Әлемдегі ең үлкен астана

Бейжіңнің үлгісі бізге де керек

0 38

Үш мың жылдан аса тарихы бар Бейжің қаласы дүниежүзіндегі халық саны ең көп астана саналады. 2018 жылғы санақ бойынша 21 миллион 542 мың халық тұратын бұл қала қазіргі таңда Қытай Халық Республикасының саяси, мәдениет, сауда және халықаралық ауыс-түйіс орталығына айналған.

Ханбалықты қазақ жобалаған деген рас па?

Астана мәртебесіне ие болғанына да 800 жылдан асқан ежелгі Ханбалық қаласын юань патшалығы кезінде, яғни Құбылай хан дәуірінде Елқдыр () деген адам жобалаған деген дерек бар. Бұл жөнінде арнаулы зерттеу жүргізген Қытай қазақтарынан шыққан архитектор Болат Кәрібайұлы Бейжіңнің көне қала аумағы әкімшілік жақтан бір қанша Худұңға () және шатырлық мекемеге () бөлінетінін, Худұң деген сөз тоғыз жолдың торабынан қазылған құдықты (Қытай деректерінде де моңғолдың құдық деген сөзінен шыққан деп көрсеткен) меңзейтінін, ал шадыр тіліміздегі шатыр деген сөз екенін алға тартып, «мүмкін Елқдыр қазақ шығар» деген болжам жасайды. Қытай тарихи деректерінде де Бейжің қаласын жобалаушылардың бірі ретінде Елқдырдың аты аталып, арап немесе хұйхұйлық () деп көрсетіледі. Бұл арадағы хұйхұйлық деген сөз юань патшалығы дәуірінде орта азиялық мұсылман дегенді білдіретінін ескерсек, жоғарыдағы дерек те текке айтылмаған шығар деген ойға келесің. Туризмді дамытуға ден қояды

Ескі Бейжіңде көне құрылыстар көп. Гугүн, Ихыюан бақшасы, Бадалиң ұлы қорғаны сынды тарихи орындарды көріп, саяхаттауға Қытайдың іші, сыртынан күніне неше жүз мың адам келеді. Жылына келетін саяхатшы саны 40 миллионнан асатын қалада туризмді дамытуға барлық жағдай жасалған. Қаланың туризмін төңіректің төрт бұрышына таныстыру үшін шаһардағы тарихи орындар мен саяхат түйіндерін жарнамалайтын бейнероликтерді қытай, ағылшын, араб, испан, француз… тілдерінде жасап, оны үзбей жаңалап, әлеуметтік желі арқылы таратып отырады. Көше автобустарында, метроларда да қаладағы саяхат орындарының жарнамалары тоқтаусыз беріліп тұрады. Сонымен қатар, Бейжіңдегі бүкіл саяхат орындары бір карта бетіне жинақталып, оған қалай барудың жолы қытай, ағылшын тілдерінде анық көрсетілген. Ол карталар аялдамаларға жапсырылып, барлық қонақүйлерге қойылған. Былайша айтқанда, Бейжіңге келген саяхатшы қайда барам, қалай жүрем деп қиналмайды. Орта тазалығы – басты тақырып

Бір қаладағы халық санының өзі бүкіл Қазақстан Республикасының халық санынан көп Бейжің үшін қоршаған ортаның тазалығын сақтау маңызды тақырып. Алайда қала төңірегіндегі көмір жағатын жер үйлер мен зауыттардың көптігінен және қаладағы автокөліктердің үздіксіз молаюына байланысты Бейжіңнің аспанынан күн көрінбей, ыс қаптап тұратын деңгейге жетті. 2013 жылы ауаның ластанғаны соншалық қала аспанын қара ыс-түтек торлап, аудағы PM2.5 ( Particulate matter) көрсеткіші 600-ден асты. Бұл қала тұрғындарында тыныс жолы ауруларын көбейтті де, тұрғындар неше қабат қатты материалдан жасалған ерекше беттұмшаларды тағып жүруге мәжбүр болды. Сонымен, Бейжің қалалық әкімдігі қала ортасын жақсартудың жүйелі жоспарын жасап, қала ауасын тазартудың 10 үлкен әдісін белгіледі. Атап айтқанда, қала маңына салынған зауыттарды жабу немесе 200 шақырымнан алысқа көшіру, көмір жағуды азайтып, қаланың жылу жүйесін газдандыру, көлік санын тежеп, тұрғындарды қоғамдық көлікпен жүруге ынталандырды. Ауаны ластайтын өндіріспен айналысатын кәсіпорын, серіктестектерге бақылауды күшейтіп, салықты арттырды. Нәтижесінде 2019 жылға келгенде Бейжіңнің ауасы айтарлықтай жақсарып, «әлемдегі ауасы ластанған қалалар» тізімінен шығарылды.
Қала қоқысын тазалау жағында, қоқысты асхана қоқыстары, қайталай пайдалануға болатын қоқыстар, аса зиянды және басқа қоқыс сынды деп төрт түрге бөліп, тұрғындарды қоқысты осы төрт түр бойынша бөліп салуға міндеттеді. Кейбір орындар да қоқысты түріне қарай белгіленген қоқыс жәшігіне салмаса, айып салу да көзделген. Қоқыстың түрге бөлініп салынуы Бейжіңнің қоқыс тазалау жұмысына көп жеңілдік әкелді. Кейбір деректерге қарағанда, Бейжің қаласында күніне 2.6 миллион тонна қоқыс шығады екен. Бұл қоқыстарды қайталай өңдеу, биохимиялық өңдеу және өртеу сынды үш түрлі тәсілмен іске жаратады. Қала қатынасының қан тамыры

Бейжіңде 22 миллионға жуық тұрғын бар деп жоғарыда айттық. Енді оған жылына Қытай астанасына келіп-кететін 9 миллионнан аса жолаушы, саяхатшыларды қосыңыз, бұл қала қатынасы үшін оңай салмақ емес. Тіркеуге алынған автокөлік саны 6.21 миллионнан асатын бұл қалада көлік кептелісі де – басты тақырып. Автомобильден бөлінетін газ бен шуыл да қала ортасына үлкен әсер жасайды. Қала әкімшілігі көлік кептелілсін азайту және автомобильдерден шығатын залалды газ бен шуылды төмендету үшін автокөліктерді тақ, жұп нөмір (нөмір тақтасының соңғы нөміріне қарайды) бойынша жүргізу әдісін қолданады. Сондай-ақ сатып алынған уақыты ұзақ, газ бөлуі жоғары көне автокөліктерге техникалық тексеріс күшейтіліп, астана көшелерінде жүруіне тыйым салынған. Бейжіңде автотұрақ мәселесі де ойдағыдай шешілген. Автотұрақтары да қазіргі замандық озық үлгіде жобаланған. Бірақ көлік қою ақысы сағатына – 140 теңге.
2017 жылдан бастап, теміратпен (велосипед) жүретін арнаулы жолдар салынған Бейжіңде қазір 200 мыңнан астам адам велосипедпен жұмысқа барып, келеді. Қала жоспарында велосипед жолдарын көбейте түсу көзделгенін ескерсек, болашақта Бейжің дүниедегі велосипед мінетіндер саны ең көп шаһарға айналатынына дау жоқ.
1971 жылдан бастап метро қатынаған Бейжіңде қазір 23 метро бағыты бар. Қаланың түкпір-түкпірін жерасты арқылы тұтастыратын қала қантамырының жалпы ұзындығы бүгінгі таңда 700 километрге жетсе, 2020 жылдың соңына дейін оның ұзындығын 1170 шақырымға жеткізу жоспарланған. Бейжің метросы жолақы бағасының арзандығы шамамен 100 теңге), шуылды азайтып, ортаны ластамайтындығы, іркіліссіз, көздеген жерге тез жеткізетін жүрдектігі, жолаушы тасу қуатының жоғарылығы сынды артықшылығымен дүниенің алдыңғы қатарында тұр. Бейжің халқы да автобусқа немесе жеңіл машинаға аз отырады. Себебі жолдағы кептеліс көп уақытты жоғалтатындықтан, тұрғындардың дені метроға мінеді. «Бейжің метросы адам сыймай кеткен қаланың жарым тұрғынының күні бойы жер астында жүруіне мүмкіндік жасады» деген сөз осыған байланысты айтылған.
Қысқасы, Бейжіңнің туризмді дамытып, орта тазалығын оңау қадамы, қатынас мәселесін үйлесімді бір жайлы етіп, метро құрылысын дамытуы, тұрғындарды велосипедпен жүруге ынталандыруы қазір әлем елдерінің назарын аудара бастады. Кейбір елдер Бейжің тәжірибесін арнаулы зерттеп, оның озық әдістерін өз елдерінде қолдануда. Ал бір миллион халқы бар, кең- байтақ Сарыарқаның төсінен салынған біздің жаңа астанамызда көлік кептелісі, қоғамдық көлік мәселесі, автотұрақ мәселесі және қыста қаланы ыс-түтек басып кететін жағдайы түбегейлі оңалған жоқ. Қаланың халқы көбейген сайын мәселе де ұлғайып барады. Ал Бейжің сияқты ұлттық ерекшелікті алға шығарып, туризмді дамыту қазірше қарқын алмай тұр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 2 =