Әлемдегі жағдай әлі де күрделі

0 94

Жер бетін жайлаған қауіпті вирус әлемде екі жүзге жуық елге тарап, соның ішінде Қазақстан коронавирус жұқтырушылар саны жағынан 110-орында тұр. Яғни індет басталғалы елде осы рейтингте 1 млн тұрғынға шаққанда 14565 индикатордан келген. Дертті жеңе алмай қайтыс болғандар саны бойынша 107-орындамыз.Жоғарыдағы көрсеткішті сарапшылар салыстырмалы түрде жақсы деп бағалайды. Бұл Қазақстан Үкіметі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдап, жүзеге асырған кешенді шектеу шараларының арқасында мүмкін болып отыр. Оның үстіне ақпаннан бастап халықты вирусқа қарсы жаппай вакцинациялаудың да ықпалы бар. Бүгінге дейін елде 560 мыңнан астам азамат егілді. Күн сайын 70 мыңнан астам адам екпе салдырады. Осы айда барлығы 2 млн адамға екпе салу жоспарланған, бұл – тиісті контингенттің 23,4 пайызы.
Екпе өндірушілермен келіссөздер жүргізіп жатқан Қазақстан жылдың бірінші жартысында 6 млн вакцина дозасын қабылдауды жоспарлап отыр. Сөйтіп тиісті контингенттің 64 пайызына екпе салу арқылы карантинсіз қалыпты күндерге оралуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет қалыптасады. Бүгінде республикада дертке қарсы иммундау науқанына 1281 егу кабинеті дайындалған, оның ішінде 230 жылжымалы-көшпелі егу пункттері сауда орталықтарында, халық көп жиналатын жерлерде және шалғай аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда вакцинация жүргізу үшін тартылған. Сәуір айының басынан бастап өңірлерге «Спутник V» вакцинасының 923 мыңнан астам дозасы жеткізілді, осы айдың соңына дейін 910 мың доза, басқа өндірушілердің 500 мың доза екпесі және 25 мың доза QazCovid-in вакцинасы жеткізілмек. Мұның бәрі еліміздің 2 млн азаматының вакцинация­ға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
– Халықтың екпе алуға қолжетімділігін арттыру және егу процесін жеңілдету мақсатында ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен адамдар көп жиналатын жерлерде – ұйымдасқан ұжымдарда, СОО, базарларда және басқа да қоғамдық орындарда коронавирус­тық инфекцияға қарсы иммундауды ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдар бекітілді, – дейді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.
Осы апта соңында вирусқа қарсы екпе алған елордалықтар саны 49 мыңнан асты. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері бойынша бұл көрсеткіштер БМСП ұйымдары мен сауда орталықтарындағы және көшпелі егу бригадалары арқылы қызмет орнында отырып екпе салдырғандар санын қосқанда шыққан.
«Қазіргі таңда басқарманың барлық қоймаларында вакцина көлемі жеткілікті деңгейде. Ақпан айынан бері бірінші компонентті 110 мыңнан астам екпе дозасы әкелінді. Енді сәуірдің соңына дейін біз тағы 208 мыңнан астам екпе дозасы түседі деп күтіп отырмыз» деді аталған басқарма бастығының орынбасары Әлия Рүстемова.
Нұр-Сұлтан қаласында жалпы халықты вакцинациялау 12 сәуірде басталды. Елордалық дәрігерлердің айтуынша, қала тұрғындары арасында екпе салдырғысы келетіндер саны артып келеді.
Ал әлемде коронавирус жұқтыру бойынша жағдай әлі де алаңдатарлық. АҚШ-та бір тәулікте 76 мың жаңа жағдай тіркелсе, Еуропа елдерінің ішінде Түркия, Франция, Германия, Польшада коронавирус инфекция­сының өсімі байқалды. Көптеген ел үкіметтері шектеу шараларын күшейтуге шешім қабылдап жатыр. Түркияда коронавирус жұқтырушылар санының өсуіне байланысты Қазақстан мемлекеттік шекарада санитарлық-карантиндік бақылауды күшейтті. Осы елге бағыт алатын халықаралық рейстер қысқартылды. www.worldometers деректеріне сүйен­сек, жер бетінде дерт жұқтырып, тіркелгендер саны 139 млн-нан асты. Көз жұмғандар 2984721 адамға жетті. 14 сәуірдегі мәліметтер бойынша дүние жүзінде вирусқа қарсы вакцинаның бір компонентін салдырғандар саны 468036108 адам болды. Бұл – жер бетіндегі халықтың 6 пайызы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + three =