Әлем таныған қазақ күйлері

0 89

Биыл домбыра күйлерінің ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мұралар тізіміне енгізілгеніне тура 5 жыл толады. Әлемдік беделді ұйымның күйлерімізді мойындауына елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми-шығармашылық ұжымы зор еңбек сіңірді.


Осыған орай, апта басында аталмыш оқу орнындағы Дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің «Домбыра» кафедрасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Жастар жылының аясында күй апталығын ұйымдастырды. Үш күнге созылған шара барысында күй өнеріне қатысты жаңа еңбектердің таныстырылымы, алқалы мәжілістер, университет ұстаздары мен студенттерінің жеке концерттері өтті.
Шараның ашылуына жиналғандар алдымен ХІХ ғасырдың екінші жартысында-ХХ ғасырдың басында өмір сүрген әйгілі күйші Қазанғап Тілепбергенұлының шығармашылығынан сыр шертетін университет доценті, қазанғаптанушы Еділ Басығараевтың «Серпер Ақжелең» кітабымен танысты.
Қазір Ақтөбе облысында Жұмабай Жансүгірұлы дейтін жасы тоқсанға таяп қалған ақсақал тұрып жатыр. Бұл кісі Қазанғаптың күйлерін оның шәкірті Кәдіралы Ержановтың қолынан үйренген. Еділ Басығараевтың «Серпер Ақжелең» кітабы осы Жұмабай қариямен бірнеше рет кездесуінің нәтижесінде жарық көрді. Аталмыш еңбекке ақсақалдың орындауындағы Қазанғаптың жалпақ жұртқа жете қоймаған жиырма үш күйі енгізілді.
Алқалы мәжілістің бі­рі домбыра күйлерінің ­ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мұралар тізіміне енуінің 5 жылдығына арналды. Бұл ұлттық өнеріміз үшін айтулы оқиғаның іске асуына бастамашы болған өнертану кандидаты, профессор, Дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңес (ICTM) мүшесі ­Саида Елеманова мұның қалай жүзеге асқанын әңгімелеп берді. Осы іске музыка зерттеушісі, күй жинақтаушы, марқұм Базаралы Мүптекеев зор еңбек сіңіргенін атап өтуге тиістіміз.
Күй апталығында күйлерді насихаттау, жер-жерді аралап, жинақтау туралы өнертану кандидаты Раушан Малдыбаева, күйші, күй зерттеуші Ардаби Мәулет, таяуда құрылған «Күйшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Нүркенов ойларын өрбітті.


Күй өнері арқылы қазақтың тарихына бойлауға болады. Мәселен, Махамбет Өтемісұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы сынды тұлғалардың шығармашылығы халқымыздың өмірімен астасып жатыр. Махамбет пен Құрманғазының күйлерінен өздері өмір сүрген заманның тынысы көрінеді. Өз заманын күйлеріне арқау еткен сондай күйшілердің бірі – Сейтек Оразалыұлы.
Кезінде оның күйлерін академик Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди зерттеп, нотаға түсірді. Тмат Мерғалиев ол туралы «Жаңа заман жыр­шысы» атты ғылыми еңбек, көрнекті қаламгер Тәкен Әлімқұлов «Сейтек сарыны» повесін жазды. Алайда кейінгі ғалымдардың зерттеулеріне оның шығармашылығы ілікпеді. Жас зерттеуші Айтолқын Тоқтағанның «Сейтек. Заман-ай» атты кітабы бұл олқылықтың орнын толтырғандай болды. Күй апталығында таныстырылған осы еңбекте Сейтектің мұрасы неғұрлым жинақталды. Атап айтқанда, аталмыш кітапқа күйшінің 41 күйі енгізілген.
Таныстырылымда Сейтектің шығармашылығы туралы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессорлары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай мен Орынбай Дүйсен салиқалы, салмақты сөз айтты. Айтолқын Тоқтағанның өзі еңбектің қалай жазылғандығынан хабар берді. Сейтектің күйлерін мектеп оқушылары, университеттің студенттері мен кітап авторының өзі тартты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 3 =