Әлемдегі коронавирус және қазақстандық үш сценарий

0 40

«Наконец-то» деп экс-бас санитар дәрігер Бекшин айтпақшы, күз түскелі дерттің екінші толқыны әне-міне басталып кетер деп алаңдаулымыз. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі мәлімдегендей, біз әзір «жасыл аймақта» болғанымызбен, әлемдегі ахуал мәз емес. Ауру да, өлім-жітім де өрши түскен. Сол қауіптен сақтанып, еліміз коронавирус инфекциясының кезекті толқынына барынша дайындалуда.

ҚР ДСМ ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың сөзіне қарасақ, жағдайдың тұрақтылығына қарамастан, карантин шараларынан біз күткен нәтиже болмай отыр. 7 қазандағы жағдай бойынша елімізде Covid-19 жұқтырғандар көрсеткіші барлығы 108454 адам болды. Соңғы тәулікте 66 азаматтан індет анықталды, яғни өсім 0,6 пайызды көрсетті. «Науқастар саны қайтадан өсуде. Азаматтар санитарлық дәрігердің айтқан талаптарын орындамаса, тағы да қатаң карантин режиміне оралуымыз әбден мүмкін» дейді ол. Министрлік өкілдері ахуалдың асқынуын алдын алуға барлық емхана дайын, дәрі тапшылығы мәселесі шешілген деп отыр. Тұмауға қарсы екпе науқаны биыл екі апта ерте басталғаны да содан. 185 медициналық ұйымның 132-сі рентген диагностикалық аппаратымен қамтамасыз етілген, осы айда олар 100 пайыз жабдықталады.

ІНДЕТ ДАМУЫНЫҢ ҮШ БОЛЖАМЫ

ҚР Денсаулық сақтау ­министрі Алексей Цой Қазақстанда індеттің дамуы үш сценарий бойынша жүруі мүмкін екенін айтты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңесте сол болжамдарымен бөлісті.
«Бірінші, пессимистік сценарий бойынша, егер маска режимін сақтау 60 пайыз ғана қамтамасыз етілсе, биыл қазан-желтоқсан айларында тіркелетін ауру көрсеткіші шамамен 190 мың адамды құрайды, 65 мың адам ауруханаға жатуға мәжбүр болады. Бұл ретте локдаунды енгізу желтоқсан айы­ның ортасына жоспарланған.
Екінші, реалистік сценариймен әлеуметтік қашықтықты сақтау шаралары және маска режимі 70 пайыз қамтамасыз етілсе, биыл аталған айлардағы көрсеткіш шамамен 90 мың адамды құрайды, ауруханада ем алуды 30 мың адам қажет етеді. Бұл жағдайда локдаун қаңтар айында енгізілуі мүмкін.
Үшінші, оптимистік сценарийге келсек, егер біз қашықтық пен маска режимін 100 пайыз сақтасақ және төсек-орынның ең көп дегендегі сыйымдылығы 70 пайыз болса, қатаң карантин енгізу қажет болмайды, шамамен 40 мың адам аурумен тіркеліп, 15 мың адам ауруханаға жатқызуды қажет етеді» деді министр.

МАСКА ТЕГІН, АЙЫППҰЛ АУҚЫМДЫ БОЛСА…

Министр болжаған сценарийлердің бәрі де маска режимі және арақашықтық сақтаумен тікелей байланысты. Дәл қазіргі таңда маска тағу дағдыға айналса да, арақашықтық әсіресе, адамдар ең көп жүретін орын – қоғамдық көліктерде сақталып жатпағанын, автобуста ешкім «бір-бірінен 1 метр қашық тұрыңдар» деп талап етпейтінін бәріміз көріп жүрміз. Қоғамдық көлік осы аптадан бастап елордада күннің суытуына байланысты жексенбіде де қайтадан жүретін болады. Енді ауа-райы бұдан кейін жылынбайтынын ескерсек, суықта далада қалмау үшін автобус есігіне жармаса ұмтылатындар көліктегі халықтың тығыздала түскеніне қарамасы, ондайда бір метрді сақтамақ түгілі, адамдар бір-біріне жабысып тұратыны анық. Бұл ешбір карантин талаптарына сай келмейді. Сонда тек маска режиміне ғана үміт артып, «сол сақтар, болмаса Алла сақтасын!» деп жүре берер болсақ, министр айтқан бірінші немесе екінші сценарий бойынша жүретін сияқты­мыз-ау?! Басты қорғанымыз маска болған заманда Ресей оның құнын 20 теңгеге түсірсе, бізде оның қымбаттығын бетке басқан мемлекет басшысы бетпердеге шекті баға қоюды тапсырды. Сөйтіп қорғаныш маскаларына 40 теңге, бір реттік медициналық маскаларға 60 теңге мөлшерінде шекті баға белгіленді. Алайда ауыр жағдай қай елде де қатаң тәртіппен қалыпқа келтіріліп жүр. Оның үстіне әлі де болса көп ішіндегі бейғамдықты көріп жүрміз. Сондықтан маска мен антисептиктер, басқа да қорғаныш құралдарын елге тегін етіп, соның есесіне сақтықты ойламағандарға айыппұлды алдыңғы АЕК көлемінен көбейту керек. Себебі елімізде азаматтар арасында әлі де болсын ұжымдық жауапкершілік пен қоғамдық гигиеналық мәдениет қалыптаспаған. Осы олқылықтың орнын жаңағыдай әкімшілік жазалау түрі арқылы ғана толтырып, Цой мырза атаған соңғы үшінші сценарий бойынша нәтижеге қол жеткіземіз.

РЕСЕЙДЕ ШАРЫҚТАУ ШЕГІ – ҚАРАШАДА

Плеханов атындағы РЭУ доценті Ольга Лебединская Ресейде коронавирус инфекциясы таралуының шарықтау шегі қараша айында болуы мүмкін екенін болжаған еді. Бұл ретте ол жаңа жылдық мерекелерден кейін жағдай тұрақталады деген. Сарапшының айтуынша, қазіргі сәтте ауру таралуының көрсеткіші аса қорқынышты емес. Тек диагностикалау сапасы жақсарып, вирусты анықтау тесті көптеп жүргізілуде. Елде бүгінде вирус жұқтырушылардың ең үлкен көрсеткіштері бойынша көш басында Ямало-Ненец автономиялық округі (3070,1, Rt 1,09), екінші Калмыкия (2556,5, Rt 0,98) және үшінші Мәскеу (2543,6) тұр.

ЕУРОПАДА ТАРАЛУ ЖЫЛДАМДЫҒЫ АРТТЫ

Апта басында төрт бірдей Шығыс Еуропа мемлекетінде, соның ішінде Украинада вирус жұқтырғандардың саны рекордтық көрсеткішке жетті. Ал Парижде осы аралықта интенсивті терапия палаталарында бос орындар азая түсті. Шотландия мен Бельгияда ішімдік ішу және сатуға бағытталған қоғамдық орындардың бірі – пабтар жабылуда.
Украина, Чехия, Польша және Болгария Covid-19 жұқтырудың жаңа жағдайы бойынша тәуліктік рекордты жаңартты. Пандемияның бірінші кезеңінде, яғни көктем мен жаздың басында осы 4 елде қатаң карантин шараларын енгізгеннің арқасында салыстырмалы түрде жағдай біршама жақсы болған. Алайда қазір инфекция жаңа күш алып, қайта тарала бастады.
Ирландия. Ел полициясы елдің өңірлері арасындағы автомобильдер қозғалысын шектеу үшін жолдарда 132 бақылау-өткізу пунк­тін орнатты. Тәртіп сақшылары жолда біреуді бөгеуге құзыретті емес. Алайда адамдар жолда көп тоқтатып, ескерту берілетінін есітіп, міндетті емес жолсапарлардан бас тартатын болады деген сенім бар. Сейсенбіде елдің 432 тұрғыны Covid-19-бен ауырды, бір адам көз жұмды.
Бельгия. Ел астанасы ­Брюсселде барлық бар мен кафелер бейсенбі­ден бастап ең аз дегенде бір айға жабылды. Соңғы күндері қалада коронавирус жұқтырушылардың жаңа жағдайы рекордтық көрсеткішке жетті. Ресторандар әзірге ашық тұрады, бірақ көшедегі сауық-сайрандар көбейіп кетпес үшін адамдарға ашық кеңістікте ішімдік ішуге тыйым салынады. Бельгия – әлемде ең жоғары деңгейде вирус тараған елдің бірі: мұнда әрбір 100 мың адамға 250 науқастан келеді.

БІРІНШІ ХАНЫМЫ ДЕРТ ЖҰҚТЫРҒАН

Елдің ДСМ өкілдері соңғы тәулікте зертханалық тексеруде дәлелденген дерт жұқтырудың 5397 жаңа жағдайын тіркеді. Бұл 7 қазанда анықталған рекордтық көрсеткіш – 4753 жағдайды басып озды. Жалпы, бүгінге дейін елде вирус жұққан 244 734 адам анықталды. Оның 108 мыңы жазылып кетті. Жаһандық дерт өкпесіне түскен украиндықтардың ішінде елдің бірінші ханымы Елена Зеленская да бар. Елдегі тағы бірнеше жоғары лауазымды басшыдан және спорт шеберлерінің өкпесінен де вирус табылды. Бір тәулікте 93 адам аурудан көз жұмды. 24 қыркүйекте ел Президенті Владимир Зеленский елде коронавирустың екінші толқыны тарала бастағанын мәлімдеген. Елдің Денсаулық сақтау министрі Максим Степанов егер елдегі ахуал нашарлай беретін болса, қатаң карантин шараларына көшетінін ескерткен. Үкімет осы ретте 28 тамыздан бастап елге шетелден келетіндерге тыйым салды.

