Әлем сахналарына сән берген

0 26

«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көптеген халық­аралық балет байқауының Гран-при иегері Бақтияр Адамжан әлем сахналарын бағындыруда.

Қазақстандық жұлдыздың балеттік маусымы тамыз айында Италияда басталды, онда ол «Роберто Болле және оның достары» атақты Гала-концертінде өнер көрсетті. Ал қыркүйектің 14, 15, 16 күндері Бақтияр Адамжан Рим операсы театрының ғаламат премьерасы – әйгілі хореограф Ролан Петидің «Париж Құдай анасының соборы» балетінде Квазимодо партиясын керемет орындады. Әртісіміздің өнерін Ресей, Ямайка және Австралия елдері асыға күтуде.
Танымал биші талғампаз көрермендердің, сыншылар мен баспасөздің назарын өзіне аударуда. «Кеш шымылдығы Риккардо Дригоның музыкасына жазылған Мариус Петипаның хореографиясындағы «Корсармен» ашылды, сахнада – таңғажайып Бақтияр Адамжан. Ол өзінің жылдам қимылдарымен, ұсақ техникасымен әрі үйлесімді қозғалысымен бірге кең адыммен қалықтай түскен секірулерімен көрермен наразын жаулап алды…» деп жазды La Voce di New York интернет-газетіне америкалық тілші Мария- Тереза Антониоцци.
2 және 3 тамыз күндері Б.Адамжан 15 000 көрерменге шақталған атақты Арена ди Верона сахнасында италиялық фестиваль аясында «Жұлдыз­дар аптасын» тәмамдаған «Роберто Болле және оның достары» атты екі гала-концертте өнер көрсетті.
– Бұл Гала- балетте өнер көрсетуге әркімді шақыра бермейді. Ондағы балет шоуына қатысу үшін әрдайым тынбай еңбек етемін. Мені гала-балеттің техникалық, жарқын жағын көрсету үшін шақырады, маған күрделі классикалық па-де-делерді ұсынды. Мен сұранысқа ие әлемнің екі жұлдызы – Вена операсының прима-балеринасы Людмила Коновалова және Нидерланды Ұлттық балетінің прима-балеринасы Майя Махателимен бірге өнер көрсеттім. Осындай танымал балериналарға сахнада серік болуды сеніп тапсырғандары мені қуантады. Роберто Болле – үлкен кәсіпқой, әртістерді өзі іріктейді, егер бір рет өнер көрсетуің нашар болса, ол енді қайтып сені шақырмайды. Себебі мыңдаған аудиториямен жұмыс жүргізіледі, ол қашан да аншлагпен өтетін толы залдарды жинайды, – деп әңгімеледі Бақтияр Адамжан.
Б.Адамжанның instagram парақшасына жазылғандардың жалпы саны – 19 мың адам, оның 5 мыңы – италиялық­тар. Олардың барлығы түрлі пікірлер қалдырып, сан алуан сұрақтар қояды. «Оның өнерін қай қаладан және қай елден тамашалауға болады?» деген пікір көп жазылады. Әртістің жұмыс кестесі бір жыл алға жоспарланған, бірақ ондағы басты ел – Қазақстан болып қала бермек.
– Қазан айында мен Андрис Лиепаның шақыртуымен Кремль сарайының сахнасында өнер көрсетуді жоспарлап отырмын. Мені 16 желтоқсан күні Ямайкада өнер көрсетуге шақырды, бірақ әлі жауабымды берген жоқпын, себебі биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толатындықтан, бұл күнді өз Отанымда атап өткім келеді. Қаңтарда The Ballet International Gala жобасына қатысу үшін Австралияға барамын. Концертке Австралияның Мемлекет басшысы көңіл бөлген, оның тапсырмасы бойынша әлемдік театрлар гастрольдік сапармен өнер көрсететін үздік алаң жасақталған. Серіктес ретінде өнер көрсету үшін труппамыздың бишісі Шұғыла Әдепханға ұсыныс жасадым. Мүмкіндігінше, қазақстандық балеттің жоғары деңгейін паш ету үшін өзіміздің балериналарымыз­бен ынтымақтас болуға тырысамын, – деп қорытындылады Бақтияр Адамжан.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =