Әлем тағы да екіге жарыла ма?

0 203

Өткен ғасырдағы әлемдегі екі ірі саяси жүйе КСРО мен АҚШ арасындағы бақталастық саясаттан туған «қырғи қабақ соғыс» жұрт есінен кете қойған жоқ. 50 жылға жуық уақытқа созылған бұл текетірес Кеңес Одағының ыдырауымен аяқталды да, әлем қайтадан көпжіктілікке бет түзеген еді. Алайда соңғы кездері АҚШ пен Еуро­одақтың бірлесіп Ресейді қыспаққа алуы, Ресейдің де қол қусырып қарап тұрмай, Қытаймен және өз ықпалы жүретін мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайтып, батыстың қысымына төтеп беруге талпынуы жұрт жүрегінде әлем тағы да екі топқа жіктеле ме деген күдікті күшейтті.

Еуроодақ саммитінде не талқыланды?

25, 26 наурыз күндері Еуро­одақтың кезекті саммиті өтті. Онлайн форматта өткен бұл талқыға АҚШ президенті Джо Байден де қатысты. АҚШ президентінің Еуроодақтың жиналысына қатысуы тым сирек кездесетін жағдай саналады. Соңғы рет 2009 жылдың сәуірінде Ақ үй басшысы ретінде Барак Обама Еуроодақ саммитіне қатысқан. Джо Байден ол кезде АҚШ-тың вице-президенті болатын.
Байденнің аталған алқалы жиналысқа қатысуын халық­аралық сарапшылар АҚШ-тың Еуроодақпен қатынасын жоғары деңгейге қойғандығының дәлелі деп бағалап жатыр. Себебі Трамп билік жүргізген мезгілде «АҚШ-тың мүддесінен бәрінен жоғары тұруы тиіс» деген ұстанымда болды да, Еуроодақпен қатынасына немқұрайды қарады. Одақ пен АҚШ арасындағы сауда қатынасына кедергі жасайтын кереғар саясат та жүргізген еді. Ал Байден билік басына келгеннен кейін АҚШ-тың халықаралық сахнада «Жеке батыр» болып дара шапқанынан одақтастарымен тізе қоса жұмыс жасағанының әлдеқайда өнімді екенін байқап, АҚШ-тың одақтастарымен қатынасын қайта жақсартуға тырысып жатыр.
Жиналыста Байден Еуро­одаққа мүше елдердің басшыларын АҚШ-ЕО ынтымақтастығын қайта жандандыруға, экономикалық байланысты тереңдетуге шақырды. Сонымен қатар ол Қытай мен Ресейге байланысты ортақ саяси мүдде бойынша бірлесіп жұмыс істегісі келгенін жеткізді. Түркия, Оңтүстік Кавказ, Шығыс Еуропа мен батыс Балқан елдері тақырыбында да ЕО пен АҚШ-тың тығыз байланыста болуы қажеттігін атап өтті. Коронавируспен күрес пен климаттың өзгерісінің алдын алу жағындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін де көтерді.

Жан-жақты қыспақта қалды

Ресей Қырымды басып алғаннан кейін күрт нашарлаған Еуроодақ пен Ресейдің қатынасы соңғы кездері Навальныйдың улануына және оның Ресейге қайтып келгеннен кейін тұтқындалуына байланысты тіпті ушыға түсті. Евроодақ түрмеге қамалған Навальныйды және оның жақтас­тарын дереу босатуды қайта-қайта талап етсе де, Ресей оны құлағына қыстырған жоқ. Осы жағдайға байланысты Еуроодақ Ресейге санкция салды. Ресей бұдан сабақ алғанның орнына қарымта жауап қайтарып, «санкция күшейсе, Ресей Еуроодақпен қарым-қатынасын үзуге даяр» деп сес көрсетті.
Ақпан айының басында Еуроодақтың сыртқы істер ведомствосының басшысы Жозеп Боррелдің Мәскеуге сапары да нәтижесіз аяқтады. Былайша айтқанда, оның Ресейге сапары кезінде Мәскеудің Брюссельмен қатынасты жақсартуды жоспарлап отырмағанына көзі жетті. Оның бағалауынша, Ресей демократияға бағыт түзеу және заң үстемдігін орнату жағына Еуропаның үмітін ақтамаған.
Осыдан кейін Еуроодақ Ресейге салынған санкцияның тізімін кеңейтті. Бұл Қырым түбегі мәселесіне байланысты 780 миллион доллар зиян тартқан Ресейге «жығылған үстіне жұдырық» болып тиді. Мәселен, жақында Ресейдің экономикалық даму министрлігі АҚШ пен ЕО санкциясының кесірінен елдің ішкі және сыртқы нарығымен қоса есептегенде Ресейдің 6.3 миллиард доллар зиян тартқанын мәлімдеді. Мұның 2.4 миллиар­ды Еуроодақтың санкциясының салқыны болса, қалған 3,9 миллиард доллар – АҚШ-тың санкциясына тиеселі. Бұл соңғы жылдары экономикалық, қоғамдық және саяси (билікке қарсы күштердің молаюы) жағдайы нашарлай бастаған Ресей үшін оңай ауыртпалық емес.
Қазірге дейін АҚШ пен ЕО тарапынан Ресейдің 160 түрлі тауарына шектеу қойылған. Сонымен қатар жүздеген халықаралық компаниялар мен фирмалардың Ресейден тауар­лық лицензиясы да алынып тасталған. Оның үстіне, соңғы санкциялардың салмағы да, сипаты да бұрынғыдан өзгеше. Әсіресе, АҚШ салған санкциялар Байден билігінің Ресейді Солтүстік Корея және Иран елдерімен бір қатарға қойғанын көрсетті. Ресейлік банктерге берілетін қарыз мерзімі де қысқартылды. Ресей бюджетіне қомақты қаржы қосатын мұнай мен газға қойылған шектеу күшейтілді.
Жалпы Ресейге ЕО мен АҚШ ғана наразылық танытып отырған жоқ. Женевада өткен БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 46 сессиясында халықаралық қауымдастық пен батыс елдерінің Ресейдегі адам құқығы мәселесіне, саяси тұтқындар мен үкіметтің қуғын-сүргін әрекеттеріне баса назар аударып отыр­ғанын аңғартты. Яғни аталған отырыста 45 ел Ресейге қарсы бірлескен мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде Путин билігінен оппозиция жетекшісі Навальный мен өзге де белсенділерді тез арада босату, Навальныйдың улану оқиғасын тексеру талап етілді. Аталған елдер арасында Ресейге тіс-тырнағымен өш Грузия мен Украина да бар.
НАТО-ның да Ресейге шүйлігуі күшейді. 23 наурызда НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері Брюссельде бас қосқанда, «Ресейдің агрессия­лық әрекеті еуроатлантикалық аймаққа қауіп төндіреді» деп мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Антоний Блинкен болса кездесуде Қытайдың әскерін күшейтуін және Ресейдің батыстың тұрақтылығын бұзуды көздейтін әрекеттерін тойтару үшін НАТО бірігуі тиіс деп мәлімдеді.

Қытай мен Ресей жақындаса ма?

Батыс елдері жұдырықтай жұмылып, Ресей мен Қытайға доқ көрсетіп, санкция сала бастағанда, Қытай мен Ресей де тыныш қарап жатқан жоқ. Атап айтқанда, АҚШ пен ЕО-тың санкциялары Қытай мен Ресейді жақындастыра түскендей.
Қытай демекші, арадағы алауыздықты жойып, ортақ мәмілеге келу мақсатында АҚШ пен Қытай мансаптылары осыдан екі апта бұрын Аляскада келіссөз өткізді. Кездесуден кейін мемлекеттік хатшы Антоний Блинкен «Бұл жолғы келіссөзде ешқандай келісімге келе алмағанымызбен, алайда біз Қытайға АҚШ-тың тұрғысын анық ескерттік, егер Қытай біздің айтқан талаптарымызды қабылдамаса, онда біз одақтастарымызбен бірлесе отырып, Қытайға жаппай қысым жасаймыз, осы арқылы оларды халықаралық қағидаға сай жұмыс істеуге мәжбүрлейміз» деп мәлімдеді.
Осы кеңестен кейін, яғни 22 наурыз Америка Құрама Штаттары, Еуропалық Одақ, Ұлыбритания және Канада Қытайдың Шыңжаңдағы адам құқықтары жөніндегі шенеуніктеріне қарсы санкциялар жариялады. Бұл Америка Құрама Штаттары мен олардың одақтастары Байден әкімшілігі қызметке кіріскеннен бері Қытайға бірлесіп әрекет еткен алғашқы жағдай және 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңындағы оқиғадан кейін Еуропалық одақ пен Ұлыбритания Қытайға адам құқықтары туралы санкциялар салған алғашқы қадам болды.
Қытай сыртқы істер министрлігі бұл санкцияны «өтірік пен жалған ақпаратқа негізделген» деп атады және Еуроодақтың 10 жеке және төрт заңды тұлғасына санкция салатынын мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Блинкен бұл санкцияны АҚШ-тың одақтастарымен болған ынтымақтастығының бір көрінісі деп атады.
Аляскадағы кездесуден кейін тізгін ұшымен Иранға, Сауд Арабияға сапарлай барған Қытай сыртқы істер министрі Уаң И еліне жете салып, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты Қытайға шақырып, екі жақты кеңес өткізді. Кеңестен кейін екі ел сыртқы істер министрлері Бейжіңде баспасөз мәслихатын өткізіп, әлемде «Ортақ демократиялық стандарттың жоқтығын» алға тартып, Батыстың Ресей мен Қытайға таққан сынын жоққа шығарды. Сонымен қатар, екі ел министрлері Батыстың қысымына төтеп берудің жобасын, АҚШ долларын шеттетіп, юаньмен, рубльмен есеп айырысудың жолдарын да талқылады. Сондай-ақ БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері саммитін өткізу бастамасын көтерді.

Орталық Азия орны ерекше

Ресейге салынған санкция мен Қытайға жасалған қысымның Қазақстанға да әсері бар. Әрине, қазірше ешкім Қазақстанға санкция салмағанымен, АҚШ пен ЕО-ның санкциясы жақын көршімізге, стратегиялық одақтасымызға, Кедендік одаққа мүше болған әріптес елімізге салынып отыр. Сондықтан да санкцияның салқыны бізге де соқпай өтуі мүмкін емес. Шынын айтқанда, тек шикізат шығарып, қажетті тауарлардың денін Ресей мен Қытайдан таситын Қазақстанда бұдан былай баға тіптен аспандап, тауардың тапшылығы туындауы мүмкін. Мәселен, қазіргі кезде Қазақстанның шетелдермен болған сауда-саттығының 29 пайызы ЕО елдерімен, 20 пайызы Ресей және 18 пайызы Қытаймен жасалады. Сырттан импорттайтын тауарымыздың басым көп бөлігін де Ресейден аламыз. Кедендік одаққа кіргелі Қытайдың кейбір тауарлары да Қазақстанға Ресей айналып келіп жатыр. Демек, санкция салдарынан валюта тапшылығына ұрынатындықтан, Ресей тауарларын енді бұрынғы бағамен бермей, бағаны өсіреді. Екінші тұрғыдан алғанда, экспорттайтын тауарларымыздың біраз бөлігі де Ресей арқылы шетел асады. Бар сенген мұнайымыз да Ресей арқылы тасымалданады. Ендеше, орыстар ақшадан тарықса, транзиттік бағаны да көтеруі әбден мүмкін.
Қазір Батыс елдері және Ресей-Қытай болып екі үйекке жіктелген текетірестің негізгі талас түйіні Орталық Азия болуы мүмкін деген болжам жасап жатқан сарапшылар да жоқ емес. Алпауыттар арасындағы бұл ойынға Түркияның араласуы саяси ойынды тіпті қыздыра түскендей. НАТО-ның мүшесі бола тұра Ресеймен әскери саладағы ынтымақтастық пен экономикалық әріптестікті қатар нығайтқан Түркия соңғы кездері бір жағынан, Қытаймен болған сауда қатынасын да күшейте түссе, екінші жақтан Әзербайжан арқылы Орталық Азияға тіке шығудың ұлы жоспарын жанталаса жасап жатыр. Ал Ресей болса, Орталық Азиядағы елдерді өз шылауынан шығарғысы келмейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =