Әлем қайтадан карантинге көше ме?

0 67

Бүгінде Италия, Испания, Германия, Түркия және Оңтүстік Кореяда індет күрт өскен. Еуропаның бірқатар елінде карантин режимі қатаңдай бастады. Ал Қытайдың кей провинцияларында тіпті әскери режим жарияланған. Осыдан-ақ жағдайдың оңай болмай тұрғанын байқауға болады. Әлемде коронавирустың жаппай таралуын тежеу үшін қатаң карантин қайта енгізілуі мүмкін. Біздің елімізде де коронавирус белгілері бар пневмониямен ауыратын науқастар санының күрт өсуі тіркеліп отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, өткен тәулікте елде пневмониямен диагнозымен 408 науқас анықталған, ал бір күн бұрын сырқат саны сегіз адам болған деп хабарланған болатын. Жалпы, 1 тамыздан бастап республикада аурудың 30 074 жағдайы тіркелді. Осы кезеңде одан 332 науқас қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ел коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатқанын айтты.

Соңғы тәулікте әлем бойынша 308 мыңға жуық адамға COVID-19 диагнозы қойылды. Аурудан қайтыс болғандардың саны 917 мыңнан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус Женевада өткен Еуропалық бюро отырысында әлем экономикасы үшін оңайға соқпаған карантиннің қайта енгізілуі мүмкін екенін, коронавирус індетінің екінші толқыны алғашқысынан да ауыр болуы ықтималдығын айтты.
Індеттің екінші толқынын күтіп отырған ТМД елдеріндегі оқыту процесіндегі жағдай да әртүрлі. Ресейдегі мектеп оқушыларының бір бөлігі 11 қыркүйектен бастап қашықтықтан оқуға оралды, кейбір білім беру ұйымдарында карантин жарияланды. «Ал Ресейге оқуға түскен студенттер Ресей Федерациясына белгіленген алгоритм бойынша келе алады. Бұл тек шекарасы ашылған мемлекеттерге қатысты» деді Фальков «Единая Россия» фракциясы президиумының отырысында. Өзбекстан осы аптадан бастап оқушыларды мектепке қабылдап жатыр, ал Грузия сабақты қазан айынан бастамақ.

Қайта карантин жариялаған елдер

Арменияда 2021 жылдың 11 қаңтарына дейін карантин жарияланды.
Израиль жұма күнінен бастап коронавирустың екінші толқынынан кейін індеттің таралуын болдырмау үшін үш апталық қатаң карантин енгізді. Ұлттық мейрамдар қарсаңына тұспа-тұс келген карантин уақытында тұрғындарға үйлерінен 500 метрден асатын қашықтықта жүруге тыйым салынады, бірақ олар шектеулі режимде жұмыс істейтін кеңселерге бара алады. Мектептер мен сауда орталықтары жабылады, тек супермаркеттер мен дәріханалар жұмыс істейді. Үкіметтік ұйымдар қысқартылған құрамда жұмыс істейтін болады, ал клиенттермен жұмыс істемейтін мемлекеттік емес агенттіктер мен кәсіпорындар ашық болады. Қаржы министрлігі оқшау­лаудың коронавирустың салдарынан рецессияға ұшыраған экономикаға шамамен 6,5 миллиард шекель (1,88 миллиард доллар) шығын әкелетінін мәлімдеді. Осы себепті елде карантиннен зардап шеккен кәсіпорындарға көмектесу үшін жаңа экономикалық пакет әзірлеу міндеті қойылды.

Жағдай нашарлай түскен

АҚШ індетке шалдыққандар және вирустан қайтыс болғандар саны бойынша әлемде көш бастап тұр. Мұнда 6,3 миллион адам коронавирус жұқтырса, 191 мыңнан астам адам көз жұмған. Ауру жұқтырғандар саны бойынша екінші орында тұрған Үндістанда 4,6 миллионнан астам адам індетке шалдыққан. Мұнда коронавирустан 78,5 мың адам қайтыс болған. Бразилия расталған жағдайлар саны бойынша үшінші орында. Мұнда ауру жұқтырудың 4,2 миллион жағдайы тіркелген. Бразилияда 130 мыңнан астам адам коронавирустан көз жұмған.
Францияда өткен тәулікте 6 мыңнан астам адам қауіпті инфекция жұқтырып, 34-і көз жұмды. Жансақтау бөлімінде жатқандардың саны да артып барады. Елдің Премьер-министрінің айтуынша, жағдай нашарлап жатыр, ал билік қазір тестілеу зертханаларын, оның ішінде уақытша зертханаларды кеңейтуге басымдық беріп отыр. Онда жергілікті билік күшейтілген қауіпсіздік шараларын енгізуге, жиналыстарға тыйым салуға және кәсіпорындардың жұмыс режимін түзетуге құқылы.

Шектеуді бұзуға болмайды

Юньнань провинциясының (Қытайдың оңтүстік-батысы) билігі шекаралас 8 округте (қала) және 25 уезде (қала) жаңа коронавирустың таралуын болдырмас үшін «әскери жағдай» енгізді.
Австрия да сақтық шараларын күшейтуде. Ел билігі еуропалықтардың қыс бойы маска киюлеріне тура келеді, сөйтсе ғана жаңа «локдаунды» болдырмауға болады деп есептейді.
Ұлыбританияда індеттің күшеюіне байланысты адамдардың топтап жиналуына шектеу енгізілді. Тұманды Альбионда енді 6 адамнан артық басқосуға болмайды. Тәртіп тек ғимарат ішінде ғана емес, көшедегі кездесулерге де қатысты. Шектеуді бұзған азаматтарға 100 фунт айыппұл салынбақ. Ал талапты екінші қайта бұзған адам 3 мың 200 фунт стерлинг төлеуі мүмкін. Бірақ полиция бастапқы кезде адамдарға бірден айыппұл салмай, тек түсіндірме жұмыс жүргізіп, ескертумен шектелетінін айтады. Себебі жаңа тәртіпті қолдану қиындық туғызуы мүмкін.

Жазаның да түр-түрі бар

Түркияда бетперде кимегендер айыппұл төлеп қана қоймайды. Тәртіп бұзғаны үшін 3 күн карантинде жатып, 10 кітап оқуы тиіс. Сакария провинциясында осындай шараны қолданысқа енгізді. Шаһар губернаторы Четин Октай Калдырым мәлімдеуінше, қазірдің өзінде 65 тұрғын осындай жаза өтеп жатыр.
Индонезияда ауру санының өсуі байқалады, мысалы, Грезика қаласында COVID-19 пациенттерінің саны өсуде, жергілікті ауылдарда карантиндік шектеулер күшейтілді. Осы Гресик округінде карантиндік ережелерді елемейтін тұрғындарды қоғамдық жұмыстарға салып жазалай бастады, бетпердесіз ұсталған ер адамдар коронавирустың құрбандарына бейіт қазуға жіберіледі екен. Жергілікті үкімет өкілі журналистерге бейіт аумағында тек үш кәсіби қабір қазушылар қалғанын, сондықтан «оларға көмектесудің зияны болмасы анық» деп жауап берген.

Індет кедейлерді көбейте ме?

Британдық жұмыс берушілер күзде кем дегенде жарты миллион қызметкерін жұмыстан шығаруы мүмкін деген болжам да бар. IES базалық сценарийі бойынша 2020 жылдың үшінші тоқсанында 690 мың жұмыс орнын қысқартуды көздейді. Сонымен қатар, қазан-желтоқсан айларында тағы 205 мың жұмыс орны жабылуы мүмкін. Дегенмен IES зерттеуі мұндай қысқартулар міндетті түрде жаппай жұмыссыздыққа әкелмейді деп ескерткенімен, мұның халықтың әлеуметтік жағдайына әсері болмай қалмасы белгілі.
Covid-19 пандемиясы әлемнің дамуын кері бұрып жіберді деген сарапшылар қазір осы мәселені талқыға салып жатыр. Яғни олар өркениет қанша жылға кері кетті деген мәселеге бас қатыруда. Билл және Мелинда Гейтс қорының дүйсенбі күні шығарған жыл сайынғы баяндамасында 20 жылға қатысты мәселе көтеріліп отыр. Құжатта пандемияның бірнеше айы халықаралық ұйымдардың жылдар бойы атқарып, қол жеткізген жетістіктерін құрдымға жібергені айтылады. Қайыршылық жағдайда өмір сүріп жатқан адамдардың саны осы уақытта жеті пайыз­ға өскен. Бұдан бөлек, басқа ауруларға қарсы вакцина егу жағдайы 1990 жылдардағы деңгейге түскен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − three =