Әлем сахнасын жаулаған туынды

0 16

Бүгін «Астана Опера» театрының Үлкен залында Морис Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» қойылады. Әлем сахналарында талайдың жүрегін жаулаған балетті астаналықтар бірнеше күн қатарынан көре алады.Француздың ұлттық классикалық балеті әйгілі хореограф Ролан Петидің нұсқасы бойынша елордада қойылып жүр. Ең алғаш балет премьерасы 1965 жылы 11 желтоқсанда Париж операсында өткен. 1844 жылы Жюль Перро В.Гюгоның романы бойынша «Эсмеральда» балетін қойды.
Оның спектаклінде басты орынға сұлу сыған қызы емес, Квазимодо шыққан. Бұл партияның алғашқы орындаушысы болған хореограф кемістігін байқату үшін костюм мен гримге мұқтаж болған жоқ, ол өз бүкірлігін «бимен» көрсеткен. Сахнада Квазимодоның жан дүниесіндегі өзгерістер анық көрсетілген. Ол өз «қожайыны» Клод Фроллоға деген шексіз адалдығын артқа тастап, бейкүнә Эсмеральданы құтқарып қалуға тырысады және оның өлімі үшін кек алуға дейін барады.
«Париж Құдай анасының соборы» балетінде классикалық бидің мінсіз сұлулығы заманауи пластикаға толы өткір қимылдармен алмасқан. Сондай-ақ күрделі де қайғылы спектакльде шындық пен қиял әлемі үйлесім тапқан. ХІХ ғасырдағы «Эсмеральда» дәстүрге сай сәтті аяқталса, қаһарлы ХХ ғасырдың спектаклінде жалғыз Квазимодо ғана тірі қалады.
Атақты сәнгер Ив Сен-Лоран Эсмеральданы қып-қысқа киіндіріп, күллі париждік ақсүйектерді таңғалдырады. Себебі қысқа киім енді ғана сәнге ене бастаған.
Бұл Ролан Пети мен оның қоюшылар ұжымы жасаған үлкен жеңіс еді. «Париж Құдай анасының соборы» премьерадан кейін бірден әлемдік хореография классикасына айналды. Балеттің ұзақтығы – 2 сағат. Астана Опера театрында бұған дейін де қойылып жүрген әлемдік классикада Эсмеральданың рөлін Шұғыла Әдепхан, Квазимодоның рөлін Серік Нақыспеков, ал Фроллоны Айбар Тоқтар алғашқы рет сомдамақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 2 =