Әлемді алаңдатқан жұқпалы дерт

0 110

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері Азияда анықталған коронавирустың жаңа түрінен алаңдап отыр. Өткен жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухан қаласынан байқалған бұл індет барған сайын үдеп келеді. Атап айтқанда, қазірге дейін 3 адам өліп, 200-ден аса адам емханаға түсті. Науқастармен жақын араласқан 1000-ға жуық адамды дәрігерлер бақылауға алды. Ухан қалалық денсаулық сақтау мекемесі тек соңғы 2 күннің (18, 19 қаңтар күндері) өзінде 138 адам­ның ауру жұқтырғанын, 1 адам көз жұмып, 36 адамның ауыр халде жатқанын мәлімдеді. Қытай астанасы Бейжіңде де 2 адамның осы кеселді жұқтырғаны анықталды.

 Бастапқыда Уханьдағы теңіз өнімдерін сататын базардағы адамдардан бай­қалған бұл жұқпалы дерт Қытайда 2003 жылы таралған SARS індеті болуы мүмкін деген күдік болған еді. Алайда Қытай дәрі­гер­­лері жұқпалы дерттің вирусына лабораториялық зерттеу жүргізгеннен кейін, мұның SARS індеті емес, коронавирустың жаңа түрі екенін, бірақ оның неден таралатынын анықтай алмай жатқанын мәлімдеді.
Қазірше «коронавирустың жаңа түрі» деп аталған бұл сырқаттың басты белгісі адамның дене температурасы жоғарылап, тыныс алуы қиындап, өмірге қатер төндіреді. 2003 жылы Қытайда SARS деп аталатын коронавирус таралып, 800-ге жуық адам көз жұмған болатын. Бірақ ол кезде Қытай билігі ауру таралғанын көпке де­йін жасырып келгендіктен, қауіпті дерт тез өршіп, әлемнің 30-дан аса еліне таралған еді. Ұлыбританияның жұқ­палы ауруларды зерттеу­мен айналысатын MRC Centre for Global Infectious Disease Analysis орталығы Қытай бұл жолы да жұқпалы індеттің нақты жағдайын жасырып отырғандығын, шын мәнінде қатерлі дертпен жұқтырғандардың саны неше мыңнан асқанын мә­лімдеді. Осыдан кейін Дүние­жүзілік денсау­лық сақтау ұйымы Қытай билі­гінен
Ухань қаласында тар­алған вирусқа қатысты зерт­теу­лердің қалай жүріп жатқаны және қандай шаралар қабыл­данғаны жа­йында ашық ақ­парат беруді талап етті.
Қытай дәрігерлері аталған вирус адамнан адамға жұқ­пайды деп сендірген еді. Бірақ қазіргі жағдай мүлде өзгеше болып отыр. Себебі соңғы екі күнде аталған вируспен жұқтырғандар теңіз өнімдерін сататын «хуа­нән» базарына бармаған, тіпті олар өздерінің қалай жұқтыр­ғанын біл­мейтін болып шықты. Нақты жағдайды білетіндер әлеуметтік желіде жазба қалдырып, қазір Ухань қаласындағы емханаларға адам сыймай, көбі емхананың дәлізінде жатқанын, ал Қытай билігі болса, істің шын сырын жасырып отыр­ғанын айтуда. Оның үстіне, Қытайдың аталған вирусты жұқтырған нау­қастарды емдеу қызметкерлері неше қабат киім киіп, тұмшаланып жүргені де шетел мамандарының күмәнін қозғап отыр. Алайда Қытай билігі бұл сырқаттың адам­нан адам­ға жұғатыны жайлы әлі ресми ақпарат таратқан жоқ. Сонымен ко­­­­ро­навирус­тың қатерінен қауіп­тенген елдер шекаралық бақылауды күшейтіп, қы­тайлық жолаушылардың денсаулығын қатаң қадағалай бастады. Ендеше, коронавирус деген не?
Коронавирус – құрамында РНҚ-лы бар вирустар тұ­­қымдасына жатады. Мамандардың айтуынша, 4 ан­тигендік топтан тұратын бұл індеттің 40-қа жуық түрі бар көрінеді. Оның зияны адамдарға, иттер мен мысықтарға, сонымен қатар ірі қара мал, доңыз бен құстарға тиеді. Инфекция тыныс алу жолдарын, жүйке жүйесі мен асқазан-­ішек жолдарын да зақымдайды. Ухань қаласында ауру тарқалғаннан кейін Гангонк билігі Уханьға барып келген 4 адамнан жұқпалы аурудың белгісі байқалғанын жарияласа, ал қазір бұл дерт Оңтүстік Корея, Сингапур мен Таи­ланд тұрғындарынан да анықталған. 17 қаңтар күні Жапония мен Вьетнам да 3 адамның коронавирус­тың жаңа түрін жұқтырғанын мәлімдеді.
Іргеміздегі елде тарқалған бұл індетке әсте бей-жай қаруға болмайтынын байқаған еліміз де шекарада бақылау шараларын күшейтті. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті. Атап айтқанда, халықаралық Әуежайлардағы санитарлық бақылау пункті жолаушылардың дене қызуын тепловизор арқылы тексеріп, сақтық шараларын күшейтті. Сондай-ақ коронавирус инфекциясы тіркелген қолайсыз эпидемиологиялық жағдайы бар елдерге баратын азаматтар аурудың алдын алу шараларын қолдануы қажеттігін айтып ескерту де жасады. Бірақ қарапайым халық бұл сырқаттан әлі бейхабар болғандықтан, көбі бейғам жүр. Сондықтан әрбір адам тазалыққа көңіл бөлып, тымау тигізіп алудан сақтанумен қатар, жоғарда айтылған вирус тарқалған елдерге саяхаттап баруды да әзірше доғара тұрған абызал секілді.
Бұл жұқпалы аурудың ең үлкен қаупі – алғашқы белгілері тұмауға да ұқсайды. Жөтеледі, дене температурасы жоғарылайды, бара-бара тыныс алу қиындайды. Оның үстіне, бұл вирус Қы­тайдағы ең үлкен мереке кезінде таралғандықтан, жұқ­тырғандар саны үз­діксіз артуы мүмкін. Қытайда 24 қаңтардан бастап «көктем мерекесі» деп аталатын қы­тайлықтардың ең үлкен ме­­рекесі басталады. Бұл ме­­рекені қытайлар ата-ана­сы­­мен бірге, туыс-туғандар бір араға жиналып өткі­зуді әдетке айналдырғандықтан, әр жылы осы мереке кезінде Қытай елінің ішінде 300 миллион адам әрі-бері жү­реді. Денсаулық сақтау ма­ман­­дары бұл жағдай жаңа вирус­тың тіпті де кең таралуына түрткі болуы мүмкін деп алаңдауда. Сондықтан, еліміздің денсаулық сақтау органдары бұдан былай тек ішкі Қытайдан келетін жолау­­шыларға ғана емес, бүкіл Қытайдан және шығыс Азия­дағы елдерден келетін жолау­шылардың да денсаулығын қатаң қадағалағаны дұрыс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды