Әлемде індет қайта өрши ме?

0 55

Дүниені діңкелеткен Covid-19 індетінің беті қайтар түрі жоқ. Боранды күнгі өрттей лаулап, өршіп барады. Соңғы дерек бойынша әлемде 188 мемлекетте 8,1 миллион адам індет жұқтырып, 450 мыңға жуық адам көз жұмды. Елімізде де жағдай мәз емес. Бастапқыда індет жеңіл білініп, жұқтырғандар саны аз әрі тез жазылып кеткенімен, соңғы күндері індет жұқтырғандар саны күрт артып, бір тәулікте 982 адам індет жұқтырғаны анықталып, рекордтық көрсеткішке жетті. Қазір елімізде індет жұқтырғандар саны 16 мыңға жуықтап, 88 адам осы індеттен көз жұмды.

АҚШ: 200 мың адам көз жұмуы мүмкін
Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша көш бастап тұрған АҚШ індеттің екінші толқынына дайындалып жатыр. Ресми дерек бойынша бұл елде 2,1 миллион адам індет жұқтырып, 117 мың адам көз жұмды. Пандемиямен 2 айлық күрестен кейін бұл елде індет жұқтырғандар саны азая бастаған еді. Алайда қара нәсілді жігіттің сақшылардың қолынан қаза табуына байланысты туылған наразылықтан кейін індет қайта өршіді. Сонымен қатар дерттің қайта өршуіне шектеу шараларының босаңсуы да себеп болды. Осы жағдайға байланысты сарапшылар бұл елде қазан айына дейін коронавирустан қайтыс болғандар саны 170 мыңға жетуі мүмкін десе, кейбір мамандар бұл көрсеткіш тіпті 290 мыңға дейін артуы да ықтимал дейді.

Індет күрт көбейген төрт ел
Індет жұқтырғандардың саны жағынан АҚШ-тан кейінгі орындарда тұрған Бразилия, Ресей, Ұлыбритания, Үндістан елдері қатерлі дерттің алдында еш қайран қыла алмай отыр. Әсіресе, Бразилиядағы эпидемиологиялық жағдай өте қиын. Пандемия басталғалы мұнда 46 мыңнан астам адам вирустан көз жұмып, инфекциядан болған өлім-жітім бойынша әлемде екінші орынға шықты. Вирус жұқтырғандар 1 миллионға жуықтады. Алайда ауырғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені Бразилия үкіметі ел арасында жаппай тестілеу жүргізбеген. Мамандар бұл елде індеттің асқынып кету себебін биліктің бастапқыда індеттің өте қатерлі екеніне сенбей, уағында карантин шараларын енгізбегенімен байланысты деп отыр.
Ресейде жарты миллионнан аса адам індет жұқтырып, 7200 адам көз жұмса, Үндістанда да індет жұқтыр­ғандар күн сайын молайып, 350 мыңнан асты, 9900 адам көз жұмды. Ал Ұлыбитания­да індет жұқтырған 300 адамның арасынан 42 мың адам бақилық болды.

Қытайда індет қайта өршіді
Қытай астанасы Бейжіңде де COVID-19 шалдыққандардың саны артып барады. Өткен тәулікте 31 адам індет жұқтырған. Қала бойынша 137 адамның жаңадан індет жұқтырғаны анықталды. Бұл реткі індет Бейжің тұрғындарының 70 пайызын азық-түлікпен қамтамасыз ететін Шинфади ауылшаруа­шылық базарынан байқалды. Қытай мамандарының бір бөлімі вирус ет пен теңіз өнімдерінде ұзақ сақталған болуы мүмкін десе, кейбір мамандар вирус АҚШ-тан енгізілген ақсерке балығынан тарады деп отыр. Сонымен қазір бұл балық түрін сатуға уақытша шектеу қойып, базарды жапты. Астананың бір қыдыру аумағында коменданттық сағат енгізіліп, мектептер, балабақшалар жабылды.

Дерттің шипасы табылмай тұр
Қытай мамандары коронавирус алдымен өкпені зақымдайды деп мәлімдесе, кейін Италия мамандары вирус жұқтырған адамдардың қанының қоюланып, тромбтардың пайда болуы да өлім қатерін арттыратынын мәлімедеді. АҚШ ғалымдары бұл инфекция адамның жүйкесіне де қатты әсер ететінін, кейбір науқастардың барлық ағзасын зақымдайтынын да анықтады. Алайда дертке ем болатын дәрі әлі жасалған жоқ. Тек Австралия ғалымдары ойлап тапқан жаңа дәрі коронавирус жұқтырған науқастарға оң әсер етеді деген үміт бар.
Ал вакцинаның қашан дайын болатыны да беймәлім. Әлемдік баспасөз беттерінде аталған вирусқа қарсы вакцина дайын болып қалды деген ақпараттар тарағанмен, бірде-біреуі қолданысқа енген жоқ. Оксфорд университетінің ғалымдары жылдың аяғына дейін вакцина дайын болады деп мәлімдеді.
Ал Британия коронавирусқа қарсы вакцинаны сынау үшін 56 миллион доллардан астам қаржы бөлді. Қытай да жыл соңына дейін вакцинаны нарыққа шығаруға жанталасып жатыр. 17 маусым күні Қытайдың «Халық газеті»-нің wechat парақшасында Ухань биологиялық зертханасы зерттеп ашқан вакцина алғашқы клиникалық сынақтан сәтті өткенін, тірі вакцинаның сәтті жетілдірілгені хабарланды.

Қазақстан: Халық бейғам, ал індет ырық бермей барады

17 маусым сағат 12-дегі жағдай бойынша елімізде 15542 адам індет жұқтырып, 88 адам қайтыс болды. 9647 адам емделіп шықты. Алайда емделіп шыққандардың арасында қайталай тест тапсыр­ғанда оң нәтиже көрсетіп жатқан науқастар да бар.
4 маусым күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 37 өлім тіркелгенін айтқан. Қайтыс болған адамдарда вирус болған, бірақ өлім себебі басқа деп көрсетілген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне қайтыс болған адамнан COVID-19 анықталса, басқа қандай ауруы барына қарамастан марқұмды коронавирустан көз жұмғандар статистикасына енгізу керек деп отыр. Былайша айтқанда, ДДСҰ хаттамасында «COVID-19 вирусынан келген өлім басқа бір ауру түріне (мысалы, обырға) телінбеуі тиіс әрі COVID-19-дың барысын қиындатты деп саналған бұрынғы дерттерінен бөлек қарастырылуы керек» делінген. Алайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жоғарыда айтқанымыздай, індет жұқтырып, бірақ басқа қосымша аурудан қайтыс болғандарды ресми тізімге қоспай отыр.
Оның үстіне, Қазақстан вирус табылған адамдарды індет белгілерінің бар-жоғына қарай «ауырғандар» және «тасымалдаушылар» (ауру белгілері жоқтар) деп бөліп, екі бөлек санақ жүргізіп келеді. Соңғысы ресми статистикада көрсетілмейді. БАҚ беттеріндегі деректерге қарағанда, елімізде ауру белгісі жоқ «тасымалдау­шылар» саны 5000 адамға жуықтаған. Демек, індет белгісі бар-жоқ деп бөлмей санағанда елімізде індет жұқтырғандардың саны 20 мыңнан асты деген сөз.
Соңғы күндері елге белгілі ірі лауазымды тұлғалар да індетке шалдықты. Ем алып жатыр. Осы жағдай елді сақтандырса екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − three =