Әлемде екпе салу қарқын алды

0 24

Калифорния университеті ветеринарлық медицина мектебі ғалымдарының айтуынша, коронавирустың жаңа сипатпен түрленуі тоқтамайынша, індеттің де жаңа толқындары пайда бола береді. Былтыр наурыздан бергі вирустың Азия елдерінде таралған штамдары бойынша деректерін патогеннің генетикалық өзгеру метрикасы арқылы біріктірген олар соның нәтижесінде SARS-CoV-2 инфекциясының тұрақты мутацияға түсетін 15 түрі бар екендігін анықтады. Жаңа штамдар өте тез дамып, жылдам таралады. Жаңасы мен бұрынғысын қосқанда жалпы КВИ-ді әлемде жұқтырғандар саны бүгінде 131 миллионнан асты. Сондықтан індетті қалай да тоқтату үшін әлем халқы вирусқа қарсы жаппай екпе салдыруды жылдамдата түсті.

Өзбектер локдаунсыз, тәртіппен жеңбек

33,58 млн халқы бар Өзбекстанда індет басталғалы 83 435 адам дерт жұқтырып, 630 адам вирустан көз жұмды. 1 сәуірде елдің Президенті Шавкат Мирзиёев соңғы кездері дертке шалдыққандардың көбеюіне байланысты үкіметке өңірлердегі карантин шараларын сақтауды қадағалау бойынша жедел штаб жұмысын күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, Өзбекстанда биыл қаңтар-ақпан айларында күніне 30-40 жағдайдан тіркелсе, бұл көрсеткіш наурыздың аяғында 160-180-ге жеткен. Мұның себебін ол ел азаматтарының бұрынғы жайбарақат өмірге қайта көшіп, карантин талаптарына немқұрайды қарауымен байланыстырды. 2 сәуірде ел басшылары жағдай нашарласа да локдаун енгізбейміз деп шешім қабылдады. «Еуропа елдері қайтадан локдаун енгізіп жатыр. Көршілеріміздің де жағдайы мәз емес. Біз экономикалық тұрғыда алдымызға өте үлкен мақсаттар қойдық. Егер локдаунға жабылсақ, діттеген межеге жете алмаймыз. Ештеңені де жаппаймыз, есесіне тәртіпті күшейтеміз» деді Ш.Мирзиёев. Вакцина жайына келсек, өзбектер қытайлармен бірлесіп ZF-UZ-VAC2001 деген вакцина жасады. Ол бүгінгі таңда үшінші сынақ кезеңінен өткізіліп жатыр. Оған ерікті түрде елдің 7 мыңға жуық адамы қатысып, екпе салдырған. Денсаулық сақтау министрлігі бұл екпе тек коронавирустан ғана емес, оның барлық жаңа штамдарынан да сақтайды деп сенім білдіріп отыр. Соған қоса өзбектер наурыздан бастап шведтік-британдық AstraZeneca компаниясының да препаратын алдырған. Енді ел билігі Ресей вакцинасын да алуға ниетті. Елде жаппай вакцинация 1 сәуірде басталды. Алғашқы күннен бастап ерікті түрде екпе салдыруға 5 018 келген. Оларға таңдауына қарай AstraZeneca және ZF-UZ-VAC2001 екпелері тегін салынған.

Ресейліктер екпе алуға неге құлықсыз?

Алып федерацияның 146 млн халқының 4,5 млн-ы былтырдан бері вирус жұқтырып, 3 сәуірде коронавирустан көз жұмғандар саны 225 мыңнан асты. Елдегі ұлттық статис­тикалық агенттігінің бұл дерегіне сәйкес осы көрсеткіш бойынша Ресей әлемде үшінші орынға көтерілді. Бірінші, екінші орындарда вирусты жеңе алмай қайтыс болған азаматтары көп АҚШ пен Бразилия тұр.
Елде жаппай вакцинация былтыр 18 желтоқсан басталғанмен тәуекел тобына жататын азаматтарға екпе алу 5 желтоқсаннан бері мүмкін болды. Ресейдің ірі медиахолдингі – РБК екпе науқаны туралы деректерді жинай келе, содан бері коронавирусқа қарсы вакцинаның бір компонентін болса да алған ресейліктер саны 7 млн-ға жетті деп ақпарат таратты. Ең көп екпе алған өңірлердің көшбасында Чукотка мен Ненецк автономды округі тұр. Олардан кейінгі орындарда Мәскеу қаласы, Сахалин, Белгород, Магадан және Мәскеу облыстары жайғасқан. Ал Солтүстік Кавказ республикалары: Кабардино-Балкария мен Шешенстан, Дағыстанның вакцина алғандар көрсеткішіндегі үлесі ең төмен. Ресей коронавируспен күресте жоғары тиімділігін дәлелдеген вакциналар шығарушы аз елдердің бірі болса да, бұл елдің өз азаматтары оны салдыруға аса құлықты емес. Өткен аптада елдің жалпы халқының тек 5 пайыздан төмен бөлігі ғана екпе алғаны айтылды. 23 наурызда халқына үлгі көрсетіп ел Президенті В.Путин екпе салдыра отырып, Ресейде шығарылған отандық 3 вакцинаның да тиімділігі жоғары екенін мәлімдеді. Әлемде осы вирусқа қарсы екпе ретінде ең алғаш тіркелген «Спутник V» вакцинасын бүгінде 58 ел пайдалануға шешім қабылдады. Биыл 20 қаңтарда Денсаулық сақтау министрлігі басшылары елде ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін жарты жыл ішінде ересек адамдардың 60 пайызын вакцинациялау керек деген болатын. Ал бұл 68-69 млн ресейлік екпе салдыру керек деген сөз.

Жапония қатаң шаралар қабылдады

Ел үкіметі Осака, Хиого және Мияги префектураларында инфекцияның күрт өршуіне байланысты коронавирусқа қарсы қатаң шаралар қолдану туралы шешім қабылдады. Мәселен, Осакада бейсенбіде індетке шалдығудың 616 жаңа жағдайы анықталған. Бұл – екі айдан астам уақыт ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Тіпті Токиодағы көрсеткіштен де асып түсті, мұнда 475 жағдай анықталды. 5 сәуірден бастап бір ай ішінде күшіне енетін бұл шаралардың ішінде жұмыс уақытын қысқарту туралы ұйғарымдарды елемейтін қоғамдық тамақтану орындарына айыппұл салу көзделген. Мейрамханалар мен барлар сағат 20:00-ге дейін жабылады және оны сақтамағаны үшін 200 000 иен (1800 доллар) айыппұл салынуы мүмкін. «Бұл шаралар коронавирустың таралуын тоқтату және тағы бір төтенше жағдай енгізу қажеттілігін болдырмау үшін қажет» деп мәлімдеді премьер-министр Ёсихиде Суга. Жапонияда вакцинация ақпанның ортасында басталды. Бастапқы кезеңінде 40 мың медицина қызметкері егіледі деп жоспарланды. Былтыр бұл ел AstraZeneca, Moderna және Pfizer екпелерінің 310 млн дозасына тапсырыс берген болатын.

Үндістанда індет үдеді

Елдегі COVID-19 жұқтырудың күнделікті көрсеткіші дүйсенбі күні 103 558 адамға өсті. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бұл – осы уақытқа дейінгі тәулік ішіндегі ең үлкен өсім. Нәтижесінде жұқтырғандардың жалпы саны 12,59 млн-ға жеткен. Бүкіл әлем үшін вакцина жасаудан даңқы шыққан Үндістан коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны биыл 16 қаңтарда бастады. Жалпы үнділердің шешек пен полиомиелитке қарсы жаппай вакцина жасауда тәжірибесі мол. 1,3 млрд халқы бар елді иммундау оңай шаруа емес. Бастапқы кезеңде елде екі вакцина – AstraZeneca және өздерінің Covaxin екпесі 30 млн адамға салынады. Екпе науқаны басталмас бұрын Үндістан Үкіметі халықты вакцина туралы жалған ақпараттарға құлақ аспауға шақырды. «Біздің екпе өндірушілер әлемдік деңгейде жоғары беделге ие. Әлемдегі балалардың 60 пайызына ұсынылатын екпелер Үндістанда шығарылады» деді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + twenty =