы мейрамхана, қонақ үй және бизнес орталығынан шошымауы керек. Өйткені, олар ортадағы концерттік залға қызмет етеді, қолдайды, қоштайды. Қазіргі жағдайда концерттік зал өзін-өзі алып шыға алмайды. Концерттік зал болған соң, ол бос болмауы керек қой. Сосын ансамбль құрдым. Он екі адамнан тұратын «Көк түркілер» деген. Себебі, әу бастағы тамырымыз түркілерден тарайды ғой. Түркілердің түп мекені Моңғолияның Алтай аймағы. Алтыншы ғасырда «көк түркілер» деп аталған. Ал, бұл ансамбль ұлттық өнерімізді насихаттайды.
Музыкалық аспаптарымызға келсек, алтыншы ғасырдағы қыпшақ домбырасының көшірмесі бар бізде. Әл-Фарабидің қолымен жасалған әл-канунның көшірмесі бар. Бұл аспап арабтың ұлттық аспабына айналып кеткені қашан. Түп төркіні біздікі екені ақиқат. Сонымен қатар, Тілептің қобызы бар.
Құрылғанымызға екі ай толған жоқ. Десе де, екі концерт беріп үлгердік. Енді екінші ақпанда үлкен бір концертке дайындалуда ансамбль. Айта кетерлігі, Алматыдан «Ер Тұран» ансамблін шақырдым. Құрманғазы консерваториясының түлектері. Өте талантты жігіттерден жасақталған.
Петербордан басталған сапар…
– Әлемді аралауға қалай аңсарыңыз ауды? Ең алғашқы сапарыңыз қай елден басталды?
– Қарағандыдағы политехникалық институтта оқып жүргенімде неміс ұлтынан Александр Мель есімді мұғаліміміз болды. Сондай талантты, дарынды, сауатты архитектор еді. Сол бізге дүниежүзінің «жеті кереметі» туралы қызықтырып әңгімелер айтатын. Соны көрсек, барсақ деп армандадық біз.
…Менің алғашқы сапарым Ленинградтан басталды. Қазіргі Санкт-Петербург. 1962 жылы, студент кезім. Көргім келіп, арнайы бардым. Өзі сондай сұлу қала. Дүние жүзінде мұндай қалалар аз. Қаланың сұлулығын Парижбен, Венамен салыстыруға болады. Көбісі ІІ Екатеринаның тұсында салынған тарихи ғимараттар. Алтын да, күміс те бар сарайларының бедерінде. Италиядан, Германиядан білікті деген сәулетшілерді жұмылдырған. Бұл қаланы салуға өте көп ақша жұмсалғаны көрініп тұр. Бірақ, сол тұста Ресейдің басқа өңіріндегі халық өте кедей тұрыпты. Осы сапарымнан кейін, 1971 жылы Египетке жолым түсті. Онда да тұнған тарих. Күллі тарихтың бастауы деуге лайық. Гректер әлемдегі жеті кереметтің біріне ие ғой. Ол – пирамида. Ал, басқа ғимараттарының бәрін сегізінші керемет деуге лайық. Египетке бұдан кейін екі-үш рет бардым. Түгел араладым десем де болады. Біздің дәуірімізге дейін екі жарым мың, төрт мың жылды қамтыған жәдігерлері қызықтырмай қоймайды. Малиде Томбукту деген қала бар. «Томбуктуды көрмеген – Африканы көрмегені» деген мәтел бар.
Түйгенім, әр елдің мақтанары, айтары, берері бар. Мәселен, Америкаға барсаңыз, Мексиканың жері қызықтырады. Онда Майя тайпасы тұрған. Тілдері де, өңдері де бізге жақындайды. Әуелде, төрт мың жыл бұрын Алтайдан көшкен халық қой. Перу!.. Онда Инктер тұрған. Инктер империясы. Олар да түрлері, мәдениеті жағынан бізге аздап тартады. Бірақ, майялар бізге жақындау. Осы екі мекенде өте көп тарихи жәдігерлер, ғимараттар қалған. Перуде Мачу-Пикчу деген таудың үстінде қала бар. Әлемдегі барлық саяхатшылардың арманы. Мачу-Пикчуды көрген адам жиһангез болып саналады, ал көрмегендер қанша елді араласа да, жай ғана туристер санатында.
…Осы уақытқа дейін жүзден аса елге табаным тиді. Оның ішінде мақтанып айтарым, Оңтүстік полюске барып, Қазақстанның туын тіктім. Сосын Солтүстік полюске барып Қазақстанның туын, Астананың туын қатар қададым.
Әр мамандықтың шегі болады ғой. Мәселен, қаламгер өмірінде көкейіндегісін толық жазып кетсем дейді. Альпинистердің бас мұраты – әлемдегі ең биік таудың шыңын бағындыру. Сегіз мың шақырымдық он төрт биік тау бар. Оның сегізі мына Гималайда. Альпинистер соның он екі, он төртінің шыңына көтерілсе, нағыз альпинист. Кез келген спортшы Олимпиада немесе әлем чемпионы болғысы келеді. Сол сияқты жиһангез де Оңтүстік полюс пен Солтүстік полюстің арасын жалғаса, өз биігіне шыққаны. Мен ұшақпен дүниежүзін аралап шықтым. Ендігі мақсатым – әлемді кемемен кезу.
– Жиһангез өмірінде қауіп пен қатерге де жиі тап болып жатады. Сіз де ұзақ сапар кезінде қиындықтарға кездеспей қоймаған боларсыз?
– Әрине, қызығы да, машақаты да аз болмайды ғой. Мәселен, космостың басталатын жері, жиырма екі шақырым аспан төріне – стратосфераға көтерілдім. Отыз метр теңіз тереңінде болдым. Бұлар қорқынышсыз болған жоқ. Оңтүстік полюстегі сапарымыз он алты күнде біту керек еді. Біз жиырма төрт күн жатып қалдық. Астымызда үш шақырым мұз. Кәдуілгі шатырдың ішіндеміз. Сырттағы ауаның температурасы отыз жеті, қырық градус төмен. Ішінде он жеті, жиырма градус минус. Онда тек желтоқсан айында ғана баруға болады. Сол отыз күннің ішінде дүние жүзінде елу-ақ адамға баруға рұқсат. Соның ішіне ендік қой. Уақыттың күн, түн екенін сағатқа қарап қана білеміз. Өйткені, үнемі жарық.
Меніңше, айтар едім, адамның бәрі бірдей. Тек ұлты, тілі, діні бөлек, мәдениеті бөлек. Бірақ, ойы, ісі бірдей. Жер деген планета ғой. Яғни, бір үй. Бір үйдің ішінде елу-алпыс адам тұрамыз. Шартты түрде. Ал, олардың арасында қамал тұрғызып қойсақ, не болды? Мысалы, Антарктида – ешқандай елдің меншігінде емес. Антарктида – бәріміздің жеріміз. Ешкім оған иелік жасай алмайды. Онда адамға еш құжаттың, кедендік бақылаудың керегі жоқ, бәрі тең құқылы. Бәріміздің бас сұққанымыз бір шатыр. Жиырма төрт күн бойы он алты елдің өкілі тұрдық. Қырық-елу адамдаймыз. Он адам ғана полюсқа барды, қалғаны басқа жаққа…
Артық қадам жасай алмайсың онда. Бір шақырым ұзасаңыз, сізді ешкім таба алмайды. Айналаның бәрі көбік секілді аппақ болып кетеді. Аспан да, жер де, ауа да аппақ сүттей. Үш метр қашықтағы сұлба көрінбейді. Қажетті жерлерге баратын жолдарға жалаушалар қойылған. Содан ұзамаймыз. Ешкім ешқайда кете алмайды. Байланған бұзау сияқты отырамыз. Екі мың шаршы шақырымға дейін тірі жан жоқ. Тек рациямен ғана сөйлесеміз…
«Жиырма бірінші ғасырда соғысу – ұят»
– Сапар Ысқақұлы, әлемнің жүзден аса еліне сапарладыңыз. Мәдениетімен, дәстүрімен, тіршілігімен таныстыңыз. Сонда не түйдіңіз?..
– Бір планетаның тұрғындары бір үйдің баласындай тату болу керек. Соғыспай, қырғи қабақтаспай, бірлікте ғұмыр кешкені жақсы. Шекара, паспорт деген болмағаны дұрыс. Меніңше, түбі бәріміз бір ғана тілде сөйлесуіміз керек. Ол қытайдың тілі ме, ағылшынның тілі ме, қазақтың тілі ме… – бәрібір. Бір-ақ валюта айналымға енсін. Тарих та қатар қатталғаны жөн. Бірақ, әр ұлт өз дәстүрін, мәдениетін, тілін сақтасын. Америкаға тұрғың келе ме, тұр. Германияда тұрғың келе ме, тұр. Немістер Қазақстанда тұрғысы келе ме, тұрсын. Міне, түбі, бәлкім екі жүз, үш жүз жылдан кейін осылай болады. Глобализация, әлемдік глобализация бұл.
Мәселен, біз осыдан елу жыл бұрын өзге елмен араластық па? Жоқ. Қазір ше? Біреу Лондонда, біреу Бейжіңде, біреу АҚШ-та оқып жатыр. Қазір дін жолында бірімен бірі қырылып, соғысып жатыр. Бұрынырақта бір-біріміздің жерімізді тартып алып, түсініспеушілікпен соғыстық. Ал, жиырма бірінші ғасырда соғысу – ұят. Біздің ғылымымыз, біліміміз сондай жоғары. Сөйтіп отырып, соғысамыз. Білімсіз, ұлтсыз, цивилизация-дан жұрдай адамдар соғысады. Арабтарды айтайын, бәрі жабылып Меккеге барады, үйлеріне келіп, бір-бірінің мешітін жарады…
– Өзге елге қыдырыстап қайтқандар «туған жерге жетпейді екен, топырағымды сағындым» деп, ағынан жарылады. Сіз не дейсіз?
– Қазақстанның Жететін жерлер бар кереметтеріне. Бір-екі жыл тұрып, көріп қайтатын елдер көп-ақ. Бірақ, өзге елде қалып қоймас едім. Мысалы, мен Парижде тұрғым келеді. Екі-үш жыл ғана. Мәдениетін, тілін, дәстүрін үйрену үшін. Жапония да қызықтырады мені. Бірақ, өзге елде тұрақтап қалу мүмкін емес. Өйткені, біз туған жерімізге әбден үйренгенбіз ғой. Мүмкін, бұл да қалар жүз жылдан кейін.
– Сапарларыңыз кезінде Қазақстанды, қазақ ұлтын білмейтіндер көп шығар?..
– Көп. Қазақты көп мемлекеттің тұрғындары білмейді. Бірақ, білдіреміз. Әсіресе, Америка елдері мүлде білмейді. Еуропа аумағы аз-маз біледі. Неге білмейді? Өйткені, олардың білімі төмен. Африкадағы елдер білмейді, сауаттары жоқ. Ал, біздің қазақтар сауатты. Енді ауылдағы шалдар Боливия деген елді білмеуі мүмкін. Қазақстанды білмейтін шетелдіктер сол қарт сияқты ғой.
Мен қайда сапар шексем де, туымызды алып жүрем. Үлкен емес, қолға ұстауға ыңғайлы кішкенесін. Барған жұртым естелікке алып қалып жатады оны.
– Ал, сіз не нәрсе алып қайтасыз?
– Менің жинайтыным ылғи музыкалық аспаптар еді. Енді тарихи жәдігерлерді жинауды бастадым. Әзірге қолымдағы құнды дүнием – алтыншы-жетінші ғасырлардағы қыпшақтың қанжары. Моңғолиядан әкелдім.
– Әңгімеңізге рахмет, аға! Сапарыңыз үзілмесін!
Асхат РАЙҚҰЛ