ЧЕХИЯНЫҢ ЖАҢА АНТИ-РЕКОРДЫ

Чехияда осы аптада коронавирус­тың бір тәуліктегі 4 457 жаңа жағдайы тіркелді. Бұл елде эпидемия басталғалы бері болған рекордық көрсеткіш және ол алдыңғы анти-рекордтан 700-ге өскен. Елді эпидемия жайлағалы коронавирустың 90 мыңнан астам жағдайы анықталған. Дертке шалдыққандар саны жағынан Чехия соңғы екі аптада Испанияны басып озып, бірінші орынға шықты. Көз жұмғандардың саны 794 адамға жеткен. Ел үкіметі осыған орай елде төтенше жағдай жариялап, эпидемиямен күрестің жаңа шараларын енгізді. Жаңа ережелерге сай концерттер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастыруға тыйым салынды, ал спорттық шараларды көруге тек атлеттер мен қызмет көрсететін персоналға рұқсат етілді. Шектеулер мектеп, колледж, университеттерде де енгізілді. ЖОО студенттеріне тек жеке консультациялар алуға, кітапхана және зертханалық жұмыстарға баруға ғана рұқсат берілді.

ПАЛАТАЛАРЫ НАУҚАСҚА ТОЛҒАН ПАРИЖ

Сейсенбіден бастап Париж күшейтілген карантиндік шараларға көшті. Ел астанасындағы барлық барлар, бассейндер мен жаттығу залдары жабылды. Алайда сәрсенбіде билік ­Иль-де-Франс аймағындағы емханада вирус жұқтырған 449 науқастың жан сақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеді. Осылайша интенсивті терапия палаталарындағы кереуеттердің 40 пайызы толық болып шықты. Парижде Би-би-си хабарлағандай, денсаулық сақтау қызметі бұл тенденция сақтала беретін болса, енді екі аптадан кейін-ақ вируспен ауырғандар саны жан сақтау бөлімі кереуеттерінің жартысын алатын болады. Дегенмен француздың белгілі зерттеу орталықтарының бірі Пастер институты мамандары індеттің таралуы саябырсымаса, қазан айының соңына аталған аймақтағы палаталар толық коронавирус жұқтырған науқастарға толады деді. Қазірдің өзінде клиникалар жоспарлы операцияларды кейінге шегеруде. Франциядағы қазір қолданыстағы ережелер бойынша қаладағы және қала маңындағы анағұрлым қауіптілік деңгейі – жан сақтау бөлімінің 30 пайызы толған кез. Иль-де-Франс – елдегі халқы ең көп, яғни 12 милионнан астам адам тұратын өңір. Covid-19-дың жаңа екпінмен өсуі Францияда тамыздың аяғында байқалды. Пандемия кезінде елде 675,7 мың адам дертке шалдықты. Бұл көрсеткіш жағынан Франция әлемде 11-орында тұр, 32,5 мың француз дүние салған.

СТАТИСТИКАСЫ САҒАТ САЙЫН ӨЗГЕРГЕН АҚШ

Бүгінде әлем бойынша ауру жұқтырғандардың жалпы саны 36 миллионға жуықтады. Бір миллионнан астам адам қайтыс болып, 25 миллионы дертінен жазылды. Аурудың таралу ауқымы жағынан бес айдан бері АҚШ алда тұр. Бұл елде ауырғандар саны 7,5 млн адам болса, соның ішінде ел президенті Дональд Трамп та бар. 9 қазанда Құрама штаттарда дерт жұқтырғандар статистикасы 7833764 адам болды. Бір күнде Covid-19 жұқтырғандар 3836 адамға өсті. Өлгендер саны бір тәулікте 100 адамға артып, барлығы 217738 адамды құрады. Сағат сайын вирус жұқтыру статистикасы жаңарып отырған елде шектеу шаралары әр штаттағы эпидемиологиялық ахуалға қарай әр қалай қабылданады. The New York Times басылымы берген мәліметтер бойынша, шектеуді алып тастау және аумақтарды «ашу» ауру көрсеткішіне кері әсер етеді. Мәселен, 8 мамырда орташа тәуліктік өсім 300-400 адам болған кезде Аризона штатында шектеу шаралары жеңілдетілді. Ал шілдеде ауру саны күрт өсіп, күніне 4,5 мың адамға жетті. Қазіргі таңда да көптеген штаттарда барлар, ресторандар, театрлар мен казинолар жұмыс істеп тұрған жоқ.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =