Әлемдегі ең суық астана

0 22

Ұланбатыр шаһары 1639 жылы тұрғызылып, «Өргөө» атауына ие болған. 1778 жылы жергілікті тұрғындар қаланы Их-Хурээ – «үлкен ғибадатхана» деп атады. 1911 жылы Нийслэл хурээ – «астаналық ғибадатханаға» ауыстырылып, ал 1924 жылы Ұлттық құрылтай кезінде қалаға атақты Шыңғыс ханның құрметіне ­Ұланбатыр-хото, «Қызыл Батырдың қаласы» атауы берілген. Бұл атауды Тұрар Рысқұлов ұсынған деген әңгіме бар.

Рысқұлов Моңғолияда 9 ай қызмет етіп, 1924 жылы Моңғолияның мемлекеттік алғашқы құрылтайына Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілі әрі басшысы болып тағайындалған кезінде Моңғолия елінің Конституциясы өңделген. Мемлекет және қоғам қайраткері Зардыхан ­Қинаятұлының айтуынша, «Сол кезде Тұрар Рысқұловтың Моңғолия­ның саяси билігіне Баян-Өлгейдегі қазақтарды арнайы таныстыруы бар. Сонда ол қазақтардың жеке даму жолы бар, өзге ұлт екендігін, жеке мәдениеті мен тұрмыс-салты бар екендігін айтып, сол себепті де қазақтарға жеке мәдени автономия қажет дегенді тапсырған».

Бір өзінде – 5000 кәсіпорын

Эрдэнэт, Дархант, т. б. қалалардың ішінде ең үлкені – Ұланбатыр қаласы. Қала Баянзүрх, Баянгол, Сонгинохайрхан, Чингэлтэй, Сүхбаатар, Хан-Уул, Налайх, Багануур, Багахангай деген 9 ауданға бөлінеді. Қала әкіміне үміткерді төрт жыл сайын сайланып тұратын қалалық мәслихат басшысы премьер-министрге ұсынады. Үкімет басшысы өз тарапынан ұсынылған үміткерді қала әкімі ретінде төрт жылға сайлайды. Қаланың бір ерекшелігі – елдегі кәсіпорындардың ең көп бөлігі осында. Яғни бес мыңға жуық кәсіпорын Моңғолия елінің жалпы ішкі өнімнің 40 па­йызын өндіруде. Қаладағы Ұланбатыр ЖЭО-1, Ұланбатыр ЖЭО-2, Ұланбатыр ЖЭО-3, Ұланбатыр ЖЭО-4 елдің жалпы электроэнергиясының 85 пайызын шығарады.

«Нұр-Сұлтан қаласы» көшесі бар

Халқының 95 пайызын моңғол ұлты құрайды. Мемлекеттік құжаттары моңғол тілінде жүргізіледі. Этникалық құрамына халха-моңғолдардан бөлек, қазақтар (4 пайыз), қытайлар (2 пайыз), орыстар (2 пайыз), тывалықтар кіреді. Халқының негізгі бөлігі будда дінін, 4 пайызы ислам дінін ұстанады. Моңғолияның Ұлттық статистика басқармасының мәліметінше, 2019 жылдың соңында Моңғолия халқының саны 3,3 миллион адамға жетті. Ұланбатыр­да бір жарым миллион тұрғын бар. Кей деректерге қарағанда, дүниеге келген моңғолдың әр баласына қай жерде туса да, сол өңірден заңды түрде бір гектар жер тегін беріледі екен. Ол жерді сатуға болмайды! Жер – мемлекет меншігі. Айтпақшы, Ұланбатырда «Нұр-Сұлтан қаласы» көшесінің құрылысы басталған.

Ауасы адам төзгісіз

Ұланбатыр – әлем бойынша ең суық астаналардың бірі. Бірақ моңғол киіз үйінің ерекшелігі, ол қандай суықта да жылуды жақсы сақтайды. Өзі аласа, ортасына пеш орнатып, қазіргі отырықшы тірлікке бейімделген киіз үйлер қандай қақаған аязға да төтеп бере алады. Әр киіз үйдің ішіне от жағылады, әр үйді жылыту үшін қанша көмір жағылып, одан шыққан түтіннің ауа­ға таралатынын елестете беріңіз. Жан-жағын тау қоршаған, «шұңқыр­дағы қаланың» ауасы, әсіресе, қысқы уақытта адам төзгісіз болып кетеді екен. Ұланбатыр әлемдегі ауасы лас­танған қалалардың қатарына кіргеннен кейін, ауадағы лас газдарды анықтау үшін арнайы жабдықтар орнатылып, соның нәтижесінде Ұланбатырдағы ауаның ластануы ең қауіпті деңгейде екені анықталады. Басты себебі – Моңғолия халқының жартысы Ұланбатырда тұрады, баспана жетіспейтіндіктен, тұрғындар байырғы ата-бабалары секілді киіз үйлерін тігіп, сонда қыстап-жайлап отыра береді, олар үйлерін көмір арқылы жылытады. Бұл қаланың ауасын ауыр дәрежеде ластаған. Ал денсаулық сақтау ұйымдары жергілікті тұрғындардың денсаулығы барған сайын нашарлай түскенін ескертуде.

Халқы аз, жері үлкен

Моңғол экономикасы да біздегідей 1990 жылдары қатты құлдырады. Дегенмен өзінің байырғы табиғи болмысын сақтап, көшпенді тірлікті әлі күнге жалғастырып келе жатқан елдің еңсесі тез тіктелді. Статистикалық мәліметтер бойынша бүгінде Моңғолияның мал басы 61 миллион 500 мыңға жеткен. 216700 отбасы мал шаруашылығымен айналысады. Тіпті қаланың ортасында тұратын тұрғындардың көпшілігі ата кәсіптен ажырамаған деуге болады. Моңғолия бүгінде Ресей, Қытай, Корея елдеріне ет өнімдерін экспорттайды. Тек Ресейдің өзіне ет экспорттайтын 10-нан астам компания жұмыс жасайды.
Табиғи ресурстарға қаншалықты бай болса да, соны игеріп, пайдасын көре алмай отыруына халық санының аздығы және жер көлемінің тым үлкендігі де себепші. Қытай және Ресеймен ғана шекаралас болғандықтан, импорт-экспортта Ресей мен Қытайға тәуелді. Моңғолияның көмір байлығы әлемнің алдыңғы қатарында тұрады. Алайда Қытай Моңғолия көмірін сатып алуға үміткер Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен Корея, Жапонияға тасымал жолдарына рұқсат бермей отыр, осы себепті Моңғолия көмірін Қытайға арзан бағаға сатуға мәжбүр. Қытаймен жасаған келісімдердің күшін жоюы салдарынан елдегі өндірістердің көбі тоқтаған. Бұл орайда Қытайдың өз пайдасы үшін Моңғолияға саяси-экономикалық қысым жасап отырғанын болжау қиын емес. Тек Қытай емес, Ресей де Моңғолияның шекаралық жағдайын пайдаланып, табиғи байлықтарын сыртқа шығаруға кедергі болып, шикізатын сатып алуда бағаны халықаралық нарықтан әлдеқайда төмен қойып, өктемдігін көрсетіп келеді. Халық саны аз Моңғолия тығырықтан шығудың басқа жолдарын туризмнен де іздестіргелі көп болды.

Туризмді дамытуға кірісті

Туризмнен келетін пайда ел кірісінің 10 пайызын құрайды. 2018 жылғы статистикалық мәліметтерге қарағанда, Моңғолияға келген туристердің саны 420 мыңнан асқан. Моңғолияға жылына 130 мыңнан аса Қытай азаматы саяхаттап келеді. Сонымен қатар қазір ол елге барып жатқан қазақстандықтар да көп. Өткен жылдың өзінде туристер Моңғолия қоржынына 330 млн доллар қаржы салған. Бұл елге баратындардың көбі Гоби шөлдерін, Хөвсгөл аймағындағы ерекше ұлт – сахалар өмірін, Баян-Өлгейдің тұмса табиғатын, Бес Тәңірі тауын, Ұланбатырдың іргесіндегі 40 метр биік Шыңғыс хан ескерткішін, Қарақорым қаласындағы Күлтегін-Тоныкөк жазуларын, Бұрқын Халдуын тауында Шыңғыс хан жерленді деген төбені көруге барады.

Ғибадатханалар қызықтырады

Әсіресе, буддалық монастырлар мен ғибадатханалар көп. Өткен ғасырларда Гандан ғибадатханасында мыңдаған дін қызметкері тұрып дұға еткен болса, қазіргі уақытта ғибадатханада 150 монах өмір сүреді. 26 метрлік Будда мүсіні толығымен алтынмен қапталған, 2286 асыл таспен безендірілген. Мүсіннің жанында дұға жасауға арналған цилиндрді бір рет бұрсаң, бұл онда жазылған дұғаны оқығанмен тең деген сенім бар екен. Ұланбатырдың басты алаңында Шыңғыс хан мүсіні тұр. Алып ескерткішті жасау үшін 250 тонна болат жұмсалған. Ескерткіштің тұғырынан төмен тұсында Шыңғыс ханнан кейін Моңғолияны билеген 36 ханды білдіретін 36 колонна бар. Ескерткішті Моңғолияның бүгінгі президенті Халтмаагийн Баттулга өз қаржысына тұрғызыпты. 28 млрд тугрик жұмсалған ескерткіш түгелдей шірімейтін темірден жасалған. Аңыз бойынша бұл жерде жас Тимуджин ұлы мемлекеттің құрылуын болжаған алтын қамшыны тапқан.

Бәйге десе бәс тігеді

Ұланбатырда халық болып күтетін мерекенің бірі – бәйге мен ат шабыс. Қайбір жылы 10 мың жылқы қатар шауып, Гиннесстің рекордтар кітабына еніпті. Орташа жалақылары 70-80 мың теңгені құрайтын шағын елде аты бәйгеден бірінші келсе – зор бақыт. Қалталы кәсіпкерлер ақшаны аямай джип мінгізіп, миллион тарту етіп, жүйрік жылқыны жерге тигізбей сатып алады. Тіпті ат бәйгесін көрудің өзі қыруар қаржы тұрады. Ал оны жүргізетін комментаторды арнайы алдырып, ат-шапанын төлеп, хан сияқты сыйлап күтеді.

Брендке айнала ма?

Моңғолиядағы «Барс моторс» компаниясы өз инвестицияларымен ҚХР-дың Ханчжоу қаласында автокөлік құрастыратын бірлескен зауыт ашып, алғашқы өнімдерін шығара бастады. Автомобиль «Монголын Зон Олон» (МОЗО) немесе «Моңғол жұртшылығы» деген атпен кешікпей моңғол халқының тұрмыс­тық қажеттілігіне ұсынылатын болады. Алғашқы автомобиль орташа өлшемді, жол талғамайды, бағасы моңғолдардың өмір сүру жағдайы мен қаржылық мүмкіндігіне байланысты қолжетімді болады.

Алып киіз үй

Моңғолияның «Сэлнэн» компаниясының шеберлері жасаған алып киіз үй Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Киіз үй елдің шығысындағы Дорноговь аймағының Қатынбұлақ ауылындағы Ханги-Мандал бақы­лау-өткізу бекетінің маңына құрылған. 36 қанатты киіз үйдің жалпы ауданы 1 мың шаршы метрдей болады. Алып орда бір уақытта шамамен 500 адамды сыйдыра алады. Киіз үйдің биіктігі – 14 метр, бұл үшқабатты ғимараттың биіктігімен бірдей.

Індет қатты өршіген жоқ

Моңғолияда COVID-19 дертінен емделген пациенттердің саны 32-ге жетті, деп хабарлады 24 мамырда Ұланбатырдағы Ұлттық инфекция­лық ауруларды зерттеу орталығының директоры ­Дулмаагиин Нямхуу. Оның айтуынша, демалыс күндері коронавирусты жеңген тағы төрт адам болған.
«Regnum» мәліметіне қарағанда, Моңғолияда коронавирустық инфекцияның расталған жағдайларының саны 141-ге дейін жетіп отыр. Дулмаагиин Нямхуу барлық па­циенттер вирусты шетелден әкелгенін атап өтті. Моңғолияда COVID-19 алғашқы оқиғасы 10 нау­рызда тіркелген болатын.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 2 =